Суицидтің көбеюіне діни ағымдардың да үлесі бар
Жақында телеарна мен әлеуметтік желілер жантүршігерлік хабарды таратты. Алматыда 28 жастағы әйел өзінің үш бірдей жас баласын биік үйдің тоғызыншы қабатынан төменге лақтырып, өзі де сол биіктен секіріп, төрт бірдей адамның мерт болғаны жайлы ақпарат көпті дүрліктірді.
Сондай сұмдық әрекетке әлгі әйелдің қалай дәті барды екен? Оған не себеп болды? Дені сау адам әлгіндей қайғылы, қара іске бара ма? Мына біздің қоғамда қатыгездік неге көбейіп барады? Бұл ел-жұртты мазалайтын көп сұрақтың бірі ғана. Еріксіз менің көз алдыма осыдан бірнеше жыл бұрын болған оқиға көлбеңдеп тұра қалды.
Менің алдымда сүйкімді жас келіншек отыр. Қасында қарақаттай көздері
жәудіреген, жан-жағына үрке қараған үш-төрт жасар қызы бар. Келіншек ағынан жарылып: «Дәрігер аға! Сізге рақмет айтуға арнайы келдім. Сіздің кеңесіңізбен Алматыға, А.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталыққа барып, өңешіме операция жасатып келдім. Құдай жарылқап, сәтті өтті. Енді бұрынғыдай тамақ ішкенде қиналмайтын болдым. Сіздің көмегіңіз болмағанда не болар едім. Рақмет, көп жасаңыз, аға! Сый-абыройыңыз артып, жаныңызға жақсылық әрдайым серік болсын!» – деп қолымды қысты.
Сонда менің ойыма жаз айларының бірінде келіншектің қабылдауыма келіп, бар болған оқиғаны ақтарып салғаны есіме түсті. Оның айтуынша, 18 жасқа енді ғана толғанда бір жігіт алып қашып, қанша көнбесе де, өзіне жар етіпті. Азапты өмір бір жылдан кейін-ақ басталыпты: күйеуі күнде жұмыстан ішіп келіп, себепсізден-себепсіз жанжал шығарып, қызғаныштан үйде тырп еткізбей ұстап, бірте-бірте қол жұмсайтын болған. Бірнеше рет әлгі келіншек өз ата-анасының үйіне қашып барған. Бірақ күйеуі ізінен қуып барып, айқай-шу шығарып, сүйрелеп алып кеткен.
Содан тағдыр тәлкегіне түскен келіншек әбден қиналып, өмірден түңіліп, өз-өзіне қол салмақ болып сіркесу (уксус) қышқылын ішеді. Ауыр халде ауруханаға түседі. Дәрігерлер күн-түн демей, бар күштерін жұмсап, қышқыл әсерінен күйіп, жидіген өңешке тиімді ем қолданып, жас келіншектің өмірін сақтап қалады. Бірақ күйген өңеш ас өткізу қабілетін нашарлатып, уақыт өте келе сұйық тамақтың өзі өтпей қалады. Бұл дегеніңіз – аштан өлумен тең. Аштықтан жүдеп, әбден қажыған келіншек барар жері, басар тауы таусылып, менің алдыма келген болатын. Енді, міне, хирургиялық отаның көмегімен ас қабылдауға қайта мүмкіндік алды. Бірнеше жыл жаны қиналып, операция пышағына ілігудің себебі – сол біз әңгіме етіп отырған суицид немесе өз-өзіне қол жұмсау.
Еңбек ететін орным аурухана болған соң, сирек болса да, әртүрлі жастағы өзіне-өзі қол жұмсаған жандармен ұшырасуыма тура келеді. Әртүрлі себептермен өмірмен қоштасу мақсатында дәрі-дәрмектерді уыстап ішіп, улы сұйықтарды жұтып, уланып, жанын қиып жатқандар қаншама? Түрлі себептерге: бақытсыз өмір, баянсыз махаббат, қызметтегі жайсыздық, отбасындағы берекесіздік, ұрыс-жанжал, кикілжің және т.б. шыдай алмай, биіктен құлап, өзін суға батырып, тапанша немесе мылтықпен атылып, күретамырын қиып, қансыраудан көз жұмып жатқандар ше? Өз қолымен киіміне бензин құйып, от-жалынға оранып, күл болып өртеніп кеткендер немесе пойыз, автокөлік астына өзін-өзі тастап жатқандар да ел ішінде жоқ емес. Әйтеуір, жүйкесі жұқарған адамдар саны азаймай тұр.
Бір нәрсеге ашуланса, ренжісе, қапаланса, отбасында кикілжің немесе түсінбеушілік туса «өлемін» деп далаға тұра жүгіреді. Бала өсіріп жатқан ата-ана да балаларына қарсы қатты сөз айтудан қорқады. Оларда үрей басым. «Сіркесі су көтермейтін» базбір жасөспірім дәнеңеге тұрмайтын ренжісуден кейін өздеріне қол жұмсап жатқандары баршылық. Тіпті әскер қатарында жүрген өрімдей жас сарбаздар арасында да суицид тыйылмай тұр. Өзiн-өзi өлiмге итермелеу жағдайы белең алып бара жатқан қоғамда «баламды суицидтен қалай қорғаймын» деп бас қатырып жүрген ата-ана бұл күндері аз емес. Біразының уайымы баласы өскен сайын үдей түсiп, түнгi ұйқысы төрт бөлiнуде. Ендi не iстемек? Баланы қалай тәрбиелемек? Маңдайына шаң қондырмай, аялап өсірген баласының өмiрiн сақтап қалуды ойлайтын кез келген ата-ана көп сауалға жауап таба алмай, басы мең-зең болып жүргені рас.
Жігітімен немесе қызымен ұрсысып, араздасқан жасөспірім, тұрмыстың ауыртпалығын көтере алмаған әйел, түртпекке түсіп, бастығымен керісіп қалған ересектер, жалғыздықтың тауқыметіне шыдамай, қапаланған жандар, бір себептермен аяғын сәл қия басқан қызметкер, созылмалы аурудан айыға алмаған науқас, араққа салынған, есірткіге бой ұрған қауқарсыз пенде өз-өзіне қол жұмсауға дайын тұрады. Тағысын тағы… Оларды ойласаң, бар денең мұздап, суық қара тер маңдайыңнан бұрқ етеді, қорқыныш пен үрей тұла бойыңды билейді. Уақытша қиындықтарға төтеп бере алмай, өзіне-өзі қол салатындар неге көбейіп барады?
Әлгі сұрақтарды ой елегінен өткізіп, өзімізше жауап іздедік. Бiрiншiден, қалада болсын, ауылда болсын жастардың бос уақытын өткiзетiн бұрынғы клубтар мен спорттық орталықтар жетiспейдi. Содан кейiн жағымсыз әрекетке барып, бiрте-бiрте қылмыс жасауды үйренедi. Ойлап отырсақ, өз ортасынан көңілі жақын дос, ой-пікір бөлісетін, тіпті кейде мұңын шағатын құрбы-әріптес таппай, жалғыздық қасіретіне тап болып, депрессияға ұшыраған жандардың көңіл күйін біз осы сезіне білеміз бе? Оларды сол ауыр ойдан, жан күйзелісінен шығару мақсатында біз, қоғам мүшелері, не істеп жатырмыз? Теледидарымыздан күндіз-түні үзіліссіз беріліп жататын кинофильмдердегі адамдар арасындағы жауыздық, бопсалау, тонау, атыс-шабыс, төбелес, қантөгіс, аяусыз кісі өлтіру (әсіресе ресейлік телефильмдерде). Мұның соңы зұлымдыққа, қатыгездiкке итермелейтiнi айдан анық. Екiншiден, суицид көрсеткiшiнiң көбеюiне елдегi экономикалық дағдарыстың да әсер еткенін жасырмауымыз керек. Қаншама отбасының асыраушысы жұмыстан қысқарып, жұмыссыздықтан сенделіп, күнделiктi нәпақасынан айырылды. Несін айта береміз, өмір сүру дәл қазір тым күрделеніп кеткендей.
Өмірден жалығып, жаны күйзеліп, дағдарысқа ұшыраған болмаса өмірде кездесер әділетсіздік пен жалған нәрселерге жаны шыдамай, әлсіздік танытатын жандар саны неге көбейіп кетті? Оған не себеп, біле бермейміз. Әйтеуір, бұл күндері суицидтен көз жұмып жатқандар саны азаяр емес. Бiрақ осыны телеарнадан күнделiктi айқайлатып айту былай тұрсын, өзіне қол жұмсаған адамның мәйітін анық көрсету дұрыс па? Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн теледидарға телмiретiнiн ескерсек, бұл әркімге, әсіресе жасөспiрiмдердiң санасына селкеу салмай ма? Тiптi мұны күйбің өмiрдiң кәдуiлгi жаңалығы ретiнде қабылдайтын дәрежеге жеттiк десек өтiрiк емес. Кейде, менің пайымдауымша, тіпті сол хабарлар арқылы әр себептерден жүйкесі жұқарып, толқып жүрген жасөспірімдерге өзін-өзі қалай өлтіру керек екеніне дайын «рецепт» жазып беретіндей көрінеді. Бұрын мұндай оқиғалар iшiнара кездескенімен, оны көпшілікке тым дабыра етпейтін едi.
Есімі тарихта қалған веналық психоаналитик Виктор Франкл дәрігер болып жүргенде мынадай сезімнің соңына түседі. Ол ақша табу үшін байларға ақылы қызмет көрсететін. Ал түстен кейін жағдайы жоқ кедейлерге тегін қарасады. Яғни оларды емдегені үшін ақы алмайды. Кедейлер оған риза болып, алғысты жаңбырша жаудырады. Франкл олардан алғыс алған сайын бақытқа бөленетін. Әрине, қалталы науқастар да алғыс айтуды ұмытпаған. Бірақ еңбегіне ақы алған соң, жанды балқытып тұратын ләззатты таба алмай, өмір сүруге деген ынтығы азаяды. Клиникасының ақшаға тәуелді екенін біліп тұрса да, адамдардан алғыс есту үшін ақысыз қызмет көрсетуге құмартып алады. Жағдайы жоқ мұқтаж жандарға тегін қарасқан сайын, оның өмірге құштарлығы арта береді. Осылайша Франкл шыбын жанға толассыз шабыт сыйлайтын шаттық сезімді кеудесінен шығарып алмау үшін барлық адам ұрпағына риясыз қызмет ету керектігін ұғына түседі. Осы жаңалығының негізінде В.Франкл депрессия мен суицидке қарсы «соғыс» ашады.
1924 жылы ол Sozialistische Mittelschüler Österreich деп аталатын мектептің президенті боп сайланады. Франкл осы қызметте отырғанда студенттерді өмірге ғашық етумен армансыз айналысады. Оның бұл жолдағы қызметі өте жемісті болды. Ол басшылық еткен мерзімде Венадағы студенттер арасында бірде-бір суицид фактісі тіркелмеген екен (мектепті шамамен 10 жылдай басқарады).
Сонымен, «Өмірдің мәні не?», «Бізді тіршілікке ғашық етіп, ажалмен айқасуға батылдық беретін қандай күш?» деген сұраққа Франкл: «Өмірдің мәні – өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де, оны да шаттыққа бөлеу», – дейді.
Суицидтің көбеюіне қаптап кеткен берекесіз діни ағымдардың да үлесі бар екенін баса айтуымыз керек. Діни секталар адам өмірін құнсыздандырып, «Құдай жолында шейіт болуға» әзір болуға дайындап жатса, баз бір шала сауатты дүмше молдалар «о дүниеде бүйтесіңдер, сүйтесіңдер, пейішке енесіңдер» деп, әрдайым өлімді уағыздап, толқып жүрген жастардың миына теріс ықпалдардың зәрін құйып, оларды мәңгүрттікке, яғни соқыр «зомбиге» айналдыруда. Мына жарық дүниеде қиналып өмір сүргенше о дүниеге барғанды дұрыс санап жүргендер тезірек сол «ғажап, рахат өмірге» жеткісі келеді. Беліне түрлі жарылғыш заттарды байлап, өзгелердің жанын қию үшін өзіне де қол жұмсаған жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Шейіттік мәртебе бейкүнә жандарды өлтірумен келетін оңай нәрсе емес. Өздерінің діни сезіміне беріліп, Сирия және де басқа қантөгіс болып жатқан аймақтарға баз біреулердің «шейіт болсаң жұмаққа барады екенсің» деген желбуаз, арбау сөзіне сеніп, әйелімен, бала-шағасымен барып, өз бастарына пәле тауып, тіпті өлім тауып жатқан қанша жастарды білеміз? Радикалды діни уағыздарға соншама сенуге бола ма? Неге олар о дүниеге тезірек аттануды мақсат етеді? Олардың отбасы, балалары ертең қандай күйге тап болады? Саналы адамды осы сұрақтар толғандыруы керек.
Ислам діні өзін-өзі өлтіруді ең үлкен ауыр күнәлардың қатарына жатқызады. Өзіне қол жұмсаған пенденің жаназасын шығармай, айдалада жеке жерлеген. Әлгідей өлім шыққан отбасы мүшелері көпке дейін өздерін ыңғайсыз жағдайда сезініп, беттеріне шіркеу болып, елдің жүзіне тік қараудан қалған. Сондықтан әр ісімізге көрегенділікпен пайымдай қарап, жақындарымызды ешқашан орны толмас мәңгілік ащы қайғы-қасіретке батырып, өз қолымызбен өкінішке тұншықтырмайық.
Жастарды шыдамдылыққа, сабырлыққа шақыру, қиындықтарға төзімді болу, рухани күйзеліс пен жұтаңдықтан арылту мәселесіне барлығымыз бір кісідей атсалысқанымыз абзал. Біз көтерген осы бір ауыр мәселе жөнінде көпшілік болып ойласқанымыз артық болмас еді. Қазіргі таңда көп елге қасірет болып отырған суицидтен құтылудың қандай жолдары бар?
Ойлап отырсаңыз, адам өмірінен қымбат бұл дүниеде еш нәрсе жоқ. Өйткені адам өмірге бір-ақ рет келеді. Уақытша кезіккен қиындыққа бола өз жанын қию – ауыр жаза, біле білсек, тіпті артында қалған отбасы үшін сүйегіне таңба, ұмытылмас трагедия. Сондықтан сол Жаратқан иеміз сыйлаған өмірдің қиындығына да, ауыртпалығына да төзімділік, сабырлық, шыдамдылық көрсетіп, қабырғамыз қайыспай, қайсарлықпен көтере білгеніміз жөн. «Лимоннан лимонад жасай білейік» деген екен бір білгір. Рас қой. Шыдамдылық, төзімділік болса, әлгі қиындық та, ауырлық та, күйзеліс те, ерте ме, кеш пе, өтер.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қартайып шау тартқанша адамдық борышың – адам ұрпағына қуаныш пен шаттық сыйлау. Кез келген адамға жаның ашып, оның нәсіліне, ұлтына, түріне, дініне, тіліне, жынысына қарамастан, оларға адал қызмет етіп, еткен қызметіңе мақтау, бодау, ақы күтпестен шаттық сезімге шомылып жүру өмірдің негізгі мәні болып табылмақ». Бұл – В.Франклдың өлер алдында берген ең соңғы жауабы.
Өмір – ғажап! Өмір – қымбат! Жаратқан ием сені жер бетіне жақсылық әкелсін, өсіп-өніп, өз ортасын, қоғамды әрі қарай дамытсын, жақындарына бақыт сыйласын деп, мына дүрбелеңге толы дүниеге әкелді. Сол сынақтан кім болмайық, нендей күйде жүрмейік, кез келген қиындыққа төзімді, шыдамды болып, ар-намысымызды жоғалтпай, адами қасиетімізді сақтап өткеніміз жөн. Түн соңынан күн шығатынын әркез есте ұстайық.