Сыр жұрты арда азаматтарды ұлықтады
Сыр өңірі «елім» деп еңіреп өткен жалаңтөс батырлармен бірге, елі, жері үшін толағай қызмет атқарған нар тұлғаларға толы.
Жақында Сыр жұрты мақтан тұтатын бірнеше азаматқа өздері туған жерінде ескерткіш мүсіндер ашылып, құрмет көрсетілді.
Қайраткер есімі ұлықталды
Нақтылап айтатын болсақ, алғашқысы Ұзақбай Қараманов. Егемен халықтың еңсесін тіктеуде Ұзақбай Қарамановтың еңбегі зор. Қарапайым балықшы әулетінде дүниеге келіп, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі болған қайраткер есімі әркез ел жадында сақтаулы. Аралда өткен іс-шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Сондай-ақ теңізді өлкеде дүниеге келген тұлғаның аты аудан орталығындағы №262 мектеп-гимназиясына берілді. Осы салтанатты жиында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов:
– Аралда салынған ең үлкен мектепке Ұзақбай Қарамановтың атын бергені біз үшін үлкен қуаныш. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аралдық азаматпен мектепте бірге оқып, жас күнімізде осы ауданда бірге қызмет те істедім. Екеуміз де теңіз байлығын сүзген балықшылардың баласымыз. Ол 1958-1964 жылдары облыста қызмет істеп, одан кейін сол кездегі астана – Алматыға жұмыс бабымен ауысты. Құрылыс маманы еді. Сол саланың барлық сатысынан өтті. Ұялыдан шыққан Ұзақбай өз білімі мен қажыр-қайратын елге қызмет жолына арнап өткен адам, – дейді.
Ұзақбай Қараманов атын иемденген 1200 орындық мектеп-гимназия 2009 жылы пайдалануға берілген. Шара барысында министр, облыс басшысы және Ұ.Қарамановтың ұрпақтары мен замандастары қайраткерге арналған мектеп ішіндегі музей жұмысымен танысты.
Елі үшін тер төккен
Сондай-ақ осындай айтулы шара Қызылорда қаласында да өтті. Онда мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш-мүсінін ашу рәсімі болды. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, соғыс ардагерінің жары Қалзира Қалиева, қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қатысты. Шара барысында алдымен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың Сыр жұртшылығына арнайы жіберілген құттықтау жеделхаты оқылды. Онда: «Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің жарқын болашағы жолында қажырлы қызмет еткен тарихи тұлға Ы.Қалиевтің ескерткішінің Қызылорда қаласында орналасуы – өскелең ұрпақ үшін ерекше үлгі-өнеге. Халқымызға талай біртуар қайраткерлерді тарту еткен Сыр елінде өскен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында жаңадан шаңырақ көтерген жас мемлекет басшылығының сарабдал саясатын жүзеге асыруда ерекше еңбек сіңірді. Аймақтың абыройлы қайраткері Ы.Қалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына бар күш-жігерін салды. Ғибратты ғұмырдың үлгісін көрсеткен тарихи тұлғаның тұғыртасы өскелең ұрпаққа өнеге болсын» делінген. Облыс әкімі шарада барша қызылордалықтарды айтулы мерекемен құттықтап, Ы.Қалиевтің елге сіңірген еңбегін атап өтті.