Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 02 Қыркүйек 2024

Қазіргі қазақ комиксі

комикс
ашық дереккөз

Ақпарат тасымалының алғашқы аясы – бітік тастар мен сол тасқа қашалған суретті хикаяттар. Олардың орнын қағаз бен кітап алмастырғанына да қанша ғасырдың жүзі болды.

 Ендігі жерде кітаптың шағын әрі көркем көрінісі ретінде комикстердің алға шығып, жастар арасында беделі артқанын байқап жүрміз. Кез келген ойын баласын қызылды-жасыл суреті мен қызғылықты сюжеті арқылы баурап, әдебиет пен сурет өнерін бір арнаға тоғыстырған комикстер бүгінде күллі әлемге кеңінен танымал.

Бұл – дамыған дәуір дидарына сай құбылыс болса керек. Балалар ғана емес, ересектер де қызыға оқитын комикс-кітаптардың пайда болғанына да біраз уақыт өтті. Негізі ақпаратты бейнемен тасымалдау тәсілі адамзаттың арғы тарихынан бастау алатынын зерттеушілер жиі айтады. Мәселен, мысырлық иероглифтер, гректің фрескалары, түркі дәуірінің петроглифтері – иллюстрацияның ілкі үлгісі болса керек. Ал ресми түрде комикстің жанр, бөлек әдебиет ретінде қалыптасуы – XVIII ғасыр. Алғашында діни мәтіндердің мазмұнында жазылып, кейін сатиралық элементтер қосылғаннан кейін жанр тұжырымдамасы түбегейлі өзгерді. Ал ХХ ғасырда комикстер азаматтардың еркін үн қату алаңына айналды. Тіпті кейін нәсілдік алалау, соғыс, әлеуметтік-саяси бағыттағы үлкен тақырыптарды қозғай бастады. Қазір екінің бірі жатқа білетін фантастикалық кейіпкерлер де әу баста суретпен салынған хикая арқылы танымал болғаны мәлім.

комикс
Фото: ашық дереккөз

Айталық, «Америка Капитаны» комиксі кезінде әлемді құтқарушы мемлекет ретінде Американың тұрғындарына ерекше серпін берген еді. Бұл ретте комикс үлкен идеологиялық құрал болды. Күллі әлеммен қатар, Американың комиксі жапон жұртын да ерекше қарқынмен жаулады. Аталмыш жанрды Күншығыс елі жылы қабылдағаны соншалық, оған ұлттық сипат қосып «манга» деген атаумен жаңа бағыт қалыптастырды. Қазір бұл – самурай, сакура және анимелерімен қатар Жапонияның рәмізіне айналған алпауыт өндіріс десек болады. Тіпті жапон мангасы «Нарутоның» пайда болуы Жапонияда жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларын айтарлықтай азайтты деген дерек бар. Демек, қалың-қалың кітаптан гөрі қазіргі жастар суретпен безендірілген мазмұны қысқа әдебиеттерді оқуға әуес екенін байқаймыз. Бұл ретте, қазақ комиксіне де айтарлықтай мән беру қажеттілігі туындайды. Десек те, бұл жанр біздің әдеби үдеріске бүгін ғана қадам басты деген түсінік қателік болар. Жүсіпбек Аймауытұлының 1929 жылы Қызылорда қаласында шыққан «Жаман тымақ» атты сықақ өлеңдер жинағы комикс форматында безендірілгенін байқауға болады. Оқиға мәтінмен бірге шағын суреттер арқылы баяндалған. Кітап ішіндегі суреттерді салған Каменский деген орыс азаматы екен. Бұл ұлттық әдебиеттің сан қырлылығынан хабар берсе керек. Ал қазақ комиксінің бүгінгі ахуалы қалай? Күллі әлемге танымал комикстер қоғамға несімен өтімді? Аталмыш жанрдың қиындығы мен қызығы неде? Осы тақырыптар аясында бүгін «Жас Алашқа» жазушы, «Балдырған» журналының бас редакторының орынбасары Бағдат Мәжитов, баспагер Раиса Қадыр және балалар жазушысы Зәуре Төрехан пікір білдірді.

Бағдат Мәжитов
Бағдат Мәжитов

Бағдат Мәжитов: Қазақ комиксінің аудиториясы тар

Балаларға арналған «Балдырған» журналының басылып келе жатқанына алпыс алты жыл толыпты. Бұл – 1958 жылы жарық көріп, жұмыс істеп келе жатқан әдеби басылым. Сәйкесінше, әдеби басылым болғандықтан, журналда балаларға арналған жанрлар мейлінше толықтай қамтылады. Мысалы, бір санының өзінде ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақ, мысал, әңгіме, метограмма, анаграмма, сөз ішіндегі сөз сынды әртүрлі жанрды таба аласың. Соның ішінде комикс – балаларға арналған әдебиеттің жас, заманауи жанрларының бірі. Әдетте, біздің басылымға жарияланатын комикстерді үш бағытқа бөліп қарастырамыз. Атап айтсақ, біріншісі – танымдық бағыттағы комикстер. Мысалы, біраз жыл қатарынан журналдың әр санына Балдырған есімді балақай туралы комикс жариялап отырдық. Басында бөркі бар Балдырған – комикстің бас кейіпкері. Балдырған достарымен бірге түрлі табиғи құбылыстар, ерекше өсімдіктер мен жануарлар туралы ақпарат алып, саяхаттар жасайды. Сиқырлы андроид досының көмегімен әлемнің кез келген нүктесіне лезде жетіп, өзіне таңсық құбылыстардың құпиясын ашады. Мысалы, балалар «Солтүстік шұғыласы деген не?», «Бұршақ неге жауады?», «Кемпірқосақ қалай пайда болады?» сынды сұрақтарға суретті әңгіме арқылы жауап алып қана қоймай, Балдырғанның басынан өткен оқиғалар туралы біледі. Ал екінші бағыттағы комикстер ертегілер желісіне негізделіп жасалады. Халық ертегілері немесе жеке авторлардың ертегілерін суретті әңгіме түрінде балаларға ұсынамыз. Үшінші бағытта жасалатын комикстер – белгілі бір кейіпкердің басынан өткен шытырман оқиғаларға құрылады. Бұл – журналдың бір санынан екінші санына жалғасып отыратын сериалық жұмыстар. Қазіргі таңда «Балалар ертегілер елінде» деген атаумен комикстерді ұсынып жатырмыз. Комиксте Балдырған есімді балақай ертегі кітап сатып алып, ертегі әлемінен достар табады. Кітаптан шыққан Таусоғар, Желаяқ, Көлтаусармен бірге әртүрлі ертегілер еліне саяхаттап, қызықты оқиғаларды бастан кешіреді. Әдетте, комикс жанрындағы жұмыстар балалардың жас ерекшеліктеріне тікелей байланысты болады. Кітап дүкендеріндегі кей комикстер он жастан асқан балаларға, тіпті кейбірі он төрт жастан асқан балаларға арналады. «Балдырған» журналына жарияланатын мектеп жасына дейінгі балалар (4+) мен он жасқа дейінгі балалардың таным-түсінігіне лайықталып жасалады.

Комиксті дайындау барысында бар басымдық, ауырпашылық суретшіге түседі. Қазіргі кезде комикстерді Наталья Ященко есімді суретші салып жүр. Бір беттің өзінде бірнеше сурет салынатындықтан комиксті дайындау журналды безендіріп, дизайнын жасаудан әлдеқайда күрделі. Ал мәтінін қазіргі кезде өзім дайындап жүрмін. Әу баста бұл жанрды жасап, жариялау барысында еліміздегі комикс мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел өткізіп, пікір алмастық. Дөңгелек үстел барысында мамандардың ақыл-кеңесін тыңдап, өзіміз де пікірімізді білдірдік. Алдағы уақытта «Балдырған» журналында жарияланған комикстерді кітап етіп шығарып, оқырманға ұсынсақ деген ойымыз бар. Бұдан бөлек, «Балдырған» оқырмандары арасында комикс, суретті әңгіме байқауын ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Байқауымша, комикс жанры Америка, Жапонияда кеңінен танымал. Бұл жанрды америкалықтар ерекше жақсы көреді, өз бастауын да сол жақтан алған, қазіргі таңда ерекше сұранысқа ие. Ал Қазақстанда сұраныс жоғары болса, болашақта бұл жанрдың дамуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда елімізде комикс жанрында жұмыс істеп жатқан мамандар жоқ деп кесіп айтуға да болмас. Дәл осы жанр арқылы тек тар аудиторияны ғана қамтып қоймай, әлемдік нарықты жауласақ деп жоспарлап отырған жігіттерді танимын. Десек те, бір ескеретін жайт – комикс әдетте балаларға арналған жанр. Сәйкесінше, балалардың санасына әсер етпей қоймайтыны анық. Сондықтан балалар не оқып, қандай ілім игеріп жатқанын үкімет тарапынан қадағалануы керек деп ойлаймын. Балалар қызыға оқитын қай әдебиет те маңызды, соның ішінде бұл күндері комикске сұраныс жоғары екенін байқауға болады. Себебі кез келген әдебиет сынды комикс те – тәрбие құралы. Өз кезегінде бұл жанрды дұрыс, тиімді пайдалана білсек, тұлға болмысын қалыптастыруда дұрыс ықпал етеріміз анық.

Раиса Қадыр
Раиса Қадыр

Раиса Қадыр: Біздің баспагерлер комикс форматын маңызды әдебиет деп санамайды

Қазіргі кезде қазақ тілінде комикс форматында жазылған шығармалардың қаумалап, көп шығып жатқаны құптарлық іс. Комикс-кітаптар кеше-бүгін пайда болып, резонанс тудырып жатқан сынды көрінгенімен, шын мәнінде тарихы тереңде жатқанын білгеніміз жөн. Осыдан бірнеше апта бұрын әлеуметтік желілерден отызыншы жылдары қазақ тілінде шыққан алғашқы комикс туралы ақпаратты оқып едім. Бұл да сөзіме бір мысал. Біздің даламыздан табылған тастағы таңбалар мен петроглифтердің өзі – тарих, тұтас бір сторителлиң. Комикс форматына алғашқы баспалдақ осы таңбалар мен суреттер болса керек. Сонымен қатар ежелгі мысырлықтар бейнелеп, қазір зерттеліп жатқан суреттер де тұтас бір хикаядан хабар беретін суретті әңгімелер. Бұдан бөлек, жердің әр түкпірінен адамның қағаз дәуіріне дейін мейлі тасқа, мейлі кілемге салған әрқилы хикаяларын таба аламыз. Ал принт форматта қағаз кітап шығып бастағалы бері суреттермен салынған кітаптардың дүниеге келуі де заңды құбылыс. Комикс дегеннің өзі оқырманға хикаяны суретпен бірге визуалды түрде жеткізу. Яғни бір хикаядан келесі хикаяға үзінді арқылы жалғасқан (ағылшын тілінде «sequence») жанрдың түрін комикс деп атағалы жүз елу жылдан астам уақыт болды. Ал комикстердің белең алып, танымал бола бастаған шағы өткен ғасырдың басына тиесілі. Балалар және жасөспірімдермен қатар ересектерге арналған комикстердің шығуы аталмыш әдебиеттің тез танылуына ықпал етсе керек. Әу баста қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайларға реакция білдіріп, сараптама жасау үшін комикстер жарыққа шығып отырды. Оның үстіне карикатура аралас, әзілмен жеткізген шындық үшін халық арасында комикстер көп оқыла бастады. Әлеуметтік-тарихи оқиғалар мен маңызды тақырыптарды қозғап, күллі адамзатқа ортақ достық, махаббат, адалдық, сенім, әділет сынды құндылықтардың жүгін көтерген әдебиеттің оқырмандары күннен күнге көбейіп келе жатыр. Тіпті сериалық комикстерді коллекция қып жинайтын жандарды кездестіруге болады.

Баспа ісін қолға алып, кіріскелі бері қазақ тілінде отандық комикстердің жиі жарық көріп, оның үстіне әлемге танымал комикстердің қазақ тіліне аударылып жатқанын байқадым. Бұл шын қуантарлық жағдай. Комикс – бүгінгі балалардың сүйіп оқитын әдеби форматының бірі. Мысалы, Khan Comics баспасы өте жақсы жұмыстар атқаруда. Бұдан бөлек, тарихи, заманауи комикстер жазып, аударып жүрген бірнеше баспалар мен тұлғалар бар. Біздің Steppe&World Publishing баспа үйі де шетелдік авторлардың балаларға арналған танымал комикстерін аударып, оқырманға қазақ тілінде ұсынып жүрміз. Мысалы, «Тентек балақайдың күнделігі», «Итбас» сынды сериалық комикс-кітаптарды жарияласақ, өткен жылы батыс елдерінде кең танылып келе жатқан «Тұмар» комиксін жарыққа шығардық. Осы орайда біздің баспаның басты мақсаты – әлем әдебиетін қазақ оқырманына таныстырып, сапалы аударма жасау. Соңғы жиырма-отыз жыл көлемінде біздің қоғам кітап оқу мәдениетінен айырылып қалды. Енді-енді бет түзеп, қазақ тілінде кітаптар бар екенін, шетел әдебиетін оқуға болатынын түсініп келе жатырмыз. Ал орыс тілінде қай жанрды болмасын кез келген автор мен кітапты аударып, жариялап қойған. Ал балалар әдебиетінің маңызды бөлшегі ретінде әлемге танымал комикстерді қазақ тіліне аударудың маңызы зор. Қазақ тіліне аударған комикс-кітаптарды баласына оқытқан ата-аналардан хат алып жатамыз. Әдетте көп ата-ана дәл осы комикстерден кейін баласының кітапқа қызығушылығы артқанын алға тартады. Бұрын қысқа әңгімелерді оқуға қиналып, назар қоя алмайтын балалар кітап оқуға деген қорқынышынан арылып, комикс арқылы әдебиетке қызығушылық танытады. Біздің баспа үйі аударған тағы бір «Саққұлақ» деп аталатын комикс балаларды мейірім мен түсіністікке тәрбиелейтін ерекше кітап. Ал ирандық жазушы Маржан Сатрапидің «Персеполис» комикс-кітабы сол елдегі тарихи маңызды оқиғалардың бірі ислам революциясы жайында сөз қозғайды. Ең қызығы, бұл комикс-кітап ересектерге арналған шығарма.

Осы орайда тек жастар ғана емес, жалпы әлемге комикс форматы несімен өтімді деген сұрақ туындауы заңды. Әдетте, кей адамдар тұтас шығармадан гөрі сурет пен сөздің біріккен тәсілін әлдеқайда жақсы көреді. Осы тұста комикс-кітаптар үшін суретшінің жұмысы мен суреттің сапасы әлдеқайда маңызды. Атап өткенімдей, комиксті жаңадан шыққан құбылыс деп атауға келмейді, бұл әдебиет әлемде әу баста-ақ сұранысқа ие. Мысалы, Еуропа елдерінде Тэнтэн мен Астерикстің комикстері ерте заманнан бастап бүгінге дейін танымалдылығын жойған емес. Өткен ғасырдың 50-60 жылдардан бастап Америкада екі үлкен комикстің қарсыластары шыға бастайды. DC Comics пен Marvel қаһармандары бар комикстерді шығарып, кітап нарығын жаулап алды десек болады. Бүгінде Американың комикстерімен иық тіресіп, бәсекелесетін бірден-бір ел болса, Жапония дер едік. Манга деп аталатын комикстері арқылы әлемдік кітап нарығына жаңа толқын әкеліп жатыр. Тіпті Америка және Германия елдерінде авторлар өз хикаяларын манга тәсілімен жазып, жариялауда. Азия елдерінде, әсіресе Корея елінде де кэй-мангалардың танымалдылығы артып тұр. Қазір әлемде комикстер мен манганың арасында бәсекелестік жүріп жатқанын байқауға болады. Осы тұста әлемге біздің төл әдебиет мен мәдениетті, тарихымыз бен құндылықтарымызды комикс түрінде жеткізіп, дәріптеу – өте ұтымды тәсіл болушы еді. Тек шетел ғана емес, елдегі өзінің тамырынан алшақтап кеткен жастарға болмысымызды ашып, тарихымыздан хабар беретін комикстер керек-ақ. Ал біздің кітап нарығында комикс-кітаптар басып, осы бағытта жұмыс істейтін авторлар жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Алайда саусақпен санарлық қана. Бұған бір себеп – қаржылай қолдаудың болмағаны шығар деп ойлаймын. Себебі комикстерді жариялап, кітап етіп шығару және ары қарай сатып, кейін тапқан пайдасына келесі комиксті шығару – уақыт пен көп қаражатты, шыдамды талап ететін ұзақ процесс. Оның үстіне, әлі күнге біздің баспагерлер комикс форматын маңызды әдебиет деп санамайды. Десек те, шын мәнінде комикс – өнер мен әдебиеттің маңызды бөлшегі.

Зәуре Төрехан
Зәуре Төрехан

Зәуре Төрехан: Суретпен безендірілген кітап комикс емес

Комикстер, мангалар әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Тіпті атақты комиксистер, мангактар, яғни сол кітаптардың авторлары, өздерінің туындыларын сатып, жыл сайын миллиондаған доллар табыс табады. Комикстің/манганың ерекшелігі – ол қағаз бетіне түскен кино іспетті. Киноны құрылғылар арқылы қарасаңыз, комиксті/манганы қолыңызға алып оқисыз, бетін парақтайсыз, қағазын иіскейсіз. Бұның тіпті атауы да бар, кітаптың бетін иіскегенді ұнату «библиосмия» деп аталады. Менің ойымша, адамдар комиксті сол үшін ұнатады. Әлбетте, қазір электронды комикстер де бар, бірақ ол басқа әңгіме. Комикс жанры жаңа жанр емес, ол алғаш 16 ғасырда Еуропада пайда болған, 19 ғасырда «жаңа құрлықта» америкалық мерзімді басылым беттерінде «стрип» ретінде шыға бастады. Стрип дегеніміз – бір жолақты комикс, ол комикске қатарынан тұрған небәрі 3-4 сурет сиятын. Халық газеттерді стрип үшін сатып алып, суреттерді кесіп, альбом жасайтын болғандықтан кәсіпкерлер табыстың көзін көріп, комикс шығаратын басылымдарды ашты. 20 ғасырдың орта шеніне қарай комикстердің «алтын ғасыры» басталды, басылымдар ірі компанияларға айналды. Сонда америкалықтар комикстерге неге сонша қызықты десеңіз, балалар суреттегі қаһармандарды ұнатса, ересектер комиксте көтерілетін тақырыптарды ұнататын, себебі комикстер дәл сол кезеңдегі қоғамда болып жатқан, бірақ ашып айтылмайтын тақырыптарды көтеретін. Мәселен, комикстерде ланкестік әрекеттің нәтижесінде 11 қыркүйекте болған қос мұнараның опырылып құлауы, сол кездегі адамдардың жан күйзелісі, өрт сөндірушілердің, жедел жәрдем дәрігерлерінің, полиция қызметкерлерінің нағыз қаһарман екені көрсетілді. Бүгінгі таңда, мигранттар мәселесі, адам құқықтарының тапталуы сияқты мәселелер комикстегі кейіпкерлер арқылы көрсетіледі. Сол себепті ол комикстер халық тарапынан зор сұранысқа ие. Қай жердің адамы болса да, комикстегі көтерілетін тақырыпты түсіне алады, сондықтан ол кейіпкерлер әлем бойынша атақты болды. Ал Жапон мангасының тарихы тереңде жатыр, «эмакимоно» деп аталатын алғашқы суретті бұрама қағаздар 11 ғасырда пайда болып, 16 ғасырға дейін халық арасында аса үлкен сұранысқа ие болған. Бүгінгі таңда Жапон халқы апталық журналдарды, яғни манганы күнде күнде оқиды, олардың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін «танкобондарды» сатып алады. Танкобон дегеніміз – 200, тіпті 300-беттік манга кітаптары. Сондықтан Жапон елімен бізді салыстыруға мүлдем келмейді. Біздің халық әлі күнге дейін суретті кітапты комикс деп жүр, ал комикс ол суретпен безендірілген кітап емес. Комикс деп таза суретпен берілген хикаяны айтамыз. Комикстің бір бетінде кем дегенде 3-4 сурет болуы керек, суреттер арасында жолақтар болуы қажет, әрбір кейіпкердің аузынан баблдар шығу керек немесе «үнсіз» суреттің ішінде дыбыстық эффектілер болуы керек. Бізде комикстерге арналған қазақ тілінде ресми бекітілген дыбыстық еліктеуіш сөздер тізімі де жоқ, әркім қалай болса солай аударып, өз білгенін істеп жүр. Бізге «дөңгелекті» ойлап табудың қажеті жоқ, біз ең болмағанда комикстерге арналған дыбыстық еліктеуіш сөздер тізімін жасағанымыз жөн.

Жақында ғана Астанада өткен дәстүрлі Комиккон көрсеткендей, бізде отандық авторлар да, суретшілер де бар, тіпті суретшілерді біріктірген тәуелсіз студиялар да қалыптасқан, қазақ комикстері де шығып жатыр. Алайда біреулерінің сурет сапасы керемет болса да сюжеті ақсап тұрады немесе керісінше, сюжеті мықты болса да ортаңқол суретші салып береді. Ондай комикстерді көргенде қарның ашады. Соңғы кездері кітап сөрелерінде пайда болған «Алтын Адам», «Мерген», «КазахMan Batyr», «Еркетай», т.б. жақсы дүниелер қазақ комиксі саласының болашағы зор екенін көрсетеді. Жақсы жаңалығымды айта кетейін, «Жошы хан» туралы сценариіме негізделіп салынған комикс биылғы жылы салынып бітеді. Елнар Беймиш бастаған суретшілер командасы мықтап жұмыс істеп келе жатыр, комикстің алғашқы 10 беті дайын болып қалды. Жобаның ғылыми жетекшісі – тарихшы Жақсылық Сабитов.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: