Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:20, 09 Сәуір 2024

Суға кеткен мал: өлігін кім санайды, өтеуін кім төлейді?

Су тасқыны
Фото: из открытых источников

10 күннен асты қазақ даласын су басып, қара халық әбігерге түсіп жатыр. Үкімет те абыр-сабыр.

Жауапты шенеуніктер жауапсыздыққа жол бергені үшін сөгіс алып та үлгерді. Су басу қаупінің алдын алуды дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан бізде жылда қайталанатын жағдай осы. Соңғы жылдары көктем келсе өңірлерді су басып, үкімет оның шығынын толық «өтейміз» деп уәде беруден жалықпайды. Ал шын мәнінде шығын өтеліп жатыр ма?! Үй-жайынан, баспанасынан айырылғандарға баспана салынып берілетіні, оған қажетті қаражат бөлінетіні айтылды. Ал елдегі мал шығыны қалай өтелмек?! 

Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын өтелмей жатқан мал шығынына қатысты Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды өңірлерінің фермерлері жиылып митингіге шығып, тіпті сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің отставкасын талап еткендер де болған. Фермерлердің ондағы базынасы – қуаңшылық кезінде үкіметтің уәдесінен тайқығаны еді. Ал биыл да сондай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?!  

Мәселен, 2021 жылы қуаңшылық болған аймақтарда жем-шөп субсидиясы әртүрлі бөлінді. Ақтөбеде өтемақы ретінде ірі қараға 30 мың теңге берілсе, Қарағандыда 5 мың теңге берілген. Шаруалар облыстан ақша сұраса, облыстық әкімдік министрлікке сілтеген, министрлік облысқа сілтеп, ақыры әр есікті қаға-қаға «шақшадай бастары шарадай» болған шаруалар санаулы қаражатты әрең алған. Қарағандылық фермер Жантас Бозанбай 2021 жылғы қуаңшылықтан жайылымы жанып кетіп, зардап шеккен шаруалар әлі есін жия алмай жүргенін айтады. Сол жылы әбден наразы болған шаруалардың талабынан соң облыс бюджетінен 200 млн теңге бөлінген. Бірақ бұл қаражат тым аз болғандықтан, өңірде әр ірі қараға 5 мың теңгеден ғана өтемақы берілген. Сол тәрізді 2021 жылы «жұтты» басынан кешірген Маңғыстау халқы да мал басына берілуі тиіс өтемақыны ала алмай, ақыры ауыл шаруашылығы министрін елордаға іздеп барды. Олар үкіметтен қырылған малды қайта санауды талап етті. Әйтеуір сарылып күтіп, министрлердің артынан «қуып» жүріп, тиісті өтемақыны алған болды. 

Су тасқыны

  Мал өсірумен айналысатын фермер Жантас Бозанбай бұл жолы су тасқыны болмай жатып, Ұлытауда қаншама бас жылқы қырылғанын, бұдан бөлек, су басқан өңірлердегі суға кеткен малдың есебі әлі шығарылмағанын мысал етті. Фермер мұндай төтенше жағдайға үкіметтің дайын еместігін, алдын алу шаралары жүргізілмейтінін, жауапкершілікті министрлік облысқа сілтеп, облыс министрлікке сілтеп отыра беретінін айтады.  

«Кезінде ірі қараға 5 мың теңгеден өтемақы алғанның бірі менмін. 27 бас ірі қара малым өлді. Қаражаттың тапшылығынан болар-болмас өтемақы ұсынды. Тізімде тұрған, сырғасы бар малдың өзіне осылай істеді. Ақыр соңында несие алып, қарызға батып, қажеттілігімді өзім өтеуіме тура келді. Қазір су басқан аймақтарда мал шығыны әлі толық есептелген жоқ. Мұның арты үлкен проблема болайын деп тұр. Ертең ол мал басы министрліктің бірізділендіру ақпараттық дерек қорында жоқ болса, әкімдік құжатын сұрайды, сырғасын сұрайды. Ал суға ағып кеткен малдың сырғасын қайдан табады?! Құжаттың бәрі суға ағып кетсе, қолында малы болғанын қалай дәлелдейді?! Тіркелмеген мал басына өтемақы берілмейді. Тіркелген мал басының өзін әуре-сарсаңға түсірейін деп отыр. Бұл арада тағы сол халық зардап шегеді. Сондықтан өз басым, су басқан өңірлердегі қарапайым тұрғындардың құжатына, сырғасына қарамай, әр отбасына кісі санына қарай кем дегенде үш-төрт ірі қара мал сатып алатындай қаражат берілгені дұрыс деп есептеймін. Ал көп мөлшерде мал өсіретін фермерлердің малы онсызда біріздендіру дерек қорында болады. Олар өзінде қанша мал болғанын дәлелдей алады. Ендігісі, тек өтемақыны талап ету болуы керек».  

Жедел дерекке сәйкес қазір су басқан өңірлерден 30 мың мал басы қауіпсіз жерге шығарылған. Ал өлген малдың саны әлі белгісіз. Тасқынның екінші толқын болуы мүмкін екені ескеріліп, мал басын қауіпсіз жерге апару жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Су тартылғаннан кейін ауыл шаруашылығы министрлігінің эпизоотияға қарсы тобы облыс әкімдіктерімен бірлесіп өлген жануарларды жинап, жоюға кіріседі. Алайда суға кеткен мал басы үшін өтемақы қандай мөлшерде болатыны әзірге белгісіз. Тек әйтеуір үкімет әдеттегідей «төлейміз, өтейміз» деп, халықты сабырға шақырып әуре.  

  Бұған қатысты Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов «үкімет мал шығынын нарықтағы бағаға сай өтеуі керек» деп есептейді. Тасқын судан зардап шеккен фермерлермен күн сайын сөйлесіп, хабар алып отырғандарын айтқан маман: олардың жағдайы мүшкіл екенін, көпшілігінің қолда бар малдан айырылып қалғанын, осыған байланысты қаржы министрлігімен де сөйлесіп жатқандарын, ендігі кезекте шаруалардың алған несиелерін қайтару мерзімін 2 жылға ұзарту қажеттігін айтып отыр. Бұдан бөлек, ол жақында Ұлытау облысында 1500-ге жуық жылқы өлгені анықталып, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінде тіркелмегені белгілі болғанын да айтты. Осы орайда Ермек Әбуов «шығындалған барлық мал басына өтемақы малдың нарықтағы бағасымен бірдей болуы керек» дейді. 

Алайда экономист ғалымдар үкіметтің нарықтағы бағамен мал басына өтемақы төлеуге шамасы жете қоймайды дейді. Өйткені суға кеткен 10-нан аса аймақтағы үйлерді, инфрақұрылымды, стратегиялық маңызы бар нысандарды қалыпқа келтірудің өзі бюджетке өте қатты салмақ. Сондықтан суға кеткен мал басына нарықтағы бағамен өтемақы төлеу немесе әрбір отбасының алдына 3-4 мал салып беріп «жомарттық танытуға» үкіметтің шамасы жетпейді.

  «Қазір үкіметке резервтегі қорды пайдалануға рұқсат берілді. Ол 320 млрд теңгені құрайды. Жергілікті әкімдіктер мен қоғамдық қорлардан қаражат алынатын болды. Өкініштісі, осы қаражаттарға бақылау жоқ. Бір ғана дерек айтсам, былтыр Қазақстан бойынша қар тазалауға 7,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ қаланы қардан тазартып, су басудың алдын алып жатқан әкімдер некен-саяқ. Өз басым, тасқын көп болған облыстардағы қар тазарту бойынша сатып алу сомасын қарап шықтым: Қостанай облысы – 387 650 277 теңге, Батыс Қазақстан – 329 090 767 теңге, Ақтөбе – 210 795 219 теңге. Бұл арада миллиондар мен миллиардтар суға кетіп жатыр».

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов соңғы 20 жыл бойы үкімет түбі тесік шелекті жамаған тәрізді әрекет етіп жатқандай әсер қалдырады дейді. 

«Қыруар қаражат салынады. Бірақ оң нәтиже жоқ. Осылайша, үкімет тесілген шелекті жыл сайын жамап отыр. Бұдан ештеңе өнбейді. Қыс бойы Ұлытауда мал қырылды. Енді, міне, қаншама мал суға ағып кетті. Оның нақты дерегі де жоқ. Мал басы азайған соң күні ертең ет тапшылығы туындайды. Сүт және сүт өнімдері қат болады. Артынша, инфляция шарықтайды. «Агросекторды дамыту керек» деп, оған қаражат бөлеміз. Бірақ малдың басын жыл сайын суға ағызып аламыз, қыстан шығара алмай қиналамыз. Мұның барлығы бір-бірімен септесіп жатқанын ұғу керек. Үкіметке жедел арада жаңа бағытта жұмыс істей алатын инновациядан хабары бар адамдар келуі керек».  

Су тасқыны

Маманның пайымынша, жыл сайын төтенше жағдайларға жол беріп, халыққа үй салып беріп, оның малына өтемақы төлеп отыру бюджетті «шоктан» шығармайтын үлкен шығын. Бұл елдегі ұлттық жобалардың да орындалуына кедергі келтіретін – диірменді бос айналдыру тәсілі. Сондықтан біздің әншейінде халықаралық тәжірибеден үлгі алғыш министрлер мен өзге де үкімет мүшелері инновациялық идеяларды дүниеге әкелуге бас қатырған абзал. Ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеуге көшу керек. Тіпті бұл ретте үкіметтің жанынан арнайы ғылыми кеңес ашылғаны да жөн. Мәселен, бір ғана тасқын судың айналасында қаншама мәселе жатыр?! Өтемақы, баспана, инфрақұрылымнан бұрын енді ол аймақтардың егін егетін жері мен жем-шөп даярлайтын жерлері де сортаңданып, резервацияға түседі. Бұдан барып аймақтарда жем-шөп тапшылығы туындап, егістік жерлердің сапасы төмендейді. «Сондықтан алдағы уақытта мал азығының тапшылығын болдырмауға, егіннің бітік шықпай қалуының алдын алуға да тура келеді. Өкінішке қарай, мұны министрліктер ойлап та отырған жоқ. Олардың қазіргі ойы осы келеңсіздіктен өз бастарын арашалап алып шығу» дейді маман.

Жалпы, отандық ғалымдар елдегі су тасқынын алдын ала болжап, космостық бақылау жасап-ақ жүр. Бұл ретте ғарыштан түсірілген суреттерге қарап, төтенше жағдайдың қалай болғанын немесе қар суының қалай қарай жайылып бара жатқанын анықтауға мүмкіндігіміз бар. Бұған қатысты былтыр экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан ғарыш сапарымен тығыз жұмыс істеп жатқандарын, бірнеше жобаны қолға алу жоспарланғанын айтып, айдай әлемге жар салған. Әттеген-айы, биыл бұл жобаның шарапатын көрмедік. Бәлкім, аталмыш министрлік бұл жобаның былтыр ғана жоспарланғанын еске салып, 30 жыл бойы қаншама жобалардың пайдасын көрмегенімізді алдымызға кесе-көлденең тартар. Бірақ қазір әлем табиғи апаттың салдарын барынша азайту үшін ылдым-жылдым қимылдап, түрлі инновациялық амалдарды ойластырып жатқан тұс. Мұндайда Малайзия мемлекетінің шапшаңдығы еріксіз еске түседі. Малайзия Куала-Лумпурда елді су басудан сақтайтын «SMART» тоннел жүйесін бір жылға жетпей іске қосқан. Елдің су шаруашылығы министрлігі бастама көтеріп салғызған тоннелдің ұзындығы 9,5 шақырым. Бұл екі деңгейлі автокүрежол. Тоннелде қарапайым күндері көлік қозғалысы жүзеге асады, ал су тасқыны болса, тоннелге су жиналады да, соның бойымен судың бағытын сыртқа қарай бағыттап жібереді. Өкініштісі, бізде әлі мұндай әлеует жоқ. Күні кеше «еліміздегі су шаруашылығы мәселесінің қиюын келістіріп, ебін табады, үлкен-үлкен жобаларды іске асырады» деген үмітпен құрылған су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысын мақтанышпен айта алмаймыз. Керісінше, бұл саланы басқарып отырған Нұржан Нұржігітов аймақ әкімдерімен бірге президенттен сөгіс алды. Тіпті БАҚ өкілдерінің «халықтан кешірім сұрайсыз ба» деген сауалына да министр Нұржігітов тайсақтап, жауап бере алмады. Біздің атқарушы билік пен жергілікті әкімдіктер қазір су басқан аймақтарды қарапайым ғана резеңке етік, моторлы қайықпен қамти алмай әуре. Ал мұндайда инновация жайында қайтіп сөз қозғайсың?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 

Тегтер: