Сырдың сексеуілі тез өнеді
Қызылордада USAID-тың ұйымдастыруымен халықаралық су ресурстары және қоршаған орта мәселелері жөнінен екі күндік конференция өтті.
Арал теңізі донорларының үйлестіру шарасына ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Қызылорда облысы әкімдігінің, ұлттық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен қоса, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы сияқты донорлық қоғамдастықтың 130-ға жуық ресми өкілі қатысты.
АҚШ елшілігінің Бас консулы Кэролайн Сэвидж және USAID Аймақтық миссиясы директорының орынбасары Луис Ривера Арал теңізі донорларының үйлестіру конференциясын ашты.
USAID-тың су ресурстары және қоршаған орта жөніндегі аймақтық жобасы Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі ортақ су ресурстарын басқаруда аймақтық әлеуетті нығайту және экологиялық қатерлердің алдын алып, салдарын азайтуға қатысты баяндамалар оқылды.
Жиын барысында халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз, жоба менеджері Рустам Исаходжаев және өзге де мамандар тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін білдірді.
Әлемге аян Арал теңізінің экологиялық ахуалы күрделі. Өңірдегі күнделікті шаңды және құмды дауыл тіршілік ырғағына, әсіресе балық және мал шаруашылығымен айналысатын халықты әбігерге түсіріп отырғаны рас. Осыған орай, АҚШ халықаралық даму агенттігі аймаққа қатысты жобаларымен таныстыру үшін конференция алдында Арал өңіріне экспедиция ұйымдастырды.
Сондай нәтижелі жобалардың бірі Арал ауданы Қаратерең елдімекеніндегі көшпелі құмды тоқтату және тұзды дауылға тосқауыл болар сексеуіл өсімдігін өсіру қолға алынып, экожүйені қалпына келтіруге бетбұрыс жасалып келеді.
– Елімізде орман алқабының 60 пайызға жуығын сексеуіл құрайды. Бұл ағаштың басым бөлігі біздің облыс аумағында жатыр. Экологиялық жағдайға байланысты теңіз табанынан тұз бен шаң ауаға тарайды. Қазіргі таңда Аралды құтқару қоры USAID-пен бірге 500 гектарға сексеуіл егу жобасын қолға алды. Оның ішінде 150 гектары қолдан егілсе, қалған бөлігіне өзге жаңа технологиялар пайдаланылады. Негізінде сексеуіл құмды жерде жақсы өседі. Жергілікті мамандар қаншама жылдан бері тәжірибе жинады. Сексеуіл өсіруді жақсарту мақсатында дәнді арнайы пакеттерге салып егу әдісіне мән берілмек. Кәдімгі тәсіл бойынша оның өсу көрсеткіші 30 пайызды құраса, бұл әдіспен 60-80 пайызға артып отыр, – дейді ХАҚҚ Қазақстандағы атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова.
Халықаралық қордың негізгі мақсаты – Арал теңізі алабының қазақстандық бөлігіндегі су шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайды жақсарту. Бұл бойынша өзекті мәселелерді шешуге және практикалық іс-шараларды үйлестіруге халықаралық донорлық ұйымдар қолдау көрсетіп келеді. Донорлар қатарында Германия, Жапония, Қазақстан және Өзбекстан, сондай-ақ GIZ, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты халықаралық донорлық топтар бар.