Сұлтанғазиев – сараң, «ҚазАвтоЖол» – салақ, Кегеннің жолы – шоқалақ
Былтыр 25 шілдеде «Көкпек-Кеген-Түп» жолының 53-68 шақырым аралығының орташа жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылып кетуіне байланысты Кеген мен Райымбек ауданының тұрғындары Қайқы асуын бірнеше сағатқа жауып, өз қарсылықтарын білдірген.
Наразылар жолды жауып жатқан кезең 2021 жылы жөндеу жұмыстары басталған 15 шақырым жолдың 5,1 шақырымы ғана аяқталып, қалған 9,9 шақырымның беткі қабат асфальты қырылып алынып тасталған күйі тоқтап қалған уақыт еді. Бір жылдан аса уақыт ойқыш-ұйқыш жолдың азабын тартқан қараша халықтың шыдамының да жеткен жері сол еді.
Содан, артынып-тартынып жеткен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы басшысының сол кездегі орынбасары Өмірзақ Еренбаев 53-68 шақырым жолды жасауға бөлінген 682 млн теңгенің 70 пайызы 5,1 шақырам жолды орташа жөндеу үшін жұмсалып кеткенін айтқан. Біз мемлекеттік сатып алу порталынан аударылған қаражат туралы ешқандай мәлімет таппадық. Одан кейін 4 тамызда Кеген ауданына қызметтік сапармен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев келгенде «ҚазАвтоЖолдың» Алматы облыстық филиалының есепшотында 313 млн теңге тұрғанын айтып, жолды жөндеу жақында басталады деп кетті. Жолды толық жөндеу жұмысы тек 7-қыркүйекте басталды. Халық А-6 трассасының 53-68 шақырымының жөндеу жұмыстарының басталғанына шүкіршілік айтып, тынышталғандай болған. Бірақ....
Барлық тосын сый көктемде болды. Орташа жөндеуден өткен 15 шақырым жолдың бірнеше участігіндегі асфальт ыдырап кетті. 6 айға жетпей қайта жөндеуді талап ететін жолды жасаған мердігер «1-Жөндеу-Құрылыс Басқармасы» ЖШС. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз болған. Оның жеңімпаз болуы да «жалғыз шапқан ат жүйрік» деген сөзді еске түсіреді. «ҚазАвтоЖол» компаниясының Алматы облыстық филиалының басшысы Нұрхат Ақылтаев: «Екі мәрте конкурстық алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу порталындағы сатып алуға ешкім қатыспағаннан кейін «1-Жөндеу-Құрылыс Басқармасы» ЖШС-не бір көзден алу тәсілімен бердік», – деп, шағынғандай болған.
Дегенмен басқа компания қатыспаса қатысқан компания жолды сапасыз жасай берсе болады дегенді білдірмесе керек. Мемлекеттік сатып алу порталындағы осыған дейін жарияланған сатып алуларды зерттегенімізде өте қызық мәліметтерге тап болдық. Қараңыз:
- 2021 және 2022 жылғы тендерлік құжаттамада орташа жөндеуден өтетін А-6 трассасының 53-68 шақырымына төселуі тиіс асфальт түрі ыстық деп көрсетілген. Бірақ «1-Жөндеу-Құрылыс Басқармасы» ЖШС мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияның Алматы облыстық филиалының арасындағы аяқталған жұмыстар актісінде Б типтегі салқын асфальт көрсетілген;

- 2022 жылғы 19 қыркүйектегі аяқталған жұмыстар актісіне тіркелімде көрсетілгендей сол уақытқа 70% сумма (200 005 973,87 теңге) аударылған;
- Жоғарыдағы құжаттар мен 2022 жылғы аяқталған және қалған жұмыс көлемінің жиынтық ведомсіндегі демалыс алаңы орнатылатыны айтылған. Ол пунктте:
- Ернеулі бетон тастар – 11,43 ш/м;
- Жаяу жүргіншілерге арналған металл қоршаулар – 112 м;
- Металл дәнекерленген таяныш арқасы бар орындықтар – 6 дана;
- Металл урна (0,30 м*0,44 м*0,2 м) – 5 дана;
- Қос аспалы әткеншек – 3 дана;
- Бетон плиталар – 300 ш/м;
- Қоқыс контейнері – 2 дана;
- «Беседка Ветерок» – 3 дана деп көрсетілген.
Кеген ауданына қызметтік сапармен келген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияның Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Жасұлан Келімбетов осы жайында қойылған сауалға жауап бере алмады. Ал филиал басшысы Нұрхат Дотанұлы болса «жақын жерде асфальт зауыты болмағандықтан, Б типтегі ыстық асфальтты жеткізу қиындық туғызды, сол себепті ішкі хаттамамен ыстық асфальтты салқын асфальт түріне алмастырдық. Ал демалыс алаңы бойынша мәселе былай: 2021 жылы жасалған жобаға сәйкес орташа жөндеуден өткен жолдың жиектерін бекіту жобалау жұмыстарына кірмей қалған. Сол себепті демалыс алаңын жабдықтауға арналған қаражатты жол жиектерін бекітуге жұмсадық», – дейді.
Енді, ыстық асфальт пен салқын асфальттың айырмашылығына келейік. Талапқа сәйкес «Ыстық асфальт – асфальтбетон қоспасының түрі, төселген кезде 110-130°С температураға дейін қызады, өйткені оның құрамында тұтқыр битум бар. Оның жоғары беріктік сипаттамалары, ұзақ қызмет ету мерзімі және ылғалға төзімділігі жоғары».
Ыстық пен суық асфальттың төзімділік мерзімінде де айырмашылық бар. Былтыр төселген асфальттың негізінен ыдырап кетуі де содан. Шағын кестеге назар аударыңыз:
|
Асфальт‑бетон түрі |
Күші |
Тозуға төзімділігі |
Қызмет ету мерзімі |
Ылғалға төзімділігі |
|
Ыстық |
Жоғары |
жоғары |
Салыстырмалы түрде жоғары |
Салыстырмалы түрде жоғары |
|
Суық |
орташа |
Орташа |
Орташа |
Орташа |
2021 және 2022 жылғы тендерлік құжатта да, Нұрхат Ақылтаев мырза өзі қол қойған 2022 жылы аяқталған және қалған жұмыс көлемінің жиынтық ведомсінде де жол жиектері көрсетілген. Сонда барлық құжаттарда көрсетілген жол жиектерін білдей бір ұлттық компания филиалының басшылары көрмей қалды ма?! Авторлық және жобалық қадағалау бұл мәселеден хабардар ма?!
Осы уақытқа дейін сол демалыс алаңында орнатылған жарық шамдары да іске қосылған жоқ. Өкілден осыны сұрағанымызда «бұл шамдарды бұрынғы мердігер орнатқан. Бірақ вандализмнің кесірінен трансформатор істен шыққан», деп, жауапкершілікті біреуге итере салды. «Жақсы, жарық шамдарының мәселесін вандалдарға жаба салдыңдар, бірақ осы жарық шамдардың жанып тұрғанын осы жолмен күнде жүретін біз көрмедік қой», – деген Кеген ауылының тұрғындары Ерғали Талипов пен Сырым Шыңғысұлының уәжіне де нақты жауап бере алған жоқ.

Нұрхат Ақылтаевтың сөзіндегі тағы бір назар аударатын жайт – мердігер «1-Жөндеу-Құрылыс Басқармасы» ЖШС 9,9 шақырым жолды жасап біткен соң қаражаттың барлығы есепшотына аударылған. Енді, ақшасын алып алған соң, жолға берілетін кепілдік мерзімі шарт бойынша 24 ай болса да, Сұлтанғазиев бөлген соманы аз деп, қызмет көрсетуден бас тартып жатқан көрінеді. Демек, онсыз да жылға жетпей жамау-жамау болған жол келер жылдан бастап мемлекетке қайтадан жүк бола ма? Мердігер сол жол құрылысын бастамас бұрын жол жағдайымен таныс болмаған ба? Сұрақ көп. Қалай болғанда да, «сауда сақал сипағанша» деген базардың сөзі бұл жерге жүрмейді. Әлде, «ҚазАвтоЖол» расында базарға айналып кеткен бе?
Осындай сұрақтардан жалығып кетті ме екен, әлде, сөз таппай, амалы құрыды ма, Нұрхат Ақылтаев белсенділерге «сіздердің негізгі мақсаттарыңыз қандай? Бізді соттату ма, әлде жақсы жол ма?» деп салды. Жақсы жол керек, әрине, бірақ сонша жыр болған жолдың қазіргі мүшкіл хәліне біреу жауап беру керек шығар. Жол мәселесіне келгенде облыс әкімдігі тек өтініш айтатын сияқты. Ал «ҚазАвтоЖол» сапасыз жол салғанына қарамай, ультиматум қояды. Ал мұндайға жол беру аймақ, аудан әкімдігінің қауқарсыздығын көрсетеді.
Жол азабын көріп жүрген жұрт жол жағдайына жергілікті әкімдерді кінәлайды. Әкімдік мәселенің бәрі сөз өтпейтін «ҚазАвтоЖолда» дейді. 682 млн теңгеге орташа жөндеу жасалған 15 шақырымның түрі анау. 2017 жылы күрделі жөндеуге 3 млрд 200 млн теңге бөлінген 41-53 және 88-99 шақырымның жұмысы әлі толық аяқталмады. Енді тағы «Көкпек-Кеген-Түп» тас жолының 53-78 шақырымына күрделі жөндеуге қаражат сұрап жатырмыз деп жүр. Күрделі жөндеу, әрине, қажет, бірақ ол да 2017 жылы басталған күрделі жөндеудің кебін киіп жүрмесе болды.
Мақпал Шадан