Сүтке тойған судыр Сапаров

23 қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында Қазақстанның негізгі азық-түлік өнімдері бойынша өзін толық қамтамасыз етіп отыр деп салды.
Министрдің айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерінде және сүт өнімдеріне қатысты өзімізді қамту деңгейі 100 пайызға жетіпті.
Алайда Сапаровтың бұл сөзі жұрт арасында күмән туғызды. Журналист Кирилл Павлов министрдің «Қазақстан өзін сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр» деген мәлімдемесін жалған деп, оны сотқа беретінін хабарлады. Павлов Астана қаласының полиция департаментіне министр үстінен арыз жазып, тіпті Президент Әкімшілігінен істі бақылауға алуды сұрады. Оның айтуынша, Сапаров таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені статистика басқа жағдайды көрсетеді.
Ресми статистикаға қарағанда, 2024 жылы Қазақстан шетелден 183 мың тонна сүт өнімін импорттаған, оның жалпы құны 400 млн долларға жеткен. Демек, қыруар сомаға сырттан сүт өнімдерін сатып алған елді толық өзін-өзі қамтып отыр деудің орны жоқ. Павловтың айтуынша, осы дерек Қазақстанның сүт өнімдері бойынша әлі де импортқа тәуелді екенін айғақтайды. Мысалы, елдегі ірімшік пен сүзбенің кем дегенде жартысы (шамамен 48 пайыз) сырттан әкелінеді, ал май және сүт-май өнімдері нарығындағы импорттың үлесі 15 пайызға жетеді. Бұл деректер Сапаров жария еткен «100 пайыз өзін-өзі қамту» тезисіне мүлде сай келмей тұр. Расында да, сарапшылар Сапаровтың бұл «оптимистік» мәлімдемесін саладағы сәтсіздіктерді бүркемелеу, шынайы ахуалды көрсету орнына көзбояушылық жасау деп бағалайды.

Қазақстан ет-сүт өнімдерін шетелден ала ма?
Министр Сапаров сүт өндірісінің ішкі нарықты толығымен жауып тұрғанын айтса да, жоғарыдағы импорт көлемі бұл сөзді жоққа шығарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осыдан екі апта бұрын ғана азық-түлік қауіпсіздігі туралы айтқан кезде: «100 пайыз өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес әрі қажет те емес, алайда қазіргі нарықтағы жағдай – ұятты» деп қалған. Президент әсіресе осы сүт өндірісінде отандық өнімнің импорттық тауарға жол беріп қойғанын қатты сынаған. Тоқаевтың бұл сөзінің анау айтқандай жұмбағы жоқ – Қазақстанның толық өзімізді қамтимыз демей-ақ, жағдайды біраз оңдап алғанның өзі үлкен олжа деп тұр. Енді, міне, президентке берген жауабы ма, көрсеткен қыры ма, мүлде басқа жағдайды баяндап отыр. Президент сыны мен министрдің сөзінің осылай қабыспауы қоғам назарын аударып, қызу талқы тудырды. «Мен не деймін, домбырам не дейді?» деп, айран-асыр болдық та қалдық.
Қазір министрдің сөзіне байланысты қоғамның айтатын уәжі: «Егер 100 пайыз қамтылған болсақ, халық неге оны сезінбейді?» дегенге саяды. Мысалы, әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстанда сүт бағасының қымбаттығына шағымданады. Расында, дүкендерде 1 литр сүттің бағасы 800 теңге, ал Еуропада шамамен 0,8 еуро (400 теңге) тұрады екен. Яғни біздің елде сүт Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Оның үстіне, Еуропадағы жалақы деңгейі едәуір жоғары екенін ескерсек, қымбатшылықтың ауыртпалығы бізде қаттырақ сезіледі.
Тағы бір дерек – жыл басында бұрынғы вице-министр Бағлан Бекбауов та мүлде басқа деректер келтірген. Оның айтуынша, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан 142 339,9 тонна ет пен ет өнімдерін шетелден импорттаған, жалпы құны 225,2 млн доллар. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіштер – 179 343,5 тонна және 254,1 млн доллар болған. БАҚ-тағы мәліметтерге қарағанда, сиыр етін Беларусьтан 32 млн долларға (8 530,7 тонна) Ресейден 5,9 млн-ға (1 201,7 т), Украинадан 2,8 млн-ға (648,2 т) аламыз. Сол сияқты құс етін Ресейден 76,2 млн-ға (60 412,6 т), АҚШ-тан 56 млн-ға (41 592,3 т), Украинадан 18,8 млн-ға (10 065,7 т) импорттаймыз.
Бекбауовтың айтуынша, 2025 жылғы импорт көлемі шамамен осы деңгейде сақталады.
Халық үшін маңыздысы – нарықтағы нақты жағдай. Егер шынында отандық өндіріс жеткілікті болса, сүт пен сүт өнімдерінің бағасы қолжетімді болып, импорт азаюы тиіс еді. Алайда статистика керісінше деректі көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, министрліктің мұндай оптимистік есебі шынайы ахуалды толық көрсетпейді, статистикамен ойнау арқылы мәселені жоққа шығару байқалады. Мұны, бәлкім, министрліктің азық-түлік инфляциясын тежеу мақсатында жасап отырған ақпараттық тактикасы деуге болар. Дегенмен баға тұрақтылығына қатысты нәтижеге көз жүгіртсек, биыл да тауарлар бағасы тұрақты емес. Үкімет тарапынан түрлі инфляцияға қарсы шаралар қабылданғанмен, 2025 жылдың өзінде азық-түлік бағасы тағы қымбаттады. Сәйкесінше, министрліктің «баға бақылауда» деген уәждері халық сенімінен гөрі наразылығын тудырып жатыр.

Сапаровтың бұрынғы даулары
Сапаровтың бұл жолғы сүт дауына ілігуі алғаш рет болып отырған жоқ. Министрдің немесе жалпы АШМ-ның бұрын да осындай даулы жағдайлардың ортасында қалған кездері аз емес. Мысалы, жыл сайын көктем-жаз айларында елдің оңтүстігінде егістіктерді зиянкес шегіртке жайлап, диқандар дабыл қағады. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені ашық мойындаудың орнына, жағдай бақылауда деуден танбайды. 2024 жылы вице-премьер Серік Жұманғарин «шегіртке – халал өнім» деп әзіл-шыны аралас айтып, қоғамды ашуландырып алды. Ал 2025 жылы көктемде журналист Кирилл Павлов Жамбыл, Жетісу, Түркістан секілді өңірлерде шегіртке жайлағанын әлеуметтік желіде жариялап, министрлікті сынға алды. Сол үшін министрлік Павловты «жалған ақпарат таратты» деп сотқа берді. Нәтижесінде сот блогерді кінәлі деп тауып, оған 78 640 теңге айыппұл салды. Бұл оқиға билік органдарының сын көтере алмайтынын әрі ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселелерді жария еткен адам жазаланғанын көрсетеді. Кейіннен белгілі болғандай, ресми дерек бойынша сол жылы 11 облыста үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жүргізіліп, 2,1 млн гектар жерге химиялық өңдеу жасалған екен. Павловтың айтуынша, шегіртке таралу аумағы 5 млн гектарға дейін жетуі мүмкін деген болжамды келтірген, бірақ министрлік мұны мойындамаған. Ақыр соңында, шегіртке мәселесі шешілді ме? Билік дәрілеу жұмыстары уақытылы өтті дегенімен, диқандар зиянкеспен күрес оңай болмағанын алға тартты. Бұл дауда министрлік өз имиджін қорғау үшін шындықты жартылай жоққа шығарғандай әсер қалдырды, ал сала проблемасы, егінге залал келтіретін зиянкестер мәселесі толық шешімін тапты деуге келмейді.
Қазақстан ауыл шаруашылығына жыл сайын жүздеген миллиард теңге субсидия бөледі. Әйтсе де, сол қыруар қаржының қайтарымы көңіл көншітпейді. Мал басы мен өнімділік аса өрлеген жоқ, керісінше, кейде нарықта тапшылықтар туындап жатады (мысалы, былтырғы қант кризисі). Сапаров министр болып тұрған кезде ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін реформалау қажеттігі жиі айтылды. Министрдің өзі 2025 жылғы ақпанда: «Жылына 450 млрд теңге субсидия бөлінеді. Сондықтан жүйені түзеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, неше түрлі қылмыстық істер ашылып жатыр» деп мойындаған да. Сапаров осы былықтарды реттеу мақсатында мал шаруашылығына субсидия беруді қысқарту туралы да сөз қозғады. «Мал өсірушілерді енді тікелей субсидиялауды тоқтатып, оларды қолдауды жеңілдетілген 5 пайыз несиелеуге ауыстырамыз», яғни өнімін өткізгені үшін демеу қаржы беруге көшеміз деп мәлімдеді министр. Бұл өзгеріс ұсынысы фермерлер арасында әртүрлі реакция туғызды, біреулер жүйелі реформа қажет десе, енді бірі шағын шаруашылықтардың жағдайы қиындап кетуі мүмкін деп алаңдады. Қалай болғанда да, ауыл шаруашылығына бөлінген мол қаржының тиімді игерілмеуі – жүйелі мәселе.
Кейінгі жылдары үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыруды басты міндеттердің бірі ретінде айтып жүр. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны ұстап тұру үшін түрлі шаралар қабылданды. Сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау талабы, жергілікті тұрақтандыру қорларына қаражат бөлу, маусымаралық уақытта арзандатылған тауар интервенциялары, т.б. Алайда іс жүзінде базардағы, дүкендегі баға өсімі толық тоқтаған жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр азық-түлік тауарларының бағасы 8,5 пайызға өскен. Бұл аз өсім болып көрінуі мүмкін, инфляцияны ескерсек, халық үшін қымбатшылық әлі де үлкен жүк. Қысқаша айтқанда, министрлік өз алдына өндіріс көлемін өсіріп, ішкі нарықты өнімге толтырса ғана баға табиғи түрде тұрақталмақ. Қазірше, жоғарыда айтқан сүт мысалындағыдай, отандық өнім үлесі аз тауарлар қымбат болып отыр, өйткені импорттық тауар қашан да қымбатырақ келеді.
«Жас Алаш» аталған мәселеге байланысты министрлікке хабарласқан. Алайда сауалдарымыз жауапсыз қалды. Сондықтан Е-өтініш платформасы арқылы ресми сұрақтар жолдады.
Айтпақшы, биыл шілде соңында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) Ауыл шаруашылығы министрлігіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін жауапты өзге де ведомстволарға жүргізген тексерістердің қорытындысын жариялады. Нәтижелер көңіл көншітпеген. Сол кезде ЖАП «Негізгі өнімдер бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі әлі де 80 пайызға жетпейді, ал қолданылып отырған есептеу әдістемесі физиологиялық тұтыну нормаларын ескермейді» деген еді.
Аудиторлардың мәлімдеуінше, Қазақстанда азық-түлік қорларын есепке алу және бақылау бойынша автоматтандырылған жүйе әлі енгізілмеген. Осыған байланысты елдегі өнімнің нақты көлемі мен қай жерде сақталып жатқаны жөніндегі деректердің дұрыстығы күмәнді. Ветеринарлық зертханаларда да мәселе бар – олардың 87 пайызы халықаралық стандарттарға сәйкестік бойынша аккредитациядан өтпеген. Жалпы алғанда, аудиторлардың есебі бойынша ауыл шаруашылығы саласында 66,2 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Бұған қоса, тағы 179 млн теңгені дәл осындай пайдасыз сатып алуларға жұмсау жоспарланған екен.
Тұрсынбек БАШАР