Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Сіз кімсіз, Кан ханым?

Сергей и Жанна Кан
Фото: Жас Алаш коллаж

Алматыда қыркүйек соңында өткен BeWoman халықаралық әйелдер форумынан кейін Жанна Кан есімі Қазақстан қоғамында қызу талқыға түсті.

 Форумның ұйымдастырушысы – белгілі кәсіпкер, олигарх Сергей Канның жұбайы Жанна Кан әйелдер лидерлігін насихаттайтын іс-шараны шулы оқиғамен аяқтады. Форум барысында қонақ ретінде шақырылған ресейлік коуч Алексей Ситников көпшілік алдында Ресей президенті Путинді «55 елмен соғысып жатса да жеңіп жатыр» деп мақтады. Ситниковтың сөзі бірден қазақ қоғамының наразылығына ұшырады. Қысқасы, Кан ханым ұйымдастырған іс-шара геосаяси ахуал мен этикаға қайшы келетін дауға айналды.

BeWoman қандай форум?

BeWoman – Орталық Азиядағы әйелдердің лидерлігі мен дамуын насихаттайтын платформа. Атауы айтып тұрғандай, саясатқа ешқандай қатысы жоқ. Форум ресми сайтында өзін «Орталық Азиядағы ең ірі әйелдер көшбасшылығы және даму платформасы» деп таныстырады. 2025 жылы форум 26-27 қыркүйекте Алматыда өткен. Спикерлер арасында халықаралық тұлғалар қатысқан. Форум жеке қаржыға ұйымдастырылған. Кіру билеттерінің бағасы 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін деп көрсетілген.

Ситников мен Кан
Фото: видеодан / Жанна Кан YouTube каналы

Әйелдер көшбасшылығы айтылатын жерде соғысты насихаттайтын сөздер айтылғаннан кейін Жанна Канның BeWoman форумы қоғам наразылығына ұшырады. Әлеуметтік желідегі дүмпу мен наразылық тек қарапайым жұрттың сөзімен шектелген жоқ. Қоғам белсендісі Арман Шораев Украинадағы «Миротворец» атты базаға Жанна Кан мен Алексей Ситниковты енгізуді ұсынды. «Үмітім – бұл «совет арыстаны» Шенген аймағын теледидардан ғана көретін болады» деп жазды. Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев ресейлік «инфоцығандар, комиктер, поп-әншілер мен жалған журналистерді» Қазақстанға шақырып, сахнада соғысты бастағандарды мақтағандарды сынға алды. Оның айтуынша, кейбір қазақстандық элита өкілдері әлі деколонизациядан өтпегендей, Ресейдегі соғыс насихатшыларына Қазақстанда қызыл кілем төсеп қарсы алады. Сәтпаев бұндай әрекеттер тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне зиян екенін ескертіп: «Ертең саяси жағдай өзгерсе, дәл сол қонақтар біздің тәуелсіздігімізді жоққа шығаруға дайын болады» деп жазды. Жалпы қоғамдық ортада Жанна Кан ұйымдастырған форумнан соң «елді әлемге масқара қылды, ақшасы көп болғанымен ақылы кем әйел екен» деген сарказмға толы сөздер тарады. Тіпті осы форумнан соң Жанна Кан мен Познердің сұхбаты да тарады. Жанна Канның «алдағы жоспарыңыз қандай?» деген сынды сәтсіз сұрақтары көптің күлкісін келтірді. Осындай оқиғалардан соң Жанна Кан өзін интеллектуалды етіп көрсетуге тырысқан, бірақ мұнысынан ештеңе шықпаған әйел ретінде көрінді.

Сергей и Жанна Кан
Фото: ашық дереккөз

Сергей мен Жанна Канның бизнес-империясы

Жанна Кан – Қазақстандағы белгілі кәсіпкер әйел, Zhanna Kan Group компаниясының негізін қалаушы. 20 жыл бұрын жеке бизнесін бастауға оны «күйеуім мақтанатындай іс тындырсам екен» деген мотивация жетелеген көрінеді. Бүгінде оның бизнесі құрамында Constella және Damiani брендтері ұсынылған зергерлік бутиктер желісі, сондай-ақ элиталық La Perla ішкиім дүкені бар. Бұдан бөлек, кәсіпкер Zardozi атты алтын жіппен кестеленген киім және үй бұйымдары брендін дамытып келеді. Яғни, Жанна Кан сән-салтанат пен люкс тауарлар нарығында орнын қалыптастырған тұлға ретінде өзін көрсетуге тырысады. Ол өзі ұйымдастыратын әйелдерге арналған BeWoman форумын да алғашында әлеуметтік жоба ретінде, коммерциялық пайда көздемей бастағанын айтқан. Алайда іс жүзінде бұл форумға қатысу билеттері жоғарыда жазғанымыздай, 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін сатылғаны белгілі. Жанна Канның қоғамның сынына қалып отырғаны бір бұл емес, жақында ғана «екінші Қаңтар болмауы үшін салық төлеу керек» деген сөзі үшін де біраз сыналды. Оның сөзінше, қазақстандықтар мемлекетке өз мүлкіндей қарамайды, салық төлеуге құлықсыз. Кан ханым шетелдердегі жоғары салық тәртібін үлгі етіп, Қазақстанда да азаматтар көп жұмыс істеп, көп салық төлеуге үйренуі керек дейді. Жанна Канның салық жайлы бұл сөзі халық наразылығына тап болды. Кан ханым ұсынған «көп берсең – көп қайтады» формуласын сынға алғандар елдегі кейбір бай-манаптардың өздері салықтан жалтаратынын, офшор мен жеңілдіктерді пайдаланатынын еске салды. Жұрттың бұлай шамданатындай да жөні бар. Себебі оны күйеуі Сергей Канның есімі рейдерлік іс, шетелге жасырын жолмен ақша шығару сынды даулы оқиғалармен де байланысы бар (бұл туралы төменде толық жазамыз).

Жанна Канның даулы оқиғасы тек форум мен өзінің айтқан сөздерімен ғана шектелмейді. Жыл басында дизайнер Салтанат Әбділдаева кәсіпкер уәде етілген ақысын төлемеді деп айыптаған. 2024 жылы Visa Fashion Week аясында өткен Next Design Award байқауында Салтанат жеңімпаз атанып, жүлде ретінде Жанна Канға тиесілі Zardozi сән брендімен бірлесіп киім коллекциясын шығару мүмкіндігін алған. Алайда дизайнердің айтуынша, бірлескен жұмыс кезінде оның эскиздері шоуда қолданылып, есімі аталмай қалған, ал атқарған еңбегі үшін гонорар мүлдем төленбеген. Zardozi өкілдері бұған жауап ретінде ешқандай жазбаша келісім болмағанын, дизайнермен ынтымақтастық «қоғамдық бастамалар негізінде», яғни, тегін жүргізілгенін алға тартқан. Дегенмен бұл жанжал сотқа ұласып, қазіргі таңда Zardozi бренді Әбділдаеваны «абырой мен іскерлік беделге нұқсан келтірді» деп айыптап, сотқа шағым түсіргені белгілі. Қалай болғанда да, бұл оқиға іскер ханымның репутациясына тағы бір дақ түсіріп, «шығармашыл жастарды пайдаланып кетті» деген сын көбейген.

Жанна Канның тағы бір сынға ұшырауы оның әйгілі брендке байланысты мәлімдемесі болды. 2023 жылы берген сұхбатында «әрбір қазақстандық Louis Vuitton-нан бір нәрсе сатып алуды өзінің міндеті санайды. Қазір бұл бренд халықтық маркаға айналды» деп айтқан сөзі де осы форумнан соң ел арасында мемге айналды. Шыны керек, қарапайым халықтың жаппай әйгілі брендтен тауар сатып алуы қисынға келмейді. Себебі бұл брендттің өнімін сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Иә, Жанна Кан араласатын ортада мұндай көзқарас табиғи шығар, бірақ Кан ханым осы сөзі арқылы елдің нақты өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен бейхабар екенін көрсетті.

Бұқараның наразылығын күшейткен тағы бір оқиға – Жанна Канның «жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия» медалін алғаны туралы ақпарат. Кан әлеуметтік желіде өзін Президент жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия марапаттады деп көрсеткен суретін жариялаған. Кейіннен бұл комиссияның бейресми, қоғамдық ұйым екені анықталып, ол медальдің мемлекеттік марапат емес екені әшкере болды. Бұл жаңалық желіде жаңа толқын тудырып, жұрт «Өзіне-өзі медаль тағып, өзі комиссия құрып, өзі батыр болғаны ма?» деп келеке қылды.

Сергей Кан
Фото: ашық дереккөз

Сергей Канның даулы істері

Жанна Канның жұбайы Сергей Кан – Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің бірі. 2025 жылғы Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша оның дәулеті 470 млн доллар деп бағаланып, елдегі ең ауқатты адамдар тізімінде 22-орынды иеленген. Сергей Кан ұзақ жылдар бойы энергетика және өнеркәсіп саласында ірі үлестерге ие: ол «ЦАТЭК» акционерлік қоғамының 50 пайызына және «Орталық Азия Электроэнергетикалық корпорациясының» (ЦАЭК) 47,1 пайызына Александр Клебановпен бірге иелік етеді. Бұдан бөлек, Кан мырза Circle Maritime Invest атты кеме тасымалы компаниясының тең қожайыны және Алматыдағы Rixos Almaty қонақүйі мен Tеңіз Star компаниясында үлестері бар.

Сонымен қатар ол 2023 жылдың соңында Қазақстан мұнай және газ институтының толыққанды иесі атанды. Энергетика саласындағы ең үлкен актив – Павлодарэнерго (ЦАЭК) құрамына кіретін Екібастұз жылу электр орталығы. 2022 жылдың қараша айында Екібастұз қаласы жылусыз қалып, апат орын алғанда, бұл оқиғаның жауапкершілігі тікелей станцияның сол кездегі қожайындары Клебанов пен Канға жүктелді. Апаттан кейін үкімет араласып, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы Екібастұз ЖЭО-сын қайта қалпына келтіруге 12,6 млрд теңге бөліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақырында Клебанов пен Кан Екібастұз ЖЭО-сын және жылу желілерін мемлекет қарамағына тапсыруға мәжбүр болды. Нысандар жергілікті әкімдікке беріліп, кейін «Самұрық-Энерго» басқаруына өтті. Тіпті Екібастұздағы апаттан соң, сол жылы Кан мен серіктестері «Павлодарэнергоны» небәрі 200 мың теңгеге сатқаны жайлы дерек тарады. Бұл апатқа байланысты мемлекет қалтасынан қыруар қаражат бөлініп, станция жөнделіп жатқанда, ал бұрынғы меншік иелері станциядан жылдар бойы дивиденд алып келгені жұрттың ашуын туғызған еді. «Олигархтар халықтың есебінен байып отыр, ал бұзылған ЖЭО-ны қайта жөндеу қарапайым салық төлеушілердің ақшасына жасалды» деген уәж көптің көңілінде қалды.

Сергей Канның бизнес жолында аты шулы оқиғалар аз емес. 2018 жылы Еркін Әмірханов есімді кәсіпкер өз әріптестері Кан мен Клебановты рейдерлік жолмен бизнесін тартып алды деп айыптап, сотқа жүгінген. Еркін Әмірхановтың айтуынша, Сергей Кан мен Александр Клебановтың серіктестігі 1997 жылы басталған. Сол кезде америкалық CCL Oil Ltd компаниясы Павлодар мұнай өңдеу зауытының (ПМӨЗ) 87 пайыз үлесін бес жылдық концессия негізінде басқаруға алған. Алайда шетелдік компания тек «қабық» рөлін атқарған, ал нақты инвестицияны қазақстандық «Қазкоммерцбанк» қаржыландырған. Жоба барысында Кан мен Клебанов Павлодардағы ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 станцияларын, бірқатар мұнай базалары мен ұн комбинаттарын өз бақылауына алған. Кейін бұл активтер «ЦАТЭК» атты ірі энергетикалық холдингке біріктірілген. Әмірхановтың сөзіне қарағанда, бұл компаниялардың активтері жеке пайда үшін пайдаланылған, ал «мемлекет меншігі» деген ұғым тек қағаз жүзінде қалған.

Әмірханов Клебанов пен Канды банк қаражатын жеке мақсаттарына жұмсады деп айыптайды. Оның айтуынша, «Эксимбанк Қазақстан» Клебановтың жеке кассасына айналған. Ондаған миллион доллар яхталарға, ұшақтарға, француз жағалауындағы үйлер мен Монакодағы пәтерлерге жұмсалған. Кан да бұл процестен шет қалмаған – оның KazAirJet атты жеке бизнес-джет жобасына шамамен 20 млн доллар кеткен. Кейін ұшақтардың бірі төлем кешіктіргені үшін тәркіленген.

Әмірханов Клебанов пен Канның 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде банк қаражатын шетелге шығарғанын да айтады. Нәтижесінде банк өнімділігін жоғалтып, ал Екібастұздағы ЖЭО бірнеше рет апатқа ұшыраған.

Ол, одан бөлек, Клебанов пен Канды ҰҚК-мен байланыс арқылы бизнес тартып алуға барған деп айыптайды. 2018 жылы Әмірхановқа қарсы «коммерциялық пара алу» бабы бойынша іс қозғалып, ол үш ай қамауда отырған. Кейін іс тоқтатылып, сол аралықта Клебанов пен Кан оның «ЦАТЭК» акцияларын тартып алған, келісім ҰҚК ғимаратының ішінде түнде нотариустың қатысуымен жасалған. Бұл дерек кейін оның АҚШ Федералдық сотына берген шағымында тіркелген.

Кан мен Клебановтың кейінгі серіктестігі Rixos Almaty қонақүйі мен Esentai Mall сынды нысандарға ұласқан. Әмірханов бұл жобалар да банктен бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылғанын, ал Канның девелоперлік белсенділігі банктің айналым капиталына ауыр соққы болғанын айтады. Ол сондай-ақ Клебановтың ұзақ жылдар бойы Назарбаев отбасының «сенімді серігі» болғанын, оның аты Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды, Дариға Назарбаева сияқты тұлғалармен байланыста жиі аталғанын мәлімдеген.

Кейінгі уақытта «жаңа Қазақстан» деген ұғым пайда болды. Қазіргі билік «ескі Қазақстанның» олигархтары мен ықпалды адамдарын бірінен кейін бірін ұстап қамады, кейбірімен келісімге келгендей болды. Жақында аты шулы Қожамжаров та ұсталды, соңғы құрбандықтың бірі болып Нұрбол Назарбаев бар байлығынан айырылды. Дәл осындай шақта Жанна Канның BeWoman форумы әйелдердің көшбасшылығын дәріптемек болып еді, ақыры «елдің шыдамын сынайтын шоуға» айналды. Әлеуметтік желідегі сын – жай эмоция емес, қоғамның көлеңкелі жолмен байыған элитаға деген жеккөрініші. Себебі қазір Кан ханымның жұбайы Сергей Канның даулы оқиғалары БАҚ пен әлеуметтік желіде күн құрғатпай тарап жатыр. Назарбаев дәуіріндегі «сенімді серіктер» – бірінен соң бірі ұсталып, сотталып, енді «жаңа Қазақстан» кезеңі басталды дегенде, Клебанов пен Канның да сол әулетке жақын болып шығуы қоғамның аллергиясын туғызды. Халықтың ойынша, ВеWoman сияқты форумдардың ар жағында бұрынғы жүйенің көлеңкесі қалыңдап бара жатқан сыңайлы.

Тұрсынбек БАШАР