Суреткер сыры (Мағаз Разданұлының шығармашылығы туралы)
Қай кезде де әдебиет адам жанына үңіледі. Оның көңіл түкпірінің қыртыс-қатпарын ашып, бүкпелі, көлеңкелі тұстарына барлау жасайды. Сөйтіп, адамды қоршаған ортаның, қоғамның қыр-сырын, сипат болмысын көрсетеді.
Қалай десек те, адамның өмірі, күнделікті тірлік-тіршілігі өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тысқары, оқшау қала алмайды. Демек адамның бітімі, оның сипат-тұрпаты заманының саяси, қоғамдық және әлеуметтік тұрқымен, сипатымен біте қайнасып кетеді. Адамның өзегін өртеген оттай жалын да, арқасын қарыған мұздай сауал да қоғамның шешілмеген сауалы, шешімін таппаған сұрағы. Сондықтан да кейбір көркем шығармалардың өн бойынан қоғамның сипаты, болмыс-бітімі бедерленіп, білініп тұрады. Тіпті кейде шағын ғана шығармадан тұтас бір дәуірдің анық бөгенайы сезіледі. Әсіресе адам басына нәубет әкелген, қасіреттің қара бояуын өшпестей етіп жаққан, адами құндылықтарды тәрк етіп желге ұшырған саяси науқандардың түр, сипатын кәнігі тамыршыдай дүп басатын шығармалар болады. Әрине, мұның бәрі жазушының талантына, шеберлігіне байланысты. Біз белгілі жазушы Мағаз Разданұлының «Кебенек кигеннің тойы», «Қара ала бұзау» әңгімелерін оқығанда осындай байлам жасадық.
Мағаз Разданұлының есімі әдебиетші қауымға болмаса, былайғы оқырманға айтарлықтай таныс емес. Себебі Мақаң Қытайға қарасты Алтай топырағында дүниеге келді. Сол жақта өмір сүрді, қасиетті поэзиямен, прозаны жанына серік етті. Қытай қазақ әдебиетінің, өскін, балаң кезінде қолына қалам алып, өнімді еңбектенді. Сондықтан да жазушының шығармалары туралы сөз қозғамас бұрын оның ғұмыр жолына, қаламгерлік тағдырына аз-кем тоқтала кетейік.
М.Разданұлы – 1924 жылы 22 сәуірде Қытайдың Алтай аймағы Буыршын ауданы Дулайты ауылында дүниеге келді. 1935-1938 жылдары ауылдағы жаңаша мектепте, 1938-1946 жылдары Сарсүмбе «мұғалімдер жетілдіру» мектебінде білім алды. 1940-1944 жылға дейін Дулайтының «Жеміс» мектебінде мұғалім болды.
1947-1957 жылдары «Ерікті Алтай» газетінде, 1957-1958 жылдары Қытай жазушылар қоғамы Шыңжаң бөлімшесінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. Мақаңның дүниеге келген, алғашқы білім алған тұсы – Қытай қазақтарының дәстүрлі, сахара өмірінен қала тіршілігіне бет бұрған, білім-ғылымға ұмтылған кезі еді. Ол алғашқылардың бірі болып жаңаша оқу үлгісін бойына сіңірді. Сарсүмбе (қазіргі Алтай қаласы) қаласында білім алды. Туған ауылында ұстаздық етті. Ал «Ерікті Алтай» газетінде қызмет ете жүріп, тырнақалды шығармаларын жариялады. Әдебиеттің қыр-сырына қанығып, сөз өнеріне тағдырын теліді. Дәл осы аралықта Шыңжаңда саяси жағдай шиеленісе түсті, бұрынғы Шыңшысай үкіметі күйреп, оның орнына уақытша «Шығыс Түркістан» үкіметі құрылады, мұның ақыры Қытай коммунистік жүйесінің Шыңжаңда біржола орнығуымен тынады. Бұл аралықта Мақаңның өмірінде де айтарлықтай өзгерістер болды. 1947 жылы Шәбетай Қажынәбиқызымен үйленіп, отау құрады. Содан соң, 1957 жылы Үрімжіге, Шыңжаң жазушылар қоғамына қызметке ауысады. Алайда Үрімжіде ұзақ жұмыс істей алмайды. 1958 жылы тұтас Қытайды шарпыған «Мәдени революция» басталады. Елдің сорпа бетіне шығарларына «ұлтшыл», «оңшыл» деген саяси айтып тағылады. Терістен соққан қар дауыл Мақаңды да іле кетеді. Әуелі оған «жергілікті ұлтшыл» деген айып тағады. Сөйтіп, 1958 жылы күзде Көктоғай ауданының Өндірқара деген жеріне еңбекпен өзгертуге жіберіп, әйелін жұмыстан шығарды (мұғалім болып жұмыс істейтін). Осылайша, Мақаң өмірінің ең бір тарғалаң, азапты ауыр жылдары басталды. Арада бір жыл өткенде «Ұлтшылдарды» Алтайдың болат қорыту зауытына апарып, ауыр жұмысқа жегеді. Мұнда жұмыстың ең бір қатерлі әрі мехнатты түрлерін істейді. Қатаң бақылау, ауыр жұмыс, күнделікті тергеп-тексеру, жекіру, кіжіну қалай да еңсесін басын, жігерін жасытып, айтқанына көніп, айдағанына жүретін ететіндей қатаң режим астында 12 жыл өтеді. Ара-тұра бірер күнге отбасына барып тұрды демесеңіз, бұл 12 жыл тұтастай түрме тәртібінде, еңбекпен өткен уақыт еді. Мақаңның тағдыры бұдан кейін де жеңілдей қоймады. 1970 жылдары «Мәдени революцияның» қара дауылы тіпті де үдей түсті. Жолындағы қыл-қыбырдың бәрін қидай сыпырып, тырнағына іліккенді тарпып, аузына іліккенді қылғып жұтып тындым етуге ұмтылды. Сөйтіп, 1970 жылы Мақаңның ісін қайта қарап, 20 жылға соттады. Осыдан соң Алтайдан Үрімжідегі №1 түрмеге ауыстырады. Сөйтіп ауыр еңбекпен өткен 12 жыл қатаң түрме жазасына ұласады. Сондағы таққан айыбы –«ұлтшыл», «солшыл».
Мақаң Үрімжі түрмесінде 9 жыл отырып ақыры 1979 жылы сәуірде ақталып шығады. Оған себеп – Қытай коммунистік партиясының XI құрылтайының III съезінде қабылданған жарғы. Яғни Қытай коммунистік партиясы «Мәдени революциясы» терістеп, жазықсыз сотталғандарды ақтауды ұйғарды. Осы санатта М.Разданұлы да 21 жылға созылған қуғын- сүргін, түрме азабынан босап шығады. Алайда ол өмірінің ең бір мәнді кезін, бұла күші бойын кернеген жастық шағын, ізденіске, еңбекке жұмсалуы тиіс жігер күшін, денсаулығын жаза лагерьлерінде, тас түрменің сыз қабырғаларында қалдырды. Өзі мүжіліп, жемірілген, бірақ түгелдей құрдымға кетпеген болымсыз үмітін арқалап, бостандыққа жетті. Ақын сондағы көңіл ауанын «Сәлем саған Алтайым» дейтін өлеңінде былай жеткізеді:
Сәлем саған Алтайым,
Тентегің сонша сағынды.
Жоғалып кеткен бір тайың,
Тарландап барып табылды.
Ақталып шыққан соң алда Мақаңның еншілі 15 ғұмыры қалған-ды (қаламгер өмірінің соңындағы үш жылын ауру азабымен өткерді, қағаз-қаламға қарауға мұршасы болмады). Ол осы 15 жылын тұтастай әдебиетке арнады. Поэзия, проза, драматургияда қатар қалам тербеді, өнімді жазды. Селге кеткен, желге ұшқан уақыттың орнын толтыру үшін тынымсыз еңбек етті. Аз уақыттың ішінде «Асулар толғауы», «Ертең», «Уақытқа жауап» секілді жыр жинақтары «Сәби сыры» өлең романы жарық көрді. Сондай-ақ «Ата заман сөйлейді» әңгіме, повестер жинағы, «Алтайдың аққапталдары» тарихи романын жариялады. Біраз шығармалары қытай тіліне аударылды. Қытайдағы азшылық ұлттарға берілетін Мемлекеттік сыйлықты еншіледі. Мағаз Разданұлы 1998 жылдың 2 мамыр күні 74 жасында қайтыс болды.
М.Разданұлы шығармашылығы сан қырлы, ол негізінен Алтайдың арғы-бергі тарихы, сахара тіршілігі, ежелгі көшпелі өмір мен өзі ғұмыр кешкен заманның кескін-келбетін қамтыды. Ал біз сөз еткелі отырған – «Қара ала бұзау» «Кебенек кигеннің тойы» әңгімелері жергілікті қазақтар арасында коммунистік жүйе орнаған кезді және бәрін «Мәдени революцияның» қалай болғанын айна-қатесіз сипаттайтын әңгімелер.
«Қара ала бұзау» әңгімесі Қытайда жаңа үкімет орнағаннан кейінгі өмірді суреттейді. Анығырақ айтқанда, сол тұстағы оңды-солды құлаш ұрған, кедергілердің бәрін жайпап, «коммунизмге ұмтылған» әсіре науқаншылдықты сипаттайды. Бірақ мұндағы басты ерекшелік – жазушының саяси өлермендіктің мазмұн, тұрқын қарапайым детальдар арқылы сіңімді, нанымды етіп жеткізе білуінде. Шығарма бірден шиеленісті күйде басталады, басты кейіпкерлердің бірі – Тауасардың «көзінің қарашығындай» қорғап отырған жайқалып өсіп тұрған «кісі кірлі қолымен ұстауға қимайтын» бидайлығына Көпбайдың қара ала бұзауы түседі де кетеді. Не дегенмен де ақылсыз хайуан көкмайсаны сытырлатып жей бастайды. Мұны көрген Тауасар бұзауды қуалай жөнеледі, шошына үріккен бұзау абайсызда трактордың соқасына соғылып, мертігеді. Осыдан соң бұзаудың иесі Көпбай Тауасардың жағасына жармасады. Тауасар айтады: бұзауың егінге түсті деп, Көпбай айтады: малдың өрісіне егін егіп не көрінді деп. Мұның соңы үлкен дауға ұласады, ендігіде талас-тартысқа айнала, төңіректегі кісілер араласады. Көпбайды жақтаушылар қара бұзаудың аса нәсілді сиырдың тұқымы екенін айтып, ат үстінен шіренеді. Тіпті қара бұзауды мертіктіруді «партияның мал тұқымын нәсілдендіру деген саясатын аяқ асты еткендік» дейді. Ал Тауасарды қолдаушылар «Сенікі қара аланың тұқымы болса, біздікі «қаражалдың» тұқымы» дейді жердегі жаяу тұрғандар (Мұндағы «қаражал деп отырғаны – Украинаның сапалы бидайы). Жазушының шеберлігі нәсілді қар ала бұзауды «қаражалдың тұқымына» түсіріп отырғаны. Осы арқылы сол кездегі жүйесіз, өлермен, көрсоқыр науқаншылдықтың кейіп, кеспірін айпарадай ашып көрсетіп тұр. Науқаншылдықтың басы – нәсілді мал өсіру, өнімді, сапалы егін егу. Иә, сырттай бәрі де жарасымды, ұтымды сияқты көрінеді. Ал шын мәнісінде ұран мен айғайға құрылған даңғазалық қана. Себебі малдың өрісіне «қаражал» егіп, оны қарағанмен далдалап қоршап қойған, ертелі-кеш өрістен қайтқан мал қоршауы қырық шоқпыт жайқалған майсаға көз қызықтырмай тұра ала ма, әрине, жоқ. Ал нәсілді қара ала бұзауды өрістетіп бағады. Оның жайлы қорасы, жем-шөбі, айрықша күтімі мүлде назардан тыс қалған. Себебі науқаншылдарға «бидай өсіп», «нәсілді сиыр өріп» жүрсе жеткілікті. Басқасының құны көк тиын. Өйткені тұтас жүйе осындай ұрда-жық науқаншылдыққа құрылған. Екі аттап, бір белегірге шығып, онан соң екі аттап қырқаға иек артып, сосын сәл тыныстап алып бір-ақ қарғып, «коммунизмге жетеміз» деп желігіп, алақызып тұрған жүйе еді. Әңгімедегі қара ала бұзау мен «қаражал» бидайдың таласы соның бір сипаты. Шығарма кейіпкерлері Тауасар да, Көпбай да заманы туғызған кейіпкерлер. Елдің түкпір-түкпірінде өнімнен гөрі нәтижеден гөрі ұран мен айғайға құрылған науқан етек алғанда су бетіне қалқып шыққан салындыдай осындай бір адамдар топ ішінен суырылып шыға келетіні заңдылық. Біреуіне бидай қорытып, біреуіне бұзау бақтырып қойған. Ал қарапайым халық Тауасар мен Көпбайдың жыртысын жыртып, топ-топқа, жік-жікке бөлініп, өнбейтін, бітпейтін дауға малтығып әлек.
Әңгіменің астарлап бейнеленген, емеурінмен жеткізілген тұстары да бар. Мәселен, мертігіп жатқан қара ала бұзауды көрген бойда өрістен қайтқан сиырлар өкіріп, азан-қазан болады. Автор мұны былай суреттейді: «Адамдар тобы аз болғандай, қара ала бұзаудың жоқтаушысы енді келісті. Өрістен түскі жусауға қайтқан сиырлар күндегі әдеті бойынша байсалды қалпымен шуап келе жатқан. Өзінің жемқорлығымен аты шыққан керқызыл сиыр әсіресе өрістен қайтқанда алдына жан салмаушы еді. Сол дағдысы бойынша алда келе жатып, топқа таяи бергенде, тұмсығын бір көтерді де, қара ала бұзауға қарай қайқаңдай жөнелді. Өз бұзауы өліп, іші-бауыры елжіреп бара жатқаннан жаман, әй-шайға қарамай құйрығын қоқайтып, жер тарпып өкіре бастады. Сол-ақ екен, тайыншасынан тартып бұқасына дейін құйрықтарын шаншып «ой, бауырым» салған нешеме сиыр түгелімен лап қойды».
Осы бір үзік сюжетті қатаң цензура астындағы қаламгердің сол кездегі науқаншыл жүйеге деген ішкі қарсылығы деп түсінген жөн.
«Кебенек кигеннің тойы» – М.Разданұлының ең таңдаулы әңгімелерінің бірі. Шағын ғана әңгімеде «Мәдениет революциясының» қаншалықты даңғаза, қаншалықты сорақы, қаншалықты адам нанғысыз, жойдақсыз саяси науқан болғаны қоспасыз бейнеленеді. Мұнда әсіре қалың бояу да немесе жасырып жаба тоқу да жоқ, бейне өмірдің өзінен ойып алғандай шынайы. Мұның себебі – автордың дәл осы саяси науқанның тырнағына ілініп, жоғарыда айтқанымыздай, оның зардабын аяусыз тартқандықтан да болар. Сондықтан да автор «Мәдени революцияның» қыр-сырына қанығып, оның түр сипатын жыға танып, саяси науқанның қалай іске асқанын көзімен көріп, ондағы жойдақсыздықтар мен жолсыздықтарды жүрегімен сезгеннен соң да шығарма сәтті шыққан.
Әңгіменің кейіпкері Байдар. Ол бұрын ұзақ жылға сотталған, енді тергеуші Үмітбай мен Қайрат оның ісін қайта қарамақшы. Оқиға осы Байдарды тергеуден басталады. Бірақ тергеушілер одан мардымды жауап ала алмайды. Тіпті ол өзінің жасын да білмейтін болып шығады. Бар білері: «Апам «жылың жылқы, қайың бүрлеген қызыл тасқында туғасың» деп талай айтқан» дейді. Бұдан кейін тергеушілер «келіп шығуыңызды сөйлеңіз» дейді. Көңілі ақ, жаны таза Байдар бұған: «Бұл қалай дегендеріңіз? Келген кісі есіктен кіріп, шыққанда тағы сол есіктен шықпай ма? Көріп отырсыздар, бағана «багау» деп (ол өзгенің бәрін ұмытып қала берсе де, дәл осы «багауды» ұмытқан жоқ болатын) есіктен кірдім, әлі шыққам жоқ қой. Енді шығарда да «багау» деп сол есіктен шығамын емес пе» деп жауап береді. Енді осындағы бір екі дүниені ашалап айта кетейік. Оның біріншісі – тергеушінің сұрағы. «Келіп шығуыңызды сөйлеңіз» дейді. Бұл тергеуші үшін де, тұтас жүйе үшін де аса маңызды сұрақ. Себебі ол кезде тегі жалшы, жақпайлар алдыға шықты, соларға есе теңдік тиді, солардың маңдайы жарқырады. Тегі жалшы болғандар онысын аса бір мақтанышпен айтатын заман туды. Ал енді бұл сұраққа Байдардың жауабын оқыңыз. Ол ештеңенің де байыбына барып, мәнісін терең түсініп тұрған жоқ. Бірақ байыптап оқысаңыз, «есіктен «багау» деп кіремін» дейді. Мұндағы багау қытайша сөз, мағынасы рұқсат сұрау дегенді, анығы – именіп, төменшіктеп тұрып өтінуді білдіреді. Байдар туған жылын ұмытса да, дәл осы «багау» деген сөзді ұмытпайды. Себебі ұзақ жыл түрмеде отырғанда бұл сөз оның күнделікті тіршілігінің бір бөлшегіне, тіпті әдетіне айналған.
Бұдан соң Байдардың берекесіз жауабынан тергеуші оның әкесінің ерте қайтыс болып, өзі Құйқалақ дейтін байдың үйінде жұмыс істегенін біледі. Сосын: «Құйқалақтың үйінде не жұмыс істеуші едіңіз?» деп сұрайды. Бұл да аса «маңызды» сұрақ. Себебі «Мәдениет революциясы» кезінде бай біткен күстаналанды, мансұқталды. Оның отын жаққан, малын баққандар ұшпаққа шықты. Тергеуші мұнда сондай бір ойдың ұшығын іздеп отыр. Ал енді Байдардың жауабын оқыңыз: «Отын да әкеле саласың, су да құя саласың, көкек туған соң көтерем көтересің. Бір жағынан туатын сиырды аңдып, көтен астырасың деп, кедейлікті мойындағысы келмегендей, Байдар бәрін елеусіз қылып айта салды». Байдар – діні, ділі бұзылмаған, болмысы бүтін, өзегіне құрт түспеген ежелгі қазақ. Ол Құйқалақтың үйіндегі өмірін жалшылық деп ойламайды. Тиесілі жұмысын істеп, тіршілік етіп жүре береді. «Келіп шығуым кедеймін, қақпай көрдім» деп те шағынбайды. Оның бар болмысы – осы.
Бұдан кейінгі сұрақ-жауаптың бір тұсы былай өрістейді:
«– Сізді бұрын неше жылға соттаған еді? – деді.
– Мен соттаған дегенді білмеймін. «Қар үш жауғанда қайтасың» деген, қар одан кейін талай жауды. Немене үкімет өтірік айта ма? Мені қайтарып жіберсе болады, – деп Байдар бұл жолы тіке тартты.
– Бұрын не үшін сотталғаныңызды білмейсіз бе?
– «Соттаған» дегенді білмеймін деп отырмын ғой, білсем өстіп отырамын ба?». Байдар тіпті не себепті сотталғанын да білмейді. Оның себебі былай. Коммунистік партия орнаған соң Байдардың іргесін Құйқалақтан бөледі. Тиесілі еңбегінің өтеуін алып береді. Сосын аз уақыт інісі Қайдардың қолында тұрады, інісі басқа жаққа көшкенде жалғыз қалады. Осы кезде жасы ұлғайған қарияға көршісі Тәукенің қызы қарасып тұрған. Осы Тәукенің қызына Суықбай дейтін жігіт сөз салады, қыз оған қарамайды, сосын Суықбай Байдар мен қыздың артынан ғайбат сөз айтады. Екеуін өсекке телиді. Бұған төзбеген бейуаз қыз өзіне-өзі қол жұмсайды. Оның өліміне «себепші» делініп, Байдар 15 жылға сотталады. Алайда қыздың өлгенін ол ұзақ жылдан соң тергеушіден естиді. Бірақ оған нанбайды, сөйтеді де: «Сіздер жаман сөз сөйлеп қалжыңдамаңыздар, мені той болып жатқан жерге апарғанда қыз тірі болатын. Ол неге өледі екен?» дейді. Байдардың «той» деп отырғаны – қыз бен оның көпшілік алдындағы ашық сот жиналысы. Бұл жөнінде: «Той болмаса енді жиналып, керней тартып, өлең айта ма?» дейді Байдар. «Мәдени революция» кезінде Байдар секілді «қылмыстыларды» сүйрелеп, жұрт алдына алып шығатын, сонан соң көпшілік кернейлетіп, сырнайлатып, айғайлап, ұрандататын. Мұны Байдар «той» деп түсінген. Көріктің көмейіндей қызған саяси науқаннан, өзін ит тартқан терідей жұлмалаған қара нөпір адамдармен шаруасы жоқ. Тәукенің қызының «сөйле» дегенде неге бетін басып тұра қашқанын да түсіне алмайды. Осыдан соң «қыздың өліміне себепші» болып, 15 жылға сотталғанында білмейді. Байдар тек Суықбайдың өтірігінен әлі күнге шейін тіксінеді. Бұл жөнінде «алдымен сондайларды дүрелеу керек. Оның айтқан өтірігін қайта айтса, адамның иманы қырық кез ұшады» дейді. Оның осы сөзіне-ақ айнадай болмысы жарқырап көрініп тұрған жоқ па?!
Ендігіде Байдар Тәукенің қызын есіне алады. Міне, былай: «Шалдың еріндері жыбырлап кетті. Сығырайған көздерінен екі тамшы жастың домалап түскенін өзі де сезген жоқ.
– Тым болмаса тілеуінің ішінде болып, батамызды да бере алмадық. Кім біледі, қандай жанға жатжұрт болғанын пақырдың?.. – деп қойды». Мұнда да Байдардың аталық мейірі, алқауыз көңілі аңғарылады. Алайда дәл осындай адамдар «Мәдениет революциясы» кезінде сотталды, түрмелерге жабылды, лагерьлерге айдалды. Байдар солардың жиынтық бейнесі. Саяси науқанның жазықсыз құрбаны.
Қазақ «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дейді. Ақыры Байдар да ақталып, туыс-туғандарының, ел-жұртының ортасына келеді. Әңгіме осылай тәмамдалады.
М.Разданұлының «Қара ала бұзауы», «Кебенек кигеннің тойы» әңгімелері – қиыр шеттегі қазақтардың бір кездері басынан өткен қилы, қиын тағдырын терең байыптаған шығармалар.
Жақсылық Қазымұратұлы