Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:01, 27 Маусым 2023

Суицидтің көбею себебі – жұмыссыздық және жемқорлық

None
None

Әр пендеге Жаратушы өмір бергеннен кейін оның жанын тек Алла ғана ала алады. Бірақ соны біле тұра кейбір адамдардың Жаратушының ісіне қарсылық танытатыны неліктен екен деген сұрақ туындайды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында 526 қазақстандық суицид жасаған. Бірақ бір қуантарлығы, бұл 2022 жылмен салыстырғанда бес пайызға азайған көрінеді. Себебі өткен жылы статистикаға сүйенсек, бір жылдың ішінде 4 мың адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның ішінде өз-өзіне қол жұмсаған ер адамдардың саны 2,9 мың болса, жеті жүз жетпісі әйел адамдарды құрайды.

Ал суицидтің көбеюін психологтар біріншіден елдегі белең алған жұмыссыздықтан, жалақының аздығы, жемқорлық, күн сайын өсіп жатқан бағалар, тұрмыстың нашарлауына, ертеңгі күнге деген үмітті сөндіріп, соңында күйзеліске әкелетінін айтады. Бұл – шындық. Осының барлығынан шаршаған адам амалсыздан суицидке барады. Осындай шарасыздықтың салдарынан қаншама ана өзімен бірге балаларының да өмірлерін қиюда. Бұл біздің еліміз үшін үлкен қасірет.

Бүгінгі таңда елімізде жастар «жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Жоба – «Мен өмірді таңдаймын» деп аталады. Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» жүзеге асырып келеді. Жобаның басты мақсаты – ата-аналар мен қамқоршыларды, мектеп психологтарына барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, қоғамдағы суицидтің алдын алу болып табылады. Әйтпегенде елімізде әрбір төртінші жас қазақстандық өзін-өзі өлтіру туралы бірінші ойланады. Сондай-ақ бірнеше жыл қатарынан жастар мен жасөспірімдер арасында суицид жасау әлемдік статистика аутсайдерлерінің басында тұр.

Бұл да бір әрбір пенденің ауыр күнә жасауына тосқауыл болудың бір себебі. Енді біз көбіне суицид, өзін-өзі өлтіруге қатысты психологиялық тұрғыда көп дәріптеп келеміз. Ал діни тұрғыда өзін-өзі өлтірудің салдары мен ислам дінінде суицидттің себеті қандай деген сұраққа Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Нұржігіт Әбиев: «бүгінгі таңда болып жатқан үлкен күнә мен қателіктің бірі – өз-өзіне қол жұмсау мен өзін өлтіруі. Бұл Алланың харам еткен ісі және ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Ғылыми тілде суицид деп аталады. Бұл қазірде адамзат қоғамында кең тараған сорақы құбылыс. Өз-өзіне қол жұмсау шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Адам баласы үміт пен үрейді түсіну керек және өмір сынақ және аманат жайындағы көзқарасты дұрыстауы қажет. Осыған қатысты Құранда «Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге мейірбан. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» делінген. Енді себеп-салдары неде деген сұрағыңызға келсек, имани рухани тәрбиенің жоқ болуы, яғни рухани азғындық. Араласатын ортасы мен қоғамның дұрыс болмауы. Сол себепті балаға сүннетке сай тәрбие беру керек. Ең жаманы, жынның әсері, не болмаса психикалық ауытқулар болуы да мүмкін. Бұл жерде Құран оқу, жаттау да үлкен рухани азық және ем болады. Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түссін, өзіне қол жұмсамақ түгілі өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны мен тәні, өмірі Жаратушы тарапынан берілген аманат» дейді наиб имам Нұржігіт Әбиев.

Иә, қандай жағдай болмасын, тек Алладан күдер үзбеуіміз керек. Мүмкін бәрі оңалар. Әрі мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар кішкене болсын қандай пенденің болмасын, алға жылжуына сеп болар деп ойлаймыз.

Тегтер: