Суға шомылуда да тәртібі бар
Төтенше жағдайлар қызметі үшін нағыз қарбалас шақ басталады. Жаймашуақ шақтың алғашқы айында Қарағанды облысында күн райы күрт жылыды.
Қазгидромет мамандары маусымның 3-нен 6-на дейін облыстың аумағында 35-41 градусқа дейін көтерілетінін айтып, елге ескерту жолдады.
Аймақтық төтенше жағдай басқармасы тұрғындарға суға шомылу барысында, табиғат аясына серуен құрған кезде сақтық шараларын мейлінше сақтауға шақыруда. Біреулер үшін айтып келмейтін, кейбіреулерге абайсызда болатын қайғылы жағдайға әкелген алғашқы дерек демалыс күндері тіркелді. Сенбіде, Нұра өзенінен 3 шақырым жердегі Егінді елдімекенінің жағасындағы өзенге түскен 14 жастағы қыз суға батып, қаза тапты. Құтқарушылар жасөспірімді 120 шақырым жерге дейін іздеп барған. Оның денесі 15 метр қашықтықтан табылған. Мамандардың айтуынша, ажал құшқан бала шомылған өзен түбі қатты лайланған, кей жерлерде су ағысының күші ұлғайып, теңдік ұлғайған. Бүйкүнә бала тыйым салынған жерде жүзген. Екінші оқиға жексенбі күні болды. Бұқар жырау ауданы бірінші мамыр ауылының маңындағы Нұра өзенінің арнасында 1997 жылы туған жігіт судан қайтып шықпады. Оқиға орнына жеделдетіп жеткен құтқарушылар 60 метр қашықтықтан алып шықты. Ол жердегі су деңгейі 3 метр болған.
— Өкіншке қарай, бала түгілі ересектер де, тәртіпке бағынбай жатады. Алғашқы нәтиже жоғардағыдай қасіретке ұрындырды. Әсіресе ата- аналардан жазда балаларын үнемі бақылауда ұстап, жүріп-тұруына дейін қадағалап отыруды сұраймыз. «Сақтанған қапы қалмайды» қашанда.
Бес айдың ішінде еліміздегі су айдындарында 681 бала жағажайдан шықпай қалған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2017 – 131, 2018 – 104, 2019 жылы – 122, 2020 жылы – 133, 2021 жылы – 131, 2023 жылдың осы кезеңіне дейін 133 бала суға батып кеткен.
Су – тілсіз жау. Өкінішке қарай, ересек адамдардың өзі осы қағиданы санаға орнықтырмай, сөз жүзінде қабылдайды. Құтқарушылардың айтуынша, жағажайға келген ата-аналардың арасында балаларының өміріне салғырт қарайтындар бар. Кез келген адам бақытсыздық жағдайға ұрынбау үшін суға түсу ережелерін мұқият сақтаған жөн. Қайталап айтар болсақ, ол мына қағидалар:
– «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілері жазылған жерлерде шомылуға болмайды. Азаматтар суға алкогольді және есірткіге мас күйде түсуден сақ болған абзал.
– Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге рұқсат етілмеген.
– Көпшілік арасында жүзудің шекарасын белгілейтін қалқыбелгілерден кейін жүзуге, сондай-ақ шағын кемелер мен басқа да жүзу құралдарды пайдаланатындар бар. Ол басты қатерге тіккенмен тепе-тең.
– Естеріңізде болсын, суға қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жағажайлардан, табиғи құралымдардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген қондырғылар арқылы суға секіруге тыйым салынады.
— Су айдындарын былғау, қоқысты ағызып жіберу, кір жууға болмайды, сондай-ақ шомылуға арналған орындар мен оған іргелес жатқан ағыспен 500 метрге дейін жағажайлардан жоғары аумақтарда көлік құралдарын от алдыруға, жууға және жөндеуге тыйым бар. Ол айналадағы демалушылардың денсаулығы мен өміріне қатер төндірумен бірдей, – деп мәлімдеді БАҚ өкілдеріне өткен аптада Төтенше жағдайлар министрлігі.
Министрлік биылғы шомылу маусымы кезінде ел аумағындағы барлық өзен-көлдерде қатерді алдын алу үшін мынадай шаралар атқаруды жоспарлап отыр:
– жолаушылар тасымалына жататын көліктің барлық түрлерінде үгіт-насихат парақшаларын тарту
– халық жиналатын қоғамдық орындарда, әуежай, вокзал, кинотеатрларда LED экран арқылы профилактикалық бейматериалдарды көрсету
— Барлық кинотеатрда туындыны тамашалар алдында тақырыптық бейнеролик ұсыну.
Ерекше еске салар жайт, кейінгі кездері суға кеткендердің басым көрсеткішін 13-тен 17 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Қайғылы оқиға көбіне суда жүзуді меңгермегендер мен үлкендердің салғырттығынан орын алады екен. Әлі де шомылу маусымында ел азаматтарының рұқсат етілмеген жерлерде суға түсуі тыйылмай келеді. Төтенше жағдайлар қызметі заңды бұзғандарға құқықтық жаза барын құлағдар етуде. Бұдан кейін су айдындарындағы қауіпті жерлерде шомылған жеке тұлғаларға жеті, лауазым иелері мен шағын кәсіпкерлік субьектілеріне он, орта кәсіп иелері жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне алпыс айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл азаматтық қорғау органдарының мамандары 21 адамды жауапкершілікке тартып, олардан жалпы мөлшері 422 625 теңге айып алынды. Бұл тыйым салынған жерлерден тәркілеген қаржы.