Сырдарияда суға батқан тоғызыншы адамның денесі табылды
Түркістан облысында Сырдарияға шомылуға барып, батып кеткен тоғызыншы адамның денесі табылды.
Бұл туралы жергілікті ТЖД хабарлады.
Бүгінгі таңда суға батқан 11 адамның ішінен ТЖД күшімен 9 адамның, оның ішінде 3 әйелдің және 6 кәмелетке толмаған баланың денесі табылып, судан шығарылды, 2 кәмелетке толмаған баланы іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Белгілі болғандай, демалыста 20 адамнан тұратын 4 отбасы болған.
«ТЖД-да жедел штаб құрылды, жедел желі жұмыс істейді (8725 33 5-78-81). Түркістан облысы ТЖД басшылығы оқиға орнында жағдайды бақылауда ұстауда. Оқиғанын мән-жайын Түркістан облысының Полиция департаменті анықтап жатыр», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2023 жылғы 21 тамызда сағат 17-40-та Түркістан облысы Отырар ауданында, Көксарай ауылынан 3 км жерде, Сырдария өзенінде шомылуға рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде 11 адам суға батып кетті.