Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:26, 18 Қаңтар 2024

Сұлтанғазиевтің жедел жоспары: Халықтың үйін бұзып, тарихта қалу

Сұлтанғазиев
Фото: из открытых источников

Алматы облысын басқарып отырған Марат Сұлтанғазиев «құрылысшы әкім» атануға шындап бел буған сияқты. Айдалада Алатау қаласын салып жатқаны өз алдына, енді өңірдегі саяжайларды «қопаруға» кірісті. Кеңес кезінен қалып, қазіргі биліктің бас ауруына айналған саяжай проблемасын біржола шешіп тастаса, Сұлтанғазиевке алғыс айтар едік. Бірақ көп жылдық күрделі мәселені бұл кісі дау-дамайсыз шеше алмайды.

Алматы облысындағы саяжайлар ауылға қосылады деген ақпарат 2023 жылы шыққан. Жыл аяғында әкімдік жұмыстың бас жоспарын таныстырды. Онда кейбір үй, тіпті тұтас көше бұзылатыны жазылған. Содан бері жұрт пікірі екіге жарылды. Бір тобы ауыл боламыз деп алақайлап жүрсе, қалғаны баспанамыз бұзылып, далада қаламыз ба деп алаңдап отыр. Әсіресе үйі «қызыл сызық» шегіне кірген тұрғындардан тыныштық кетті. Олар әкімдіктің «бұзылатын үйді базар бағасында сатып аламыз» деген уәдесіне де сенбейді.

Саяжай сағалаған жұрт

Саяжай – Кеңес өкіметі кезінде қала тұрғындарының жазда барып демалатын, бау-бақша өсіретін маусымдық мекенжайы еді. Кейін елдегі баспана тапшылығы мен қымбатшылыққа байланысты саяжайда тұрақты тұратындар көбейді. Елде жалпы қанша саяжай бар екені, онда қанша халық тұратыны жайлы нақты ақпарат жоқ. Өйткені олар жеке кооператив, заңды тұлға болғандықтан жергілікті әкімдік жауап бермейді. Мұндай дерек серіктестік төрағаларында да жоқ.

Ал ашық дереккөзден алынған ақпаратқа сүйенсек, Астана маңында – 11,9 мың, Алматыда – 26 мың, Шымкентте – 17,3 мың бау-бақша учаскесі бар. Сондай-ақ Өскемен маңындағы 184 саяжайда – 13,5 мың адам, Семейдегі 11 саяжайда – 19,6 мың, Ақтөбеде – 33 мың, Батыс Қазақстан облысында – 17 мың адам тұрақты тұрып жатыр деген ақпарат бар. Ең нақты ақпаратты Алматы облысы ұсынып отыр. Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде қазір 674 саяжай бар, оны 188 мың адам қысы-жасы мекен етіп жатыр.

Егер жағдайы жақсы болса, саяжай болса да халық қомсынбас еді. Бірақ оларға «бау-бақша серіктестігі» деп әкімдік қарамайды, арыз айта барса, «сендерді танымаймыз» деп шығарып салады. Инфрақұрылым өте нашар, жол жоқ, жарық жиі өшеді. Оның үстіне, осының бәрін жөндету үшін тұрғындар өз қалтасынан ақша жинайды. Заңды тұлға болғандықтан мұнда су мен жарықтың тарифі де қымбат. Тіпті кей үйде құжат жоқ. Басқаша айтқанда, саяжай тұрғындары үкіметке керегі жоқ ел ішіндегі автономия сияқты. Проблемасын өздері ақша жинап шешеді, коммуналдық төлемдерді жеке қолға төлейді.

Саяжай
Фото: Massaget.kz

Саяжайлар ауылға қосыла ма?

Осының бәрін ескерсек, саяжайларды ауылға қосу орынды шешім екенін аңғарамыз. Алматы облысы көлемінде бұл жұмысты бұрынғы әкім Қанат Бозымбаев бастады. Саяжайда тұратын тұрғындардың тізімін жасатып, көпке үміт сыйлаған. Бірақ бастаған ісін аяғына шығара алған жоқ. Бозымбаев ел есінде саяжайды ауылға қосқанымен емес, Қаңтар кезіндегі «боғауыз» сөзімен қалды. Одан кейін тізгін ұстаған Сұлтанғазиев мәселені созбақтамай тез шешем деп белсеніп отыр. Облыстағы 674 саяжайдың 300-іне жыл аяғына дейін елді мекен статусын берсем деген жоспары бар екен. «Құрылысшы» әкімнің бұл жоспары қаншалық орындалатынын алда көреміз.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірдегі 674 саяжайдың 200-і – Қарасайда, 157-сі – Іледе, 152-сі – Талғарда, 135-і – Еңбекшіқазақта, 21-і – Жамбылда және 9-ы Қонаевта орналасқан. Оның 333-ін жақын маңдағы елді мекендерге қосу жөнінде бас жоспар дайын тұр екен. «Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен лицензиясы бар жеке компаниялар бас жоспар дайындады. Ол қоғамдық талқылаудан өтті, енді аудандық мәслихаттардың мақұлдауын күтіп тұр. Саяжай ауылға қосылса, әкімдік өзге елді мекендерге жасап жатқан қамқорлықтың бәрін жасайды. Халықтың 90 пайызы ауылға қосылатынына қуанып отыр», – дейді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков.

Тұрғындар ауыл мәртебесін алуға қарсы ма?

Сұлтанғазиевтің жедел жоспары жүзеге аспайтын сияқты. Өйткені бас жоспардан мін табылып отыр. Ауыл болу үшін мектеп, емхана, балабақша мен жол керек. Бас жоспар авторлары осы нысандарға орын табу үшін тұрғындардың үйін бұзуды ұсынған екен. Ал халық баспанасы бұзылмағанын қалайды. Әсіресе Талғар төңірегіндегі тұрғындар үй бұзуға тіс-тырнағымен қарсы болып отыр.

Қоғамдық талқылау
Фото: instagram/talgar_akimat

Талғар маңындағы саяжайларда жалпы 45 мың адам тұрады. Әкімдік Кеңдала ауылына – 33, Ақтас ауылына 35 саяжайды қосуды жоспарлап отыр. Бұл өңірдің бас жоспарын «Табрис» ЖШС жасапты. 20 желтоқсанда өткен алғашқы қоғамдық талқылауда Ақтас маңындағы саяжай тұрғындары бас жоспарға қарсы шықты. Нәтижесінде, авторлар жобаға өзгеріс енгізіп, мектеп пен емхананы үйлерді бұзбай, бос тұрған жерге салуға келісті. Ауыл арасына 4 метрлік жол салу идеясынан да бас тартты. Енді үйлер арасындағы тар жолдарды кеңейтпей, бір бағытты жол етіп қалдырамыз деп отыр. Талғар ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Әскербеков екінші рет өткен талқылауда «үй бұзбаймыз» деп жар салды. Көпшілік әкімдіктің ұстанымынан мұнша тез айнығанына таңғалып жүр, тіпті ел арасында «уәденің түбі шикі емес пе» деген күдік туындаған көрінеді.

Ал Кеңдала аумағындағы саяжай тұрғындары үйін бұзғызбау үшін арнайы заңгер жалдап, сотқа дайындалып жатыр. Заңгерлер оларға әкімдіктің халықпен ақылдаспай, өз бетінше бас жоспар дайындап, үйлерді бұзғалы отырғаны заңсыз екенін айтыпты. Енді көпшілік адвокаттармен бірге әкімшілік сотқа жүгініп, бас жоспарды қайта қаратпақ. Өйткені бас жоспар бойынша үйлер бұзылатынын халық қоғамдық талқылауға барғанда бір-ақ білген. Оған дейін әкімдік бұл туралы тіс жармапты, тіпті төрағалардың өзі ештеңеден хабарсыз қалған. Әкімдік қоғамдық талқылау хаттамасына «жиналғандардың басым көбі бас жоспарды қолдады» деп жазған. Халық бұл уәжбен де келіспейді. Тұрғындар талқылауға қатысу үшін мектепке жиналған, мектепке кірерде келгендердің бәрінің атын жазып, «келдім» деп қол қойғызып алыпты. Көпшіліктің айтуынша, шенділер кейін осы тізімді бас жоспарды қолдаушылар тізімі ретінде көрсеткен.

«Ауыл мәртебесі беріледі деген әңгіме былтыр шыққан. Халық 20-30 жыл күткен арманымыз орындалады деп қуанып жүрді. Бұрын әкімдікке шаруамызды айтсақ «саяжайға жауапты емеспіз, өздерің істеңдер» деп қайтаратын. Сосын бәрін өз қолымызға алып, жағдайымызды дұрыстадық. 2011 жылдан бері жұмыс істеп, Кеңес кезінен қалған жарықты жаңарттық, жаңа бағаналар қойдық, 2013 жылы 17 миллион теңге жинап, су кіргіздік. Өз күшімізбен газ тарттық. Көшені жарықтандырдық. Осының бәрі дайын болғанда әкімдік қарамағына алғысы келіп отыр. Жарайды, қосамыз десе, қоссын. Бірақ өзіміз істеген осынша істің бәрін жоққа шығарғалы отыр. Жол кеңейтеміз деп өзіміз салған жолды, тіпті үйлерді бұзбақшы. Бізге мұндай ауыл мәртебесі қажет емес. Егер мүддеміз аяққа тапталатын болса, ауыл статусын алып қайтеміз?! Бізге керегі, әкімдік өз қолына алып, су, жарық және газбен қамтып отырса болғаны. Кәдімгі ауылдар сияқты өмір сүргіміз келеді. Мұнда ешкім жетіскенінен отырған жоқ. Бір үйін бұзып тастаса, көшіп баратын екінші үйі жоқ. Біздің көшеде көпбалалы отбасылар аз емес. Олардың үйін бұзып, жерін тарылтып тастаса, қалай болады? Ауласындағы аз жеріне көкөніс егіп, күн көріп отырғандар бар. Оларды жерден айыруға болмайды. Бас жоспарды бізбен ақылдаспады, алдын ала хабарлаған жоқ. Бұзған үйге төлемақы береміз дейді, бірақ әкімдік толық төлем береді дегенге сену қиын. Халық сол үшін қарсы болып отыр. Ауыл мәртебесін алуға қарсы емеспіз, бірақ бас жоспарды қайта қарасын, түзету енгізсін», – дейді Кеңдала аумағындағы саяжай тұрғыны Жанасыл.

Ал әкімдік өкілі бұзылған үйді бағасын кемітпей сатып аламыз деп сендіргісі келеді. «Талғарда үй бұзуға қарсы болып отырғандар бар. Сол үшін мектепті ауыл сыртына салатын болдық. Жолды да кеңейтпеуге болады. Ал үй бұзуға тура келсе, тіпті тұруға жарамсыз баспана болса да үкімет нарықтағы бағаға сай сатып алады. Ешкімді далада қалдырмаймыз. Үйін сатуға асығып жүрген тұрғындар да бар. Бірақ кей адам өзінің жеке бас пайдасы үшін ауыл мәртебесін алуға қарсы болып, дау шығарып жүр», – дейді Болат Мұсылманбеков.

Халық пен биліктің көзқарасы кереғар келіп тұр. Әкімдік мәселеге атүсті қарап отырған сияқты. Амалдап бас жоспарды мақұлдатып алсақ, қалғанын жүре көреміз деген жеңіл ой аңғарылады. Өйткені біздің елде шенділер көз алдындағыны ғана ойлайды. Сұлтанғазиев бастаған бүгінгі басшылардың бар ойы тез арада жобаны бекітіп, жоғарыға есеп беру. Олар кейін «Саяжай мәселесі не болады, бас жоспар бойынша үйі бұзылған тұрғындар далада қалмай ма?» деген сұрақ келесі әкімге қойылатынына сенімді. Мұндай сұрақ туындаса, жаңа әкім Сұлтанғазиевке сілтейді. Ол уақытта әкімдіктен жырақтап кеткен Сұлтанғазиев бұл мәселеге бас қатырмайтыны белгілі. Екі ортада халық зиян шегеді. Ұзақ жылдан бері өз ішінде қайнап жатқан саяжай проблемасы оңай шешілмейді. Бұған «Шаңырақ» оқиғасы кезінде көзіміз жеткен.

Қуаныш Қаппас