Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:52, 27 Қаңтар 2025

Т. Еңсебектің телефоны мен ноутбугын тергеу басталғанға дейін әлдекімдер ашқан

Балғабаева
Фото: Азаттық Радиосы

Алматыда өкен баспасөз жиынында адвокат Жанара Балғабаева Темірлан Еңсебектің телефоны мен ноутбугын тергеу басталғанға дейін әлдекімдер ашқанын хабарлады. 

Қаңтардың 27-сі күні Алматыдағы Адам құқықтары бюросында өткен баспасөз мәслихатында «Оян, Қазақстан! ұйымы Қылмыстық іс 2024 жылдың сәуірінде қозғалғанын, лингвистикалық сараптама мамыр айында жүргізіліп, ал Темірлан Еңсебекті 2025 жылы қаңтарда қамауға алғанын мәлімдеді.

Жанар Балғабаева белсендінің 2024 жылы 21 қаңтарда жариялаған посты үшін қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ол мұны ешқандай заңдық негізі жоқ саяси қудалау деп санайды.

«Ол посты үшін емес, белсенділігі үшін жауапқа тартылып жатыр. Тергеу амалдарын жүргізу үшін полиция бөліміне келгенімізде Темірланның ноутбугы мен телефоны әлдеқашан ашылғанын көрдік, басқалар пайдаланбасын деп бұғаттап тастаған. Бұл қылмыстық қудалау органдарының кейбір ақпарат алуға мүдделі және Темірланның телефоны мен ноутбугіне рұқсатсыз кіруге тырысып жатқанын көрсетеді», - деді қорғаушы.

Адвокаттың айтуынша, Темірлан Еңсебек тағылған айыппен келіспейді. Сондай-ақ бүгін, 27 қаңтарда Балғабаеваның белсендіге  қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

«Темірланның әрбір жазбасында оның сатира екені айтылады. Әлеуметтік желілерде «Т. Еңсебек өз жазбасында қолданып, қылмыстық іс қозғауға себеп болған «Йоу, орыстар» әні көптен бері талқыланып, 2022 жылы Ресейдің Украинаға агрессиясынан кейін жаңа тыныс алды», - деді Балғабаева.

Оян, Қазақстан қозғалысының белсенділері Бота Шәріпжан мен Жанел Шахан бұл әннің тыйым салынған немесе экстремистік материалдардың ресми тізімінде жоқтығын, сондықтан айып тағылуына заңды негіз бола алмайтынын айтты.

Еске салайық, 17 қаңтарда Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің пәтерінде тінту жүргізілді. Кейін сот белсендіні екі айға қамауға алды. Т. Еңсебекке қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі – «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша тергеліп жатыр. 

2022 жылдың мамыр айында Еңсебекке көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оның үйінде тінту жүргізілген болатын. Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін Т. Еңсебекке қатысты негізсіз істі тоқтатуға шақырды. 2022 жылдың қыркүйегінде іс қылмыс белгілерінің болмауына байланысты жабылды.

2025 жылы 19 қаңтарда полиция жеке пикетке шыққан журналист Руслан Бикетовті, 20 қаңтарда белсенді Әсем Жәпішеваны ұстады. Олар Qaznews24 авторын қолдау үшін жеке пикетке шыққан. Екі белсенді де 15 тәулікке қамауға алынды.

Сондай-ақ 21 қаңтарда Қостанайда Темірлан Еңсебекті қолдап акция өткізген белсенді Сергей Зинченко да ұсталды. Сот оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салды.

Бүгін, 27 қаңтарда Алматы полициясы тағы бір белсенді Гүлбақыт Өтебаеваны Qaznews24 паблигінің қамауға алынған авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққаны үшін ұстады.