Сырдың тынысы қашан ашылады?
Қуаңшылық қос өкпеден қысты. Жаз басталмай тұрып төрт түлігі қолға қараған шаруаның қазіргі күйін елестетудің өзі қиын.
Көтерем болған көп түлікке азық керек. Шығын аз емес. Онсыз да суы сарқылып, өзені өзек болып қалған Сырдарияның жайы да жығылғанға жұдырық болды. Әсіресе бұл Арал жұртына қиын соғуда.
Деректерге жүгінсек, Арал ауданында 931 шаруа қожалығы есепте бар. Олардың ішінде 700-ден астамы төрт түлік өсіруге бейімделген құрылымдар. Демек, жайылымы жұтап, көлдері суала бастауы шаруа қауымына оңай соққы емес. Қазіргі есепте аудан бойынша 104 мыңнан астам уақ мал, 54,2 мың мүйізді ірі қара, 43,5 мың жылқы, 32,4 мың бас түйе бар. Олардың 175 мыңнан астамы жеке тұрғындар қолында болса, қалғаны шаруа қожалықтарының үлесінде. Тағы айтайық, табиғат жыл басынан бері қырын қабақ танытып тұр. Қыста қар, көктем айларында жауын-шашын аз түсті. Жайылымдық жерлер тақырға айналды. Осындай келеңсіздіктің салдарынан малдың қырылу қаупі төнді. Қазіргі күнге ресми деректе 481 бас мал өлген. Оның ішінде 321-і жылқы, 159-ы мүйізді ірі қара және түйе бар.
– Өлген малда ешқандай жұқпалы ауру белгілері байқалған жоқ. Оны ветеринария мамандары анықтап, тиісті хаттамасын жасады. Күрделі жағдай қатаң қадағалауға алынды. Кезекшілік ұйымдастыру қолға алынып отыр. Оған ауыл тұрғындары, еріктілер, жедел құтқару жасағы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары топтастырылған. Малға арнайы бақташылар бекітуге назар аударылды, – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев брифингте.
Е.Әбішевтің айтуынша, жемшөп қорын жасақтауда көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және Сыр өңіріндегі аудандармен осы мәселеге байланысты келісім жасалуда. Қазірге дейін ауданға барлығы 116 тонна жоңышқа шөбі жеткізілді. Алдағы күндерге 518 тонна жоңышқаға тапсырыс беріліп отыр. Қуаңшылыққа қосымша болып тұрған түйткіл – дариядан келетін судың аздығы. Шабындық жерлерге су жетпей, көлдердің қүрделі күйге түсуі жағдайды қиындатып жіберді. Жайылымдық жерлердің суаттардан қашықтығы 20-25 шақырымға жуық. Оған қоса, мамырдан бастап күннің күрт ысуы жайылымы жайсыз болып тұрған малды әлсіретіп жіберген. Алғашқы кезекте басты 49 су ұңғымасының дерегі нақтыланды. Құжаттандыру бойынша құзырлы мекемелер тарапынан тиісті шаралар қабылдануда. Негізгі мақсат – елді мекендердегі су ұңғымаларын қайта қазып, суландыру мәселесін шешу.
Қуаңшылыққа ұрынған шаруалардың бірқатары қолдағы малын түгел қырып алмаудың қамымен сатудың амалына көшіп отыр. Олардың қатарында Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдарының тұрғындары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қой түлігін қазіргі нарықтан төмен ұсынуға мәжбүр. Аталған елді мекендерде құлынды бие 300-350 мың, қозылы қой 40-45 мың, бұзаулы сиыр 260-280 мың теңгеге бағалануда.
– Ауданда мал басының азаюы өнім өндіру көрсеткішіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл алаңдатарлық жағдай. Тағы бір айта кетерлігі, қорегін таба алмаған мал тартылған көлшіктердің табанындағы балшыққа батып, шығын болып жатқаны да рас, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
– 2000 жылы шыққан «Сақтандыру қызметі туралы» заң бар. Аталған заңға сәйкес, барлық заңды және жеке тұлғалар өз меншігіндегі мүліктерді сақтандыруға құқылы. Арал ауданында малы шығын болған шаруалар осындай талаптарға сай жұмыс жасаған болса, олар сақтандыру компаниясынан өтемақы талап етуге құқылы. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан сол өңірдегі қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралуда. Аудандағы мал шаруашылығы саласын қиын жағдайда қалдырмау мақсатында тиісті мәселелер пысықталуда. Қазір Сырдария, Жалағаш аудандарында өндірілген жоңышқа шөбінің бірінші орымы Арал ауданына тасымалдана бастады. Алдағы уақытта оған көршілес аудандардан тасымалдау арқылы қажетті шөп қоры жасақтала береді, – деді А.Тілеулеева.
Қазіргі таңда Ақбасты, Ақеспе, Тастүбек, Құланды, одан бергі Сырдарияның құярлық аймағындағы Жаңақұрылыс, Қарашалаң, Шөміш елді мекендерінің малы көл ортасындағы құраққа барамын деп ұмсынып, батпаққа батып өліп жатқан жайы бар. Далада ештеңе жоқ, өсімдік шықпай қалған. Былтыр күзде жаңбыр болған жоқ. Қыста қардың өзі аз жауды. Биылғы көктемде қырсыққанда бір тамшы жаңбыр тамбай қалды. Қазір осы тұрғандағы қара шаруаның жағдайы апатты десек болады. Сырдария өзені арқылы келетін судың деңгейін көтермей, күрделі жағдайды оңалту қиын. Сол арқылы аталған аймақтарда шабындық, жайылым мәселесін қалпына келтіруге болар еді.
Дегенмен жылымық жаңалық та жоқ емес. Сырдария өзеніндегі күрделі ахуал Тәжікстанда талқыланды. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Д.Джумамен кездесіп, тәжіктің Бахри Точик суқоймасынан маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр суды қосымша жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ал бұдан бір апта бұрын ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Қырғызстанның бірнеше министрлік басшылығымен кездесіп, бірқатар келісімге келді. Осыған сәйкес, Тоқтағұл суқоймасынан 330 млн текше метрден, яғни жыл сайын маусым-тамыз айлары аралығында (2023 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда) қосымша су жіберуді жүзеге асыру белгіленді. Демек, жоғарыдан келетін судың көлемі Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді.
– Мәселе осында, – дейді «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы Жорабек Нұрымбетов бізбен әңгімесінде. – Тәжікстандағы Бахри Точик суқоймасы мен Қазақстан аралығында суқойма жоқ. Бірақ Өзбекстан территориясында су алатын каналдар аз емес. Сұрап алған суымыздың мұрты бұзылмай толық жетуі үшін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі енді өзбек тарапымен жұмыс жүргізуді бастады. Нәтиже береді деп сенеміз.