Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Сүлейменов кері кетіп бара жатқан жоқ па?

Тимур Сүлейменов
Фото: akorda.kz / depositphotos

Өткен аптада «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Astana Finance Days (AFD) «Болашақтың негізін қалайтын капитал» атты VIII қаржылық форум өтті.

 Биылғы бұл іс-шараға 1,5 трлн доллар активті басқарушылар қатысты. Осы AFD алаңында Қазақстанның Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ел күтпеген мәлімдеме жасады. Ол алдағы уақытта қазақстандықтардың зейнетақы қаражатын жеке қорларға беру бағытында қадамдар жасалатынын айтты.

Әдеттегідей аталмыш форумда Орта Азияның қаржы нарығын нығайту, халықаралық қаржы орталықтарындағы деректерді қорғау, Қазақстанның экономикалық келешегі, АХҚО құқығының болашағы, криптотехнологиялардың әлеуеті, Қазақстандағы тау-кен секторына капитал тарту және басқа да тақырыптар талқыға түсті.

Басқасы – басқа, салалық мамандар Сүлейменовтің мәлімдемесіне қатысты түрлі пікір білдіре бастады. Көбі «қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын «жеке қолдардағы өмір» күтіп тұр» деген болжам айта бастады.

Әрине, Ұлттық банк қазақстандықтарды алаңдамауға шақыруда. Сүлейменов те «барлығы бақылауда болады» дейді. Яғни қаражат жеке қорларға басқаруға берілгенімен, ресми түрде мемлекеттің бақылауында болады. Бас банк төрағасының сөзіне сүйенсек, қазір бізде Ұлттық банк басқаратын зейнетақы қорында өтімділік жеткілікті. Жақсы команда бар.

«Әріптестер көп жылдан бері еңбек етіп келеді, мол тәжірибесі бар, оң нәтижеге бағытталған. Біз зейнетақы қорын барынша жеке басқаруға беруге тиіспіз. Бұл процесті өте сақтықпен жүргіземіз, қатаң қадағалауды қамтамасыз еткіміз келеді. Бірақ жалпы алғанда біздің жолымыз осы болмақ», – дейді ол.

Сүлейменовтің жоспарына сәйкес алғашқы сынақ ретінде 500 млн теңге нарыққа жіберілген. Қазірдің өзінде кейбір компаниялар мен қорлар ол активтерді басқара бастаған. Болашақта зейнетақы қаражатын басқаруға ірі шетелдік ойыншылар да тартылуы мүмкін. Бірақ әзірге ішкі деңгейімізді жолға қоюымыз қажет екен. Сүлейменов зейнетақы қаражаты туралы әңгіме қозғау қоғам үшін өте сезімтал мәселе екенін мойындайды. Себебі 2013 жылғы және тоқсаныншы жылдардағы жағдайдан кейін қазақстандықтардың дені зейнетақы жинағын «жеке басқаруға» беруге үрке қарайды. Дегенмен бас банкир «күдікті сейілтуге әзірміз, сенбесеңіздер шетелден кәнігі мамандарды да алып келеміз» дейді.

МЖЗҚ-дан БЖЗҚ-ға дейін

Еске салсақ, қазіргі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2013 жылы (БЖЗҚ) — зейнетақы реформасының нәтижесінде құрылған. Ол кезде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) базасында болған еліміздегі барлық зейнетақы қорлары біріктірілді. БЖЗҚ 2013 жылы жекеменшік қорларға байланысты бірқатар жанжалдардан кейін құрылған. Сол кезде жекеменшік зейнетақы қорларының бір бөлігі ұрлық жасады деп айыпталса, кейбіреулері активтерді тиімсіз басқарды деген сынға ілінді. Айталық, 2001 жылы елімізде 16 жинақтаушы зейнетақы қоры тіркелді. Олардың қаражаты 182,4 млрд теңге болды. Сонымен қатар заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың ерікті зейнетақы жарналарын тарту қызметін жүзеге асыруға және қосымша зейнетақы төлеуге құзыретті жабық акционерлік қоғам тұрпатындағы мемлекеттік емес ерікті зейнетақы қорлары да құрылып, жұмыс істей бастады. БЖЗҚ-ға дейін елде жекеменшік зейнетақы қорларынан ақша шешкені үшін алынатын орасан зор комиссиялар, сәтсіз инвестициялар және ашықтан-ашық ұрлықтар үшін жиі шағымдар болды.

Жекеменшік зейнетақы қорларының құрдымға кетуіне қаржысын құнсыз облигацияларға салу да ықпал етті. Ол кезде Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарып тұрған, ол сол тұста зейнетақы қорының 71 млрд теңгесін банкротқа ұшыраған Әзербайжан банкіне салып жіберіп те сынға қалды. 10 жылдан аса уақыт өтсе де бұл мәселені салымшылар ұмытқан жоқ. Арагідік еске алып, ол қаражаттың қалай қайтарылатынын қазір де есіне алып қоятындар бар. Әзербайжан халықаралық банкі Қазақстанға зейнетақы қорының қыруар қаражатын қайтарудың үш жолын ұсынған. Соның ең тиімдісін біздің тарап таңдап алуға тиіс болатын. Біріншісі, ол қаражатты Әзербайжанның мемлекеттік құнды қағаздарына айырбастауды ұсынып, алған қаражатты алғашындағыдай 10 жыл емес, 12 жылда өтеп береміз деген. Бұл құнды қағаздардың жылдық сыйақы ставкасы 5 пайыз шамасында. Екінші нұсқа да тура осындай. Бірақ мемлекеттік құнды қағаздардың бағасы 250 миллион долларға тең. Алайда оны қайтару мерзімі 15 жыл және жылдық сыйақы ставкасы бар болғаны 3,5 пайызға дейін азаяды. Ал қарызды қайтарудың үшінші жолы – бұл 250 миллион долларды Әзербайжан халықаралық банкінің құны 250 миллион доллар тұратын жаңа облигацияларына айырбастау. Көршілес ел жылдық сыйақы ставкасы 3,5 пайыз болатын бұл берешектерін 7 жылда өтеп береміз деп уәде еткен.

Сарапшылар Әзербайжан халықаралық банкі ұсынған үш жол да БЖЗҚ-ға тиімсіз екенін, себебі инвестицияланған қаражат көлемі 250 миллион доллар болса олардың жылдық сыйақы ставкасы 8 пайыз ғана шамасында еді. Бұдан біздің тарап қалай да болса ұтылып, аз пайда көретінін айтқан. Сондықтан ақшаны қайтарудың басқа жолын қарастыру керек деген.

Жалпы, елдегі зейнетақы жүйесіне, қорда жиналған қаржыға қатысты халықтың уайымы күшті. Экономистер мен қаржыгерлер де зейнетақы қорындағы қаржыны дұрыс пайдалана алмау – үлкен олқылық екенін айтумен келеді. Бізде зейнетақы қорының қаражаты бірнеше салаларға салынды. МЖЗҚ БЖЗҚ-ға айналғанда бұл сала енді дамиды, мемлекеттік бақылау күшейеді, ондағы қаражатты бос жатқызбаймыз деген Ұлттық банк қордағы қаражатты теміржол саласына, «ҚазАгро» холдингіне, бағалы қағаздар сатып алуға жұмсады. Қазір жұрт теміржолдың бітпес жырын, «ҚазАгро» компаниясының банкрот болып тақырға отырғанын, бағалы қағаздарын сатып алған компаниялардың қарызға батып отырғанын жақсы біледі.

Қайда жұмсалмаған зейнетақы

Биыл жыл басынан бері БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы кеміп кетті. 2025 жылдың төрт айында қордағы активтердің кірістері кетіп, -1,05 пайызды құрады. Бұған қоса жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша кірісі -5,94 пайызды құраған. Осылайша жыл басынан бері қор салымшылары 231,54 млрд теңге жоғалтты. Бұған қатысты «Жас Алаш» БЖЗҚ-ға сауал да жолдаған. Қор өкілдерінің түсіндіруінше, зейнетақы қорына аударып отырған зейнетақы жарналары босқа жатпай, тиімді қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкелуі керек. Алайда қаржы нарығы құбылмалы. Кірісіңіз бірде оң нәтиже берсе, келесіде керісінше болуы әбден ықтимал. Сондағы айтқандары «соңғы уақытта АҚШ долларының бағамы бірде шарықтап, бірде сәл төмендесе, бірде тұрақтағандай сыңай танытып жүр. Біздің жинағымызға есептелетін инвестициялық кіріс те сол доллардың бағамы сияқты».

Ал мамандардың пайымынша, зейнетақы қорындағы қаржыны инновациялық бағытты ұстанған, инфрақұрылымды дамытатын салаларға салу жемісті болар еді.

«Нанотехнология, биотехнологияны жетілдіру, ғылымға көңіл бөлу қай кезде де өзекті болған. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселесі қазір тіптен қажет. Сондықтан қаржыны осы мәселелерге бөліп, оны нақты қадағалай алсақ ұтар едік. Ал бізде пайым, зерттеу жоқ. Қаржы ұқсату жағына орашолақ ойлап, бөлінген қаржыны қадағалау аз. Осыдан барып болашақта халықтың маңдай терімен жиналған қаражат түкке жарамай қалуы мүмкін», – дейді экономист Дәурен Арын.

Сарапшы қазірде ондаған компанияның БЖЗҚ-ға 61,6 млрд теңге қарыз екенін айтады. Бұл проблемалық активтер 2013 жылы БЖЗҚ-ға жеке зейнетақы қорларынан мұра ретінде берілген. Кезінде қордан қаражат алған 15 компанияның қарызы осынша мөлшерді құрапты. Ал енді келешекте Ұлттық банк тағы бір реформа жасап, қордағы қаражатты басқаруды жекеменшік қорларға бөліп тастаса осы сценарий тағы орын алып жүрмей ме деген сұрақ туындайды.

«БЖЗҚ бүгінде қарызын қайтармай жүрген 10 компаниямен соттасып жатыр. Олардың жалпы қарызы 61 млрд теңгеден асады. Араларында банктер де бар. Компаниялар да бар. Оны өздеріңіз де жаздыңыздар. Бір ғана зейнетақы қорының қаражаты алынбалы-салынбалы болып, өзіміздің банктерді қойып, шетелдің банкін де жарылқады, ұлттық компанияларымыздан бөлек, шетелдік компанияларға да берілді. Бірақ бұдан жұлдызы жанып, жарқырап кеткен бір саланы тағы көре қойғанымыз шамалы», – дейді сарапшы.

Не де болса, Сүлейменов Келімбетов өзгерткен зейнетақы жүйесін қалпына келтіруді ойлап отырған сияқты. Бұл өткенге оралу ма, кері кету ме, әлде жаңа жүйенің өзін ақтамағанын мойындауы ма, нақты айтпады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ