Сыр-ана суалмасын!
Қызылорда облысында азды-көпті – 207 көл бар. Алайда соңғы кездері су тапшылығына орай – 17 көлдің кеңезесі кеуіп кетті.
Жалағаш ауданындағы – 3 көл, Шиеліде – 9, Жаңақорғанда – 2 және Сырдария ауданына қарасты – 3 көл тақырға айналды. Қалған көлдердің толымдылығы бар болғаны – 40-52 пайызды құрайды. Ал туризм айнасына айналады деген Қамбаш көлі жағалаудан 600 метрге жуық қашықтап, айналасы балшықтанып, сасып кетті.
Төрт мемлекетті тел емізетін трансшекаралық Сырдария өзенінің күйі соңғы жылдары мәз емес. Сыр елі дарияның төменгі ағысында орналасқандықтан жоғарыдан келетін суға тікелей тәуелді. Өйткені, Сырдария өңірдің өзегі, аймақ халқының тағдыры. Былтырғы жылы аймақтағы су тапшылығынан қажетті су көлемі жеткілікті деңгейде болмады. Ал биылғы жағдайы былтырғыдан да төмен болмақ деген болжам бар.
Қазгидрометтің болжамы бойынша жағдай әлі де дұрысталған жоқ. Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі – 17 млрд 771 млн текше метрді құрап, өткен жылдан 1 млрд 954 млн текше метрге кем екені белгілі болды. Сондықтан биылғы жылғы суармалы судың жағдайы өткен жылғыдан да күрделенбек.
«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов: – «Шардара су қоймасында жиналған су көлемі Көксарай су реттегішімен қосқанда өткен жылмен салыстырғанда – 1,1 млрд текше метрге азайды. Осыған байланысты, су лимиттерін қайта белгілеу шаралары атқарылуы қажет», – дейді.
Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев болса, «қосымша су көлемі жеткіліксіз болса облыстағы негізгі дақыл – күріш алқабын қысқартуға мәжбүрміз», – деді.
Үш жылдан бері қайталанып отырған су тапшылығына орай, облыста арнайы Жол картасы әзірленді. Яғни, картаға суармалы сумен қамтамасыз етуді және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жобалар енгізілді.
Аймаққа іссапарлап келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов жағдайдың күрделі екенін, барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін айтады.
– Жақын арада Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Алматыға келмек. Сондай-ақ ҚР премьер-министрі Ташкент қаласына барып келіссөздер жүргізеді. «Аяқ су тапшылығы Сыр елінде ғана емес, оңтүстік өңірлердің барлығында орын алды. Нақты жағдайды саралап отырмыз. Биыл Көксарайға су жинау мүмкіндігі болмайды. Сондықтан су тапшылығының алдын алу үшін барлық мүмкіншіліктерді пайдаланамыз. Жол картасында көзделген жоспарларды толық орындауға тиіспіз», – деді вице-министр.
Сырдария өзенінің – 90 пайыз суы өзге елдерден яғни, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы келеді. Қазіргі таңда Тоқтағұл су қоймасында –8,9 млрд. текше метр су бар. Ол өткен жылмен салыстырғанда – 1,5 млрд текше метрге кем.
– Өкінішке қарай, Шардара су қоймасына вегетацияаралық кезеңінде өткен жылдың 1 қазанынан бастап осы жылдың 1 сәуіріне дейін – 10,3 млрд. текше метр су келеді деп болжаған болатынбыз. Алайда, су болжағаннан да кем түсіп отыр. Осы жағдай жалғасатын болса, 10,3 млрд. текше метр судың орнына Шардараға – 7,3, яғни – 3 млрд-қа кем су келуі ықтимал. Қызылорда облысының егістік жерлері бар, одан қалды Арал маңындағы көлдер жүйесі бәрі де Шардараға қарап тұр. Сыйымдылығы – 5,2 млрд. текше метр болатын Шардараға вегетациялық кезде су келмейтін болса, жағдай өте күрделі болмақ. Барлық аудандарда да қиыншылықтар бар. Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистралды каналын суландыру мәселесі бар, Шиеліде Қамысты каналында проблема бар. Былтыр насоспен магистральды суды қосымша беріп көрдік. Нәтижесі болды. Сол себепті бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Сырдария мен Жалағаш ауданында да ондай мәселе жоқ. Бұл– 2 ауданда ең үлкен күріш алқабы бар. Жылына – 20 мың гектарға дейін күріш егеді. Дегенмен, сол аудандарға биыл күріш көлемін шектеу керек. Себебі, жақын орналасқан Қармақшы ауданына су жетпей, қиындық туғызады. Ал өткен жылы Қармақшы ауданында Батыс Қармақшы қашыртқысынан Қурайлы каналына насос айдап көрдік. Биыл да сол жұмыстар жалғасын табады. Аз да болса Қармақшының жағдайы дұрысталады деген ойдамыз. Сондай-ақ Қазалы ауданындағы Әйтек каналының құрылыс жұмыстары біткеннен кейін, Қараөзектің бойына су жиналуына мүмкіншілік болды. Сонымен қоса қосымша насостар қою арқылы шешуге мүмкіндік бар, – деді С.Қожаниязов.
Су тапшылығы кезінде дария деңгейінің төмендігі бір мұң болса, каналдардың тазалығы да кезек күттірмейтін мәселе. Осыған орай, облыста каналдарды тазарту жұмыстары жүреді. Сырдария өзеніндегі су мәселесі қашанда өзекті. Әр тамшы судың қадірін ұғыну, оны үнемді және тиімді пайдалануға бәріміз үлесімізді қоса білгеніміз жөн.