Сұрапыл соғыс, сөнбеген үміт және қылқалам
Нағымбек Нұрмұхаммедовтің өмір жолы қым-қуыт қиындықтарға толы болды. Ата-анасынан ерте айырылған ол асыраушысыз қалып, тағдыр тәлкегіне ерте ұшырап, балалар үйінде тәрбиеленді.
Әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында небәрі 18 жастағы жасөспірім қас батырдай майданға аттанып, сұрапыл соғыстың қанды қасіретін бастан өткерді. Оны өмірдің ауыр сынақтары қайыспас рухты, жігерлі тұлға етіп шыңдады. Сол қайсар рухы мен өнерге шексіз құштарлығының арқасында балалар үйінен шыққан қарапайым жігіт кейіннен ұлт руханиятының мақтанышына айналды.
Нағымбек Жемал-Әд-Динұлы Нұрмұхаммедов 1924 жылы Семей облысының (қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы) Сайтанды атты әсем табиғатымен ерекшеленетін мекенде дүниеге келген. Бұл өңірдің әсемдігі оның балалық шағының ең жарқын әсерлерімен ұштасып, болашақ шығармашылығына өзіндік із қалдырса керек. Оның әкесі бірнеше тілде сөйлейтін, көне жазбаларды зерттеумен айналысқан, танымал мұғалім болған. Алайда болашақ суретші жеті жасына жетпей әкесінен айырылып, балғын балалық шағын әуелі Новосібірдегі, кейіннен Алматыдағы балалар үйінде өткізуіне мәжбүр болған.
Суретке ең алғаш әуестенуін Нағымбек балалық шағында өткерген сәттердің бірімен байланыстырады. Бірде ауыл шетінде ойнап жүрген ол қағазға сызба жасап жатқан геодезистерді жолықтырады. Сызбаларға қызыға қараған Нағымбекке геодезистер өздерінің акварель бояулары мен қарындаштарын сыйға тартыпты. Осылайша, қарапайым ғана бұл сыйлық болашақ суретшінің шығармашылық жолының басталуына түрткі болған екен.
1940 жылы Нағымбек Нұрмұхаммедов Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Алайда оның бейнелеу өнеріндегі білімін жалғастыруына орыс-герман соғысы кедергі болды. 1942 жылы ол Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Қара теңіз және Балтық флоттарында қызмет етті. Жігерлігінің және арман-мақсаттарына жетуге деген ұмтылысының арқасында сұрапыл соғыс жылдары ол батылдығы мен ерлігін дәлелдей алды. Соның нәтижесінде І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін», «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталды.
Cоғыстан кейін 1945 жылы ол Әскери-теңіз күштерінің Әуе қорғанысы жоғары училищесін тәмамдап шықты. Оның әскердегі тәжірибесі болашақ шығармашылығына терең із қалдырып, суретші ретінде әлемге деген көзқарасын қалыптастырды. Соғыс көріністері мен жеңістің рухы оның өнерінде бірегей бейнеге айналып, шығармаларына рухани мазмұн берді.
1946-1947 жылдары Нағымбек Нұрмұхаммедов Бүкілресейлік өнер академиясына қарасты көркемсурет мектебінде білім алды. «М.В. Фрунзенің Самарқандағы жасақшылар алдында сөз сөйлеуі» деп аталған дипломдық жұмысымен жоғары баға иеленіп, оқуын сәтті аяқтай алды.
1947 жылы Нұрмұхаммедов И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтына оқуға түсіп, батальды кескіндеме мамандығы бойынша профессор Р.Р.Френцтің жетекшілігінде оқыды. Институтты 1953 жылы аяқтап, 1961 жылы КСРО Өнер академиясының шығармашылық шеберханасында аспирантура бітірді. Бұл шеберхананы сол кездегі әйгілі кеңес суретшісі, КСРО халық суретшісі А.М.Герасимов басқарған еді. Нұрмұхаммедовтің кәсіби білімі мен батальды кескіндеме өнері бойынша алған білімі оның болашақтағы шығармашылығына терең ықпал етіп, соғыс тақырыбындағы монументалды еңбектер жасауына негіз болды.
Өнеріндегі динамика, екпінді ырғақтар мен құрылыс ауқымдарының ұлы масштабын дәл бейнелеп қана қоймай, оларды ғылыми мәтінге айналдырғысы келді. Сөйтіп 1961 жылы өнертану ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.
1963 жылы оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Осы жылы ол Мәскеуде екі бірдей жеке көрмесін өткізді. Көрмелердің бірі Достық үйінде, екіншісі Патрис Лумумба атындағы университетте өтті.
Н. Нұрмұхаммедов 1964-1976 жылдар аралығында шығармашылық күш-жігерін Әскери теңіз флоты тақырыбына арналған туындылар жасауға бағыттады. Флотта қызмет атқарып, теңіз шайқастарына қатысқандықтан және теңізшілердің қатаң жауынгерлік күндерін жақсы білгендіктен бұл тақырып өз басынан кешкен оқиғаларды жеткізудің ерекше мүмкіндігі болды.
Флот туралы цикл жасауды қолға алған Нұрмұхаммедов бұл тақырыпта материал жинауға табандылықпен кірісті. Ол ұзақ уақыт бойы Кронштадтта тұрып, бір ай бойы «Киров» крейсерінде қызмет атқарды. Мұрағаттық материалдар іздеп, көптеген этюдтар, эскиздер жасады. Көпжылдық жұмысының нәтижесінде Нұрмұхаммедов «Қорғанысқа әзір отыру», «Қырғи-қабақ соғыс барда», «Әкелер даңқы» атты картиналарды, офицерлердің, матростардың, адмиралдардың портреттерін, теңіз пейзаждарын, жалпы алғанда, қырыққа жуық туындыны жазды. Бұл топтамаға тек тақырыптық қана емес, сонымен қатар көркем-бейнелік бірлік тән. Аталған туындыларда алаңдаушылық тудыратын қорғасын-сұр, қара, көкшіл-суық түстер мен қараңғы колорит басым болды.
1965 жылы Мәскеуде КСРО Суретшілер одағының көрме залынд Горький атындағы мәдениет және демалыс паркінде, Жоғары партия мектебінде Нағымбек Нұрмұхаммедовтің бірнеше жеке көрмелері өтті, онда суретшінің жаңашыл әрі көркем шығармалары кеңінен таныстырылды. 1967 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің елу жылдығына арналған көрмесі Мәскеудегі Қарулы күштер үйінде және Алматыдағы Т.Г.Шевченко атындағы Көркемсурет галереясында ұйымдастырылып, оның шығармашылық қуаты мен елдің рухани дамуына қосқан үлесін паш етті. 1976 жылы Алматыда суретшінің елу жылдық мерейтойы мен жиырма бес жылдық шығармашылық қызметіне арналған көрме өтті. 1978 жылы Мәскеуде Горький көшесінде орналасқан КСРО Суретшілер одағының көрме залында кезекті жеке көрмесі өтіп, сол жылы ол Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Нағымбектің ойы үнемі сан түрлі шығармашылық жоспарларға толы еді. Суретші айналасындағы шынайы өмірді, қоршаған ортаны тереңінен ашып көрсететін туындылар жасауды армандады. Бірақ тағдыр оның бұл мұратын жүзеге асыруға мүмкіндік бермей, 1986 жылдың 17 желтоқсан күні 62 жасында Алматы қаласында дүниеден өтті.
Мұра
Нағымбек Нұрмұхаммедовтің белсенді шығармашылық кезеңі ұлттық көркемсурет мектебінің ерекше гүлденген уақытында дөп келді. Бұл жылдары Мәскеу мен Ленинградтың үздік өнер оқу орындарында тамаша кәсіби білім алған жас, дарынды суретшілердің жаңа буыны қазақ өнерінің сахнасына шығып жатқан еді. Олардың келуімен республикадағы көркемсурет өмірі айтарлықтай жанданып, ұлттық мәдениет кеңістігі жаңа құндылықтармен байи түсті. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – сол талантты ұрпақтың көрнекті өкілдерінің бірі.
Нұрмұхаммедовтің шығармашылығы ерекше көпқырлы және ауқымды: ол тарихи полотнолар мен жанрлық картиналар жазып, көптеген портреттер мен лирикалық пейзаждар жасады. Ол көп саяхаттап, әртүрлі елдердің мәдениетін зерттеп, сол тәжірибелерін өнеріне енгізді. Сонымен қатар суретші ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосты.
Нұрмұхаммедовтің шығармалары белгілі бір тақырыптарға арналған ерекше циклдер құрайды. Белгілі бір идея немесе тақырып оны шабыттандырғанда, ол сол бағытта бірнеше туынды, портреттер мен пейзаждар жасайтын. Осылайша, ол өмірлік құбылыстарды әртүрлі қырынан зерттеп, бейнелей отырып, біртұтас идеялық және мазмұндық үндестікке ие образдар жасады. Мысалы, оның «Қазақстан Магниткасы», «Тың игеру», «Әскери-теңіз флотының өмірі» және «Бразилия» атты сериялары үлкен маңызға ие. Бұл туындыларда суретші әрбір тақырыпты жан-жақты зерттеп, шынайы бейнелеуге тырысқан.
Суретшінің шығармашылығындағы тақырыптарға да әртүрлілік тән. Оның туындыларында Қазақстанның бейнесі ерекше орын алады. Алайда Нұрмұхаммедов тек өз жерімен ғана шектелмей, Подмосковьені, Қырымды, Прибалтиканы, сондай-ақ Үндістан, Франция, Жапония, Бразилия халықтарының өмірін де әсерлі бейнеледі. Оның шығармашылық палитрасы кең, әрі жанрлық тұрғыдан да алуан түрлі. Ол ірі тарихи полотнолардан бастап, заманауи өмірдің маңызды сәттерін бейнелейтін картиналарға дейін жазды.
Өнертанудағы еңбектері
Суретшінің Қазақстанның бейнелеу өнеріне қосқан үлесі тек кескіндемемен ғана шектелмейді. Н.Нұрмұхаммедов өнертану ғылымының кандидаты ретінде қазақ халқының шығармашылығы, заманауи өнер туралы біршама өнертанушылық мақалалар жазды. «Қазақ КСР графикасы», «Еңбек даңқы», «Қазақстан өнері» атты кітаптардың авторы.
1980 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан Н.Нұрмұхаммедовтің «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты кітабы жарық көрді. Кесенені жан-жақты зерттеп, оның әрбір бөлігінің сапалы фотосуреттерін жасау арқылы бұл еңбек толыққанды ғылыми-зерттеу нәтижесіне айналды. Ол кесененің архитектуралық ерекшеліктерін, көркемдік мәнін егжей-тегжейлі талдап, архитекторлар мен көркемдеушілердің еңбегіне жоғары баға берген. Өз кезегінде бұл кітап қазақ мәдени мұрасының асыл қазыналарын насихаттауға және оны келер ұрпаққа танытуға арналған құнды ғылыми-зерттеу еңбектерінің біріне айналды.
Сонымен қатар 1985 жылы Нағымбек Нұрмұхаммедов тағдырластарына арналған, елге оралған немесе майдан даласынан қайтпаған суретшілер туралы «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан суретшілері» атты альбом-кітап жазып шықты. Альбом «Өнер» баспасынан басылып шықты. Бұл еңбегінде ол суретшілердің ерліктері мен шығармашылық жолдарын баяндап, олардың өнердегі іздерін, соғыс кезіндегі қиындықтарды қалай еңсергендерін және бейбіт өмірдегі еңбектерін тарихи әрі көркемдік тұрғыда сипаттады және олардың жұмыстарының репродукцияларын жинақтады.
Ә.Нұршайықовтың портреті
Туынды – суретші шығармашылығының пісіп-жетілген соңғы кезеңдегі портреттік ізденістерінің бірі. Бұл портреттің екі нұсқасы бар: бірі 1982 жылы, ал екіншісі 1984 жылы жазылған. Сәтті нұсқа деп бірінші портретті атауға болатын секілді, өйткені ол айрықша шиеленіс пен қуатқа толы.
Портреттің басты назар аударатын тұсы – бұл жазушының бет-әлпеті мен қолдары. Суретте Нұрмұхаммедов Ә.Нұршайықовтың жүзін егжей-тегжейлі зерттей отырып, оның өмірлік тәжірибесін портреттік бейнесімен жеткізгісі келген. Жазушының келбеті мен қолдарындағы өткір, айқын рефлекстер ерекше көзге түседі, олар жарық пен көлеңке арасындағы қарама-қайшылықты күшейтіп, көрерменнің назарын бірден өзіне аударады. Жазушының бет-әлпеті мен қолдары мейлінше нақты бейнеленген, бұл оның денесіне салмақты, массивті көлем береді.
Жазушының бейнесі кенептің барлық кеңістігін толтырып тұр, тіпті ол сурет шеңберіне сыймайтындай әсер қалдырады. Бұл техникалық шешім бейнеленушінің күш-қуатын, қайсарлығын, сөзбен де, жүрекпен де сыйғыза алмайтын асқақ рухын көрсететіндей. Портреттің мәнерлілігі мен материалдық айқындылығы Нұршайықовтың өзіндік ерекшелігі мен қайтпас мінезін шынайы бейнелеп, өмірлік жігерге толы әрі толыққанды образды ашады.
Картина салмақты стилі мен жандылығы арқылы көрерменге бірден әсер етеді. Ә.Нұршайықовтың қайратты болмысы мен өмірге деген құштарлығын суретші әжімдер мен көздің терең қарасы арқылы көрсетуге тырысқан. Жазушы бір қолын кітапқа қойып оны ұстап отыр, бұл символ білімге, шығармашылыққа және рухани мұраға деген адалдықты білдіреді.
Автор мен кейіпкердің өмір жолдарын соғыстың ауыр жылдары біріктірді. Бұл ортақ тағдыр портреттің эмоциялық қуаттылығын арттырып, олардың ұрпақтар үшін қалдырған мұрасына терең мән береді. Нұрмұхаммедов Әзілхан Нұршайықовтың бейнесін қатаң, бірақ жүзін ойлы етіп көрсетуге тырысқан.
Кескіндемеші портретте қою әрі салқын түстер палитрасын қолданған. Қараңғы фон мен фигураның контрастылығы портретке драматизм мен тереңдік береді. Жазушының бет-әлпеті, әсіресе оның көздері, тағдырдың қатал сынынан өткен адамның ішкі қуатын айқындайтындай. Суретте тек батырдың ғана емес, сонымен бірге соғыс азабын өткеріп, бейбіт өмірде сөз өнері арқылы халыққа қызмет еткен тұлғаның бейнесі тұр.
Санжар Сырғабаев