Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:45

Суицидке апарар жол. Қатаң тәртіп және бала еркіндігі

суицид
Фото: из открытых источников

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын жасөспірімдердің 10 пайызы өз өміріне қол салып, соның 60 мыңнан астамы көз жұматын көрінеді.

Технология дамыған жаңа мүмкіндіктер дәуірінде жантүршігер жағдайлар одан бетер жиілеп, статистикалық деректер күн санап артуда. Бүгінде қоғамның ғана емес, бүкіл әлемнің ең түйткілді мәселесіне айналған балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид елімізде де өршіп тұр. Мәселен, Wisevoter ұйымының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, суицид жасау бойынша 178 мемлекеттің ішінен Қазақстан 19-орынға жайғасқан.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, елімізде өткен жылы төрт мыңға жуық суицид оқиғасы тіркелген екен. Балалар мен жасөспірімдер арасында жұқпалы ауру секілді өршіп тұрған бұл кеселдің себебі көп-ақ. Мұндай оқыс әрекетке бел буатын балалар мен жасөспірімдердің басым бөлігі психикалық ауыртпалықты көтере алмай, суицидтік ойларға бой алдырады екен. Суицидтік мінез-құлықтың себебі көп. Әлеуметтік психолог Ләззат Бисенғалиева суицидтік мінез-құлықтың бірнеше себебін атап өтті.

«Суицидтік мінез-құлықтың пайда болуына әртүрлі факторлар әсер етеді. Кейде генетикалық бейімділік болады, яғни отбасы мүшелерінде депрессия немесе психикалық бұзылулар болған жағдайда бала суицидке бейім болады. Бұдан бөлек, өзін-өзі басқадан кем санау, перфекционизм, эмоционалдық тұрақсыздық суицидтік мінез-құлыққа әкелуі мүмкін. Соңғы уақытта байқағаным, балалық шақтағы зорлық-зомбылық, отбасылық жанжалдар немесе психологиялық қысым да баланың әл-ауқатына қатты әсер етеді екен. Негізгі мәселе көп жағдайда ата-ана мен баланың қарым-қатынасынан туындайды. Ата-ана тарапынан эмоционалдық қолдаудың болмауы, қатаң тәртіп немесе керісінше немқұрайлы болу баланың өзін керексіз сезінуіне үлкен ықпал ететіні рас. Өзіне-өзі қол жұмсағысы келетін балалар мен жасөспірімдер көбіне көмек сұрай алмайды, бірақ бұл көмек қажет емес дегенді білдірмейді. Суицидтің алдын алу ескертудің алғашқы белгілерін танудан және оларға деген байыпты қарым-қатынастан басталу керек. «Адам өзін өлтіруге бел буса, оны ештеңе тоқтата алмайды» деген жаңсақ түсінік. Тіпті ауыр күйзелісте жүрген адамның өмір сүруге деген құлшынысы жоғары болады. Сол үшін ондай адамдарда өлім мен өмір арасындағы күрес соңғы сәтке дейін жалғасады. Олар тек өзіне-өзі қол салу арқылы жанын жеген ауырсынуды тоқтатқысы келеді. Егер жақын жандар жан-жақтан демеп жіберсе, суицидтік ойдан біржола арылып, өмір сүруге деген құлшынысы артады. Мысалы, өзін-өзі өлтірген адамдардың барлығы – жақындарына жан сырын ақтара алмаған, айналасындағы адамдардан дер кезінде көмек сұрамағандар», – дейді.

Бүгінде әлеуметтік желінің қарқынды дамуы да балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің өршуіне әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі. Кей медиаконтенттегі өзін-өзі өлтіруді романтизациялау немесе оны шешім ретінде көрсету жасөспірімдердің ойлау жүйесіне ықпал етері анық. Бұл жөнінде психолог:

«Бүгінде суицидтік мінез-құлыққа мәдени ықпал да әсер етіп жатыр. Қазіргі ата-аналар еркіндікті балаларына ерте береді. Бірақ бостандықты бала басқаша түсінуі мүмкін. Өзін-өзі басқаруды білмейді де, жүгенсіздікке жол береді. Балаға еркіндік бергенмен, өзін басқару құқығын толығымен беруге болмайды. Отбасынан жылу таппаған жасөспірімдер жан жарасын әлеуметтік желіден, алыстан іздейді. Алайда интернет қауіп-қатерге толы екенін естен шығармаған абзал. Балалар зорлық-зомбылықты насихаттайтын, ересектерге арналған фильм мен контенттерге, ұлтаралық және діни алауыздықты, есірткі мен алкогольді қолдануды үндейтін сайттарға тап болуы әбден мүмкін. Ата-аналар баланың желіде қандай ақпарат іздейтінін, телефоннан немесе планшеттен қандай сайттарға кіретінін білуі керек», – дейді.

Сәруар Бақберген

Тегтер: