«Суицид – қазақстандық қоғамның басты мәселелерінің бірі» - сарапшы
Wisevoter ұйымының есебіне сәйкес, 2023 жылғы жағдай бойынша суицид статистикасында Қазақстан 178 елдің ішінде 19-шы орында — 100 000 халыққа 17,6.
Ал балалар арасындағы суицид пен одан қорғау бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 50-орынға тұрақтады. Wisevoter халықаралық зерттеулерге сілтеме жасай отырып, жасөспірімдердің ата-анасы мен мұғалімдерінің өз мәселелеріне немқұрайлы қарауы салдарынан өз-өзіне қол жұмсау туралы шешім қабылдағанын, осылайша ересектердің немқұрайлылығы мен қатыгездігіне наразылық білдіретінін хабарлайды. Тағы фактор – баланың, әсіресе отбасының әлеуметтік жүйесі. Сондай-ақ, өз-өзіне қол жұмсау қаупін белсендіретін ең өткір алғышарттардың бірі — жастар субмәдениеті немесе негативті мәдениет.
Ағарту министрлігі Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің мәліметінше, қазіргі қазақстандық қоғамның ең өткір мәселелерінің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы агрессивті мінез-құлық пен суицид проблемасы. Республикада балалар ортасындағы бұл құбылыстың жиілігі тұрақты түрде жоғары: 2020 жылы – 144 (әрекет – 307), 2021 – 175 (373), 2022 – 155 (309).
Қазақстанды соңғы кездері бірнеше облыстың мектептерінде орын алған қайғылы оқиғалар Ағарту министрлігінде облыс, аудан және қалалардың білім басқармалары басшыларының, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау ұйымдары өкілдерінің қатысуымен балалардың қауіпсіздігіне арналған шұғыл жиын өткізуіне себеп болған болатын.
Өз-өзіне қол жұмсау саны азайып келеді дегенмен, біз қалағандай жылдам емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында өз-өзіне қол жұмсау және өзін-өзі өлтіру әрекеттері туралы ақпарат жиі кездеседі. Әсіресе, өз-өзіне қол жұмсауға бел буған адамдардың арасында жасөспірімдердің, тіпті балалардың да көп болуы алаңдатады.
*Неліктен адамдар өз-өзіне қол жұмсайды?
«Психикалық денсаулық» ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгерушісі Ринат Мұзафаров жастар мен зейнеткерлерді суицидке итермелейтін себептерге тоқталды.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары суицидтік мінез-құлықтың себептері ретінде көптеген факторлардың өзара әрекеттесуін атайды. Оның ішінде биологиялық, генетикалық, физиологиялық, анатомиялық және т.б. Олар мұндай мінез-құлыққа бейімділік бере алады. Мысалы, егер әкесі немесе анасы жағындағы адамның өз-өзіне қол жұмсаған туыстары болса, онда бұл адамның да солай істеу қаупі айтарлықтай артады. Стресстік жағдайлардан шығу үшін жастардың өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз. Сондықтан олар импульсивті әрекеттер мен тәуекелді мінез-құлыққа көбірек бейім. Маңызды фактор — психикалық денсаулық туралы, қайдан, қалай және қандай көмек алуға болатыны туралы білімнің болмауы. Балалар біздің болашағымызғой, сондықтан оларды ерекше қорғау керек, — деп есептейді.
Психологиялық факторлар, яғни тұлғаның ерекшеліктері: ойлау, эмоционалдық реакциялар.
Экономикалық және әлеуметтік факторларды да ұмытпау керек. Олардың барлығы бір дәрежеде қайтымсыз процестерді бастайтын және адамды өлімге әкелетін қадамға итермелейтін триггер ретінде қызмет ете алады. Өйткені, әрбір іс, әр адам сияқты, бірегей, сондықтан бір ғана себеп туралы айту дұрыс емес.
Бұл факторлардың барлығын бейімділік, қоздырғыш және қорғаныс деп бөлуге болады. Ал отбасылық анамнезінде өзіне-өзі қол жұмсау, бала кезіндегі жарақат, импульсивті әрекетке бейімділік және арандату факторлары — күйзеліс пен ауыр сырқат, қорғаныс факторлары бар болса да, адамды өз-өзіне қол жұмсаудан сақтайды. Мұнда салауатты өмір салты, өзін-өзі бағалау, көмекке жүгіну, отбасы мен әлеуметтік қолдаудың болуы өте маңызды рөл атқарады.
Неліктен қарт адамдар өз-өзіне қол жұмсайды?
Сарапшылардың айтуынша, 75 жастан асқан адамдардың суицидтік мінез-құлқының негізгі себептері, әдетте, жалғыздық, қиын қаржылық жағдай және әртүрлі аурулар. Мұндай жағдайларда егде жастағы адамдар өздерінің психологиялық қорғаныс факторларын тез жоғалтады және енді стресске төтеп бере алмайды. Қарт адамдардың көпшілігі спихолог мамандарға жүгіне бермейді, өйткені олар басқалар мен туыстары оларды психикалық ауру деп санайды деп қорқады.
Адамды өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлардан қалай арылту керек?
Тәжірибелі психолог мамандардың пікірнше, адамды мұңды ойлардан алшақтатудың ең оңай жолы — ол өзін-өзі өлтіру туралы ойламаған кезде. Салауатты өмір салты, адекватты өзін-өзі бағалау, көмекке жүгіну мүмкіндігі, отбасы мен әлеуметтік қолдаудың болуы суицидтік мінез-құлық қаупін айтарлықтай төмендететіні дәлелденген. Мен дұрыс тамақтану, рациондық тамақтану, ұйқы және демалу, дене жаттығулары, бейімделу мүмкіндіктерін арттыратын және адамның стресстік жағдайларға төзімділігін айтарлықтай арттыратын әртүрлі тренингтерге қатысу туралы айтып отырмын. Сонда оның өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлары болмайды.
Психолог маман Зарина Ғабитханқызы адам өзіне қол жұмсағысы келетінін айтар болса, қандай көмек көрсете алатынымз туралы былай дейді:
– Егер оның бойында мұндай ойлар әлдеқашан пайда болған болса, онда «адам өлгісі келмейді – ол қазіргі өмірін сүргісі келмейді» деген ұсынысты орындау керек. Ал егер біз адамға өзінің жағдайын немесе оның мұндай жағдайға көзқарасын өзгертуге көмектесе алсақ, онда бұл оның өз өмірінің құндылығына деген көзқарасының өзгеруіне әкеледі. Бұл суицид туралы ойлауды тоқтатуға мәжбүр етеді. Психологиялық немесе психикалық денсаулық проблемалары туындаған барлық жағдайларда кәсіби мамандардан — психологтар мен психиатрлардан көмек сұрау керек. Бұл ретте адам мамандарға жүгінсе, бірден есепке тіркеледі деп қорықпауы керек. 2017 жылдан бастап Қазақстанда тіркеу әдістемесі өзгертілді және консультация алу тіркелуге себеп емес. Көмек алу үшін психологтар мен психиатрларға жүгінуге болатынын және қажет екенін есте ұстаған жөн!