Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Суретші мен суретшінің қонақтары (Ерболат Төлепбаевтың шығармашылығы туралы)

Ерболат Төлепбаев
Фото: ашық дереккөз

Ерболат Төлепбаев – қазақ арасынан әлемдік көркемсурет кеңістігінде аты аталған санаулы кескіндемешілердің бірі.

 Ол атақты Третьяков галереясында жеке көрмесін ашқан алғашқы қазақ суретшісі. Оның картиналары әлемнің 38 еліне жетіп, Франция, Италия, Германия, Үндістан, Қытай, Египет сынды елдердің өнерсүйер қауымының ықыласына ие болды. Өнердегі жетістігі үшін суретші Францияның «Өнер мен әдебиет» орденінің кавалері атанды, Сальвадор Далидің халықаралық сыйлығын иеленді, Чехия, Ресей, Қырғызстан өнер академияларының академигі атағын алды. Сондай-ақ Төлепбаев тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері. Алайда бұл жай ғана марапаттар тізбесі емес. Бұл – бір суретшінің шығармашылық тіл арқылы әлемдік кеңістікпен жүргізіп келе жатқан үздіксіз диалогының айғағы.

Е.Төлепбаевтың туындыларын Батыс сыншылары «магиялық экспрессионизм» деп сипаттайды. Бұл нақты бір көркемдік ағымнан гөрі, дүниетанымдық бағдарды меңзейді. Шынында да оның шығармалары бейнелеу өнеріндегі рационалды конструкциялардан гөрі ішкі энергия мен сезімнің философиясын алға тартады. Төлепбаев Шығыс пен Батыс, сакральдылық пен психоанализ, түйсік пен композиция арасынан өмір бақи үйлесім іздеп келді. Сөйтіп, қазақ кескіндемесінде бұрын болмаған символикалық кеңістік жасады. Осы тұста «суретші бұл көркемдік кеңістікке қалай келді» және «Төлепбаев шығармашылығы неліктен феноменге айналды» деген орынды сұрақтар туындайды. Ендеше, бұл сұрақтарға қысқаша да болса жауап іздеп көрейік...

Оның көркемдік бағдар мен рухани биікке жеткізген жолы сонау ауылынан басталған. Төлепбаев 1955 жылы 2 қазанда қазіргі Түркістан облысы Ленгер ауданына қарасты Қасқасу ауылында дүниеге келді. Бұл ауыл кейіннен «суретшілер ауылы» атанып, қазақ бейнелеу өнерінің шағын мектебіне айналды. Болашақ суретшінің тағдыры өнермен ерте сабақтасты. Бейнелі әлемге деген махаббатты ол алғаш шебер әжесі мен суретші ағасы Тоқболат Тоғызбаевтан алған болса керек. Одан бөлек, туысы, құрдасы және өнердегі досы Бексейіт Түлкиевтің де Ерболаттың болмысы мен шығармашылығына зор әсері болды.

Ерболаттың кәсіби шығармашылық жолы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетінде басталды. Оқу орнын 1977 жылы тәмамдаған жас суретші сол жылы-ақ Қазақстан Суретшілер одағына қабылданды. Бұл оның жас та болса өзіндік үні бар тұлға екенін танытты. Сол кезден бастап Ерболат Төлепбаев республикалық, одақтық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысына айналды.

Суретшінің осы кезеңдегі көпфигуралы жанрлық композициялары 80-жылдары рухына тән әлеуметтік бағдарымен, көне шеберлер стиліне сілтеме жасайтын живопистік шешімдерімен ерекшеленеді. Шынайы баяндау мәнері мен бояудың қанық, тұнық құрылымы бейнеге тереңдік пен тұрақтылық берді. Бұл ерекшеліктер Төлепбайдың туындыларын ірі көрмелердегі экспозициялық ағыннан даралап тұрғызды, көрермен санасында ой мен ассоциациялар туындатты.

Оның осы кездегі суретшінің белсенділігін Валерия Ибраева былай еске алады: «Комсомол сыйлығының лауреаты атанғаннан кейін, ол Қазақстан Суретшілер одағының жастар бірлестігіне көп уақытын да, күшін де сарп етті. Жас суретшілерге арнап көрмелер ұйымдастырды... Сондай-ақ ол Тау-Түргенде алғаш рет ашық аспан астындағы пленэр ұйымдастырды. Сол жерде көптеген суретшілер кейін қазақ бейнелеу өнерінің классикасына айналған туындыларын дүниеге әкелді. Мысалы, Б.Бәпишевтің «Төрт пайғамбары» мен Е.Рудоплавованың «Асинің алтын түсі». Ерболаттың қолдауымен сол кезде әлі жас Э.Казарян, Е.Воробьева, А.Есдәулетов, А.Нода, А.Меңлібаева, Ғ.Маданов және басқа да жас суретшілер алғаш рет көрмеге қатысу мүмкіндігіне ие болды».

1995 жылдан бастап Ерболат Төлепбаевтың шығармашылығы нағыз триумфалды кезеңге аяқ басты. Бұл жылы Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде оның алғашқы ірі дербес көрмесі өтті.

1998 жылы Қырғызстанның Г.Айтиев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Ерболаттың жеке көрмесі өтіп, оның шығармашылығы халықаралық белестерге жете бастады. Сол жылы Египеттегі Каир қаласында өткен Дүниежүзілік суретшілер биенналеде қола медаль иеленіп, Қырғызстан өнер академиясының толық мүшесі атанды.

1999 жылы Е.Төлепбаев жаңа белестерді бағындыруға көшті. Ол Қазақстан суретшілерінің ішінен алғашқы болып Ресейдің басты көркемсурет институттарының бірі Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында жеке көрмесін өткізді. Третьяков галереясы – әлемдік бейнелеу өнерінің алтын қорын құрайтын, орыс классиктерінің туындылары сақталған аса маңызды музей деп білсек, мұнда жеке көрме өткізу көркемөнер саласында ең биік жетістік ретінде саналатын-ды. Төлепбаевтың бұл галереядағы көрмесі оны әлемдік сурет өнерінің маңдайалды өкілдерінің қатарына біржола енгізді.

2001 жылы ол Ресейдің Империялық Көркемөнер академиясының Құрметті мүшесі атанып, Қазақстандағы бейнелеу өнері саласындағы ең беделді ұлттық марапат – «Платиналы Тарлан» сыйлығын иеленді.

2002 жыл – Төлепбаевтың Еуропадағы көркемдік мойындалуының жылы болды. Ол Чехиядағы Масарык атындағы өнер академиясының мүшесі атанып, Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы үлесі үшін Масарыктың күміс медалімен марапатталды. Сонымен қатар Мадрид-Прага желісінде өткен халықаралық көрмеде Сальвадор Дали атындағы халықаралық Альянстың сыйлығын иеленді. Дәл осы жылы ол Брюссельде EUROUNION өнерінің жоғары марапатына ие болды. Бұл – көркемдік жетістіктер мен гуманистік идеяларды паш еткен өнер өкілдеріне берілетін ең жоғары еуропалық марапаттардың бірі саналады.

2004 жылы Ерболат Төлепбаев шығармашылығы тағы бір тарихи белеске көтерілді. Ол Париждегі қазіргі заман өнерінің беделді кеңістігі – Espace Meromensil галереясында Сальвадор Далидың жүз жылдығына арналған көрмеге қатысып, оның туындылары Далидың жұмыстарымен қатар қойылды. Сол жылы ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

2005 жылы суретшінің Париждегі беделі одан әрі нығая түсті. Бұл жолы ЮНЕСКО қамқорлығымен ұйымдастырылған көрмеде, әйгілі Salle Miró залында және Fontaine-Henry сарайында көрмелерін өткізді.

2006 жылы Лондондағы Arndean Gallery залында өткен көрме оның шығармашылығын батыс мәдени ортасында тағы да кеңінен паш етті, сол жылы, 10 шілдеде, Парижде оған Францияның «Өнер мен әдебиет орденінің кавалері» атағы табысталды. Бұл орден – Францияның мәдени саласындағы ең жоғары марапаттарының бірі болып саналады.

2008 жылы Ерболат Төлепбаев Болгария Ұлттық музейінде жеке көрмесін өткізіп, өз туындыларын Шығыс Еуропа көрерменіне паш етті. Оның 2010 жылы Астанадағы Has Sanat галереясында және Президенттік мәдениет орталығында өткен көрмелері дипломатиялық корпус пен зиялы қауым тарапынан жоғары баға алды.

Араға 23 жыл салып, 2017 жылдың қазанында суретші Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде тағы да қорытынды көрмесін өткізді. Бұл экспозицияны ол анасының 100 жылдығына арнады.

Оның туындылары бүгінде Мәскеудегі Третьяков галереясында, Ресей Федерациясының мемлекеттік музейлерінде, Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде, Қазақстанның түрлі өңірлік музейлерінде, сондай-ақ Еуропа, Америка және Азиядағы жеке коллекцияларда сақтаулы. Бұл оның өнерінің шекарадан тыс сөйлейтін әмбебап тілі бар екенін көрсетеді.

Бүгінде Е.Төлепбаев шығармашылық ізденісін жалғастырып келеді. Бірде Еуропа көрме залдарының сахнасында, бірде туған жерінде көркем ой мен рухтың шекарасын іздеп жүреді. Алматыда оны сирек кездестіресің. Бірақ кез келген көрермен суретінің ішкі әлемімен оның кенептерінде жолыға алады.

Ескі Төлепбаев

Ерболат Төлепбаев халық арасында өзінің ең алғашқы жазған туындылары арқылы танылды. Оның батыл ойлауы, тақырып таңдаудағы тапқырлығы мен өмірлік шындықты қозғаған сұрақтары сол кезеңдегі қазақ кескіндемесіне тың серпін алып келді. Бастапқы шығармаларынан-ақ суретшінің адам өмірінің бастаулары мен болмыстың түпкі мағынасына деген алабөтен қызығушылығы байқалады. Қазақ даласы мен қаласы, жер мен адам, өткен мен бүгін, махаббат пен жауапкершілік – Төлепбаевтың басты тақырыптары осы философиялық дихотомиялар төңірегінде өрбіді.

Суретшінің өзі бұл туралы: «Мен фигуративті және фигурасыз өнер туралы көп ойландым. Біз, суретшілер, формалар, сызықтар мен бояулар арқылы тек сезімді емес, жан азабымен келген ойды жеткізгіміз келеді. Бұл – жай эмоция емес, бұл – өзіміздің осы әлем жайлы терең пайымымызды бөлісу», – дейді.

Бұл кезеңдегі Төлепбаев шығармашылығының символына айналған туындылардың бірі – «Суретшінің қонақтары» (1984) атты картинасы. Ертеректегі Төлепбаевтың рухани ізденісін, уақытқа деген сезімтал көзқарасын, адам тағдырына алаңдаушылығын дәл осы туындыдан анық байқауға болады.

Картинада суретшінің шеберханасы мен оның әлеміне қонаққа келген егде жастағы кісілер бейнеленген. Бұл жерде Төлепбаев еуропалық ескі шеберлерге тән реализм мен терең психологиялық портреттеу тәсілін ұштастырады. Өнертанушының сөзімен айтқанда, бұл – Төлепбаевтың ренессансы.

Шығармашылық ізденісте жүрген өнер адамы үшін қоршаған ортаны ғана емес, болмыстың өзін түрлі ракурстан қабылдау маңызды. Сондықтан да тіршіліктің терең мағыналарын көп жасаған қариялардан іздеу шынайы суреткерге тән құбылыс. Сондықтан да суретші санаға бағынбайтын ақылды қонақтардан тапсам дейді. Суретші даналықтың бірден келмейтінін және нағыз суретші болып қалыптасу үшін, ең алдымен, тыңдай білу, ақылды қабылдай білу, болмысты сезіне білу керек екенін көрсетеді.

Кенепте ерекше деталь бар. Бұл ауада қалқып тұрған қорап. Туындының мистикалық ауа райын күшейтіп тұрған бұл қорап аса маңызды. Ғылыми интерпретацияда бұл объектіні танымның, білімнің, рухани инсайттың символы ретінде қарастырылады. Ол қонақтардың уақытпен келген даналығын, көпті көрген көрегендігін меңзейді. Яғни даналық мұнда физикалық заңдылықтарға бағынбай, ішкі әлемде қалқып тұратын ұғым ретінде ұсынылады.

Жаңа Төлепбаев

Е.Төлепбаев стилінің жаңа кезеңге өткен уақытын нақты айту қиын. Дегенмен 1980 жылдардың өзінде-ақ оның кейбір туындыларында формалық жалпылау, экспрессивті мазоктар, адам денесін ұзартылған пішінде бейнелеу сияқты ерекшеліктер байқала бастады. Бұл оның бейнелеу тіліндегі эволюцияның алғашқы нышандары болатын. Уақыт өте келе суретші бұл мәнерін дамытып, жаңа стильге көшті.

Бүгінгі Ерболат Төлепбаев – мүлде басқа. Суретші реализмнен алыстап, заманауи ізденістерге ден қойған. Ол енді бояуы жарыққа толы суретші. Оның жаңа көзқарасы туралы өнертанушылар түрліше пікір білдірді. Бірақ барлық ойдың тоғысқан тұсы – бұл кезеңде суретші өзінің жанын тыңдай білу қабілетін нық көрсете алған болса керек.

Өнертанушы Райхан Ерғалиева бұл туралы: «Ерболат Төлепбаевтың сұрақ-жауаптары оның жаңа картиналарында осы әлемді есту мен сезіну ритміне, тональдігіне сай қатар туады. Олар оның шығармаларын эмоцияның жасырын тыныштығымен, ішкі күту күйімен, шешілмейтін қарама-қайшылықтармен толтырады. Қалаған мен табылғанның, идеал мен шындықтың, мүмкін мен нақтының арасындағы сәйкес келмеушілікпен. Түсінуге ұмтылумен. Түсіндіруге талпыныспен. Талпыныстың босқа кетуімен», – дейді.

Жаңа стильдегі Төлепбаев формалар мен күйзелістердің арасындағы тепе-теңдікті іздеді. Оның ендігі шығармашылығында әйел бейнесі басты кейіпкерге айналды. Картиналарында ол қарапайым ғана секірмек ойнаған қыз баланың ұшу сәтін, жас келіннің асықпай басқан қадамын, тұңғыш сәбиін қолына алған жас ананың күйін, күнделікті тіршілікке үйренген кемел жастағы әйел немесе немересіне ертегі айтып отырған ақ кимешекті әженің бейнесін салады. Олар – нәзік әрі қуатты, жердің және ұрпақтың рухын бойына сіңіріп алған бейнелер. Бұл туындыларда қыз бала → бойжеткен → ана → апа болып қайта туылатын тіршілік ағыны көркем түрге енеді.

Ал ондағы түстер де қанық. Бұрынғыдай күңгірт реңктер суретшінің жаңа стилінде мүлдем кездеспейді. Өнертанушы Ли Камилла Витальевна бұл туралы: «Суретшінің көзі енді сыртқы форманың ар жағына үңіліп, фантомдық әлемдерді ашады – олар жарқыраған, түрлі-түсті бояулармен құбылып тұрған, салтанатты, тіпті мерекелік сипатқа ие. Бұл колористикалық сәуле шашқан көріністер соншалықты шынайы әсер қалдырады, оған өзің де еріксіз сенесің: бұл әлем шынымен де сондай – жарқын әрі шаттыққа толы, онда махаббат, үйлесім және өнер билік етеді», – дейді.

«Ескі» Төлепбаевта кеңістік пен форма диалогқа түссе, «Жаңа» Төлепбаевта кеңістіктің трансценденттік мәні толық ашылып, ол түспен бірігеді. Колористикалық орта мен пластикалық образдар енді бөлінбейді, олар бір-біріне еніп, құйылып, көркем экспрессияның жаңа сапалық деңгейін ашады. Міне, Төлепбаев шығармашылығының көрерменге тікелей әсер ететін сиқырлы күші осында жатыр.

Санжар Сырғабаев

суретші-өнертанушы