Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 26 Шілде 2025

Суретке айналған домбыра ішегі (Сәкен Бектиярдың шығармашылығы туралы)

Сәкен Бектияр
Фото: ашық дереккөз

Суретші Сәкен Бектияр бір топ өнертанушылармен жолыққанда «Баяғыда орыстар бұл өңірдің жұртын «жабайылар» деп атайтын.

 Айналасында жылқы үйірі, киіз үй, текеметтен басқа түк жоқ. Мәдениет те, өркениет те көрінбейді. Қазақтың қолында домбыра – бір таяқ, екі ішек. Соны тартады да ән айтады. Әні де қарабайыр: «Тау, тау, мен тауды көремін. Күн, күн, күн батып барады. Түйе кетіп барады». Бұл мына Жириновскийдің қазақтарды кекеткен сөзі. Бірақ шындап келгенде ол мен жайлы айтып отыр. Иә, бұл мен туралы, нағыз қазақ суретшісі туралы сөздер. Көшпелі қазақ көргенін айтады, ал айтқаны – өмірдің шындығы. Тіпті сол «тау, күн, түйе» деген қарапайым сөздердің артында тұтас бір ғарыш, ұлылықты көру қабілеті жатыр», – дейді.

Бұл сөздердің жаны бар. Қазақ қашан да табиғатты сырттан емес, іштен көріп, таниды. Қазақтың көркем ойлау жүйесінде символ мен ақиқат қатар жүреді. Ал бұл – өмірдің мәні дайын формулаларда емес, адамның ішкі танымында деген экзистенциалистік таныммен үндеседі. Осы ішкі түйсікке негізделген көркемдік көзқарас Сәкен Бектиярдың шығармашылық болмысын құрайды. Оның өнері – дайын пішіндер мен ережелерге емес, жүрекпен сезінуге, ішкі ритмге бағынады. Сол себепті өнертанушы Надежда Полонская С.Бектиярдың өнерін: «Оның сурет салғаны – ән айтқандай, ал ән салғаны – тыныс алғандай... Мұны көру керек, сөзбен жеткізу қиын», – деп сипаттайды.

С.Бектияр 1961 жылы 25 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Тұраркент ауылында дүниеге келді. Әкесі – Жамал Заурбекұлы Бектияров – КСРО шекара әскерлерінің подполковнигі, Памирде және Семей облысындағы Қытай шекарасында қызмет еткен әскери азамат. Анасы – Шәрипа Байсейітқызы 1975–1980 жылдар аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде музей бақылаушысы болып жұмыс істеген. Бұл кезде музейдің директоры – аты аңызға айналған суретші Қанапия Тельжанов еді. Ал жас Сәкен үшін бұл орын беймәлім әлемнің қақпасы сияқты болатын.

Сәкен Бектияр бала күнінен қиялына азық болатын дүниенің бәріне қызыққан екен. Бұл қызығушылығы оны журналистикаға жетелеп, 1984 жылы ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп шығады.

Оқып жүріп С.Бектияр «Ленинская смена» мен «Огни Алатау» газеттерінің редакцияларында жұмыс істейді. Бұл жылдары елімізде қайнап жатқан ақпарат кеңістігі мен журналистік тіршілік оны тілші ретінде ғана емес, суреткер ретінде де шыңдады. Сурет салу, иллюстрация жасау, мәтіннің ішкі ырғағын бейнемен жеткізу оның күнделікті машығына айналды. Ол поэтикалық жинақтарды да безендірді, фильмдерге арналған графикалық шешімдер жасады.

Оның алғашқы көрмелері дәл осы уақытқа тұспа-тұс келді. Қазақ КСР Журналистер одағы мен Кинематографистер одағының көрме залдарында «Сызықтың сыры», «Поэтикалық кітаптарға иллюстрациялар», «Фильмдерге иллюстрациялар» атты графикалық көрмелерін өткізді. Сол көрмелерден-ақ суретшінің сызықпен сөйлейтін, штрих арқылы шындықты айтатын суретші екенін аңғаруға болатын еді. Себебі оның алғашқы туындыларынан-ақ поэтикалық тыныс пен тұспалды тілдің ерекше қуаты сезіле бастады. Оның көркемдік тілі дәстүрлі академиялық мектептен тыс дамыды. Бірақ сол еркін жолда жүріп-ақ, ол кескін мен композицияны сезінудің арқасында өзіндік өрнек қалыптастырды.

1990 жыл С.Бектиярдың өміріндегі бетбұрыс кезеңіне айналды. Ол енді журналистика мен баспасөзді біртіндеп тастап, өнерге біржола бет бұра бастады. Осы жылдары ол «Невада–Семей» қозғалысының «Избиратель» газетінде арт-директор, дизайнер әрі жауапты хатшы болып жұмыс істеді.

Кейінгі жылдары «Асыл» баспасында (1993–1995) және «Атамұра» газетінде (1995) дизайнер болып еңбек етті. Алайда бұл қызметтер оның ішіндегі нағыз өнер адамы болуға деген аңсарын тұншықтыра алмады. Сөйтіп ол 1990 жылдардың басында толықтай шығармашылық жолды таңдады.

Осыдан соң Сәкен Бектияр Алматы мен Астанадағы көптеген көрме залдарында жыл сайын көрмелерін ұйымдастырып отырды. Оның шығармашылық сапары «Тенгри Умай», «Ұлар», «Дом Мира», «Has Sanat», Шарденов музейі мен Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі секілді алдыңғы қатарлы галереялармен тығыз байланысты болды.

С.Бектияр өткізген көрмелерінің сюжеттері мен атауларын да ерекше қоюға тырысты. Мысалға: «Еркін өлшем», «Бос форма», «Журналдардағы тәтті өмір», «Ақ пен қара сызықтардың билері», «XX ғасыр мифтері», «Ең жақсы ескі заттар»...

Ол телеграфикамен де тәжірибе жасап, 1996 жылы «Хабар» арнасымен жұмыс істеді. Сол жылдары Испанияның Валенсия қаласындағы жеке галереялармен де серіктестікте болды. Жалпы, оның 1990 жылдардан бергі шығармашылық жолы толассыз ізденіске толды. Ал 2007 жылдың 8 қарашасында Лондонда, әлемдік мәдениет ошағы – Victoria and Albert Museum-де өткен заманауи қазақ өнерінің кешіне қатысуы оның халықаралық деңгейдегі танылуының белгісіне айналды.

2000 жылдары суретші өзінің шығармашылық жолындағы ең маңызды циклдардың бірі – «Келте Алтын Ғасыр» жобасына кірісті. Бұл цикл бірнеше бөлімнен тұрады: Live, Oil, Sport, Epilogue – әрқайсысы өз алдына бір тақырып, бірақ барлығы қосыла келе поэтикалық шежіреге айналады. Ал «Келте алтын ғасыр» атты топтамасы бірнеше жыл қатарынан түрлі галереяларда қойылып, оның шығармашылығындағы басты философиялық тұжырымға айналды. Бұл тұжырым бойынша ұлы құбылыстардың барлығы дерлік ұзаққа созылмайды, бірақ дәл сол қысқа сәттің арқалаған жүгі мен болашаққа әсері әлдеқайда терең болады делінді.

2006 жылы суретші алғаш рет Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде «Monroe және басқалар» атты жеке көрмесін өткізді.

2016–2023 жылдар аралығында суретші өзінің SakenBektiyarWorkshop (SBW) атты авторлық шығармашылық шеберханасында жеке эксперименттер мен тәжірибелік жобалармен айналысты. Сонымен қатар 2020–2023 жылдары Алматыда өткен ALA ART residency қатысушысы болды. Ал 2022 жылы көктемде Черногорияда белгілі арт-менеджер Марат Гельман ұйымдастырған резиденцияға шақырылып, халықаралық деңгейдегі жаңа шығармашылық байланыстар мен идеялар алаңында еңбек етті.

2025 жылдың шілдесінде, тура 19 жыл бұрынғы алғашқы мемлекеттік музейдегі көрмесінен кейін, Сәкен Бектияр өзінің екінші жеке көрмесін қайтадан Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде өткізді. Бұл жолы көрме өзі бала күнінде анасының соңынан еріп келіп, алғаш рет өнермен танысқан кеңістікте, яғни Ресей өнері залында өтті.

Сәкен Бектиярдың жары Жәмила Серіковна Бектиярова. Ол 1977 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген, Алматыда ҚазБСҚА-ны тәмамдап, бүгінде Алматы технологиялық университетінде ұстаздық етеді. Олардың Алтынсары мен Санасар есімді балалары бар.

Сәкен Бектияр әйелінің бейнесін жиі жазды. Ол бұл образды тек жеке сезім үшін емес, адам анатомиясы мен пластикасын терең зерделеу үшін қарастырды. Сол суреттердің ішіндегі бір портрет өзінің жұмбақ күлкісімен әйгілі Джоконданы еске түсіреді. Алайда бұл – Леонардоның емес, Вермеердің атақты «Солтүстік Джокондасы». Бұл картина «Інжу сырғалы қыз» туындысына жасалған оммаж, яғни суретшіге құрмет ретіндегі шығармашылық жауабы. Бәлкім, бұл оның өз Джокондасы... «Оңтүстік Джокондасы»...

P.S. Сәкен Бектияр барлық шығармаларына Kenbee деп қол қояды. Бұл псевдоним – оның есімі мен тегі арасындағы дыбыстық үйлесімнен туған: SaKEN BEEktiyarov.

Монро және Мадонна

С.Бектияр үшін әйел бейнесі – символ. Ол әйелдің бет-жүзінен, жанарынан, денесі мен қозғалысынан ішкі қайшылық пен сұлулықтың салмағын көре біледі. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – Мэрилин Монроның бейнесі.

«Мен Мэрилин Монроны өткен ғасырдың ең сұлу әйелдерінің бірі деп санаймын. Оның күрделі тағдырынан ХХ ғасыр драматизмінің көлеңкесін көруге болады. Маған оның түрлі образдарын жеткізу қызық», – дейді суретші бір сұхбатында.

Суретші бұл образға алғаш рет 2000 жылдары назар аударса, оны кең көлемде 2014 жылы өткен «Іздеңдер әйелді» атты көрмесінде аша түсті. Алматыдағы Art Hall Gazeeff галереясында өткен бұл көрмеге қылқалам шеберінің қырықтан астам жұмысы қойылып, оның басым бөлігін әйел портреттері құрады. Бірақ көрермен көңілін өзіне баураған сурет Монроның бейнесі болды.

Мэрилин Монро – ХХ ғасырдың медиалық мифі, поп-мәдениеттің иконасы. Бектияр үшін ол тек кино жұлдызы емес, ұлт пен уақыт ойлап тапқан, содан кейін сол өзі жасаған образдан өзгені көрмей қалған халықтың рухани айнасы. Бұл серия «Өткен ғасыр мифтері» топтамасының жалғасы ретінде дүниеге келген. Суретшіні шабыттандырған нәрсе – журнал фотосуреттері, поп-культураның эстетикасы, жылтыраған глянецтің ар жағында жатқан ішкі қайғы болды.

Монроның образын жасауда Бектияр Time журналының 1999 жылғы №23 санында жарияланған фотосуретті негізге алды. Бірақ ол фотоны дәл қайталамай, оның көзқарасын өзгертті. Көрмеге дайындалған арнайы каталогта өнертанушы Е.Резникова бұл туралы: «Бұл картиналардағы Монро бір мезгілде ұлы актриса және осал әйел... Бірде, көрмеден кейін келген күзетші портретке қарап тұрып: «Мадоннаның жақсы портреті екен» депті. Ол, әрине, қате айтты, бірақ бұл қателіктің өзінде бір тереңдік бар еді – Монро заманауи дәуірдің жаңа Мадоннасына айналды. Бектияров оны дәл осылай көреді», – деп жазды.

«Атқамінер және оның олжасы»

С.Бектиярдың 2024 жылы салған бұл картинасы сырттай батыр мен әйел туралы, ал іштей ұлттың терең жады, архетиптік құрылымдар мен эстетикалық дисбаланс жайлы ойлануға мәжбүр ететін күрделі туынды. Бұл мәдени кодтарды философиялық тәсілмен ашуға бағытталған көркем мифопоэзия.

Туынды атауы – «Атқамінер және оның олжасы». Кенепте жортуылдағы қазақ батыры мен оның соғыста қолға түскен олжасы – сұлулықтың символына айналған жас әйел бейнеленген. Бір қарағанда, бұл типтік тарихи көрініс: жауынгерлік эпос пен көшпенді мәдениеттегі дәстүрлі сюжет. Бірақ автор оны ХХ ғасырдағы психоәлеуметтік архетиптермен және посткеңестік сана құрылымымен ұштастырады.

Суретші қазақ интеллигенциясының сан ғасырлық ұмтылысына, әсіресе славян сұлуларына деген бейсаналық елігудің себебін ашық талқылайды. Бұл жай ғана тұрмыстық немесе эстетикалық таңдау емес, архетиптік түйсік. «Сұлу мен құбыжық» мифі, Кинг-Конг фильмі, бай мен ару, күш пен нәзіктік, жаулап алушы мен тұтқын арасындағы қайшылықты байланыстар – бәрі де осы еңбекте бейнелік тілімен тоғысады. Славян әйелінің бет-бейнесі барби қуыршақ бейнесіне ұқсас келіп, жаһандық сұлулық стандарттарының локализацияланған образына айналған.

Картинадағы батыр – архетиптік ер, ал әйел – мәдениеттендірілген фертильді символ. Суретші бұл арада биология мен мифологияның түйісу нүктесін іздейді. Қазақтың фольклорында кең тараған тоқал, нақсүйер, аққолтық тәрізді ұғымдар – тек әлеуметтік институттар емес, көне символикалық жүйенің қалдықтары. Осы арқылы автор ұлттың өзінің ішкі көркем санасымен бетпе-бет келуіне себепші болады.

1990 жылдардың басында «Ленинская смена» газетінде Сәкен Бектияр туралы бір журналист: «Оның сызықтары – домбыраның үзіліп барып, суретке оралған ішектеріндей», – деп жазған еді. Бұл теңеу – жай поэтикалық образ емес, суретшінің шығармашылық табиғатын дәл сипаттайтын астарлы пікірге айналды. Расында да, оның әрбір штрихы шертпелі күй тәрізді: толқыған, дірілдеген, бірақ ішкі иірімімен тербелетін үн. Бұл – қазақтың өзі туралы шерткен әні, тартқан күйі. Бұл сызықтарда тек көркемдік емес, ұлттық жанның қозғалысы бар.

Сол ішкі қозғалыстың айқын көріністерінің бірі – «Атқамінер және оның олжасы» атты картина. Бұл туынды – ұлттың өзін тану, өзінен қорқу, өзіне оралу және өз болмысын сүйе білу процесі. Мұнда ұнамды кейіпкер де, жағымсыз бейне де жоқ, тек шындық бар. Шындық қашан да күрделі, кейде тіпті ыңғайсыз, бірақ тек ақиқат қана адамды өзімен беттестіре алады. Бұл күш пен сұлулық туралы айтылатын ішкі диалогтың көркем формасы. Бұл Сәкен Бектиярдың келте алтын ғасыры.

Санжар Сырғабаев

Суретші, өнертанушы