Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:04, 14 Маусым 2023

Суицид – тығырықтан шығар жол емес...

None
None

Қоғамда соңғы кезеңде болмашы қиындыққа бола күйзеліске түсіп, өз-өзіне қол жұмсаушылардың саны жылдан-жылға емес, күннен-күнге көбейіп барады.

Нақты деректерге сүйенсек, жылына дүниежүзі бойынша жылына 800 мың адам өзіне қол жұмсайтын көрінеді.

Суицидке қатысты тағы бір қызықты мәлімет, статистика бойынша әйел адамдарға қарағанда ер адамдар екі есе суицид жасайды-мыс. Шетелдік ғалымдардың пікірінше, көбіне әлеуметтік жағдайы төмен елдерде суицид көп орын алады. Ал екінші себебі, адамдардың жеке өмірін ұмытып, жұмысбастылыққа салынып, соңы күйзеліске түсуінің салдарынан өзін-өзі өлтіруге дейін барады. Тағы бір қызық дерекке сүйенсек, сонау жылдары Швеция әлем бойынша суицид жасаудан алғашқы орындарда болған. Оның себебін ғалымдар күн жарығының жетіспеушілігінен түсіндірді. Яғни адам ағзасы күн сәулесінен Д3 дәруменін қабылдайды. Ал ол жетіспесе, адам күйзеліске түсіп, суицидке барады. Кейінірек Д3 дәрумендерін дәрі-дәрмек ретінде шығарып, суицид деңгейі едәуір азайған.

Ал Қазақстандағы суицидтің көбеюін психологтар әлеуметтік жағдаймен және әлеуметтік желілердің көбеюімен байланыстырады. Мәселен, тұрмыс-тіршіліктің төмендеуінің салдары бірінші ұрыс-керіске, ашушаңдыққа, соңында өз-өзіне қол жұмсауына жеткізеді. Ал әлеуметтік желілерге келсек, Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде суицид жасаушы туралы жаңалықтар жылт етсе, артынша бірер аптада өзіне қол жұмсаушылардың да саны күрт артады. Оның ішінде суицид жасаушының бір сипаты айтылса, соған ұқсас жағдайлар артынша орын алады. Мысалы, алдыңғы жылдары өз өмірімен қоса үш баласының да өмірін жалмап, тоғызыншы қабаттан жас келіншек секіріп кеткен болатын. Ол жаңалық шыға салысымен, дәл сондай жағдайды қайталағандар да, қайталағысы келгендер де көбейгені шындық.

Енді психологтардың сөзіне мән берсек, психология ғылымының докторы Күлмаш Ғалымжанова еліміздегі суицидтің көбеюіне қатысты бірнеше себепті айтып берді.

  • Аутодеструктивті іс-әрекетке тікелей себеп – дау-дамайдың пайда болуы. Дау-дамай дегеніміз – белгілі бір адамның маңызды, құнды ұстанымына әсер етуші жағымсыз әрекет, күйзеліс тудыратын жағдай. Бұл жақын адамның қазасы, түсініспеген махаббат, жауапсыз махаббат, жалпы қарым-қатынастың бұзылы және т.б. болуы мүмкін. Басқаларға қарағанда өзін төмен сезіну, айтылған кез келген сөзді жазғыру сияқты қабылдаудан пайда болған күйзелістен туындайтыны жиі кездеседі.

Екінші себебі дау-дамайдың жиі болуына, созылмалы, бұрыннан келе жатқан күйзелістік жағдайларға немесе аяқастынан пайда болған қиыншылықтарға жауап ретінде әлеуметтік-психологиялық жағынан бірден бейімделе алмау әсер етеді. Аутодеструктивті әрекет қаупі туатын жеткіншектерде жалғыздықты сезіну, ешкімнен көмек күтпеушілік, қайғырушылық, менмендік көріністерінің тереңдеуі, басқаның қуанышы мен қайғысына ортақтасуға құлқы болмаушылық жиі кездеседі. Рухани құндылықтың төмендігі басқаларға қарағанда өмір тәжірибесі аз жеткіншекті тығырыққа әкеп тіркейді. Сондықтан кез келген шағын дау-дамайдың өзі аутодеструктивті әрекетке алғышарт болуы мүмкін.

Сондай-ақ тәрбиедегі ақаулық, балада эмоциялық тұрақсыздықтың дамуына, эмоциялық қимыл-қозғалыс деңгейінің жоғарлауына әкелетіні жиі кездеседі. Ата-аналардың тым қаталдығы, олардың өз беделдерін басты орынға қоюы немесе балаға шектен тыс қамқорлық жасау – жасөспірімдерге кері әсерін тигізеді. Ал осы келеңсіз жайтты болдырмас үшін адам өз-өзіне демалыс жариялауы керек. Яғни өзін жайсыз сезінетін ортадан алшақтанып, миын тынықтырғаны дұрыс, – дейді.

Психолог айтқандай, кез келген адам өз өмірін жасаушы тұлға саналады. Сондықтан да кез келген мәселе туындағанда бірден өлімді ойламай, қайта сол мәселенің шешілуімен күресе білуі керек. Еліміз де сицидтің алдын алумен күресу шараларын жиі жасап келеді. Мәселен, Қазақстанда әлем бойынша алғаш рет «Қазақстан жастары арасында суицидтің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралардың сапасын бағалау атласы» мен «Жас адамның әлеуметтік-психологиялық әл-ауқат индексі» әзірленген болатын. Алдағы уақытта суицидтің алдын алу мақсатында әлі де көптеген профилактикалық жұмыстар әзірленіп, іске асырылады деп күтілуде.

Тегтер: