Сұлтанғазиевтің қағаз қаласы – 2. Алатау қаласының мұғалімдері Жетіген ауылында тұрады
Биыл қаңтарда Алматы мен Қонаев қаласы арасында су жаңа Алатау қаласы (!) пайда болды. Әрине, қазақ билігі жоқтан бар жасап, жапан далаға жәннат бақ тұрғызған жоқ. Бұрыннан бар Жетіген ауылына маңайындағы 12 елді мекенді қосып, Алатау қаласы деп атай салды.
Жоспар бойынша болашақта бұл қалаға 2 миллионға жуық адам қоныстанып, Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ірі экономикалық орталыққа айналады. Ел үкіметі осындай жоспар құрып, оны жүзеге асыруды Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке сеніп тапсырған. Шенділер Alatau арнайы экономикалық аймағының келешегі мен кереметі жайлы айтудан жалықпайды. Бірақ соның бәрі сөз жүзінде, Жетігеннің қала статусы қағаз жүзінде ғана қалып отыр.
Егер ауыл дамып, өсіп, қалаға айналса, оның жөні бөлек. Мысалы, 10 мың тұрғыны бар шағын ауылда табысты өндіріс ашылып, жұмыс орны көбейіп, жол түсіп, соған сай халық саны 50-100 мыңға жетсе, ауыл заңды түрде қала атанады. Ал біздегідей, күнделікті күйбең тіршілігімен жүріп жатқан ауылға қала деген жазуы бар қалпақ кигізе салып, сендер қала болдыңдар, қалалықша өмір сүріңдер деу ақылға қонбайды.
Бірақ біздің билік дәл солай істеп отыр. Жақында Алатау қаласындағы (Жетіген ауылы) 17 мектептің мұғалімдері жиналып, президентке үндеу жолдады. Әдетте бастықтың айтқанын бұлжытпайтын, сайлау сайын саясаттың сойылын соғатын педагогтардың тулауына билік мәжбүрлеп кигізіп кеткен қалалық қалпақ себеп болыпты.
Қазақстанда заңнама бойынша ауылды жерде жұмыс істейтін бюджеттік сала қызметкерлеріне белгілі мөлшерде үстемақы төленеді. Жетіген қала статусын алғандықтан, өңірдегі мұғалімдерге еңбекақы төлеу жүйесіне өзгеріс еніпті. Яғни ендігі «қалалық» атанған алатаулық ұстаздар 25% үстемақыдан қағылған. Осыған наразы болған мұғалімдер жоғарыға видеоүндеу жариялады.
«Ауылдық статусымыздан айырып, жалақымыздың 25%-ын қысқартып тастады. Құрметті президент, депутаттар және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, жаңадан құрылған Алатау қаласындағы 17 мектептің мұғалімдері сіздерге үндеу жолдайды. Біз қыркүйек айының жалақысын алған кезде 25% үстемақымыздан айырылып отырмыз. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймыз.
Себебі біздің қала болып кеткен ештеңеміз жоқ. Біз бұған дейін қандай ауылда тұрдық, әлі сол ауылда тұрып жатырмыз. Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Тіпті осыдан 10 жыл бұрынғы Жетіген қалай болса, әлі солай тұр. Ешбір өзгеріс жоқ. Демек 5 жылға дейін ауылдық статусымызды қалдырсаңыздар екен», – дейді бейнежазбадағы мұғалімдер.
Биліктің берері жоқ, алары көп
Осылайша, қала атандық, енді өндіріс орындары ашылады, жұмыс көбейеді, ауылымыз көркейеді, мегаполисте тұрамыз деген тәтті үміттің жетегінде жүрген жетігендіктер әлі көшесінің шаңы шыққан көне ауылда отырса да, бұрынғы игіліктерінен қағылып жатыр.
Мұғалімдердің айлығын қысқарту – даудың басы ғана болуы мүмкін. Ертең дәрігерлердің жалақысы азайып, арғы күні оқушылар білім грантына таласқанда жеңілдік беретін ауылдық квота күшін жоюы мүмкін. Ауылдық квота болмаса, 11 жыл бойы ауылда (Жетігенді қосқанда 13 елдімекен) оқыған балалар Алматы, Астана сияқты мегаполисте білім алған түлектермен бірдей конкурсқа қатысып, бір грантқа таласады. Бұл олардың университетке түсуіне қиындық туғызуы мүмкін.
Жалақыны қала статусына сай төлеу үшін алдымен қаладағыдай жағдай жасау қажет еді. Мысалы, инфрақұрылымды жетілдіріп, жұмыс орнын көбейту керек, тұрғындардың тұрмыс деңгейі мен табысын арттырып, жалақыны көтеру қажет, мәдениет, ойын-сауық орындарын ашу керек, көпшіліктің жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қатынас-тасымалды реттеу қажет. Жайлы мектеп, жаңа емхана, жеткілікті балабақша керек екені екібастан белгілі.
Міне, осының бәрін істеп болған соң ғана халықты ауыл статусына сай игіліктеніп отырған жеңілдіктерінен айыруға болады. Ал оның бірде-бірін орындамай жатып ұстаздардың қалтасына қол салу орынсыз әрекет. Қазақстан ауылдарында жұмыс көзі – мектеп пен балабақша ғана екені белгілі. Ендеше, мұғалімдердің жалақысын қысқарту – тұтас ауылдың табысын төмендеткенмен бірдей.
Аты – қала, заты – ауыл
Аты ауысқан Жетіген ауылын қала деуге келмейді деп бекер айтып отырған жоқпыз. Біз арнайы Алатау қаласына бардық. Тұрғындармен, саудагерлермен сөйлестік. «Қала болғандарыңызға 10 ай өтті, не өзгерді?» деп сұрадық. Бәрі келісіп алғандай, «ештеңе өзгерген жоқ» деп жауап береді. Тіпті қалалық екенімізді әлі сезінген жоқпыз дейді. Тек такси шақырғанда, пошта мекенжайын көрсеткенде «Алатау қаласы, Пәленше көшесі» деп жазамыз, бар жаңалық осы дейді.
Біз де қала болып, құлпырып келе жатқан Алатауды байқаған жоқпыз. Ескі жол, еңсесі пәс үйлер, ең үлкен көшенің өзінде көп адам кездеспейді. Тіпті қалалық әкімдіктің өзі өткен ғасырда салынған көне, кішкентай ғимаратта отыр. Осының бәрі қалаға емес, нағыз алыс ауылға тән көрініс екені анық. Жыл басында Сұлтанғазиев сызған эскиздегі ерекше қаланың елесіне елітіп жүрген біз мына сүреңсіз көріністі көріп, жабырқап қалғанымыз рас. Сол эскиздегі зәулім ғимараттар, таңғажайып құрылыстар мен көл жағасындағы көкорай мына ауылда салынады дегенге сеніңкіремей қайттық.
Әрине, Сұлтанғазиевтен бір жылда жаңа қала салуды сұрап отырған жоқпыз. Alatau АЭА жобасының өзі 2048 жылға дейін жүзеге асады деп жоспарланған. Бірақ 10 ай бойы саусағының ұшын қимылдатпаған шенділер алдағы 10 жылда, одан кейінгі 20 жылда да қол қусырып қарап отыра беруі әбден мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, Alatau АЭА жобасы сәтсіздікке ұшырап, бұған дейінгі Alatau IT City ақпараттық-технологиялар паркінің кебін құшпасына кім кепіл?!
2006 жылы ел билігі Орта Азиядағы жаңа интеллектуалды орталық болады деп Alatau IT City жобасына мемлекеттік бюджеттен 25 миллион доллар бөлген. Міне, 20 жылға жуық уақыт өтті, IT City де жоқ, ақша да жоқ, бәрі су аяғы құрдымға кетті. Біздің елде жарнамасы жақсы болғанымен, жүзеге аспай қалған жобалар аз емес. Билік «Ақтау-сити», «Шымкент-сити» сияқты спутник қалалар салуға тырысқан. Бірақ қолдарынан келген жоқ. Бұл материалды «Алатау-ситидің» тағдыры қалай болады деген қауіппен жазып отырмыз.
Сыйақыға сеніп, сөзінен тайған мұғалімдер
Енді сөз басындағы дауға қайта оралайық. Біз ұстаздардың үндеуін жөн санап, бейнежазбада бой көрсеткен бірнеше мұғалімге хабарласып, мән-жайды сұраған едік. Бірақ олар журналист екенімізді ести салып, ат-тонын ала қашып, жауап беруден бас тартты.
Бір мұғалім ғана аты-жөнін атамауды ескерте отырып, қысқарған 25% үстемақыны сыйақы ретінде алатын болғандарын айтты. Видеоүндеу жариялап, аттандап жүрген ұстаздардың аяқасты үндемес бола қалғанының себебі осы екен. Яғни сұраған ақшасын алатын болыпты, одан артық бізге не керек деп отыр.
Мұғалімнің айтуынша, қысқарған 25% сыйақы ретінде келер жылы мамыр айына дейін төленеді. Одан кейін не болатынын өздері де білмейді. Басқаша айтқанда, жауапты шенділер бірнеше ай сыйақы төлеп, ұстаздарды тыныштандыра тұрып, шу басылған соң төлемді қайта тоқтатуы әбден мүмкін. Бәлкім, тағы да соза тұрар. Қалай болғанда да бұл мәселені уақытша шешудің бір түрі.
Жалақы жыры қалай шешілетінін жауапты мекемелерден де сұрадық. Оқу-ағарту министрлігі даудан хабардар екенін, бірақ жалақы мәселесі жергілікті атқарушы органға қарасты екенін айтып, әкімдіктің жауабын жіберді. Онда Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері ұстаздар қауымымен кездесіп, өзара түсініскені айтылыпты.
Ал Алатау қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Ерубаева қысқарған 25% сыйақы ретінде беріліп жатқанын растады.
«4 қазан күні 25 пайыздық үстемақы мұғалімдердің бәріне сыйақы ретінде берілді. Бұл тәртіп жыл аяғына дейін сақталады. Ал одан әрі қалай болатыны алдағы уақытта белгілі болады. Бұл мәселе бойынша министрлікке хат жаздық, 2025 жылдың басына дейін шешімін табатын шығар. Үстемақының қысқаруы қалыптасқан заңнама бойынша болып отыр, оны біз өз бетімізше шеше алмаймыз. Мұны мұғалімдер де түсініп отыр.
Алатау қаласының 2050 жылға дейінгі кезең-кезеңімен даму жоспарына сай тамыз айында министрлікке хат жібергенбіз. Ұстаздар айтып жүрген ауыл статусын 5 жылға дейін сақтап қалу жөніндегі өтініш сол хатта жазылған. Мұғалімдер сол хатқа сүйеніп, айтып жүрген болуы мүмкін.
Сондай-ақ ауылдық квотаға байланысты да министрлікке өтініш жібердік. Оған да жауап күтіп отырмыз. Мұнда да 5 жылға дейін ауыл квотасын сақтап қалуды сұрап отырмыз. Мектеп ұжымдарымен кездесіп, сөйлестік, мәселе шешілді», – дейді бөлім басшысы.
Өткен аптада Алатау қаласын дамыту жөніндегі жобалау кеңсесі құрылды. Оны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарады. Бұл кеңсе Alatau АЭА-ны дамыту жұмыстарына жауапты болады. Яғни Алатау қаласын Алматы облысының бұрынғы әкімі Бозымбаев пен қазіргі әкімі Сұлтанғазиев бірге салады. Әкімқаралар жыл сайын ауысатын Қазақстанда бұл екеуі 2048 жылға дейін қазіргі қызметінде отырмас, бірақ жұмысты алғаш бастайтын осы екеуі.
Жыл басында «Суретші» Сұлтанғазиевтің қағаз қаласы» (№3, 16-қаңтар) деген мақаламызға мамандар Алатаудың жоспардағыдай дамып, Азиядағы ірі экономикалық орталыққа айналатынына сенбейді. Өйткені үкіметтің жоспары мен межесі шындыққа жанаспайды. Мысалы, Ұлыбритания сияқты дамыған елдер қала агломерациясын 100-150 мың адамға арналған шағын спутник қалалар арқылы дамытады. Ал біз Алматы мен Қонаевтың қасына олардан да үлкен алып шаһар тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Мұндай үлкен жоба экономикасы әлсіз дамушы елдерде жүзеге асуы қиын, егер ол елде авторитарлық билік салтанат құрып тұрса, жоспардың жүзеге асуы екі есе қиын. Алатау қаласы биліктің орындалмайтын көп уәдесінің бірі бола ма, әлде Бозымбаев пен Сұлтанғазиев шынымен ғажайып қала салып тастай ма? Алдымен, мұғалімдердің үстемақысын бір жақты қылып алса, қалғаны онша қиын шаруа емес, күте тұруға болады...
Қуаныш Қаппас