Сіз кімсіз, Гаджиев мырза?

Кейінгі күндері Гаджи Гаджиевке қатысты екі маңызды ақпарат қатар шықты. Алдымен Украинадағы «Миротворец» сайты Гаджиевтің есімін өз базасына енгізіп, оған санкцияларды айналып өтетін заңсыз саудаға қатысу, Ресейдің гибридтік соғысына жәрдемдесу және Айдос Садықов ісіне байланысты айыптар тізбегін келтірді.
Екіншіден, «Алматыметроқұрылыс» басшысы Қайрат Реимов «Гиперборей» YouTube-арнасына берген сұхбатында Гаджиевпен байланысы бар топтар өз компаниясын негізгі мердігерліктен ығыстырып, бақылауды «Интегра» компаниясы арқылы алмақ болғанын айтып, ал қыркүйектің басындағы даулы оқиғалардан кейін ол адамдар «жобадан ғайып болғанын» мәлімдеді.
Бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен байланысты 4 қыркүйектегі дау-дамайдан соң (Orda.kz «Нұртілеу мен Гаджиев ұсталды» деп хабарлап, билік мұны теріске шығарды, дегенмен кейін президент Нұртілеуді ҚР премьер-министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі лауазымынан босатты) Гаджиевтің аты-жөні әлеуметтік желі мен БАҚ-та күн құрғатпай аталып келеді.

Гаджи Гаджиев кім?
Гаджи Гаджиев 1974 жылы 29 қыркүйекте Дағыстанда туған. Бала кезінде отбасы Дағыстаннан Қазақстанға көшіп келген. Гаджиев бизнеске ерте жастан бейімделген. 1990 жылдары, КСРО құрамындағы елдер тәуелсіздік алып, нарық қатынастары орныға бастағанда, ол Қытайға барып сауда жасап, алғашқы кәсібін бастаған. 2000 жылдардың басында Алматыдағы Менеджмент және бизнес институтына түсіп, қаржы және несие мамандығы бойынша білім алған. Кейін 2013-2015 жылдары Қазақ қатынас жолдары университетінде көлік құрылысы саласын меңгеріп, магистратураны тәмамдайды. Білімін жетілдіре жүріп, Гаджиев кәсіпкер ретінде көзге түсе бастаған. 2015 жылдан бері өзіне тиесілі SA Construction Group компаниясы мен өзге де әріптестік жобалары арқылы бірқатар стратегиялық инфрақұрылымдық құрылысқа қатысқан.
Гаджиев жеке өміріне қатысты мәліметтерді көп жария ете бермейді. Кей ақпарат көздерінен белгілісі – оның жары Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева екені.
2015 жылдан бері ол Nomad MMA аралас жекпе-жек ұйымының президенті қызметін атқарады. 2016-2018 жылдары Қазақстан Кунг-фу федерациясын, 2018 жылдан бастап Пенчак Силат (Индонезия-Малайзия жауынгерлік өнері) федерациясын басқарған. 2024 жылдың желтоқсанында Гаджиев Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясының президенті болып сайланған. Ал 2025 жылдың көктемінде Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті лауазымына кірісті. Гаджиев жетекшілік ететін спорттық ұйымдардың барлығы коммерциялық емес бірлестіктер ретінде тіркелген. Яғни, олар пайда табу мақсатын көздемейді. Дегенмен бұл мәртебе мұндай ұйымдардың демеушілік және қайырымдылық жарналарынан корпоративтік салық төлемеуіне мүмкіндік береді. Мұндай жарналардың сомасы өте ірі болуы мүмкін әрі олардың жұмсалуы туралы егжей-тегжейлі есеп талап етілмейді. Сарапшылардың пікірінше, бұл да Гаджиевке бизнесінен түскен қаражаттың бір бөлігін заңды жолмен спортқа құю арқылы салықтан жеңілдік алуына жол ашады.

Гаджиев пен Нұртілеу
Гаджиевтің жоғары элитамен басқа да байланыстары бар екені көптен бері айтылып келеді. Ең көп айтылатыны – бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу. Нұртілеу ұзақ жылдар дипломатиялық қызметте болды. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғанда Нұртілеу оның көмекшісі, кейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтеріне тағайындалды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев Нұртілеуді ҰҚК төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметте Нұртілеу ұзақ отырмады, бір айдан соң ол Президент әкімшілігінің басшысы болып бекітілді, ал 2023 жылғы сәуірде сыртқы істер министрі лауазымына ауысты. Сарапшылар Нұртілеуді Тоқаевтың ізбасары болуы мүмкін екенін айта бастады, өйткені президент оған барынша сенім артқаны байқалды.
Міне, дәл осы мезетте экс-министрдің қасында Гаджиевтің де есімі атала бастады. Кейбір ақпарат көздері оны ҰҚК-де жұмыс істеп жүргенде Гаджиевті осы салаға сыналап кіргізген деп жазады. Осылайша ҰҚК ішінде бейресми топ – «көлеңкелі ҰҚК» құрылған болып шығады. Бұл жасырын құрылымның құрамына кейбір комитет офицерлері кірген, бірақ олар мемлекеттің емес, нақты бір адамның – Мұрат Нұртілеудің мүддесіне қызмет етіпті-міс.
Гаджиев бұл «одақта» өзіне тиесілі үлесін алған. Ол Нұртілеудің қолдауымен елдегі ең қомақты табыс көзі бар салалардың бірін – Қытаймен шекарадағы сауда-логистиканы бақылауға алған көрінеді. 2023 жылы пандемиядан кейін қайта ашылған «Қорғас» шекара бекетіне Гаджиев толық «қожайындық» жасаған болуы мүмкін деп жазады отандық БАҚ өкілдері. Оның есіміне байланысты «шекараның смотрящийі» деген бірнеше мақаланы да көзіміз шалды.
«Қорғас» және контрабанда бизнесі
Гаджиевтің есімі контрабандалық әрекеттермен байланысты да аталады. Журналистер оның Қытайдан Қазақстан мен Ресейге бағытталатын жасырын тауар тасымалын ұзақ жыл басқарғанын жазады. Атап айтқанда, бірнеше дереккөз Гаджиев «Қорғас» шекара бекеті арқылы өтетін контрабанданың бақылаушысы болғанын көрсетеді. Оның командасы Қытайдан Қазақстанға келетін заңсыз тауар легін толық өз қолына шоғырландырған, ал Қытаймен шектес басқа өткелдер өзгелердің ықпалында қалған дейді сарапшылар.
Гаджиевтің контрабанда империясы уақыт өте халықаралық геосаясаттың бір бөлшегіне айналды деуге болады. 2022 жылдан кейін әлемде Ресей мен Иранға санкциялар күшейгенде, Қазақстан арқылы параллель импорт жолға қойылады. Зерттеушілердің айтуынша, Гаджиев сол жасырын логистиканың негізгі тұлғаларының бірі, соның арқасында Қазақстан Ресей мен Иранға Батыстың санкциялық шектеулерін айналып өтіп, қажетті тауарларын алуына мүмкіндік беретін транзиттік хабқа айналған.
2023 жылдың көктемінде Respublika басылымы Гаджиевтің басына қара бұлт үйірілді деп хабар таратты. Ондағы инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, Гаджиев сәуір айында өзіне қолдау көрсетіп келген жоғары шенді «қорғанынан» айырылып, контрабанда схемаларынан шеттетілген. Яғни, билік кулуарында Гаджиевті құрбандыққа шалу туралы шешім шыққан. Осы жазбаларда «Гаджиев ұсталды» деген де сөз болды, бірақ ол кезде бұл ресми расталмады. Алайда көп өтпей, 2023 жылдың шілдесінде Гаджиевтің қайтадан ықпалын қалпына келтіріп, схемаға оралғаны туралы дерек пайда болды. Сарапшылар мұны Ресей тарапынан түскен сұраныспен байланыстырады. Мүмкін, ресейлік квазимемлекеттік құрылымдар Қазақстан басшылығына Гаджиевті қатардан шығармау туралы өтініш жасаған. Өйткені санкциялық тауар тасымалының тоқтап қалуы Мәскеуге тиімсіз еді, ал оны жасырын жолмен жалғастыру үшін Гаджиевтей ұйымдастырушы керек болды деген жорамал бар.
БАҚ-та таралған тағы бір ақпаратқа қарағанда, Батыс Қазақстан өңірінде Гаджиевтің ықпалы артып жатыр. Оның сенімді серігі саналатын Әлібек Нарбеков (лақап аты «Алиба») Маңғыстау өңірінде бұрын белсенді болған, енді Гаджиевпен әріптестіктен кейін үлкен салмаққа ие болыпты. Жергілікті әкімқаралар да, күштік құрылым басшылары мен кеденшілер де енді оның сөзіне құлақ асуға мәжбүр деседі.
Қайрат Реимов не деді?
Гаджиевтің аты тек жасырын бизнеспен ғана емес, сөз бостандығын шектеу, кәсіпкерлерге қысым көрсетуге қатысты бірнеше оқиғамен де байланыстырылады. Соның бірі – жоғарыда жазып кеткен «Алматыметроқұрылыс» басшысы Қайрат Реимовтің мәлімдемесі.Реимовтың айтуынша, Алматы метросының келесі кезеңін кім бастайтынын анықтайтын конкурстар қарсаңында оған «Интегра» атты компанияны негізгі мердігер ету туралы «жоғары жақтан» нұсқау болған. Кәсіпкер «Интегра» компаниясы Гаджиевке тиесілі деп есептейді. Реимовтың кеңсесіне спортпен айналысатын, сақалды жігіттер келіп, «барлығын жоғалтқың келмесе консорциумға бірігесің, біз – бас мердігер, сендер – субмердігер боласыңдар» деген талап қойған, әлеуетті инвестор ретінде «ірі қытайлық компания» айтылған. Реимов «Орда» жариялаған 4 қыркүйектегі материалдан («Нұртілеу мен Гаджиев ұсталды») кейін қысым тоқтап, бұл адамдар жобадан жоғалып кеткенін» алға тартады.
Кәсіпкерлерге қысым көрсету бойынша 2023 жылы Әділет Мусин атты кәсіпкер де Гаджиев есімін атап, мәлімдеме жасаған. ҮндеуіндеМусин 2023 жылы 18 қаңтарда Алматыдағы Rixos қонақүйінде Гаджи Гаджиевпен жеке кездескені туралы айтады. Сол кездесуде Гаджиев Мусинге Қазақстан кеденінің ішкі құжаттарын және ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаевпен хат-хабарын көрсетіп, олардың ісіне тағы араласатын болса өзіне артық проблема тудырып алатынын айтып, ескерту жасаған. Мұны тікелей қоқан-лоқы деп түсінген Мусин көп ұзамай бұл кездесуді видеоүндеу арқылы жұртшылыққа жария етті.
Гаджиевке ашық қарсы шыққан журналистің бірі – YouTube-тегі «Бәсе» арнасының жетекшісі Айдос Садықов. 2023 жылдың басында «Бәсе» арнасы Гаджиевтің көлеңкелі істері туралы бірнеше материал жариялады. Бұған жауап ретінде Гаджиев Айдос Садықовты «келісімге» шақырмақ болған. Делдалдар арқылы хабарласып, өзіне қатысты видеоны өшіргені үшін 5 мың доллар беруге ұсыныс жасапты. Сол кезде Садықов отбасымен Киев қаласында жүрген. Ол пара ұсыну әрекетін бірден жұртқа жариялап, Гаджиевтің ұсынысынан бас тартқан. Көп ұзамай 2024 жылғы 18 маусымда Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасалды. Белгісіз біреулер үйінің алдында оны атып кетті. Бұл оқиға халықаралық дәрежеде зерттеле бастады. Айдос Садықовтың жұбайы Наталья Садықова Украина тергеушілеріне көмектесіп, Гаджи Гаджиевті күйеуінің өліміне тапсырыс беріп, қаржыландырған тұлға деп ашық айыптады.
P.S. Гаджи Гаджиев туралы қоғамда тараған деректер мен күдік көп, бірақ олардың басым бөлігі әлі ресми тұрғыда расталған жоқ. Контрабандалық схемалар мен саяси элитаға ықпалы жөніндегі жазбалар, сондай-ақ кәсіпкерлер мен журналистердің айыптаулары – бәрі де ашық тергеуді қажет етеді. Бүгінгі таңда Гаджиев те, оның айналасындағы адамдар да бұл ақпараттарға нақты түсініктеме берген жоқ. Бір қызығы, дәл осылай Мұрат Нұртілеу де үнсіздік танытқан еді. «Орда» басылымының айыптау сипатындағы мақалаларына да экс-министр еш реакция білдірмеген болатын. Ресми билік те бұл айыптаулардан соң Гаджиевке тексеріс басталғаны немесе қандай да бір айып тағылғаны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Тұрсынбек БАШАР