Сырдың суы сирақтан...
Бұл мәселені жазуыма түрткі болған – «Жас Алаш» газетінің өткен жылғы 3 желтоқсан, №97 санындағы «Сыр өңірінде күріштің келешегі не болмақ?
» атты мақала.
Иә, расында, былтыр Сыр өңірінде суармалы егісте су тапшылығы қатты байқалды. Сыр алтыны саналған «сары алтын» күрішке қатысты проблемалар шыға бастады. Тоқсан күн суда тұрып өсетін Сыр маржанының орнын басатын дақылдар егуді ұсынушылар қылаң бере бастады. Әрине, олар істің оңтайлысын толық түсінбеушіліктен деп білемін. Мен өзім Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш-зерттеу институтының директоры Б.Дүйсенбеков пен профессор С.Өмірзақовтың пікірлерін қолдаймын.
Әрине, Азиядағы ең ірі екі өзеннің бірі саналатын Сырдарияның бүгінгі жағдайы мәз емес. Бүгінгі таңда дарияның табаны жоғарыдан ағызылып әкелінген құммен толып, әр-әр жерде қайраңдап қалған. Әсіресе соңғы жылдары дария суының азаюы қатты байқалуда. Өзен деңгейінің төмендеуіне әсер еткен түрлі себептер бар. Солардың бірі – жоғарыдағы қырғыз, өзбек ағайындар суға сараңдық танытып, қажет уақытында бермейді, оған қоса, ғаламдық экологиялық мәселелер, өзен суын жолшыбай егістік пен өнеркәсіптер шектен тыс пайдалануда және мұнай өндірістің қарқынды дамуы т.б.
Негізі, әлемде ірі өзендердің барлығы дерлік трансшекаралық болып келеді. Сондықтан да олардың жағдайы сол мемлекеттердің шешіміне байланысты болады.
Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы – 2219 шақырым, Қазақстан жеріндегі ұзындығы (Түркістан, Қызылорда облыстары аумағында) – 1400 шақырым. Өзен ағынын реттеп, суын егістік (күріш, мақта, бау-бақша) пен шабындықтарды суаруға және суландыруға тиімді пайдалану үшін өзен бойында бірнеше бөгендер мен каналдар салынған. Төрт суқойма салынған: Тоқтағұл (Қырғызстан), Қайраққұм (Тәжікстан), Айдаркөл (Өзбекстан), Шардара (Қазақстан). Кейбір мамандардың болжамынша, дария суын реттеуге арналған дәл осы жасанды суқоймалар салынғаннан кейін өзеннің суы азайып кеткен. Кейіннен Сырдария өзенінің Түркістан тұсынан Көксарай суқоймасы салынды, осыдан кейін Қызылорда өңіріне су мүлдем шекті аз мөлшерде келуде. Жақын арада Сырдария өзенінің тағдыры шешілмесе, дарияның төменгі ағысындағы елдің жағдайы мүшкіл халге түседі.
Егер жылдан-жылға дария суы осылай азая беретін болса, әупірімдеп отырған Кіші теңізден де айырылып қалуымыз мүмкін. Онымен қоса, экологиялық, экономикалық қана емес, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі мәселелер туындайды.
Басты мәселе жоғарыдағы қырғыз ағайындардың Тоқтағұл суқоймасында болып тұр. Олар қажетті мөлшердегі суды дарияға жібермей отыр. Бұл мәселені облыс әкімі түгіл, министрліктің өзі шешуге қауқары жоқ. Мұндай мемлекетаралық мәселені тек президенттің араласуымен ғана шешу мүмкіндігі бар. Мүмкіндігі ғана деп отырмыз.
Арал-Сырдария экология департаментінің талдау және бақылау бөлімінің бастығы Оразгүл Жүнісованың айтуынша, Сырдария өзенінің Шардара суқоймасынан бастап, Аралға дейінгі аралығы Қызылорда облысына тиесілі, мұндағы судың деңгейі биыл өте төмен. Оған қоса, судың сапасы барған сайын нашарлап барады дейді. Біріншіден, дария суының астын тазарту керек. Сонау кеңес дәуірі тұсында дарияның табанын арнайы аппаратпен тазартып отырған (земснаряд). Яғни үстінде насосты моторы бар арнайы баржа жүріп, дария табанындағы құмды сорып, жағаға шығарып отырған. Дарияның түбі бұрындары терең болатын. Қазір мүлде таяз болып кетті. Әсіресе жаз айларында дария суы тартылып, қайраңдап, қара суларға айналады. Оның астына қалдықтар шөгіп кеткен.
Қырғыз ағайын не дейді?
Ғалымдардың болжамдары бойынша Қырғызстандағы мұздықтардың көлемі 2025 жылы 30-40 пайызға азайып кетуі мүмкін. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы өзендер суының 25-35 пайызға азаюына алып келеді. Солай кете берсе, 2100 жылы Қырғызстанның географиялық картасында мұздықтар жойылуы әбден мүмкін. Ал Қазақстанның бүкіл өңірді көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етіп отырған оңтүстік аймағы қуаңшылыққа ұшырап, шөл далаға айналуы мүмкін. Өйткені бұл өңірде басқа су көзі жоқ. Оған қоса, Кіші Арал тартылып, экология ушығады. Бұл бір ғана Қазақстанға емес, әлем елдеріне әсер етеді, сондықтан бұл мәселені әлем елдері болып тез арада шешуіміз керек.
Гляциологтар мұздықтардың аз-аздап еріп, күндердің бір күнінде жойылып кететінінен қауіптенеді. Сондықтан азиялық Тянь-Шань мұздықтарының мәселесі осы өңірдегі елдердің ешқайсысын толғандырмай қоймауы мүмкін емес.
Қырғызстан гляциологиялық стансасының жетекшісі Бақыт Ерменбаев мұздықтардың жыл сайын өте жылдамдықпен шегініп бара жатқанын айтып, көп жылдан бері мәселе көтеріп келеді. Ғалымның айтуынша, қыста қар аз жауып, жазда күн жылынғанда мұздықтардың көлемі азая түседі – дейді.
Урустам Қабылбековтің «Мұздықтарды сақтауда бөлінудің еш керегі жоқ. Бірігіп жол іздейік» дегені әлем елдерінің құлағына жетсе екен деймін. Себебі оның зардабы ертең тек бір елдің ғана емес, әлем халықтарының тағдырына әсер етуі әбден мүмкін. Бұл тек Орталық Азияға емес, бүкіл әлемге экологиялық қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Оған бір дәлел – Арал апаты.
Урустам Қабылбековтің бастамасымен мұздықтарға дүние елдерінің көңілін аудару үшін Қырғызстанда «Мұздықтардың әлемдік аллеясын» ашу бастамасын көтерген екен. Бастаманың бір тарауында Қырғызстанның биіктігі 5621 метр болған Түркістан қырқасындағы мұздыққа Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың, Сары-Жаз өзенінің бойындағы мұздыққа (5576 м) Иса пайғамбардың, Алай қырқасындағы мұздыққа (5539 м) Мұса пайғамбардың, Сары-Жаздың бойындағы тағы бір 5361 м биіктіктегі мұздыққа Будданың есімдерін беруді ұсынған еді. Бұл да бір керемет қолдайтын шара.
Шынтуайтын айтқанда, су Қырғызстан үшін ондай проблема емес, олар мұздықтың етегінде отыр. Қанша су ішем десе де, өз еркінде. Ал біз үшін ол ауадай қажет дүние. Сондықтан біздің ел болып, халық болып, мемлекет тарапынан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Қырғызстанның солтүстігінде Қазақстанмен шектесетін Тянь-Шань тауларында 6000-дай мұздық бар. Жалпы алғанда, барлығының саны – 6771. Жалпы көлемі – 8047 шаршы шақырым. Яғни Қырғыз елі территориясының 4,2 пайызын құрайды.
Мұздықтардың жыл сайын еріп тұруы заңды құбылыс. Бірақ кейінгі қырық жылда Жер шарында жылдан-жылға үдей түскен климаттың жаһандық жылынуы мұздықтардың көбірек еруіне әсер етуде. Мұның үстіне осы жылдардағы адамның араласуымен болып жатқан технологиялық үрдістер мұздықтардың еруіне өзінің қомақты үлесін қосып келеді.
Сөз түйіні, Қырғызстан вице-премьері Тайырбек Сарпашев: «Қырғызстан ретінде емес, әлем көлемінде шара қолданылуы керек. Әйтпесе 20-30 жылдан кейін болашақ ұрпаққа қатты қиын соғады», – деді.
Ал Қазақстан жағы оған не дейді екен, соңын бағайық. «Судың да сұрауы бар» ғой, ағайын.