Сұлу мен суретші жайындағы аңыз
Өнер атаулыға уызынан жарыған жанның өмір жолы осылай өрілуі тиіс, сірә. Анасының бойына біткен бар талант өзіне ғана дарымай, кейінгі ұрпаққа құнды генетикалық код ретінде берілді.
Осылайша, «Сен шопан боласың, ертең өріске шық» деген әке сөзінен суретшілік арманда қалады деген шарасыздықтың көз жасы алдындағы кесеге тамған бозбала енді 13 суретшіден тұратын әулеттің еңселі бәйтерегіне айналды.
1948 жылы 19 қарашада Жетісуда жарық дүние есігін ашқан Амандос Ақанаевтың кенеп пен қылқаламды айнымас серік ету жолы ескі ақ-қара киноэпизод іспетті наив һәм пәк бала көңілмен басталғанымен, ол алғашқы шығармаларынан-ақ түркілерге тән адуынды рухымен тәнті етті. Ол түстер әлемінен Құдайды іздеді. Көк Тәңіріне мінәжат етті.
1985 жылы жазылған «Ажалсыздық хақындағы поэма» да сол талпыныстардың жемісі еді. Құдды ұлт тарихының бейнелі жылнамасындай болған бұл триптихтен қазақтың мұңды тағдырын көресіз. Терең, шексіз, тұңғиық. Бұл кенептен жанайқай жаңғырығы естіледі. Оны ежелгі тайпалар заманы мен көне қабірлерден есіп өткен дауыл айдап келгендей. Ол алғашқы іңгәдан жеткен.
Осынау аумалы-төкпелі кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ақын Олжас Сүлейменовтің қақ ортадағы монументалды портретінен мәңгі өлмеске тірілген қазақтың жинақы образын көреміз. Бейне суретшінің айқын өзіндік стилінде салынғанымен, оның шығармашылығына тигізген еуропалық шеберлер ықпалын аңғармау мүмкін емес. Кескіндеме композициясы, тік форматты шешім мен кейіпкердің тұтас дене-бітімінің берілуі XVII-XVIII ғасырлардағы мэтрлердің патша сарайында жазған портреттік туындыларына тән.
Кенепке драмалық нота беріп тұрған жарық пен көлеңке контрасты да хас интеллектуал суретшінің базалық академиялық білімінен хабар береді. Сахнада тұрған ақын образына түсетін софит шамы фондағы оның санасын жаулаған қараңғы, сұрықсыз қайғылы халық тағдыры туралы ойлардан визуал оқшаулайды. Олардың артта қалғанының көрінісіндей. Картинаның өзге бөлімінде бейнеленген қауымның бойын алған үмітсіздік бүкіл болмысын жаулап алған. Ұрланған жастық шақ пен бақытсыз балалық баяндалады. Ақын Тәңірден «бұл адамдар неліктен азап шегеді, олардың маңдайына шынымен де осындай ғұмыр жазылған ба?» деп сұрайтындай. Кейіпкерлердің бет-әлпетіндегі ашық жарық пен қара көлеңке Рембрандт мәнерін еске салғанымен, шебер қаһарман қимылының мәнерлілігі арқылы жеткізер ойын айқындай түседі. Ақынның бар болмысын мінбердегі тұрысы, өткір көзқарасы мен жігерлі қимылы арқылы шебер жеткізеді.
Бір қарағанға әр қазақтың бойындағы тарихи жадтың суреттемесі іспетті триптихтің сол жақ бөлігі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған. Онда қара қағаз алған егде ана, оққа ұшқан сарбаз, керосин шамының жарығы мен майданнан келген хаттар бейнеленген. Мұның бәрі суретшінің сұрапыл соғыс жылдарындағы естеліктерінің, аналар зары мен батырлар ерлігінің көрінісі.
Туындының оң жағында суретші «поэма» жарық көрген кездегі заман көрінісін баяндайды. Қалықтаған ғарышкер, баласын ойнатқан бақытты ана бейнесі өркениет әкелген апаттар кесірінен адам өмірінің трагедиялық сипатқа ауысатынын болжайды.
Қазір Қастеев мұражайының тұрақты экспозициясында сақталған бұл шедевр өз уақытында өнер әлеміндегі елеулі оқиға болып қана қоймай, суретшінің азаматтық батылдығы ретінде бағаланды. Өйткені ақын «Аз и Я» кітабы үшін қудалауға ұшырап, үкіметтің қара тізіміне енген-ді. Суретшінің жұбайы Нэлли Бубэ осы басылымның редакторы болған. Осындай аласапыран уақытта Ақанаевтың еш сескенусіз алпауыт туындыны паш етуі ерлікпен пара-пар екені хақ.
Амандос пен Нэлли Алматы көркемсурет училищесінде танысып, достықтары кейін махаббатқа ұласып, шаңырақ көтереді. Содан шығармашыл тандемнің тұңғыш ұлы Руслан дүниеге келеді. Кейін Ботагөз бен Ескендір туылып, үлкен отбасыға айналады. Кенже ұлы 34 жасында өмірден өтеді, ұрпақ қалдырып үлгермесе де, талантты туындылар жазып кетеді.
Ақанаев балалары картиналардың арасында өсті. Пәтердегі ең үлкен бөлме шеберханаға арналатын. Олардың жиһаздары мен перделері болмаса да, өздерін кітап пен сурет материалдарын алудан шектемейтін. Балалығы ертегідей түрлі түстер ғажайыбына қанық балалардың өнерден алшақ кетпесі анық еді.
Дарынды суретші Руслан Ақанаев кескіндеме, графика және мүсін өнері бағытында жұмыстанып, металдан симфония жасаушы виртуоз ретінде танылды. Ботагөз Ақанаева тақырыптық композициялар, портрет пен натюрморттың хас шебері. Негіз ретінде ағашты пайдаланып, рельеф, коллаж, нақыштама, металл, қоланы, композицияға бөтелкелер, карталар, терезе жақтауларын қосады. Суретші өз кейіпкерлеріне қиялынан туған образдар таңып, оларды қымбат тастармен, зергерлік бұйымдар, майда моншақ пен алтын зермен көмкереді.
Одан кейінгі буын, яғни Амандос пен Нэллидің балаларынан тараған немере-жиен Мұхит, Рада, Глеб, Аспарух, Александра жаңашылдыққа бейім. Әу бастан классикалық кескіндеме шеңберіне сыймаған дарын кейінгі ұрпақта еркіндікке ұмтыла түсіп, енді олар алып ғимараттарға муралдар салуға, мозаикалар мен фотосурет тоғысындағы визуалға көшті. Ботагөзден туған жиені Мұхиттің атасы – Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті аудармашы, ақын Қадір Мырза-Әли. Рада мен Глебтің атасы – атақты график В.И.Антощенко-Оленев. Иә, Ақанаевтардың қарапайым қатардағы адам болуға құқықтары жоқ еді.
28 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген қос талант шығармашылыққа тереңірек бойлай түсіп, жанына жақын бағыттарды айқындай түсу үшін отбасылыққа өмірден еркіндікке ұмтылады. Десе де, қос интеллектуал нағыз адами құндылықтарды дәріптеудің озық үлгісін көрсетіп, әлі күнге дейін риясыз таза қарым-қатынасын сақтап қалған.
Ажырасқаннан кейін тағдыр Амандос Ақанаевты Музасы Лаура Уразбековамен жолықтырады. Өнертанушыға құлай ғашық болғанда шебер 48 жаста еді. Екеуінің одағында махаббат пен қайраткерлік қатар жүрді. Қол ұстасып ел аралап, қазақтың мәдени мұраларын сақтау мәселелерін көтеріп, ұлт мүддесі үшін қызмет етті. Олардың бастамасымен AICA (ЮНЕСКО жанындағы көркемсурет сыншыларының халықаралық қауымдастығы) Ұлттық секциясының және ҚР Көркемсурет академиясы құрылды.
«Лаура хас сұлу һәм сауатты қазақ қызы еді» деп еске алады суретші марқұм жұбайын. Қайғылы жағдай орын алған күні ол ауруханада болатын. Қатерлі ісік диагнозы қойылып, 2011 жылы 31 тамызда ота жасалады. Сүйгені оған күнде келетін. Бір күні... ол кісі жарақат алып, сол күйі төсекке таңылып, өмірінің соңғы жылдарын азаппен өткізеді. Суретші шеберханасына камералар орнатып, кенеппен жұмыс істеген сәттерінде экран арқылы кереуетте еш қимылсыз жатқан жұбайына қараумен болады. Күн өткен сайын үміт оты өше берді.
«Лаураның мінезі тамаша болатын, ол менің балаларыммен, немерелеріммен тез тіл табысып, кейін достасып кетті. Ал балаларым, бақытымызға орай, өте ізденімпаз, білімқұмар... Лаура өнертанушы ретінде оларға көп білім берді. Ұрпағымның қанының жартысы неміс болса да, менталитеті қазақы. Неллидің өзі де қазақ десек болады. Өйткені ол біздің үйге 18 жасында келін боп түсті, анамның тәрбиесін көрді.
Нэлли шығармашылығымен танысқан қытай суретшілері қазақтар болмысын оның туындыларынан артық жеткізетін картина көрмегендерін айтты. Бірде норвегиялықтар одан Киелі кітап бойынша иллюстрациялар жасауды ұсынды. Неміс текті қазақ өнерпазының орындауындағы христиан әулиелерінің бәрі күтпеген жерден қазақы қасиеттерге ие болып шыға келді! Тіпті Мәсіхтің жүзі немерем Мұхиттан айнымайды.
Бүгінде балаларымның барлығы белгілі суретшілер, ал Нелли – еңбек сіңірген өнер қайраткері, академик. Біздің отбасымызда біртұтас рух бар. Ол мәңгілік.
Бір швейцариялық әйел менен: «Амандос, сенің отбасыңда барлығы суретші: әйелің де, балаларың да, немерелерің де. Қалай жан бағасыңдар?» – деп сұраған.
Мен әу бастан өмірге бұлай қарауды дұрыс санамаймын. Бақыт ақшада емес. Егер мен бояу қымбат деп балаларымның шығармашылығына қолдау көрсетпесем, олардан қазір қандай адам шығары беймәлім. Өмірде дұрыс жүріп жатқанымды, балаларым мен немерелерімді дұрыс тәрбиелеп жатқанымды әйелім төсекке таңылғанда көрсеткен қолдауларынан түсіндім. Бір күн де өзімді жалғыз қалғандай сезінбедім.
...Лаура Сәкенқызы екеуміз алғаш шаңырақ көтерген кезде омыртқам ауырып, бір жарым жыл мүгедектер арбасында отырдым. Мені Израильде емдеп шығарғанға дейін суретшіге қол болса жетеді дейтінмін. Одан үлкен трагедия жасаған жоқпын. Жалпы, менің жас кезімнен денсаулығым нашар болды. Бірінші операция 1968 жылы, одан кейін де қайта-қайта пышаққа түстім. Бұл мені қайрады. Мұндайдан кейін болмашы қиындықты елемейсің, шыдамды боласың.
20 жастағы спортшы кезімде қан тамырларымда проблемалар туындады, аяғыма шунт орнатты. Неліктен мен қазір камуфляж формасын киіп жүрмін? Өйткені біріншіден, бұл ыңғайлы, екіншіден, бұл менің бала күнгі арманыма құрмет. Мен армияда қызмет еткім келді, теңізші болғым келді.
Хемингуэй өмір адамды сындырады деген. Бірақ сынақтан күшейе түсетіндер бар. Күш-қуатты әлсіздіктерім мен ауруларымнан аламын».
Мүмкін «Ажалсыздық туралы поэма» кейіпкерінің прототипі сыналса да, сынбаған рухты шебердің өзі шығар.
Айымгүл Мақсұтқызы