Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 21 Ақпан 2025

Сүлейменов пен Жамаубаев БЖЗҚ-ға телміреді

Ерұлан Жамаубаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Экс-министр Ерұлан Жамаубаев Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Жамаубаев 2024 жылғы мамыр айынан бері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болған. 2020-2024 жылдар аралығында қаржы министрлігін басқарған. 2018-2019 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болған. 

Ерұлан Жамаубаевтың Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болғаны сол еді, сала мамандары «Оның Ұлттық банкке келуі нені өзгертеді?» деген сұрақты талқылай бастады. Бас банк басшысы Тимур Сүлейменов пен оның бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа артылар міндет қандай деген мәселе де негізгі әңгімелердің бірі.

Ұлттық банк биыл ең бірінші кезекте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты ұқсатудың тетігін табуы тиіс. Өйткені президент Тоқаев қаңтардағы үкіметтің кеңейтілген отырысында бұдан былай стратегиялық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыру үшін БЖЗҚ-ның қаражатын белсендірек тартуға болатынын айтқан. Оның үстіне, 2030 жылға дейін Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу керек деп қалғаны тағы бар (соңғы кезде президент те, басқалар да айтпайтын болып жүр). Демек, бас банкир мен орынбасарының бар үміті БЖЗҚ-да. Ал зейнетақы қорындағы қаржының сенімді басқарушысы саналатын Ұлттық банк қолдарында тұр. Президенттің «батасы» тағы бар, оның үстіне тоғыз айдай президенттің жанында болған Жамаубаевтың «бірінші вице» болып келіп жатқаны да көп нәрсені аңғартады.

Осыған дейін зейнетақы қорының қаражаты стратегиялық жобаларға салынбады емес, салынды. Экономикамызды дамытудың күретамыры саналуы тиіс теміржол саласын жаңғыртуға, ауыл шаруашылығы саласына, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, акцияларды сатып алуға да зейнетақы қорының қаражаты бөлінді. Ұлттық банк пен үкімет осылай әрекет ету арқылы «зейнетақы қорындағы қаражатты ұқсатып жатырмыз» дегенге сендіргісі келді.

Қазір зейнетақы қорындағы жинақталған қаражаттың мөлшері 22 трлн теңгеге жуықтады. Жыл бастала салысымен үкімет қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін жылу электр орталықтарын салуға, жаңартуға жұмсайтындарын мәлімдеп қойды. Әзірге бұл мақсат үшін қордан қанша қаражат алынатыны белгісіз. Белгілісі, 2024-2025 жылдарға қордан 2 трлн теңгеге дейін ғана қаражат алу шегі қойылған. Жуырда бұл жобаларды атқарушы саналатын «Самұрық-Қазынаға» 1,5 трлн теңге беру ұсынылды. Бұған дейін қордан «Бәйтерек» ұлттық холдингінің облигацияларын (бағалы қағаздарын) инвестициялауға, көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыруға 173 млрд теңге, ауыл шаруашылығы кешенінің жобаларына 213 млрд теңге бөлініп қойған. Бұдан бөлек, облигациялар сатып алу үшін 2024-2025 жылдары зейнетақы қорынан 500 млрд теңге бөлу көзделіпті. Банктердің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру үшін де зейнетақы қорының қаражаты салынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қор қаржысының кезбеген саласы жоқ. Тіпті жыл басында қор қаржысына Apple, Microsoft, Tesla акцияларын да сатып алдық.

Ұлттық банктің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің шамамен 40 пайызы (17,2 млрд доллар немесе 9 трлн теңге) валютамен сақтаулы. Портфельдің валюта бөлігі шетелдің негізгі актив кластарына инвестицияланады. Оларға АҚШ қазынашылық облигациялары, дамушы елдердің мемлекеттік облигациялары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар мен акциялар жатады. Мысалы, акциялар индексі Apple, Microsoft, Tesla және басқа да компаниялардың 1 000-нан астам эмитентінен құралады. БЖЗҚ-ның теңгемен сақтаулы портфелінің көлемі 13,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл – бүкіл активтің 60 пайызы деген сөз. Оның шамамен 70 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 15 пайызы квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына, 7 пайызы банктердің облигацияларына салынған.

Міне, біздегі зейнетақы қорындағы қаражатты ұқсатудың жалпы схемасы – осы. Үкімет пен Ұлттық банк қордың қаражаты тек экономиканы дамыту мақсатында және қордың инвестициялық табысын өсіру мақсатында жұмсалып жатқанын алға тартады.

Экономист Бауыржан Ысқақов зейнетақы қорындағы қаржыны инфрақұрылымды дамыту секілді жобаларға көптеп жұмсай беретін болса, мемлекет үлкен тәуекелмен бетпе-бет келеді дейді. Қор қаражатын инфрақұрылымға жұмсаудың тиімді және тиімсіз жақтары бар. Тиімді тұсы, инфрақұрылымды реттеуге тырысу арқылы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, энергетикалық қауіпсіздікті арттырып, азаматтардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді. Ал тиімсіз тұсы – қордағы қаражатты инфрақұрылымды дамыту секілді жобаларға үздіксіз жұмсай берсек, ол қаражаттар бақылаусыз кетсе, есепсіз жұмсалса, бұл қордағы қаржының тапшылығына әкеледі. Бұған қоса, ақшаның қысқамерзімді экономикалық жобаларға бағытталып жатқанын да ескерген жөн.

«Мәселен, қордағы қаражатты бір жылу электр орталығының құрылысына салды делік, бірақ ол келешекте қайта ма, қайтпай ма, ешкім кепілдік бере алмайды. Әрине, қордағы қаражаттың текке жатпағаны дұрыс. Бірақ пайда әкелетін, қаражаттың көбеюіне септесетін салаларға жұмсалғаны жөн. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаржыны жұмсау мұқият ойластырылуы тиіс. Салынғалы жатқан инфрақұрылымның болашақтағы перспективалы дамуы бағамдалуы керек. Олай болмаған жағдайда қаражатты жұмсау – тәуекелге толы іс», – дейді экономист-сарапшы.

Зейнетақы қорының қаражатын қысқамерзімді жобаларға салса, адамдарды жұмыспен қамту да қысқамерзімді уақытты қамтиды. Ол жобалар біткен соң қаншама адам жұмыссыз қалуы ықтимал. Қысқамерзімді жобалар бірден табыс әкеле ме, жоқ па, ол да үлкен тәуекел.

Ұлттық банк президентке ғана емес, парламентке де есеп беру керек

«Жас Алашқа» тұрақты пікір білдіріп отыратын экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков былай дейді:

«Қазіргі уақытта бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов те, оның тағайындалған орынбасары Ерұлан Жамаубаев та ескеруі тиіс ең өзекті екі мәселе бар. Біріншісі, Ұлттық банк тек қана зейнетақы қорының қаражатын ғана емес, Ұлттық қор қаражатының да сенімгерлік басқарушысы. Шынтуайтында, халық қазір Ұлттық қордың қаражатының да нақты қайда, қалай жұмсалғанын ашық білмейді. Әйтеуір үкімет сұрайды, Ұлттық банк береді. Ұлттық қордан берілген трансферттің қаншасы нақты қайтты, қаншасы қайтпай жатыр, шын, ашық есеп айтылмайды. Сол тәрізді зейнетақы қорының қаражаты да бірқатар салаларға салынды. Оның да есебі жалпылама ғана айтылады. Негізінде Ұлттық банк осы екі қордағы қаражаттың нақты қайда, қалай жұмсалғаны туралы парламентке барып жыл сайын есеп беріп отыруы керек. «Ұлттық банк тек президентке ғана бағынуы керек, президентке ғана есеп беруі керек» деген қағида дұрыс емес. Депутаттар өз ойларын айтсын. Қарсылықтары болса талқыласын. Сонда біз дамыған елдердің жүріп өткен жолына бір табан жақындаймыз. Бұл – бір.

Екінші, соңғы бір жылда халықтың мойнындағы несие 22 трлн теңгеден асты. Ал бизнестің бір жылда рәсімдеген несиесі 18,8 трлн теңгені құрады. Қазір 1,5 млн адамның мойнында төленбеген несиесі жүр. Ұлттық банк неге бұған шектеу қоймайды?! Экономиканы дамытамыз десек, халыққа емес, бизнеске несие көп берілуі керек. Бізде, керісінше, бір жылда қарапайым халықтың алған несиесі бизнестің алған несиесінен асып кетті. Болашақта бұған Ұлттық банк тыйым сала алмаса, мәселені шешуге Ұлттық қауіпсіздік қызметін араластыруға тура келеді. Себебі халықтың қарызға батуы – мемлекет үшін өте қауіпті дүние. Ертең халық банк алдындағы қарызын жаба алмай қалса, экономикалық тоқырау сонда болады. Бізде тек тұтынушылық несие ғана емес қой. Ипотекалық несие бар, кепілсіз несие, бөліп төлеу – осының барлығы жиылып келіп, экономиканы тұншықтырады. Сондықтан Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге талап қоюы керек.

Он жыл бұрын несие беру талаптарын қатайту керектігін айттық, жаздық. Құлақтарына ілген ешкім болмады. Ұлттық банк басқаны қойып, ақша-несие саясатын үйлестіре алып отырған жоқ. Несиенің пайызын түсіру, несие алуға шектеу қою тұрғысында екінші деңгейлі банктерге сөзін өткізе алмай отыр. Себебі екінші деңгейлі банктердің барлығы жекеменшіктің еншісінде. Әу баста, тоқсаныншы жылдары банктерді жекеменшікке берудің соңы осылай болатынын да айттық. Жекеменшіктегі банктер жекелеп баюды ғана көздейді. Қазір сол олқылықтың «жемісін» көріп жатырмыз. Сондықтан Ұлттық банкке басқа мәселелерден бұрын алдымен осы екі мәселені шешуге тырысу керек. Біріншісі, Ұлттық қор мен зейнетақы қорының қаражатының ашық есебін беріп отыру, екіншісі, халықты борыштан аршып алу тетіктерін қарастыру».

Иә, Сүлейменов пен Жамаубаевтың қазіргі уақытта жатпай-тұрмай ойланатын дүниесі осы болуы керек. Кім білсін, кезінде бірі ұлттық экономика министрлігін басқарған, енді бірі қаржы министрлігін тізгіндеген «үзеңгілестер» бұл мәселелерді үзу жолдарын ендігі қарастырып қойған да болар...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ