Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:01, 04 Қазан 2022

Сырым батыр туған топырақта дүбірлі той өтті

None
None

Заманында көсемдігімен, шешендігімен, батырлығымен дараланған Сырым Датұлының туғанына 280 жыл және көрнекті мемлекет, ұлт қайраткері, Алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 135 жыл толуына орай Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында дүбірлі той өтті.

Тойға келген қонақтар алдымен  “Сырым шыққан төбеге” тағзым етті. Сосын Сырым Датұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Шаралар одан әрі тойтөбедегі аламан бәйгеге мен тазы жарысына ұласты. Кешкісін  «Сырым — айбарым, Жаһанша — байрағым» атты республикалық ақындар айтысымен сабақтасты. Қазақтың төл өнерін тамашалауға халық көп жиылды. Егде жастағы ата-әжелермен қатар, балалардың да қарасы қалың болды.

Айтыстың атасы атанған, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман: «Қазақтың қасиетті мекені Жымпиты аспанында бүгін рух ұшып жүргендей. Ол рух — хас батыр Сырымның, алаш арысы Жаһаншаның рухы»,—деді Жүрсін Ерман.

Айтыс аламанына барлығы сегіз ақын қатысты. Жыр додасын сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен Талғат Мықидың жұбы бастады. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Мұрадым Мирланов сөз қағыстырды. Айтыстың бекзадасы Бекарыс Шойбековпен үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов айтысты. Төртінші болып Сыр сүлейлерінің сынығы Нұрмат Мансұров пен арпа ішінде бір бидай, Нарынның нар қызы Жансая Мусина шықты.  Халықты қиқулатып, делебесін қоздырған айтыс үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Домбыра асынған ақындар додасы соңында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен облыстық мәслихат депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов сахнаға көтерілді. Аудан әкімі сегіз ақынның әрқайсысына елдің атынан ат мінгізді. Айтысты ұйымдастыру үшін еңбек сіңірген Б.Халиолла мен Б.Ширмединұлына алғысын білдірді. Барлық қонақтарға естелік сыйлық пен аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Шараларды қорытындылаған күткен гала концертте Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев, Тарас Жауынбаев, Камила Шайхиева, Қанат Төлепқали, Данабек Үмбетәлі, Бекей Қанатов сынды өңірімізге танымал өнер иелері ән шырқады. Олардан бөлек, жастардың сүйікті әншісі Садраддин Болат та кештің басты қонағының бірі болды.

Тегтер: