Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:38, 05 Мамыр 2023

Сырдың суы күрт түспесін десек...

None
None

Сырдарияның ағыны бұрынғыдай емес, деңгейіне су жеткізе алмай жүргеніне біраз жыл болды.

Аймақтағы су тапшылығы мен оның шешілу жолдары алдағы уақытта қабылданатын су кодексінде қамтылуы тиіс.

Алдымен үлкен Аралды айтпай-ақ, кіші Аралдың мәселесіне келсек, соңғы 12 жыл көлемінде теңіздегі су көлемі 27 млрд текше метр­ден 20 млрд-қа дейін азайған. Теңіз өз жағасынан 15-20 метрге шегі­ніп кетті. Аралды қалыпты деңгейде сақ­тау үшін жыл сайын кем дегенде 3 млрд текше метр көлемінде су құйылуы қажетті­гін ескерер болсақ, солтүстік (кіші) Аралдың жағдайы өлі аумаққа айналған үлкен Арал теңізінің тағдырын қайталауы ықтимал. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Көкарал бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын жедел жүзеге асырмаса, жағдай күрделене түспек.

Алдыңғы жылы Арал теңізіне қажетті су көлемінің тек 15,6%, яғни 1,2 млрд текше метр судың 199 миллион текше метрі ғана түсті. Сол жылы өңірде қуаңшылықтан жайылым­дық жерлер құрғап, мал шығыны болып, төтенше жағдайлар орын алды. Ал былтыр болса, Сырдария өзенінен теңізге жоспарланған мөлшердің тек 16% түсті.

Сыр өңірінің экономи­калық және экологиялық жағдайы, хал­қының тыныс-тіршілігі Сырдарияның суынан бөлек күрішімен де байланысты. Ішкі нарықты күрішпен қамтамасыз етуде республиканың суармалы суының 30% астамын тұтынып отыр. Ал күріш 110 күнге дейін суда тұрып дән байлайды, піседі. Су тапшылығын азайтуда кейбіреулер күріштіктің көлемін азайту керек дейді. Бірақ күріш өсірмесең облыстың экологиялық ахуалы нашарлап, топырақ тұзданып, Аралдан өткен апатқа алып келетіні белгілі. Өйткені Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, аса тұзды топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Топырақ­тың тұздануы үздіксіз жүру салдарынан ауыспалы егіс жүйесі де айналымнан шығады. Бұл – мамандардың тұжырымы.

Күріш алқаптарының көлемін қазіргі деңгейден күрт азайтуға болмайтыны және күріш өсіруге су үнемдейтін тамшылатып немесе жаңбырлатып суару технологиясын қолдану да мүмкін емес. Тығырықтан шығудың бір жолы – ауыспалы егіс тәртібін сақтай отырып, лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу. Бұл – суды үнемдеудің ең тиімді жолы. Мәселен, күрішті 1 гектар аумақта өсіріп, баптау кезеңінде 28-32 мың текше метр аралығында су жұмсалатын болса, лазерлік тегістеуден өткен жерлерде су шығыны 24 мың текше метрге дейін төмендейді.

Об­лыста суармалы жерлерді қалпына кел­тіру мақсатында 3 жоба әзірленіп, оның біреуі (ПУИД-2) іске асырылуда. Ал жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80% қалпына келмек. Шаруашылық құрылымдары бүгінге дейін 60 мың гектар жерді лазерлік тегістеуден өткізді. Бұл егістік жердің 34%-ын құрайды, ал таяу уақытта аяқтап шығу үшін үкіметтің қолдауы қажет және шаруаларға осы бағытта субсидиялауды жол­ға қойғаны дұрыс.

Елімізде суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары, нақтырақ айтқанда 5% жетер-жетпес көлемі ғана судың ең көп шығынына батып отырған Қызылорда облысы­ның үлесінде. Демек, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктері Қызылорда облысының суармалы жерлерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту бағытындағы жобаларын қаржыландыру көлемін арттыруға күш салуға тиіс.

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Қызылорда облысының барлық ауданында тұратын халықтың әлеуетін арттыратын Сырдың суын дарияның жоғары ағысында отырған көрші мемлекеттермен ымыраласып, келіссөздер жүргізгенде Арал теңізінің жағдайын назардан тыс қалдырмай, халықаралық шарттарға сүйеніп, өзеннің суын тең пайдалануда табандылық таныту бүгінгі күні өзекті болып отыр.

Тегтер: