Сүлейменов халықтың қарызын банктің пайызымен жабады
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі енді тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін 46 пайыздан 40 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.
Бұл бастама Мәжіліске ұсынылды. Алдағы уақытта күшіне еніп, қолданысқа енбек. Ондағы мақсат – азаматтардың борыштық жүктемесін азайту және тұтынушылық несиелер нарығын дамыту делінеді.
Өткен аптада бас банкир Тимур Сүлейменовтің мұндай мәлімдемесіне қарапайым халықтың іші жылып қалды. Несиесі бар халықтың дені «енді несие арзандайды» деп түсінді.
Жалпы, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеме (ЖТСМ) – бұл несие бойынша барлық төлемдердің, негізгі қарыздардың, пайыздар мен комиссиялардың және басқа шығындардың жиынтық көрсеткіші. Ол қарыз алушыға несие құнының нақты деңгейін түсінуге мүмкіндік береді. Әрине, осы шекті мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін несиелеу тәуекелді болса да, табысты болады. Ал ЖТСМ төмен болса, тұтынушы үшін арзан, бірақ қаржы ұйымдары үшін кірістің азаюын білдіреді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов өз баяндамасында бұл шешім арқылы азаматтардың қарыздық тәуелділігін азайтып, әлеуметтік тұрақтылықты орнатуға болатынын атап өтті. Сүлейменовтің айтуынша, соңғы жылдары тұтынушылық несиелердің үлесі жалпы несие портфелінің 50 пайызына жуықтап, кейбір азаматтар табысының едәуір бөлігін қарыз төлеуге жұмсай бастаған. Осы ретте мөлшерлемені төмендету арқылы несие алу шарттары әділ әрі ашық болмақ.
Ал салалық мамандар бұл бастаманың екі қыры бар екенін айтады. Біріншісі, бастаманың позитивті әсері: қарыз жүктемесі төмендейді, азаматтардың төлем қабілеттілігі артады, нарықтағы жоғары пайыздық тәуекелдермен несие беру тәжірибесі азаяды. Ал екінші негативті әсері, кейбір банктер мен микроқаржы ұйымдары тәуекелі жоғары топтарға несие беруден бас тартады, нәтижесінде табысы төмен азаматтар көлеңкелі несие ұйымдарына, яғни, несиені заңсыз әперетін делдалдарға көп жүгіну қаупі бар.
Сондықтан сарапшылар бұл шешімді баяу және кезең-кезеңімен енгізу қажет деп есептейді. Саясаттанушылардың пікіріне жүгінсек, бастаманың әлеуметтік, экономикалық және саяси салдары да бар. ЖТСМ төмендеуі жалпы алғанда қаржылық тұрақтылықты күшейтіп, халықтың қаржылық мәдениетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар банктер өз саясатын қайта қарап, несиелеу сапасын арттыруға, тәуекелдерді басқаруға және тұтынушының қаржылық сауаттылығын көтеруге мүдделі болады. Мұндай шешімдер «халықты қорғау» мақсатында қабылданғандай көрінгенімен, оның мынадай экономикалық және саяси астары да бар. Бірінші, елдегі қарыз жүктемесі қауіпті деңгейге жеткеннен кейін барып Ұлттық банк пен ҚНДРА осындай қадамға апарды. Соңғы жылдары Қазақстанда тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны өте жоғары болды. Азаматтардың шамамен 20 пайызы бірнеше несие төлеп жүр. Көпшілігі ай сайынғы табысының жартысынан көбін несиені жабуға жұмсайды. Бұл әлеуметтік шиеленіс тудыруы да мүмкін. Сондықтан да Ұлттық банк пен агенттік бұл процесті «тежеп», саяси тұрақсыздықтың алдын алғысы келеді.
Экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханованың сөзіне сүйенсек, халықтың наразылығын азайту ол саяси фактор. Экономикалық қысым халықтың билікке деген сеніміне әсер етеді. Сондықтан билік «әлеуметтік әділдік» бағытын ұстана отырып, қаржы ұйымдарын «жұмсарту» арқылы қоғамның көңіл күйін реттегісі келеді. Бұл қадам саяси тұрғыда «мемлекет халықтың жағында» деген месседж берудің амалы.
Мұны саяси астар десек, ал мұндай бастаманың экономикалық мәні Ұлттық банк несиелеуді реттеу арқылы инфляцияны бақылауға алғысы келеді. Қарыз алу оңай болған сайын, адамдар көп тұтынады. Ал бұл инфляцияны арттырады. Мөлшерлемені шектеу арқылы мемлекет артық тұтынуды қысқартып, инфляцияны тежеуді де көздеп отыр. Өйткені ЖТСМ арзандайтын болса, банктер де тәуекелге бара бермейді, өздеріне түсетін табыс азаятындықтан несие беруді шектейді. Осыдан барып халықтың қолындағы қаражат азайып, айналымдағы ақша массасы төмендейді. Міне, Ұлттық банк осы арқылы нарықтағы «пішен-пішен» ақшаны азайтып, инфляцияны реттегісі келеді.
Маманның сөзінше, Қазақстан соңғы жылдары қаржы жүйесін «әлеуметтік жауапты» етіп көрсетуге тырысып келеді. Бұл шешім халықаралық ұйымдар алдында да жақсы көрінеді. Ел әлеуметтік әділ экономикаға көшіп жатыр деген әсер қалдырады. Сондықтан да атқарушы билік мұндай бастамаларды қолдау арқылы халықаралық рейтингтер мен имидждік мәртебені де өсіріп алғысы келеді.
«Негізінде бізге қазір нарықтағы тепе-теңдікті қалпына келтіру қажет. Кейбір микроқаржы ұйымдары мен банктер тым жоғары пайызбен несие беріп келген. Мысалы, кейде ЖТСМ 60-70 пайызға дейін жететін жағдайлар болған. Бұл халықты борыш қақпанына түсірді. Мөлшерлемені 40 пайызға түсіру арқылы мемлекет қаржы нарығын «тазартуға» тырысып отыр. Бұл шешім бір жағынан, экономикалық қажеттілік, екінші жағынан, саяси имидждік қадам, яғни, билік расымен де белгілі бір деңгейде халықты ойлап отыр, оның түпкі мақсаты – жүйелік тұрақтылық пен қоғамдық наразылықтың алдын алу», – дейді сарапшы Әсем Қасымханова.
Сарапшының пайымдауынша, банктердің табысының негізгі көзі пайыздық маржа, яғни, депозит пен несие арасындағы айырмашылық.
Егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетсе немесе несиелер бойынша шекті пайыз шектелсе, мысалы, 46 пайыздан 40 пайызға дейін болса банктердің табысы азаяды. Нәтижесінде сөзсіз кірістің төмендеуі орын алады. Бұл шағын банктер үшін қаржылық тұрақсыздық тудырады. Кейбір банктер тәуекелді клиенттерге несие беруден бас тартады.
«2020 жылдан бері халықтың борыштық жүктемесі артқан. Сондықтан төлем қабілеті төмен клиенттер саны көбейсе, банктердің проблемалық несие үлесі де өседі. Қазіргі таңда Қазақстанда проблемалық несиелердің үлесі 7-9 пайыз шамасында, бірақ нақты тәуекел одан жоғары болуы мүмкін. Теңге курсының құбылмалығы да банктердің валюталық активтері мен міндеттемелеріне әсер етеді. Егер доллар күшейсе, валюталық қарызы бар клиенттер несиесін жаба алмай қалады,
бұл да өз кезегінде банктің балансын әлсіретеді. Сондықтан ірі банктер валюталық позицияны қорғайды, бірақ орта және шағын банктерде бұл мүмкіндік шектеулі. Сол себепті бұл бастаманы жүзеге асыру көбіне шағын банктерге қиын соғады. ЖТСМ-ді 40 пайызға дейін түсіру,
резервтік талаптарды күшейту немесе тұтынушылық несиелеуді шектеу сияқты шаралар енгізсе, банктердің операциялық еркіндігі де азаяды. Сондықтан банктерді бір мезетте бірнеше сын күтіп тұр. Ол: реттеуші қысым, экономикалық тұрақсыздық және клиент сенімін сақтау міндеті», – дейді Ә.Қасымханова.
Ал енді отандық банктер осы реформаға төтеп бере алмай, табысымыз азайды деп сыр беріп жатса не істеу керек? Әлемдік банктер жүйесі қандай негізде жұмыс істейді? Біз осыны да саралап көрдік.
Әрине, әлемдік деңгейдегі банктердің (мысалы, HSBC, Citibank, JP Morgan Chase, Standard Chartered, Barclays) капитал қоры өте жоғары. Бір банктің капиталы кейде тұтас дамушы елдің қаржы нарығынан да үлкен. Технология мен цифрландырудың жоғары деңгейі. Көп қызмет онлайн, операциялар жылдам және арзан. Реттеу талаптары да қатаң. Олар халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Тәуекелді басқару жүйесі жетілген. Несие беруде алгоритмдер мен үлкен деректер қолданылады. Әр қадам халықаралық аудитпен бақыланады. Бұл жүйе оларда ашық, бірақ өте қатаң. Егер мұндай банктер Қазақстан нарығына кірсе не болады? Осы сауалды біз қаржыгер Дәурен Арынға қойып көргенбіз.
Оның сөзіне сүйенсек, мұндай жағдайда бізде екі сценарий бар, оң әсері, бәсеке күшейеді, қызмет сапасы артады, пайыз төмендейді. Жаңа технологиялар, халықаралық стандарттар келеді. Инвесторлар сенімі артып, елге капитал көбірек тартылады. Клиенттерге арналған өнімдер ипотека, сақтандыру, инвестиция көбейеді. Теріс әсері, елдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдары бәсекеге төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Шетелдік банктер көбіне ірі клиенттермен корпорациялар, экспортерлермен жұмыс істейді. Сондықтан ондайда халыққа арналған арзан несие азаяды. Пайда шетелге кетеді, яғни, қаржы жүйесінің тәуелділігі артады.Ұлттық банк қаржы ағынын бақылауда қиындық көруі мүмкін.
«Сондықтан біздің мемлекет әлемдік банктерді толық кіргізбейді. Қазақстан сияқты елдер қаржы егемендігін сақтау үшін шетелдік банктерге шектеу қояды. Біздің нарықта қазіргі кезде тек өкілдіктер немесе еншілес банктер жұмыс істейді, бірақ олар да толық бәсекелік форматта емес. Мемлекет бұлай істеу арқылы ішкі банктерді қорғап, қаржы жүйесін тұрақты ұстағысы келеді және ұлттық капиталдың шетелге кетпеуін көздейді», – дейді қаржыгер Дәурен Арын.
Маманның ойынша, ең тиімді жол – бәсекені біртіндеп арттыру.Яғни, бірден шетелдік банктерді түгел кіргізбей,
отандық банктерді технологиялық және капиталдық тұрғыда нығайтқаннан кейіннарықты ашу.
«Мысалы, отандық банктер біріксе, цифрлық банкингке көшу жылдамдаса және реттеу жүйесі халықаралық стандартқа бейімделсе,
онда әлемдік банктермен тең дәрежеде жұмыс істеуге болады. Әлемдік банктердің кіруі, бұл қауіп емес, мүмкіндік. Бірақ ол тек дайын нарықта ғана тиімді. Қазіргі жағдайда Қазақстанның қаржы жүйесін біртіндеп жетілдіріп, отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ең дұрыс бағыт», – дейді маман.
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Қазақстанның банк жүйесі экономикалық, технологиялық және реттеушілік тұрғыдан жаңа кезеңге аяқ басты. Ұлттық банк тарапынан несиелік саясатты жұмсарту, пайыздық мөлшерлемелерді төмендету сияқты шаралар халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталғанымен, бұл қадам банктер үшін жаңа сын-қатерлер тудырады. Әлемдік қаржы жүйесінің тәжірибесі көрсеткендей, мұндай қадам тұрақтылықтың кілті, бәсеке мен жауапкершіліктің тепе-теңдігі. Сондықтан отандық банктердің ендігі басты мақсаты – тәуекелдерді басқаруды жетілдіру, цифрлық технологияларды игеру және тұтынушы сенімін сақтай отырып, нарықтағы орнын нығайту. Егер бұл бағыт жүйелі түрде жүзеге асырылса, Қазақстанның банк секторы тек ішкі нарықта ғана емес, аймақтық деңгейде де бәсекеге қабілетті бола алады. Бір әттеген-айы, осы бастаманы 10 жыл бұрын ерте бастағанымызда қазір жемісін жеп отырар ма едік, енді «ештен кеш жақсы» деп, нәтижесін күтуге тура келеді деседі мамандар...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ