Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:51

Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жұбайы Қазақстанға қалай экстрадицияланды

Сұлтан Сәрсемәлиев
Фото: ашық дереккөз

Индонезия полициясы Интерпол желісі арқылы Ломбок аралында ұсталған Қазақстан азаматтары Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваны экстрадициялау туралы мәліметтерді жариялады.

Индонезиялық құқық қорғау органдарының дерегінше, күдіктілер ұсталып, жеке тұлғалары тексерілгеннен кейін қатаң күзетпен Қазақстанға жеткізілген.

Олар алдымен Қытай арқылы транзитпен тасымалданып, кейін ұшақпен Алматыға жеткізілген.

Сонымен қатар Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулық жағдайына байланысты оны мүгедектер арбасымен алып жүргені хабарланды.

Индонезия тарапы күдіктілерден тәркіленген заттарды да қазақстандық құқық қорғау органдарына тапсырған. Олардың қатарында:

  • бірнеше ұялы телефон,

  • банк карталары,

  • басқа да жеке заттар бар.

Индонезия полициясының мәліметінше:

«Ұсталып, толық тексеруден өткеннен кейін екі адам конвойлық топтың күшейтілген күзетімен Бали аралынан ұшақ арқылы Алматыға жеткізілді. 8 наурыз, жексенбі күні кешке олар Алматы халықаралық әуежайында Қазақстан полициясына және Астанадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына ресми түрде тапсырылды».

Осыдан кейін Сұлтан Сәрсемалиев Атырауға этаппен жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал оның жұбайы психоневрологиялық диспансерге жіберілген.

Еске сала кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты іс бойынша күдікке ілінген. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.