Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:44, 23 Қазан 2023

Сұлтан Хан Жүсіп: Мақтан, марапат және непотизм

2
Фото: из открытых источников

«Мен мынаны жасадым, осыны бітірдім» деп жарияға жар салатындар көбейіп кетті. Әсіресе соңғы жылдар бұл дерт өршіп барады. 

Әлеуметтік желілердің зор ықпалға ие болуы да әсер етіп жатыр. Халықтың басым бөлігі теледидар көріп, радио тыңдауға мүмкіндігі болмаған соң, жұмыста, сыртта жүргендіктен әлеуметтік желілерге, қолда тұрған телефонға жүгінеді. Қысқасы, әлеуметтік желілер барлық БАҚ-тың орнын алмастырып келеді.

КСРО кезінде, Қазақстанда емес, сол кезде одақта болған біраз елдерде атаққұмарлық пайда болды. Ол әлі күнге қыр соңымыздан қалмай келеді. Мысалы, ғалымның қандай ғылыми жаңалық ашқаны, нендей жұмыс жазғаны маңызды емес. Әйтеуір әупірімдеп қорғайды да атағын, дәрежесін ала береді. Кандидаттық, докторлық қорғап алған талай адамды көріп жүрміз ғой. Қаншалықты өзекті, қаншалықты тың жаңалық әкеліп жатқандарына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Магистрлікті, докторлықты қорғап алады. Ал асықпай ашып қарасаңыз ғылыми нәрсе деп айтуға ауыз бармайды немесе пәлендей жетістігі жоқ, жай қатардағы бір нәрсе болып шығады. Сосын барып ЖОО-ларда сабақ беріп жүре береді. Онымен тоқтасын ба? Анадан бір, мынадан бір ұрлап, көшіріп, кітап шығарып, сонысымен мемлекеттік марапаттар мен атақтарға таласады. Осындай атаққұмарлық, даңққұмарлық кеңестік кезеңнен қалды. Содан ғой, орден, медальдарға деген құштарлық сұмдық. Соны алу үшін еңбек етіп жүргендерін қайдам, күрес, тартыс, интрига, айғай-шу сұмдық. Ал оны әділ беріп жатқанымыз шамалы. Кімнің қолында тұр соның туысы, апасы, күйеу баласы, досы алады. Таза непотизм, таныс-тамырлық. Мұндай құбылыстар сейілмей тұр. Тәуелсіздік алған шығармыз, бірақ біз сол коммунистік жүйеден, жалған идеологиядан әлі арылған жоқпыз. Тырысқан да жоқпыз. Мысалы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалай шулатты? Бірақ оның бюджетті жымқырудың жаңа жолына, тағы бір құралына айналғаны бәріне аян. «Ұлы даланың жеті қыры» деген тармағы болған. Соған қатысты Олжас Сүлейменов біздің тарихымыз әлі де ашылмағанын айтып пікір білдіргенін тыңдадым. Оған ішінара келісуге де болады. Және өткен ұлттық құрылтайда президент Қ. Тоқаев жеті томдық төл тарихымызды жазамыз деді. Әрі ол ұлттық мүдде тұрғысынан жазылады деді. Айтылған идея, бастама өте керемет. Бірақ оны жүзеге асыруға келсек, ол жеті томдықты жазуға сол кеңестік дәуірде жазылған кітаптар мен зерттеулер, еңбектер қолданылады. Яғни кеңестік тарихнама жүйесі сақталады. Ал оны жасайтын мамандар ше? Олар да сол жүйемен тәрбиеленгендер. Ол тағы да жалған тарих болғалы отыр. Ал сол тарихшылар ертең жеті томдық жаздық деп тағы шығады. Дәл осы сияқты біздің қоғамдағы келеңсіз нәрселерге деген ұмтылыс сол кеңестік идеологияның жұрнағы. Яғни халықты адастыру, шатастыру үшін жүргізілген саясаттың салдары. Оған күмәнданудың да керегі жоқ.

Мәселен, қазір кім өзін алаштанушымын деп айтпай жүр. Бәрі бір-бір алаштанушы. Жақсы, алаш тақырыбы ешкімнің атасынан қалған меншік емес. Бірақ әр адам өз білгенінше жазып, білгенінше насихаттасын.

Халық жазушысы деген атақты қайдан шығардық? Марк Твен сынды ұлыларға кім халық жазушысың депті? Оларға атақ-даңқ керек емес. Олар шығармашылық арқылы абыройлы, атақты адамға айналды. Сол секілді ақын, жазушылар шығармашыл адам болса, керісінше, ондай марапаттардан қашады.

Осылайша шолақ белсенділер көбейіп келеді. Оның арасына біздің шенділер, депутаттар да кіріп кетеді. Ауызбен орақ орғанда алдарына жан салмайды. Сөздерін, мақтанғандарын тыңдасаң, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ сол сөздері мен шынайы өмір екітүрлі. Әйтеуір бір атаққа асыққан, біреуге өзін дәлелдегісі келетін шолақ белсенділер көбейіп бара жатыр.