Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:51, 17 Тамыз 2023

Сүт пен қатты ірімшік Араб еліне экспортталады

None
None

Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис, миллионнан астам тұрғыны бар, өнеркәсібі дамыған қала.

Шымкент сонымен бірге ауыл шаруашылық саласында жақсы жетістіктерге жеткен, осы бағытта тың жобаларды жүзеге асырып отырған шаһар.

Жуырда мегаполистегі Алтынтөбе тұрғын алабында өткен «Дала күні» көшпелі семинарында агросаланың мамандары мен жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері бас қосып, ауыл шаруашылығының қазіргі ахуалы туралы өзара пікір алмасты.

Агросектордағы тың тәжірибелер талқыланған жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысты. Басқосуда сондай-ақ үйіргелік жерлерді бақшаға пайдалану әдісі, сол арқылы халықтың табысын арттыру тетіктері пысықталды. Аграрлар озық технологиялармен көкөніс дақылдарын өндіру, биогумустан тыңайтқыш дайындау технологиясы, тамшылатып суғару әдістеріне қатысты кластерлі жобалар тақырыбында пікір алмасты.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде мегаполисте президент  Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жобалары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 91 кластерлі жобаның тізімі бекітіліп,  62 жоба іске асырылды. Құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс өсіру, мал бордақылау, бал ара шаруашылығы, балық шаруашылығы бағытындағы жобалар қазірден тиімділігін көрсетуде.

– Бүгінде Шымкентте «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту Ұлттық жобасы» аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатындағы кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын егістік алқаптардан жиналатын өнім көлемі де артып келеді. Кешенді шаралар қала тұрғындарының тұрмысын жақсартып, сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік беруде. Бүгінгі семинар алдағы уақытта мегаполис агросекторының дамуына жол ашып, тың жобаларды жүзеге асыруға сеп болады деп сенемін, – деді М.Дүйсенбекұлы.

           Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері семинар барысында озық идеялары мен тың технологияға негізделген үздік жобаларымен бөлісті. Аграрлардың басқосуы саланың жетістіктері мен өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берген еркін диалог алаңына айналды.

Айта кетері, бүгінде Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін ұн, макарон, ірімшік, сары май, айран, шұжық, консерв өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сонымен қатар биыл мегаполисте  3 сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын іске қосылды. Қазіргі таңда «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүтті қайта өңдеп, қатты ірімшік пен сары май өндіруші 8 кәсіпорынға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, олардың жыл сайын қуаттылығы артып келеді.

Жергілікті өндіріс орындарының арасында экспорт бағытында ірі жобаларын ұсынып отырған Базарқақпа елдімекенінде орналасқан сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын «BIO Food kz» ЖШС-ның негізі былтыр қаланып, бүгінде онда 20-дан астам адам тұрақты жұмыс істейді. Зауытта күніне 25 тоннадан астам сүт қайта өңделіп, қатты ірімшік және сары май өнімі өндірілуде. Өндірілген өнімдер қала аумағында және еліміздің өзге де өңірлерінде сатылуда. Алдағы уақытта тауарларды Өзбекстан мен Араб Әмірліктеріне экспорттау жоспарлануда.

Мегаполисте ауыл шаруашылығы тауарларының көптеп өндірілуі қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Құзырлы мекеме мамандарымен жасақталған комиссия жыл басынан бері 63 отырыс өткізіп, 40-тан астам құқық бұзушылық фактілерін анықтаған. Аталған құқық бұзушылықтар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер толығымен жойылды. Кәсіпкерлік субъектілерге хронометраждық зерттеу жүргізіліп,11 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ базар және сауда желілерімен – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу, бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Айта кетейік, саудагерлердің нарықта сөз байласуына, заңсыз табыс табуына жол берілмейді. Бүгінде комиссия мүшелері өз жұмысын жалғастыруда.

Тегтер: