Суджа мен Донецк облыстарында кескілескен шайқас жүріп жатыр

Украинадағы соғыс қимылдары Донецк облысының орталық бөлігінде және Ресейдің Курск облысында шиеленісіп тұр.
Украина қарулы күштерінің бас штабының мәліметінше, Покровск және Торецк бағыттарында ауыр шайқастар жалғасуда. Ресей әскері бұл аймақта украин қорғанысының маңызды бөліктерін басып алуға тырысып жатыр. Бұл туралы Азаттық жазды.
Ресейлік әскери блогерлердің хабарлауынша, бұл аудандарда қиян-кескі ұрыстар өтіп жатыр, ал Украина күштері Ресей әскерінің алға жылжуын тежеп, тойтарыс беруде. Украиналық DeepState жобасының мәліметіне сәйкес, Ресей әскері Донецк облысының батысындағы Новоселка ауданында ілгерілеген.
Сонымен қатар, Ресейдің Курск облысында да қарқынды әскери әрекеттер байқалады. Ресей қорғаныс министрлігі 2024 жылдың тамызынан бері Украина бақылауында болған Суджа қаласын қайтарғанын мәлімдеді. Алайда, DeepState мәліметінше, қаланың солтүстік және батыс бөліктерінде шайқастар әлі де жалғасуда. Ресейлік дереккөздер "тазарту операциялары" жүріп жатқанын және Ресей күштері Украинаның Сумы облысына қарай жылжуы мүмкін екенін хабарлады.
Ресей әскері Курск облысындағы украин күштерін жабдықтап отырған негізгі бағытты жабу мақсатында Суджаның батысындағы шекаралас украин аудандарына шабуылдарын күшейтті. Бұл әрекеттердің нәтижесінде украин күштері кейбір позицияларынан шегінуге мәжбүр болды. DeepState мәліметінше, Ресей күштері Украинаның шекарадағы Басовка ауылына қарай жаяу және квадроциклдермен шабуыл жасауға тырысқан, бірақ бұл әрекеттері сәтсіздікке ұшыраған. Дегенмен, Ресейдің бұл аумақта көп әскерін шоғырландыруы жағдайды күрделендіріп отыр.
Украина әскері Ресейдің Курск облысына шабуылдарын 2024 жылдың тамызында бастаған болатын. Олар Суджа мен шекарадағы басқа да елді мекендерді бақылауға алған еді. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша келіссөздерде көмектесуі мүмкін және Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға бағытталған.