«Сырлы домбыра, күмбір күй»

Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор, толғаушы Шәміл Әбілтайдың 75 жылдық мерейтойына орай «Сырлы домбыра, күмбір күй» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің ашылу салтанатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Шәріпбек Ағабайұлы сөз сөйлеп, ректордың атынан құттықтау хатын тапсырып, ашып берді. Ал дөңгелек үстелді «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті Мұрат Әбуғазы қызықты әрі әсерлі жүргізіп отырды. Сондай-ақ кешке ақын-жазушы Төреғали Тәшен, жазушы-тарихшы Асқар Селеубаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Халық музыкасы» факультетінің деканы Төлепберген Тоқжанов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры Айнұр Қазтуғанова, «Үкілі домбыра» байқауының лауреаты, шебер Мейірбек Ділмандар қонақ болып, кеш иесінің өнеріне тоқтала отырып, авторға ыстық лебіздерін білдірді.
Кеш барысында ақын Төреғали Тәшен:
— Шәміл Әбілтай туралы осы уақытқа дейін талай нәрсе айтылып, жазылды. Жақында Қали Сәрсенбай «Ана тілі» газетіне «Дәулеткерей. Ғабең. Шәміл» атты жаңа мақаласын шығарды» дей отырып, күйшіге арнап сиясы кеппеген жаңа өлеңін оқып берді.
Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Халық музыкасы» факультетінің деканы Төлепберген Тоқжанов: «Шәміл Әбілтайды жылда консерваториямызға қонақ есебінде шақырып келеміз. Әрі күйші ағамызбен сырласып, әңгімелесіп отырамыз. Әр адам өзіне лайықты марапатын алу керек. Аңыз адам деп өзіңізді әу бастан құрметтеп келеміз. Осыған орай, биыл Шәміл ағамыздың кешін консерваторияда бұдан да үлкен етіп өткізіп беруге уәде береміз, – дей келе, алдағы уақытта күйшінің құрметіне үлкен концерт өткізетіндіктерін жеткізді.
Жалпы Шәміл Әбілтай қалың жұртшылыққа орындаушылығымен қатар көптеген туындылардың авторы ретінде жақсы таныс. Осыған орай, дөңгелек үстелдің жалғасы автордың төл туындыларын топтастырған «Қазағым» атты кітабының тұсаукесер салтанатына ұласты. Су жаңа кітап тоғыз күй, тоғыз ән болып екі бөлімнен құралған. Кітаптың тұсауын тарихшы Асқар Селеубайұлы мен ақын, жазушы Төреғали Тәшен кесті.
Сонымен қатар күйшінің өнерге еңбегінің сіңгенін бағалап, ҚР көркем академиясы «Таранды» медалін төсіне тақты.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев Шәміл Әбілтайдың «Күй ата», «Аңсау» әндерін орындаса, әнші Нұржан Жанпейісов «Жетісу» әндерін әуелетіп орындады. Ал автордың «Жігер» күйін Ернұр Тажбенов, «Айжарық» күйін Нұрлан Түменбаев, «Бекет ата» күйін Нұрмолдин Сырым, «Матай» күйін Қайырғазы Төленнің жетекшілігімен «Саржайлау» фольклорлық ансамблі орындады.
Кеш соңында күйші Шәміл Әбілтай келген қонақтарға алғысын айтып, «Қазағым», «Өрікгүл», Құрманғазының «Ақбайы» мен Дәулеткерейдің «Жігер» күйлерін орындап, көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады.