Сүлейменовтің жұмбағы: Рубль болып кіреді, доллар болып шығады
![Рубль мен доллар](/static/img/image.jpg)
Қазақ теңгесі соңғы бір жылда 15 пайыз құнын жоғалтты. Қазір валюта айырбастау орындарында бір доллар 530 теңгеден сатылып жатыр.
Ұлттық банк доллар күш алған былтырғы қараша айында теңгені қолдау үшін 13 күнде 1 млрд доллар жұмсапты. Ал желтоқсан айында теңге бағамын ұстап тұру үшін бас банк 307 млн доллар жұмсаған. Бірақ қазақ билігі бұл құлдырауға Ресейдің тікелей қатысы бар екенін айта алмай-ақ қойды...
Елде теңге құлдыраған сайын Ұлттық банк пен үкімет сыртқы геосаяси жағдайларды, мұнай бағасының төмендегенін, импортқа тәуелділігімізді жіпке тізіп, классикалық себептермен жиі ақталады. Алайда көпшілік мән бермейтін, біздің тиісті инстанциялар мүлдем айта бермейтін бір фактор бар. Ол ресейлік жеке және заңды тұлғалардың Қазақстанның қаржы нарығына кіріп, қазақстандық банктерден жаппай шот ашып, екі ел арасындағы ғана емес, Қазақстан арқылы халықаралық қаржы операцияларын жасауға белсене кірісуі.
2022 жылдан бері Батыс Ресейдің бірқатар ірі-ірі банк секторына санкция салып, Ресейге ол банктер арқылы халықаралық төлем жүйесін жасауға тыйым салды. Бастапқыда Батыстың бұл әрекеті шетелге саяхаттап, қалағанын шетелден алдырып, бизнеске қатысты халықаралық қаржылық операциялар жасап жүрген ресейліктерді «күршекке» салып қойғандай көрінген. Алайда ресейліктер бұл мәселені айналып өтетін жолды көп іздеп қамыққан жоқ. Олар үшін Қазақстанның банктері көмекке келе қалды. Біздегі банктердің жүйелері Ресей банктерімен өте ұқсас, тілдері бір, комиссиясы да арзан. Тек ЖСН алсаң болды. Банктен шот ашасың да, аударымдарды жасай бересің.
2022 жылғы Украинаға шабуылдап жатқан Ресей ішінара әскери мобилизация жариялады. Содан кейін-ақ Қазақстанды бетке алған ресейліктердің қарасы көбейді. Содан бері 700 мыңға жуық Ресей азаматы Қазақстаннан ЖСН алыпты. 2022 жылы 281 мың Ресей азаматы, 2023 жылы – 181 мың, 2024 жылы – 233 мың ресейлік Қазақстанның ЖСН-ға ие болған.
Ресейліктердің ЖСН-ды негізінен шот ашу үшін алып жатқанын сол тұстары еліміздің цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі салтанатты түрде жеткізді. Бұл ретте аталмыш министрлікке қарасты мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Дәулет Бекманов ресейліктердің көбінесе банк шотын ашу үшін ЖСН рәсімдеп жатқанын, ол жеке сәйкестендіру нөмірінің тек бір мәрте ғана берілетінін, қайта-қайта елге келген сайын оны алудың керек емес екенін, олар қайта келгенде сол нөмір арқылы барлық ақпараттарды көріп отыратындықтарын айтқан. Ресейліктер жаппай ЖСН алып жатқанда цифрлық даму министрлігінің өкілдері «Жеке сәйкестендіру нөмірі бар шетелдіктерді әкімшілік жауапкершілікке тарту процесі жеңіл болады» дегенді де айтты.
Тіпті Ресеймен шекарамызда ұзын-сонар кезек қалыптасып, ресейліктер бізге қарай ығысқанда оларды тасымалдау, құжат рәсімдеуге көмектесу, банк карталары мен ЖСН алуға жәрдемдесу қызметін ұсынатын түрлі чаттарды да ашып тастадық. Сөйтіп құзырлы орындардан бөлек, қарапайым халықтың өзі «кеңпейілдік» танытып, көршілерімізге көмектесіп жібердік.
Ал енді қазір экономистер мен қаржыгерлер ресейліктердің қазақстандық банктерден шот ашып, шетелге ақша аударып, инвестициялық және өзге де қаржы операцияларын белсенді жасауы теңгеге қысым болатын бірден-бір фактор екенін алға тартуда. Мұндағы теңге үшін проблема – ресейліктер шетелмен қаржы операцияларын жүргізу үшін Қазақстаннан доллар сатып алады. Олардың долларды көптеп сатып алуы қор нарығында көк қағазға деген сұранысты одан әрі арттырып жібереді. Міне, осылайша ресейліктердің валюталық операциялары теңге бағамына қысым көрсетеді.
Таңертең Ресейге салынған санкция түсте теңгеге әсер етеді
Экономист- ғалым Расул Рысмамбетов былай дейді: «Қазақстанға келген ресейліктердің қарапайым адамдар емес екені белгілі. Олардың көпшілігі қалталы азаматтар. Енді олар Қазақстанға келіп, жаппай шот ашты. Қолдарындағы рубльдерін теңгеге айырбастап, ол теңгеге доллар сатып алды. Нәтижесінде, бізде долларға деген сұраныс қатты өсті. Мысалы, Батыс былтыр Ресейдің «Газпромбанкіне» санкция салды. Сол кезде мұнайдың бағасы қымбат болып тұрған тұс болса да, елде теңге құнсызданып кетті. Бұл да сол кездегі ресейліктердің еліміздің банктері арқылы халықаралық қаржы операцияларын белсенді жүргізуінен болды. Биыл да осы үрдіс ықпал етіп отыр. Олар есепшоттарын ылғи доллармен толықтырып отырады. Кез келген санкция жарияланса, олар долларды белсенді сатып ала бастайды. Мысалы, таңертең санкция жарияланса, түске дейін олар долларды жанталаса сатып алуға кіріседі. Мұның артында теңгеге қысым түсіп, ұлттық валютамыз құлдырап жатыр. Жалпы, бұған дейін ресейліктер үшін ЖСН алу өте оңай болды. Олар Ресейдегі Қазақстанның елшіліктері үшін де ЖСН ала алатын. Тіпті қазақстандық банктер қашықтан отырып та ресейліктерге есепшот ашып бере беретін. Алайда биылғы қаңтардан бастап бұл қызметтерге шектеу енгізілді. ЖСН барлар екінші деңгейлі банктер арқылы есепшот ашып, карта ала алады. Ол үшін ЖСН, паспорт, жергілікті байланыс нөмірі секілді қарапайым құжаттар жеткілікті. Бұдан бөлек, бізде телеграм-арналарда шот ашуды ұсынатын делдалдардың жарнамалары қаптап жүр. Енді бұған Ұлттық банк тарапынан белгілі бір бақылау керек. Өйткені бұл үрдіс шынымен де долларға сұранысты арттырып, теңгені құлдырататын үрдіс».
Ал Ұлттық банктің бізге берген мәліметіне сүйенсек, халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы 2024 жылдың қараша айында 62 млрд теңге ақша жіберілген. Оның 97 пайызы шетел асқан. Шетелге аударылған ақшаның үштен бірі Ресейге жөнелтілген. Ақшаның басым бөлігі АҚШ долларымен (барлық аударымдардың 62 пайызы) аударылған. Ал былтырғы жарты жылдық мерзімді алып қарасақ, Қазақстаннан халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы 383,8 млрд теңге шетелге аударылса, соның 87 пайызы ресейлік «Золотая корона» арқылы жіберілген.
Осындай аударым түрлеріне қарап, мамандар теңгенің құлдырайтынын былтырғы тамыз айында болжай бастапты. Мәселен, былтыр тамыз айында Мәскеу қор биржасында 1 доллар 100 рубльге дейін көтерілген кезде ресейліктер Қазақстаннан долларды көптеп сатып ала бастаған. Онлайн және айырбас нүктелерінен қолма-қол ақша да алып кеткендер болған.
Шектеу енгізуде біздің құзырлы орындар өте кеш қозғалды
«Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, қаржыгер Тоғжан Шаяхметованың сөзіне сүйенсек, Ресейге салынған санкциялар көбейген сайын және РФ валюталық табысы азайған сайын Қазақстанда валютаға деген сұраныс өсе бермек. Бұдан барып біздегі доллар бағамы жоғары болады да, халық қинала түседі.
«Егер Қазақстан мен Ресей арасындағы ақша айналымы тек рубльмен немесе теңгемен жүрсе онда валюта бағамына әсер етпес еді. Бірақ рубль де, теңге де толыққанды мықты валюта емес, сыртқы факторларға тәуелді. Сондықтан сауда қатынасында төлем жасау да, аударымдар да доллармен жүргізіліп жатыр. Қазақстанның сыртқы саудасының үштен бірі Ресейге тиесілі. Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялар бар. Олармен бірлесіп атқаратын жобалар бар. Қазір Қазақстанда Ресеймен біріккен ірілі-ұсақты 23 мыңға жуық компания бар екен. Олардың 4 мыңға жуығы тек былтыр ғана ашылған. Міне, осылардың барлығы доллармен аударым жасайды. Біз Одақтас ел ретінде Ресейге тереземізді тарс жауып отыра алмаймыз. Алайда белгілі бір шектеулер болуы керек. Өзіміздің мүддемізді ойлағанымыз жөн. Ұлттық банк жуырда ғана ресейлік және басқа заңды тұлғаларға 50 мың доллардан жоғары сатып алуға шектеу қойды. Енді қандай да бір аударым жасарда осы межеден аспау керек. ЖСН алу талаптары да сәл қатаңдатылды. Бұрын елшіліктер арқылы ЖСН алына беретін. Енді жаңа ережелерге сәйкес, шетелдіктер ЖСН-ды электрондық үкімет порталы арқылы рәсімдей алмайды. ЖСН рәсімдеу үшін олар келген орны бойынша ХҚКО-ға жеке өзі келіп, өтініш беруі қажет. Егер шетелдік ХҚКО-да құжаттардың толық емес пакетін немесе қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынса, құжаттары қабылданбайды және Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы қолхат беріледі. Осы шектеуді сол 2022 жылы енгізу керек еді. Өкініштісі, біздің құзырлы орындар өте кеш қозғалды. Ендігі белгілі жайт, Ресей азаматтарының қазақстандық банктерге жүгінуі көбеймесе, азаймайды. Себебі қай жағынан болсын, Қазақстан ресейліктер үшін тиімді нарық. Ақ үйге Трамп келгелі Ресейдің АҚШ-тың қайталама санкциясына түсу қаупі жоғары. Сол себепті Ресеймен бірлескен жобаларды, сауда қатынасын, халықаралық төлемдерді жасағанда қырағы болған жөн», – дейді Тоғжан Шаяхметова.
«Sana Business academy» директоры, экономист Мақсат Халық та әріптестерінің сөзін қуаттайды. Оның ойынша, болашақта Ұлттық банк пен үкіметке ішкі экономикалық қауіпсіздігімізді нықтауды ойластыру қажет.
«Қазір Ресей азаматтарының Ресейде доллар сатып алуына өте қатты шектеу қойылған. Ресейдің Батыспен сауда-саттығы, кәсіп жүргізуі санкцияның әсерінен тыйылған. Дегенмен де Ресейде көк қағазға сұраныс бар. Міне, осы тығырықтан шығу үшін Ресейдегі бизнес Қазақстанға қарай ауысты. Қазақстаннан шот ашты, кәсіп аша бастады. Сол шоттарына қазір қаражат жинап, оны долларға айналдырып жатқан жайлары бар. Бұл үрдіс расымен де долларға деген сұранысты арттырып, теңгенің құлдырауына ықпал етті. Еуразиялық экономикалық Одақ аясында еркін экономикалық аймақ ретінде біз ресейліктердің бұлай жасауына рұқсат беріп отырмыз. Бірақ келешекте бұған шара қолдану керек. Мысалы, кезінде Ресейдің банктеріне санкция салғанда олар рубльдерін жаппай бізге аудара бастады. Сол рубльдер біздің банктерде бір жылдап жатып, ақыры біздің тарап Ресейге хат жазып жүріп олардың рубльдерін өздеріне қайтарған. Енді ішкі экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан ойласақ, ресейліктердің біздің қор нарығынан долларды сатып алып, сол арқылы халықаралық төлемдер жасауына қатысты да осындай шешімдер қабылдаған жөн. Теңгеге түскен қысымды жеңілдетеміз десе үкімет пен Ұлттық банк осындай шараларға бару керек. Екі ал арасында келісім жасалып, белгілі бір шектеулер енгізілген жөн», – дейді М.Халық.
Алайда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов қарапайым халық пен бизнес өкілдерін ресейлік рубль мен теңгені байланыстырмауға шақырып жүр. Бас банк басшысы халық арасында, шағын және орта бизнес өкілдерінде «Ресейге санкция салынса, бірден тікелей теңгеге әсері болады» деген ой барын, бұл дұрыс тұжырым еместігін барынша дәлелдеп бағуда. Оның ойынша, Ресей біздің ірі сауда-экономикалық әріптесіміз. Бірақ олар өзінің жеке қаржылай әлемінде, жеке қаржы жүйесімен өмір сүреді, өзінің артық-кем тұстары, қатері бар. Ал біздің жүйеміз бөлек... дейді. Мәселен, сіз бас банкирдің осы сөзіне сенер ме едіңіз?..
Сүлеймен патшаның жүзігі туралы естіп пе едіңіз? Оның сыртқы бетінде «бәрі де өтеді; ішкі жағында «бұл да өтеді» деп жазылған дейді. Патша соған қарап сабырға келеді екен. Осы біздің Сүлейменовте сондай жүзік жоқ па екен? Экономикамызды рубль тонап жатса да бір мызғымайды...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ