Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:21, 28 Қаңтар 2021

Сырлы сұхбаттарын сағынамын

None
None

Елімізге белгілі қазақ баспасөздерін басқарып, абырой-беделге ие болған қаламы жүйрік бір топ журналистермен жақын болғанымды мақтан етемін.

Жалпы, мені көпшілікпен қауыштырған, жастық жалынға дем беріп, бойдағы бар айтар ойым мен ел дамуына қосар үлесім жайлы ұстанар ұстанымымды жастар жадында жаңғыртқан да жастар газеті – «Жас Алаш» болатын.

Студент кезімде «Тұлпар» әдеби жастар клубын ашып, оның президенті ретінде білім, ғылым және өнерге құштар студенттердің басын қосып, ай сайын әртүрлі тақырыптар бойынша пікірталас ұйымдастыратын едік. Осынау бір ұйымдастырушылық қарым-қабілетімді, өнерге деген жақындығымды байқады ма, қайдам, «Лениншіл жас» газеті мен басқаратын клубтың жетекшілері мен мүшелері, атқарған істері туралы «Толғамы кең талпыныс» (21.06.1986 жыл) деген көлемді мақала жариялап, ел жастарына үлгі етіп ұсынған еді. Міне, осылайша республикалық газетке мен туралы тұңғыш мақала басылған болатын.

Сонау қырық жылға жуық тарихқа кері шегініс жасаудағы сырдың сыртында не жатқанын оқырмандарға айта кетейін. Жастардың бойындағы ерекше қасиеттерін, ел біле бермейтін тасадағы таланттарды, ертеңінен үміт күтер дарындылардың дара жолын дөп басып, дер кезінде көріп-біліп, қадірлі оқырманға «Оқи қалар оқиғалар» ретінде баспасөз бетінде мақаланы «ойнатып» берудің  хас шебері Жолдасбек Дуанабай болатын. «Болатын» деп өткен шақта айту қандай қиын екенін, өзегі өртеніп отырған, Жүкеңді ерте жоғалтып алған оқырмандардың көңіл күйін жақсы түсінемін.

Мақтанғаным емес, студенттік кездегі қол жеткізген жетістігімді жалпақ жұртқа жария еткен «Лениншіл жас» («Жас Алаш») болса, 35 жасқа толар-толмас шағымда білім саласында жеткен дәрежемді дәріптеп, «Қазақстандағы ең жас профессор – Құрманәлиев» деп, күллі елімізден сүйінші сұраған Жолдасбек Дуанабай еді. Қырық жылдық жылнамаға жылжығанымыздың жайын көзіқарақты оқырман енді байқаған болар деймін.

Содан бері қаншама мақалаларым, сәті түскен сұхбаттарым Жүкеңнің тікелей араласуымен жарияланғанын жасырмаймын. Біреуге жасаған жақсылықтарын айтып, жарияға жар салатындар, ал өзінің көрген жақсылықтары туралы жақ ашпайтындар да жетіп-артылатын заман ғой, бұл! Мен, біріншілердің қатарынан табылатын болған соң, Жүкең жайлы жалпақ жұртқа оның жақсылығы туралы айтып жатқан жайым бар.

Біздің қаузайтын саламыз – жоғары білім сапасы, ғылымдағы ізденістер мен тіл саясатының салтанат құру бағыттары. Бірнеше онжылдықта шығармашылық бірлікте жүріп, ғалым ретінде Жүкеңнің бойындағы керемет қасиеттерден оның еңбекқорлығын, мамандығына деген адалдығын, жауапкершілігін, оқырман ойын дөп басатынын байқадым. Әсіресе біздің шығармашылықтың берік орын алуы «Айқын» газетімен тығыз байланысты болды. Сөз арасында оқырманның ойын жете түсініп, оларды толғандырған сұрақтарға тиянақты жауап беруге тырысатынын сұрақ қоюынан байқауға болатын еді.

Сұрақ дегеннен шығады, сонау бір жылдары Германияда өткен әлемдік жоғары білім беру сапасына арналған симпозиумға қатысқанымда Фин елінен келген профессор жоғары білім беру  сапасы туралы баяндама жасап тұрып, дәріс оқу әдісіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, студенттер білімін бағалауды «студенттердің сұрақ қоюы» әдісі нәтижелілікті көрсететіні және оқытушының берген сұрақтарына жауап беру арқылы емес, белгілі бір тақырып бойынша студенттер тарапынан қойылған сұрақтың мән-мағынасына қарап, студенттің зеректігін бағалауға болады деп еді. Міне, сол әлемге танымал әдіскер ғалымның  идеясының бір тармағын Жүкеңнің сұхбат алу, сұрақ қою мәнерінен көргендей болдым.

Сұхбатта қойылатын сұрақтардың тізбесіне қарап отырып оның ойының ұшқырлығын, өзекті етіп алып отырған тақырыбының тереңдігін, оқырманға керек ақпаратқа алаңдайтынын аңғарған едім. Білім және ғылым министрлігі жоғары білім беру департаменті директоры болып тұрғанымда үздік оқытушыларға берілетін мемлекеттік грант тағайындауда ашықтық, әділдікке күмән келтірген кейбір адамдардың арасындағы пікірді алға тартып, «Үздік оқытушының бәрі – үздік пе?», жоғары оқу орындары ректорларының он жылдап, жиырма жылдап жылы орнынан жылжымай отыратынының себебін білгісі келіп,  сұхбатта «Ректорлардың ұзақ отыруы менеджерлігінің мықтылығынан ба, әлде жоғарыдағы қолдаушыларының «қолының ұзақтығынан» ба?», елімізде ғылым туралы жаңа заң қабылдау қажеттігі туралы отандық ғалымдардың қоғамдық пікір туғызған ойларына байланысты менімен болған сұхбатта «Жаңа заң қабылданатын болса, ғалымдар жаңалықтар жаудырып, әлемдік ғалымдарды шаң қаптырып кететін әлеуетке ие бола ма?», «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанды мекендеген әрбір азаматтың парызы екені белгілі. Айтыңызшы, парыз емес, мемлекеттік тілді білу – міндет десе, не болар еді?» деген сұрақтардың астарында қаншама қоғамдық қордаланған мәселелер, шешімін таппаған, күрмеуі қиын күрделі істердің бабына бара алу, ел мүддесін күйттеген журналистің ізденімпаздық ізі жатыр емес пе?!

Бұл айтқандарым, жоғарыда айтып өткендей, Жүкеңмен болған жүздесулердің еске түскендері ғана. Жүкеңнің қызы, бүгінгі күні әкесінің атын ардақтап, жора-жолдастары, әріптестері мен туған-туыстарының басын қосып, естелік кітабын әзірлеп, бізге материал беруді өтініп жүрген Дина Әшімханова хабарласқанда, есіме бір оқиға түсе кетті. Динаның Алматы технология университетінің техникалық және экономика колледжінде оқып жүрген кезі. Кезекті бір кездесуімізде Жүкең қызының өте жақсы үлгеріммен оқитынын алға тартып, «Ректорды танысаңыз, бізге оқуға жеңілдік (скидка) жасатып берсеңіз дұрыс болар еді» деп өтінген еді. Бір сөзге келмей, университет ректоры, академик Құралбек Құлажановқа алып барып, мән-жайды айтқаным сол еді, ректор: «Жолдасбек, сені сыртыңнан жақсы білемін, жазған-сызғандарыңды жиі оқып отырамын, «Айқын» газеті біздің үстел үстінде жататын басылым әрі студенттерімізге де жаздыртып бергенбіз. Кәрімбек Арыстанбекұлын сонау Астанадан әуре қылмай, өзіңіз келсеңіз де, онсыз да қызыңыз озат студент екен, жеңілдік жасар едім ғой», – деді ұзын сопақ үстел үстінде жатқан «Айқын» газетіне бір қарап.

Ректор кабинетінен жұмысымызды бітіріп шыққандағы Жүкеңнің жүзін көрсеңіз ғой, «Мені ректор білем деді, ә?!» деп бір желпініп қалғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Сол үздік студентіміз, Жүкеңнің тұяғы – Дина қызымыз бен күйеубала Алдияр ата-әжесінің жалғастары – Адина мен Мединаны жарасымды жұп болып, тәрбиелеп отырғаны көңіл қуантады. «Орнында бар – оңалар» деген осы шығар.

Күні кеше, дүниеден озғанға дейін қарым-қатынасымыз да, хабар-ошар алып тұру дәстүріміз де жарасымды жалғасын тауып келген еді. Бір күні «Кәке, мен «Жас Алашқа» қайта оралдым, сонда жауапты хатшымын. Соңғы кезде университеттердегі білім сапасына президенттің көңілі толмайтыны, көптеген жоғары оқу орындары «диплом басып шығаратын мекемеге» айналғаны айтылып жүр. Сізден жоғары білім сапасы туралы эксперттік пікіріңізді білсек, әдеттегідей сұхбаттассақ қалай болады?» деп қоңырау шалғаны кеше сияқты еді. «Бір кем дүние...» деген осы, адамның айтқаны емес, Алланың айтқаны болады дегендей, Жүкең өмірден озып кете барды. Бір кітапқа жүк болар, жарияланған сансыз сұхбаттар, жоспарланған соңғы сұхбаттың сұрақтарының сұлбасы архивтік материалдарымның қорына қосылғанын айтудың өзі де қиын. Өкінішті-ақ, әрине.

Жүкең қоңырау шалып, «Сұхбаттасудың сәті келіп тұр, дайынсыз ба, Кәке?» дейтіндей елеңдеп отыратынды шығардым. Оның бәрі  мықты медиа менеджері, қаламы жүйрік журналист Жолдасбек Дуанабайдың сырлы сұхбаттарын сағынғандықтан болар деп топшылаймын. Шынында, Жүкеңнің сұхбаттарын сағынып жүрмін.

Тегтер: