Сүтті мал басын көбейтіп, сапасын арттыру керек
Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аяқталды.
Осы орайда Батыс Қазақстан облысында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер арнайы жиында талқыланды. Шаруалармен кездесуге облыс әкімі Ғали Есқалиев пен оның бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қатысты.
Бағдарламаны өңірде жүзеге асыруға 2017-2021 жылдары бюджеттен 76,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 83,5 млрд теңге несие берілген, соның ішінде – лизинг арқылы 25,7 млрд теңгеге 3636 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылары сатып алынған. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында шаруалар техника сатып алуға жұмсаған шығындары үшін 10,6 млрд теңге қаржыны субсидия түрінде кері қайтарып алған.
Жайықтағы өсім, бірінші кезекте мал шаруашылығының есебінен қалыптасады. Мәселен, 2017 жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің ішінде мал шаруашылығының үлесі 58,6 пайыз құраса, 2021 жылы ол 62,5 пайызға жеткен. Бес жылда ірі қара 28,1 пайызға, ұсақ мүйізді мал 5 пайызға, жылқы 1,5 есе, құс 1,5 пайызға көбейген. Ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 2017 жылғы 491,4 мың гектардан 565,2 мың гектарға ұлғайған.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары ұсынған жұмыс жоспарына сәйкес, облыста биылғы егіс алқабы 520 мың гектардан асады деп болжануда. Көктемгі егіске қажет жаздық дәнді дақылдар тұқымы 98,8 пайыз, майлы дақылдар тұқымы 141,7 пайыз, картоп тұқымы 61 пайыз әзір тұр. Көктемгі далалық жұмыстарға 4670 трактор, 3053 тұқым сепкіш, 838 қопсытқыш қатысады деп жоспарлануда. Егіс салу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытынан 11,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл көлем облыс қажеттілігін толық қамтиды.
— Облыcты картоп және көкөніспен қамтамасыз ету үшін Жасыл белдеуді дамыту жоспары қабылданы. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін картоптың егіс алқабын 708 гектарға, қырыққабатты 465 гектарға, сәбізді 725 гектарға, пиязды 255 гектарға ұлғайтуымыз қажет. Нәтижесінде картоптың жалпы өнімі 68,5 мың тонна, сәбіз – 16,4 мың тонна, пияз – 11,2 мың тонна, қырыққабат – 16,1 мың тоннаға жетпек. Аталған дақылдардың алқаптарын ұлғайту ирригациялық суару жүйелерін салу арқылы мүмкін болады… Қазір кейбір шаруа қожалықтары егіс алқаптарын әртараптандырып, мал азықтық дақылдар егуге ден қоюда. Осы ретте мал азықтық дақыл ретінде құмай (сорго) дақылына аз-кем тоқталып өткім келеді. Сала мамандары бұл дақылды қуаңшылыққа төзімділігіне байланысты «өсімдіктер әлемінің түйесі» деп атайды – деді кездесуде жасаған баяндамасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.
Сүт импортын азайту және өндіріс көлемін арттыру мақсатында Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Тасқала, Теректі аудандарында және Орал қаласы маңында Сүт белдеуін құру көзделуде. Жоспар аясында сүт өндіру көлемін қосымша 45,9 мың тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Жоба аясында құрылатын 6 ірі кешенмен 22,8 мың тонна, шағын 11 тауарлы сүт фермамен 2,6 мың тонна, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін қолдану арқылы құрылатын кооперативтер арқылы 13,4 мың тонна қосымша сүт өндіру жоспарда бар. Сүт өндіруге ниетті тауар өндірушілер жер телімін бөлуден бастап, барлық мемлекеттік қолдау шараларымен, жеңілдетілген несиелермен, кәсіби мамандардың, жергілікті және облыстық әкімдіктердің көмегімен қамтылады.
— Мемлекет басшысының субсидиялау тетіктерін қайта қарау және жаңа қағидаларды әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында АӨК мүдделі өкілдері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен осы мәселені талқылау және ұсыныстар дайындау үшін бірнеше мәрте кеңестер өткізілді. Бұл жерде айта кету керек, мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында бөлінетін қаражаттар суармалы әдіспен картоп, көкөніс, мал азықтық дақылдар өндірісін ұйымдастыруға, көкөніс қоймаларының құрылысына, сүтті мал шаруашылығын дамытуға беріледі, – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Бүгінде облыста 260 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген, соның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 165 кооператив. Жұмыс істеп тұрған кооперативтердің 147-сі етті мал шаруашылығы, 12 кооператив сүтті мал шаруашылығы, 6-ауы өсімдік және бау-бақша шаруашылығы және 1 кооператив омарта шаруашылығы бағытында құрылған. Кооперативтерге 4736 тұлға мүшелікке кірген.
Үлгі ретінде Теректі ауданының сүтті бағыттағы «Достық» кооперативін мысалға келтіруге болады. Ол – 2017 жылы Покатилов ауылында құрылды, 43 мүшесі, 860 гектар жері бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 5 млн теңге несие рәсімдеп, «Ынтымақ» бағдарламасымен 2 тонналық сүт салқындатқыш қондырғы сатып алған. Сол үшін 2 млн 500 мың теңге субсидияға қол жеткізген. 2021 жылы кооперативтің 13 мүшесі 500 мың теңгеден жалпы көлемі 6,5 млн теңге грантқа ие болып, Павлодар облысының «Луганск» сүт тауарлы фермасынан симментал тұқымды 16 қашар сатып алды. Сатып алған асыл тұқымды мал үшін кооперативке 3,2 млн теңге субсидия төленген. Кооператив 2018-2021 жылдары 870 тонна сүт және 18,8 тонна ет өндіріп, өткізген. Биыл симментал тұқымды 8 қашар мен трактор сатып алуды жоспарлап отыр.
Кездесуде шаруалар тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы қаперге алынып, жергілікті жерде шешілетіні айқындалып, Үкімет деңгейінде шешілетіндері жоғарыға жолданады деп келісілді. Өңір басшысының қатысуымен осындай басқосулар алдағы уақытта да тұрақты өткізіліп тұрмақшы.