Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:04, 07 Наурыз 2023

«Судың да сұрауы бар» судың қожайыны!

None
None

Ақпан айында Федоров ауданының саяжай иелері Бұқпа өзенінен өздеріндегі су қоймасына ластанған су құйылып жатқанын айтып дабыл қақты.

Қардың көбесі сөгіле мұндағы тұрғындардың мазасы кете бастады.

Олар «Бұқпа арнасынан асып, Федоров су қоймасына құйылуы мүмкін» деп  қапаланды. Қауіп ошағына алғашқы болып экомузей қызметкерлері жетіп, кәсіби сынама жүргізді. Оның нәтижесі расымен де тұрғындар өміріне қатер  төндірерлік болып шықты.

Экологтардың айтуынша, өзенге кәріз сулары арқылы нитрит және басқа химиялық қоспалар түсуде. Апатты жағдай тоқтатылмаса және су тазартылмаса, халықтың жұқпалы індетке тап болуы мүмкін. Өйткені кәріз суларын жинап алып, оны тазарту стансасына ағызып жіберетін №10-кәріз коллекторындағы су Бұқпа өзеніне құйылуда. Төңірекке қисапсыз залалын тигізіп жатқан апатты «Қарағанды су» ЖШС елең қылмаған. Тек, мәселе ушыққанда дәрменсіз екендіктерін мойындаған.

– «Қарағанды су» ЖШС-ның жұмысшылары аса қауіпті кешендерде жұмыс істеуге маманданбаған. Сондықтан біз ақауды жөндеуге  қорғаныс құралдары бар фирманың кәсіби мамандарын жалдадық. Біз өз тарапымыздан өндіріс жобасын әзірлеп, оларды арнайы жабдықтармен қамтамасыз еттік. Қазір Оңтүстік-шығыс ауданындағы «Созвездие» қонақ үйі маңындағы ұзындығы 550 метрге жететін коллектордың аумағына күрделі жұмыстар жүргізе бастадық. Бұған дейін диаметрі 315 метр болатын екі құбыр мен су айдайтын қуаттылығы жоғары сорғы агрегаттар мен жерүсті желілерінің ақауы қалыпқа келтірілді, – деп мәлімдеді бізге «Қарағанды су» серіктестігінің баспасөз хатшысы Марина Богдан.

Федоров елді мекеннің денсаулығына төнген қатерді эпидемиолог мамандар індеттің тарауына бей-жай қалдырмады. Қазыбек би атындағы аудандық  санэпидбақылау басқармасы кәріз суы қалдығының Бұқпа өзеніне төгілу фактісін растады. СЭС серіктестіктің мойнына 1600 АЕК көлемінде, яғни 5,5 млн теңге мөлшерінде айыппұл ілді. «Қарағанды су» компаниясы ҚР-ның «Әкімшілік процесуалдық» кодексіне сәйкес, қысқартылған өндіріс бойынша айыппұл мөлшерінің 50 пайызын төледі, – дейді облыстық санэпидбақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатекова.  Ал облыстық экология департаменті 23 ақпаннан бері  №10 кәріз коллекторындағы апатқа байланысты «Қарағанды су» серіктестігінің барлық кәріз жүйелеріне жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Кезектен тыс бақылау наурыздың 3-не дейін ұласады. Бұл шара департаменттің ерекше назарында. Тексеру нәтижелері қосымша хабарланады, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Айман Сағатай.

           Бұл орайда, қалалық әкімдіктің ұстанымы қандай деген сауал туындайды. Қала шенеуніктеріне жолдаған сауалымызға жауапты келесі аптада еgov.kz порталы арқылы жауап алатын болдық. Былтырғы көктемде Бұқпа өзенінің асау ағысы шайып кете жаздаған оңтүстік-шығыс ауданындағы көп қабатты үйлердің биылғы тасқынға қамдану жайын Қарағанды билігі беретін жауаптан күтеміз.

Тегтер: