Сыр сәйгүлігі Фин елінде бәйгенің алдын бермеген

Бұл хабар жұртшылықты елең еткізген еді. Биыл тамыз айының ортасында «Хабар 24» телеарнасынан берілген жаңалықтардың бірі «Финляндияда қазақ сәйгүлігі жұлдызға айналды» деп басталды.
Телекөрсетілімде Сыр бойынан шетел асып апарылған жүйрік аттың Финляндияда сегіз жыл бойы бас бәйгені бермегені, мемлекетке 8 млн доллар пайда әкелгені баяндалады. «Заслон» атты әлгі тұлпарға Хельсинки қаласы орталығынан ескерткіш қойылғаны да сонда айтылды.
Әлқисса, 1992 жылы Алматыда дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өтті. Сонда бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістігінің көрмесі тамашаланды. Осы кермеде жер тарпып тұрған Сыр бойының сәйгүлігі Финляндия мемлекетінің президенті Мауно Койвистоға ұнаған көрінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келген қонағына құрмет көрсететін дәстүрмен сәйгүлікті көрмеге апарған Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Сейілбек Шаухаманов пен Шиелі ауданының әкімі Жолдасбек Ергешбаевқа: «Мына жүйрікті қонағымызға мінгізсек қалай қарайсыңдар?» – дейді. Қазақы дәстүрді берік ұстайтын олар келіседі. Осылайша атты ер-тоқымымен Финляндия президенті Койвистоға сыйға тартады.
Бұл оқиға туралы әлгі сәйгүліктің нағыз иесі, сол кездегі Шиелі ауданына қарасты «Телікөл» кеңшарының директоры Нұрбек Есжанов былай әңгімелейді: «Сейілбек Шаухамановтың Шиелі ауданының бірінші хатшысы кезінде екі мәрте Еңбек Ері, атақты диқан Ыбырай Жақаевтың 100 жылдығы өтуі қарсаңында Сәкең кеңшар директорларын арнайы жиып: «Ауданымыз барлық жағынан да озық, ал ат жарысында да бас бәйгені бермеуіміз керек. Жігіттер, намысқа тырысып, бір-бір жүйрікті баптаңдар», – деп тапсырма берген-ді. Осы қайрау түрткі болып, бес кеңшардың директоры Сарыағашқа барып ат таңдадық. Ипподромдағы ат бәйгесінде «Анонс» атты арғымақ суырылып алға шықты. Содан Тәшкеннің ипподром директорына жата жабысып, сатуын өтіндім. Ол, әрине, әуелгіде келісе қоймады. «Мінезі шатақ, көлікке тиеу тіптен қиын», – деді. Қайта-қайта барып жүріп, соңында әлгі сәйгүлікті 1 млн сомға сатып алдым. Шиеліге келген соң, бірнеше бәйгенің алдын бермеген жүйрік ат менің қолыма осылай түскен еді», – дейді ол.
Финляндия президенті экс-президент сыйға тартқан сәйгүлікті көрме алаңында олай-былай мініп жүріп тіптен қайран қалады. Жоталы да сирақты жылқының жүрісі де әсем болса керек. Ал мәртебелі қонақтың жұбайын сол көрмеге апарған фаэтон арбамен серуендеткенде қазақ халқының қонақжай дәстүріне олар тіптен риза болысады. Сонымен арада екі ай өткенде экс-президенттің тапсырмасымен қонаққа сыйланған жылқы арнайы вагонмен Фин еліне жеткізіледі.
«Осы жерде бір кілтипан орын алды, – деп еске алады Нұрбек Есжанов. – «Анонс» аталатын алғашқы жүйріктің сол кезде денсаулығында ептеп кінәрат болды да, оның орнына баласы – «Заслон» атты жүйрікті жібердік. Бұл да күреңқасқа жылқы еді, екеуі тіптен ұқсас болатын. Жол бойы аттың жағдайын жасап, күтімін қарау үшін бір мал дәрігері мен жұмысшыны қосып бердік. Олар «Телікөл» кеңшарының кіші мал дәрігері Қыдырия Күлібаев пен «Ленин» кеңшарының жұмысшысы Тыныштықбай Сыздықов болатын».
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елі атынан Финляндия президентіне сыйға тартылған Сыр сәйгүлігі сегіз жыл бойы бас бәйгені бермейді. Кейіннен тұлпарға лайықты құрмет көрсетіліп, финдердің атақты жылқыларына арналған аллеяға жерленіп, тас мүсіні қойылыпты. Ал арада 29 жыл өткенде, яғни 2021 жылдың жазында ерекше сыйды Фин еліне аман-есен жеткізген Тыныштықбай Сыздықов пен Қыдырия Күлібаевқа Финляндия мемлекетінен шақыру келді. Онда қыркүйек айында өтетін Король кубогына арналған аламан бәйге мен басқа да салтанатты шаралардың құрметті қонағы ретінде қатысулары үшін арнайы шақыру қағазын жолдапты. Алайда әлемді жайлаған індетке байланысты әлгі шара кейінге қалдырылып, құрметпен шақырылған шиеліліктерге шетелге барудың сәті түспеген көрінеді.
«Айтпақшы, – дейді ат иесі Нұрбек, – «Сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, фин президенті атты апарған біздің жігіттер арқылы бір құмыра финвиносы, әдемі қаламсап пен блокнот және аңшы қанжарын беріп жіберген екен. Сонда Жөкеңе айттым: «Сіз батыр адамсыз ғой, қанжарды өзіңіз алыңыз. Қаламсап пен блокнотты Сейілбек Шаухаманов ағамызға сыйлайық, өйткені ол кісі жазу-сызуға да бейім. Ал винодан осы іске араласқан жігіттерге дәм татырайық», – дедім. Расында, қанжар Жөкеңе ұнап, бір аптадай жамбасына байлап жүргені бар».
Иә, жылқы – еркіндікті сүйетін бостандықтың символы. Жылқы малы таза, кірпияз, судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейтін қасиетті, намысшыл жануар. Осы қасиеті арқылы фин елінде қазақтың атын шығарған жүйрігімізбен мақтанып, оны жаратып, сыйлаған иелеріне қандай құрмет көрсетсек те артық емес.