Сұлтанғазиев пен Нұрбек нені ұмытып кетті?

Бурабайда өткен құрылтайда ғылым тақырыбы сөз болып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев біраз сын айтқан. Оның мәні бұған дейін Қонаевта академиялық қалашық саламыз деген бастама болған. Енді оған Курчатов қаласы қосылды.
Ғылыми қауымдастық та «Курчатов ғылым қалашығы болуға әбден лайық» деп жүр, депутаттар да ұсыныс айтып қояды. Бірақ осы идея алғаш айтылған 2022 жылдан бері жауапты шенділер қанша уәде берсе де, әлі күнге қаланған бір кірпіш жоқ...
«Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр. Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек. Ғалымдардың пікірінше, тиісті тәжірибесі мен дәстүрі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады», – деген президент құрылтайда. Алматы мен Курчатов маңында ғылым қалашығы болғанын құптайтынын, атқарылатын жұмыстар шынайы есептерге негізделуі тиіс екенін, сұрауы қатты болатынын, үкімет пен салалық министрліктер нәтиже шығару керек екенін ескерте келіп: «Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Біз бастама көтеріп, кейіннен оны ұмытып кетеміз. Тіпті желге ұшады деуге болады. Бұл жазылмас дертке айналды. Жоспарда бәрі әдемі», – деп салған. Мынадай сөзден кейін екі қалашық екі айда салынып тастайтын шығар деп күткенбіз. Бірақ әлі күнге ең болмаса президент айтқан «әдемі жоспар» да жасалған жоқ. Әшейінде әр сөзін «мемлекет басшысының тапсырмасынан» бастайтын министрлер де, әкімдер де селт етпегендей.
Ғылымға қаржыландыру артты (бұл туралы «Жас Алаш» жазған). Ала-құла бастамалар да жоқ емес. Соның бірі – ғылым қалашығы. Бұған дейін Қонаевқа қатысты энтузиазмға толы жоспар жасалды. Онымен қоймай, Курчатов идеясы төңірегінде ұсыныстар легі артты. Мәселен, былтырғы қарашада сенат депутаты Андрей Лукин қалаға ғылым қалашығы мәртебесін беруді ұсынды. Бұл сұрақ осы қаңтарда Сенат қабырғасында қаралып, талқыланды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки заңнама парламентте пысықталатынын хабарлаған.
Сұлтанғазиев пен Нұрбектің әріптестігі
Қалашық салу оңай ма? Яғни екі облыс әкімінің, министрдің қолынан келе ме? Курчатовта да, Қонаевта да инфрақұрылым мәселесі күйіп тұр. Әрі кадр тарту мен оларды баспанамен қамтуға да қаншама ресурс керек. Оқшау жатқан Курчатовты былай қойғанда, Алматының іргесінде орналасқан Қонаевтың өзінде әлі күнге бір шеге қағылмады. Мегаполис Алматыға түсетін салмақты азайтамыз, ғылыми-инновациялық жобалар жасалады, 2024-2027 жылдар аралығында еліміздегі төрт ЖОО көшіп қояды, артынша шетелдік университеттер келеді деп бөскен Марат Сұлтанғазиев үш жылын жылы кабинетте өткізді. Әйтпесе, басқасын былай қойғанда дәл осы ғылымға көңіл бөлуге тиіс аймақ осы Алматы облысы болатын. Студенттер жарты күн оқуда, жарты күн жұмыс алаңында шыңдалады, техникалық-орта білім беруді дамытамыз, керемет кампустар саламыз, біріншісі 2026 жылы пайдалануға беріледі деген «қағаз қала» жоспарында.
Ғылым және жоғары білім министрі қалыссын ба, ол да 2023 жылы-ақ 2024-те академқалашық жұмысын бастайды деп мәлімдеді. Саясат Нұрбек президенттің тапсырмасымен келесі жылы Қонаевта академиялық қалашық ашылады деп бірнеше мәрте қайталады. Сөйтіп сол 2023 жылы наурызда президенттің қабылдауында болып, Қонаев қаласында академиялық қалашық салу жұмыстары басталғаны туралы есеп берді. Арада бір ай өткенде Алматы облысының орталығына сапарлап барып, әкім Марат Сұлтанғазиевпен кездесті. Өңір басшысы «сүйікті» макетін таныстырып, екі тарап ғылым қалашығының жайын ақылдасқан. Сұлтанғазиев Қонаев қаласының бас жоспарына сәйкес, арнайы жер қарастырылғанын, көктемде бас жоспар бекітілгеннен кейін инфрақұрылымға қатысты жұмыстар өз жалғасын табатынын айтса, Нұрбек аймақтағы тапшы мамандарға қатысты жол картасын жасайық деді.
Министр Түркі инвестициялық қорының президентімен және ҚР-ның Катардағы төтенше және өкілетті елшісімен жолығып, инвестиция жағын реттеп жүрген түр көрсетті. Одан соң министрлік пен Алматы облысының әкімдігі, «Qonayev Academic Campus» Fund» коммерциялық емес ұйымы өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. «Бұл келісім бойынша қалашық аумағына 2023-2024 жылдары толық инфрақұрылым жүргізу, халықаралық ұйымдар мен инвестициялық қорлардан қаржы тарту, 2024-2027 жылдар аралығында еліміздің төрт университетін көшіру үшін ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар, жатақханалар мен қонақүйлер салу жұмыстары атқарылатын болады», – деген ресми хабарлама тарады.
Десек те, 2025 жылдың бір тоқсаны артта қалды. Ал ғылым қалашығы ашылмақ түгілі, ол туралы айтпайтын болып алды. Жоспардағы жаңа кампустар көрінбейді, тіпті ескі ғимараттардың біріне көшкен филиалдар да байқалмайды. Сұлтанғазиев пен Нұрбек жоспарлауын жоспарлағанмен, оны іске асыру керек екенін ұмытып кеткен тәрізді.
Алматы облысының әкімдігі соңғы рет: «2024 жылдың маусымында 100 гектар жер учаскесіне мемлекеттік акт алынған. «Инвестор жер учаскесінде іздестіру жұмыстарын бастап, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісті, сәулет-жоспарлау тапсырмалары алынған. Жобаға тартылатын жалпы инвестиция көлемі 307,5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2028 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр», – депті.
Ал ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ресурсында ғылым қалашығы туралы мәлімет шықпағанына біраз болыпты. Жасаған әрбір ісін, отқа жанбайтын кабелі мен ашқан псевдо-филиалдарын жарнамалаудан шаршамайтын министр де академқалашық туралы ауыз ашпайтын болып алған.
Ғылым күнін тойлап, Ғылым қалашығын ұмыту
Бұл туралы ресми сауалымызды жолдап, ведомствоның біраз мәселеге қатысты позициясын анықтағымыз келді. Бір апта күттірген жауапты вице-министр Динара Щеглова, ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов және тағы бірнеше маман әзірлепті. Бірақ ақ парақтың жарты беті де толмайтын жауаптың ішінде «Жас Алаш» қойған жеті сауалдың біріне де жауап берілмеген:
«2022 жылы мемлекет басшысының Алматы облысына сапарының қорытындысы бойынша Алматы облысының әкімдігіне және министрлікке Қонаев қаласында академиялық қалашық құру туралы тапсырмалар берілді. Бұл қадам болашақта Қонаев қаласында ғылыми-білім беру орталығын қалыптастыруға бағытталған. Үкіметтің 2023 жылғы қаулысымен Қонаев қаласының 2050 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Министрлік әкімдікпен бірлесіп Қонаев қаласында академиялық қалашық құру тұжырымдамасын әзірлеп, жер учаскесін белгіледі. Академиялық қалашық құру жөніндегі жобаның ауқымдылығын ескере отырып, бұл жұмыс бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырылады».
Және тағы бір абзац «Уикипедия» деңгейіндегі сұрғылт баяндама. Ал біз уәделі 2024 жылы Қонаевқа қандай университеттер көшуі керек болғанын, кампустар жайын, осы жоспардың орындалмауына не себеп екенін, қазір нақты не жасалып жатқанын, алғашқы ЖОО филиалы қашан көшетінін, инвесторларға қатысты шаруаның жай-жапсарын сұрағанбыз. Алайда Саясат Нұрбектің орынбасары да, ғылым комитетін сеніп тапсырған төрағасы да академқалашықтарға қатысты бас қатырмауды жөн санаған сынды. Жай ғана сайттарында жүрген көне ақпаратты жібере салыпты.
Айта кетейік, ресми сауалымыз электронды үкімет порталы арқылы жолданған соң, бізге министрліктің баспасөз хатшысы Олжас Беркімбай өздерінің ғылым күніне дайындықпен қарбаласып жүргенін айтып хабарласқан. Ғылым күні 12 сәуірде өтті, сірә, соның ыстық-суығы басылмаған сияқты, біздің сауалымызға келген жауаптардың түрі әлгіндей болды. Газет беттелетін күні өзіне қайта хабарласқанымызда, «бізге бергені сол болды, ұнамаса сауалды қайта жолдаңыз» деді. «Жас Алаш» баспасөз хатшысы айтқандай, сауалды қайта жолдады. Ғылым күнін тойлап болса, Ғылым қалашығын салуға қатысты сұрақтарға кеңінен жауап берер деп үміттенеміз.
Қан қысымы қайдан келеді?
Ал академиялық қалашық жобасы мен шенділердің уәдесіне қатысты пікірін сұрап хабарласқан ғалымдардың бәрі дерлік жауап беруден бас тартты. Бірі, алып отырған грантым бар, екіншісі, докторлығымды қорғауым керек деп жатты. Осыған дейін де «жоғарыдан» артық нәрсе айтпаңыздар деген нұсқама келді деп, «сыр шерткендер» болған. Тіпті еліміздегі университет декандарының бірі материалға берген пікірі үшін жұмыстан қуылғалы жатқанын айтып, аты-жөнін сайттан өшіруімізді өтінген. Жақында есімін ашық көрсетуден бас тартпаған ғалым, университет әкімшілігінің маманы кешқұрым хабарласып, сайттағы материалды алып тастауымызды сұрап, қан қысымынан жедел жәрдеммен ауруханаға келгенін айтты... Әрине, дәлелсіз сөз сөйлеуден аулақпыз. Дегенмен ғылыми қауымдастықтың, кімнен, неден мұншама шошитынын болжау аса қиын емес секілді.
Ал саясаттанушы Мөлдір Нұрбекқызы:
«Академиялық қалашық кейсі таңғаларлық жайт емес. Еліміздегі барлық дерлік жоспар әуелде бір мерзімге жасалады. Сосын әліміз келмейді екен, нарық өзгеріп кетті, жағдай ауысты деген секілді себептермен, анығында, сылтаулармен кейінге шегеріле береді. Мысалы, «Жайлы мектеп». 2025 жылға дейін ауылдарды 100 пайыз сумен қамтимыз дегенбіз? Алматыдағы БРТ, Астанадағы ЛРТ. Мұндай кейстің талайын ойланбай-ақ тізе беруге болады.
Ал менеджерлердің оған қатысты қызметтен кетуі, сөгіс алуы, жазалануы өте сирек жағдай. Тіпті жоқ шығар. Бірде бюджетті кінәлайды. Оны да жоспарлап, уақытылы беруге тиіс мамандар бар. Бірде тараптар біз ғана жауапты емеспіз, ана министрлік, мына әкімдік дей жөнеледі. Ведомствоаралық байланыстың нашар екені де осыған дейін айта-айта жауыр болған тақырып. Бұл жағдайда да кінәліні анықтау мүмкін емес.
Орындаудан бөлек, жоспарлауға келгенде де логикаға сүйенуіміз қажет. Оны президент те қадап айтқан. Басқасы да айтып жүр. Ал шын мәнінде бір аптада 10 келі салмақ тастаймын деген «тинейджер» секілдіміз», – дейді.
Баян Мұратбекқызы