Сыр өңірінің инфрақұрылымына қатысты мәселе азайып келеді
Халықтың тұрмысына қолайлы болу үшін ең алдымен өңірдің инфрақұрылымдық мәселесі шешімін тапқаны дұрыс.
Осы орайда бір кездері бұл мәселе мемлекет басшысының аузымен айтылып, атап та өтілген еді. Яғни президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «инфрақұрылым жүргізбей, жерді сатпау қажеттілігін» бірнеше рет тілге тиек еткен еді. Алайда осы уақытқа дейін елімізде инфрақұрылымдық жағдай жасамай жатып, қоныстанып үлгерген тұрғындар жетерлік. Осы орайда халық қоныстанып қойған өңірлердің инфрақұрылым мәселесін тезірек шешіп беру бүгінгі күні жергілікті атқарушы билікке қойылып отырған басты міндеттердің бірі болып отыр. Ендеше, Қызылорда облысының инфрақұрылым мәселесіне тоқталып, қоғамымызда күйіп тұрған мәселені талдауды жөн көрдік.
Көзімізге ең алдымен іліккен статистика бүгінгі күні облыс бойынша230 ауылдық елдімекеннің 86 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған көрінеді. Әсіресе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының ықпалымен өңірдің инфрақұрылым мәселесі біршама азайғаны қуантты. Негізі аталмыш ұлттық жоба негізінде «облыс тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді» деп күтіліп отыр екен. Бес жылға арналып отырған ұлттық жобаның көтерер жүгі оңай емес екені осыдан-ақ белгілі.
Осы орайда жоба міндетін сөзбе-сөз келтірсек, «Инфрақұрылымды кешенді дамыту негізінде он алты мың шақырым ауыз су, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді» деп жоспарланған екен. Жоба ойлағандай жүзеге асса көптеген қызылордалық тұрғындардың инфрақұрылымдық мәселесі шешіліп, әлеуметтік экономикалық жағдайы жақсара түспек. Ал тұрғындарға бұдан артық не керек? Сондықтан Қызылорда облысының тұрғындары қолға алынған шаралардың тезірек іске асуын тілеп отыр.
Мысал келтіре кетсек, бүгінгі таңда Қызылорда облысының төрт басты қаласында 364 мыңнан астам тұрғын тұрса, олардың барлығы 100 пайыз орталықтандырылған су жүйесімен толық қамтылған. Яғни Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр тұрғындары қазіргі таңда сапасы талапқа сай, үйлеріне дейін кіргізілген суды тұтынып отыр. Сондай-ақ облыс бойынша 230 ауылдық елдімекеннің 86 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғаны да ауыз толтырып айтарлықтай мақтаныш болып отыр. Бүгінгі күні халық игілігін көріп отырған бұл шаралар жалғасын таба бермек.
Алдағы уақытта «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында халықты ауыз сумен қамту көрсеткішін 86 пайыздан 98 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын ескерсек, қалған тұрғындардың да қуанатын күні алыс емес. Облыс әкімдігінің келтірген мәліметіне сүйенсек, «2023-2025 жылдарға дейін 6 елдімекен Арал-Сарыбұлақ топтық су жүйелеріне қосылады. Оның ішінде Арал, Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Қазалы Шәкен елдімекендері бар. 2023 жылы Шиелі ауданындағы Қосүйенкі мен Қызылқайың елдімекенінде ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіледі» деген дерек келтіріп отыр. Және 2024-2025 жылдарға дейін 24 елдімекенде су тұщытқыш орнату жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Демек облыстың инфрақұрылымы жақсара түспек. Негізі ауыз судың талапқа сай болуы көптеген жұқпалы аурулардың алдын алып, тұрғындардың денсаулығына да оң ықпал етеді. Сондықтан ауыз су мәселесінің шешілуі халықтың денсаулығының жақсара түсуіне де әсер етер еді. Жалпы Қызылорда өңірі уақыт сұранысына сай жедел дамып, өңірдің мәселелерін дер кезінде шешіп, қарқынды дамып келе жатқан өңір ретінде көзге түсуде.