Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:57, 24 Тамыз 2021

Сұғанақтар ауылға деген субсидияны тағы ұрлады

None
None

 Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияның басқа мақсаттарға жұмсалып келгенін анықтады.

Агенттіктің мәліметінше, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге еш қатысы жоқ сән салондары, фармацевтика компаниялары, жылжымайтын мүлікті жалға беру агенттіктері, автокөлік жөндеу орталықтары ауыл шаруашылығына тиесілі мемлекеттік субсидияны алып келген.  

      

Дерек бойынша жалпы жиыны 279 кәсіпкерлік субъектісіне асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидия берілген. Бұған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов: «Бұл зұлымдықпен біз барынша, күресетін боламыз. Субсидия беру кезінде сыбайлас жемқорлықты жою, бюрократия деңгейін төмендету, бизнесті жүргізуге әкімшілік кедергілерді болдырмау маңызды», – деді.

       Осылайша, ауылға бөлінген субсидия тағы да ебін тауып екі асайтындардың құлқынында кеткен. Мұның зұлымдық екенін жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы ашық айтып отыр. Жалпы, субсидия бар жерде ұрлық барын, сондықтан үкімет бақылауды күшейту керегін сала мамандары айтудай-ақ айтып жүр. Бірақ әдеттегі қалпына салған үкімет бақылауға асықпайды, ал ауылға деген несібені небір сұғанақтар қасықтап, қызығын көреді. Сөйтіп, агросаясатты жандандыруға бөлінген қаржы біреудің сүйкімдісіне, біреудің элиталы бизнесіне бөлініп кете барады.

       Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтің айтуынша, субсидия бар жерде әу бастан, ұрлық бар. Ол коррупцияға жол ашады. Сондықтан үкімет тегін қаражат бөлуді тоқтату керек, бәрінің қайтарымы бар.

     – Мүмкіндігінше, ұзақ мерзімге, «каникулмен» берілген қаржының жауапкершілігі бар және ол тиімді болмақ. Бұл ретте, фъючерлік келісімнің келешегі мол. Қазір біз үшін аграрлық саясатты нықтау керек. Салмақты жергілікті әкімдерге салған жөн. Сағым қуғанды қойып, өлшемі бар талаптар қойылуы керек. Жаңа инвестициялық қадамға бару қажет, – дейді экономист-ғалым.

       «Сағым қуған» дегеннен шығады, ақиқатында, қазір бізде ауыл тұрғындары түсінетін аграрлық саясат жоқ. Үкіметте бір-бірінен туындап жатқан бағдарламалар көп. Бірақ соның барлығының арты, түптеп келгенде, сағымға айналып кете баратыны — ащы да болса шындық. Мысалы, кезінде «Агробизнес-2020» бағдарламасымен «Ауылды өркендетеміз» деп ұрандатқан Асылжан Мамытбековтың тұсында жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілді. Мал суару үшін республикада 4000 құдық қазу жоспарланды. Ветеринарияны дамыту қажеттілігі айтылды. Нәтижесі не болды?! Құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдық қазып, оның ақшасын ала алмай, зар иледі. Бұдан соң, министр болып Асқар Мырзахметов келгенде, фермерлердің басын қосып, оны ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру науқаны жүрді. Республика бойынша 467 кооператив құрылып, олар 220 сүт қабылдау және 103 мал сою пункттерінің, оған қоса, 12 мың отбасылық мал бордақылау алаңының басын қоспақшы болған. Бірақ қорытындысы ел күткендей болмады. Бұл іске жергілікті басқару органдары жұмылдырылмады. Оларға жауапкершілік арттырылған жоқ. Қағаз жүзінде науқаншылдықпен құрылған кооперативтер өміршең болмай шықты.

        Бұдан кейін, министрлікке Өмірзақ Шөкеев келген кезде, мақсат тағы өзгерді. Оның ұстанған бағыты бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 2,5 есеге ұлғайту болды. Шөкеевтен кейін тағайындалған бертінгі министрлер де «ауыл шаруашылығы бойынша өнімдер экспортты он есеге көбейді», деп есеп беріп жүр. Күні кеше орынтағынан босатылған экс-министр Сапархан Омаровтың экспортты ұлғайтуға деген екпіні де тым арынды еді. Ал халықтың дастарханы экспорттың үлесін арттыру арқылы толмайтынын сол министрлер білмей ме, әлде сезбей ме? Әр елдің басты мақсаты — өзінің отандық өнімін өндіру екенін біздің министрлер неге ұқпайды, осы? Неліктен біздің елде ауылға бағытталған субсидиялар орнымен жұмсалып, тиісті жеріне жетпейді?

       Санамалап қарасақ, осы уақытқа дейін ауылға қатысты мемлекеттік бағдарламалар да жетерлік, сол бағдарламаларды орындау аясында бөлінген қаражат та есепсіз. Бірақ осы уақытқа  дейін Қазақстан агроөнім өндіруде, оны экспортқа шығаруда тек бидай, аздаған ұн және ет шикізатымен ғана мақтана алады. Терең өнделген өнімдердің экспортталып жатқанын естімейміз. Мысалы, сапалы әрі дәмді бидайдан жасалған дайын жайманы неге экспортқа шығармасқа? Қазы, шұжық шетелге неге жөнелтілмейді? Емдік қасиеті бар қымыз, шұбат неге Еуропа елдеріне жеткізілмейді? Мемлекет осы салаларды дамытуға неге субсидия бөлмейді? Біздің бір білеріміз, Алматыда Германиядан әкелінетін бір бөлкесі 1500 теңге тұратын нан сатылады. Қазір ауыл шаруашылығы саясатын сауатты ұстанған өзге елдер ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеуді әбден меңгеріп алған. Ал біз шикі өнімді экспорттап, мемлекеттік бағдарламалардың бағытын ауыстыра бергенімізге, ауылға бөлінген қаражатты тамыр-танысымызға бөліп, бергенімізге мәзбіз. 

          Бүгінде есі бар елдің барлығы ауыл шаруашылығы саласын нықтап, өркендетіп, сол салаға бөлінетін қаражатты қатаң бақылауға алып жатыр. Өйткені олар ауыл шаруашылығы саласы ғана елді тығырықтан алып шығатынын, болашақта халықты ауыл асырайтынын ұқты. Ал біз, керісінше, «аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» кебіне салып, қыруар қаражат бөлінсе де, оны ауылға жеткізбей, орта жолдан жеп қоятын жемірлігімізді қоя алмай отырмыз. Ал мұнымен агросаясатты өсірмейміз, өшіреміз. Ауылды қанау елдің болашағын тонау екенін біздің атқарушы билік қашан ұғар екен осы?!

Тегтер: