Сұрақ па, сандырақ па?
Санақ сұрақтары талай жанды тығырыққа тіреуде. Кейде қалтаңдағы ақшаны санағандай, енді бірде естілгеннің өзінде құлаққа түрпідей тиетін «қанша бала тірі тудыңыз» деген секілді сұрақтар адамның қытығына тимей қоймайды.
Сарапшылар Қазақстан тарихындағы үшінші халық санағы саналатын биылғы ұлттық санақтағы басты ерекшелік деп – 91 сұрақтан тұруын және жартылай жаңа форматта өтуін атап өткен болатын. Алайда 91 сұрақ арқылы бюджеттен бөлінген 9,1 миллиардты неғұрлым тиімді игеруге болатындай халықты тым қатты тергеп-тексеру қынжылтпай қоймайды.
2009 жылғы сауалнамада 71 сұрақ болса, биыл оған тағы 20 сауал қосылған. Әлеуметтік желіде де қолданушылар сауалнамадағы «тірі туып, кейін шетінеген» балалар, айына қанша қаржы табатынын сұрау немесе шетелге көшу ниеті туралы сұрақтардың қисынсыздығына жиі шағымдануда. Әсіресе шетелге кету жайлы сұрау арқылы халықтың шекара асып кетуіне биліктің қорқынышы барын аңғарта ма, әлде халықтан «сыр тартып көру» арқылы көпшіліктің тамырын басып көріп жатыр ма?! Қызық...
Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры Марат Башимов санақ сауалнамасының Ата заңдағы «азаматтардың бостандығы мен тұрғын үйіне қол сұғуға болмайды» деген нормасын бұзатынын айтады. «Бұл нормативтік-құқықтық акт Конституцияға қайшы келеді. Сауалнама мәжбүрлі сипатқа ие, ол азаматтардың құқығын бұзады. Азаматтарды мәжбүрлеуге болмайды. Конституцияға қайшы келетін нормалар мен мәжбүрлеу сипатын енгізуге құқықтарыңыз жоқ еді. Мәжбүрлеу сипатын енгізген болсаңыздар, прокуратураның неге еш шара қолданбай, үнсіз отырғанына таңғаламын. Неге қоғамға халық санағын қоймай тықпалап жатырсыздар? Бір сұраққа жауап бермесең, жүйе автоматты түрде келесі сұраққа жауап беруге мүмкіндік бермейді», – деп, ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловке санақ сұрақтарына орай наразылық білдірген болатын. Бірақ санақ сұрақтары өзгеріссіз қалды. Расында да, кейбір сұрақтарды айналып өткің келсе де, мүмкін емес. Өйткені алдыңғы сұраққа жауап бермесең, келесі сұраққа өте алмайсың. Өйткені 91 сұрақтың 61-іне жауап беру міндетті, ал 29-ы нақтылауға арналған көрінеді.
«Санақты толтыру кезімде үш айлық баламның да «діни сенімі туралы» сұрады. Өмір есігін кеше ашқан, бірдеңе түсіндірмек түгіл, ымдауды да білмейтін сәбидің діни сенімі туралы не айтуға болады?» немесе «Сіз есту аппаратын кисеңіз де, сізде естумен қиындықтар бар ма?» деген сұрақты қалай түсінуге болады? Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасағысы келсе былай-ақ жасай бермей ме, сенбестік танытқандай сұрақ қойылған», «Үйге келген санақшыға тағы бала туғым келетін ойым бар-жоғын бөлісіп отырғым келмейді, тіпті оны бір Алла біледі. Ол сұрақтың қажеті қанша?» деп, санақ сұрақтарына наразылық білдірушілер қатары аз емес.
Сондай-ақ халыққа «Тұратын үйіңіздің қабырғасы қандай материалдан салынған», «Тұрып жатқан баспанаңыздың аумағы қанша?» деген секілді сауалдар ұнамаған көрінеді. «Жеке табысым туралы ақпараттың не қажеті бар? Олар бұл туралы ай сайын жеке шотыма түсетін ақша мен зейнетақы жарнасынан-ақ біліп отыр емес пе? Дәл сол сияқты «Шетелде болдыңыз ба?» деген сұрақ та артық. Шекара қызметі онсыз да елге кіріп-шыққан азаматтарды тіркеп отырады. Сұрақ көбейсе, санақ сапалы өте ме?» деп наразылық танытушылар да бар.
Ендеше мұндай жағдайда халық шынын айтып, шынайы санақ қорытындысын шығара аламыз ба?! Тіпті санақтан өтпеген ата-ананың орнына баласының сынып жетекшісі санақ толтырып отырған қоғамда санақтың 90 сұрағының шынайылығына, сапалы нәтиже көрсететініне сене аламыз ба?!