Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:47, 11 Сәуір 2024

Табиғат әнін салған Таңсықбаев

Таңсықбаев

Алматы қаласындағы әйгілі жазушы М.Әуезовтің мұражай-үйіне жолыңыз түсіп жатса, бөлме керегелерінде жоғары талғаммен таңдалған суретшілердің жайнаған картиналарын байқайсыз. Бұл жұмыстардың көпшілігі Орал Таңсықбаевтың қылқаламына тиесілі.

 М.Әуезов бейнелеу өнерін өте жақсы көрген және Орал Таңсықбаевпен етене араласқан. 1938 жылы халық аңызы негізінде жазылған Шәкерім Құдайбердіұлының поэмасы бойынша М.Әуезов «Қалқаман-Мамыр» балеті үшін либретто жазды. Балеттегі Мамырдың рөлінде би падишасы атанған Шара Жиенқұлова өнер көрсетті. Ал сахнаны безендіру үшін Өзбек КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі пейзажист шақырылды. Ұлты қазақ, алайда Өзбекстанда туып, сонда өмір сүрген бұл суретші – Орал Таңсықбаев еді.

Орал Таңсықбаев 1904 жылы Ташкентте қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Оралдың ата-анасы қарапайым жұмысшы болған. Оның әкесі Таңсықбай Тұмбаулов Сырдария облысы, Шымкент уезі Контал болысының тұрғыны, Ташкенттегі Первушин темекі фабрикасы мен плантациясында жұмыс істеген. Қалада орыстар алғаш рет өздерінің мектептерін ашқан кезде жергілікті молдалар мен кейбір адамдар бұл оқу орындарын «кәпірлер мектебі», «таза емес» деп санады, алайда көпшіліктің пікірімен келіспеген Оралдың әкесі баласын мектепке береді. Осылайша, оның білім жолындағы алғашқы қадамдары басталады.

Мектепті бітіргеннен кейін жас жігіт бауырларымен бірге шарап зауытында жұмыс істей бастады. Алайда оның жан дүниесі шығармашылыққа деген ұмтылысқа толы болатын. Сол себепті жақындарының қарсылығына қарамастан зауыттағы тұрақты жұмысынан шығып, өнер жолына түседі. Ташкентте жұмыс істейтін сол кездегі атақты орыс суретшісі Н.Розановтың өнер студиясына түскеннен кейін Орал өзінің таланты мен шабыты толық гүлдей алатын әлемге батыл қадам басады. «Мен оған бірден сендім, өйткені бейнелеу өнері туралы ештеңе білмейтін, бірақ ынтасы зор жергілікті жас келді, ал ол соған қуанды!» деп еске алады суретші осы кезең туралы. Ол кезде Орал небәрі 20 жаста еді. Осылайша, екі жыл бойғы өнер студиясындағы тиянақты еңбек пен оянған шығармашылық шабыт оның жүрегінде суретші болуға деген ұмтылысты орнықтырды. Суретші боламын деп шешім қабылдағаннан кейін ықыласын асыл мақсатқа бағыттады.

Орал мұғалімінің ұсынысы бойынша Пензадағы өнер техникумына түсуге барады. Тума талантының арқасында жас жігіт бірден төртінші курсқа қабылданады. Мұғалімдері кәсіби шеберліктің негіздерін, кескіндеме техникасының дағдыларын бекітуге көмектеседі. Солайша, 1928-1929 жылдар аралығында Тансықбаев көрнекті суретші И.С.Горюшкин-Сорокопудовтың жетекшілігімен Пенза көркемсурет училищесін бітіріп шықты. Айта кетер жайт, И.С.Горюшкин-Сорокопудовтың өзі К.Коровин мен К.Сомов сияқты қылқалам шеберлерімен бірге оқыған және атақты И.Е.Репин шеберханасында біліктілігін арттырған екен.

О.Таңсықбаев. «Қайрақ-құм су электр станциясының таңы». 1957 ж.
О.Таңсықбаев. «Қайрақ-құм су электр станциясының таңы». 1957 ж. Шығыс халықтарының өнер мұражайы. Мәскеу.

1929 жылы оқуын бітіргеннен кейін Орал Таңсықбаев өзінің ізденістері мен алғашқы жұмыстарын көпшілікке көрсете отырып, көрмелерге белсенді қатыса бастады және алғашқы өзбек станок-суретшісі атанды. Бұл кезең суретшінің белсенді шығармашылық өсуі мен кәсіби даму кезеңіне айналды. Дәл сол 1929 жылы Таңсықбаев Мәскеуге барып, көркемдік талғамын кеңейте түседі. Елорданың басты мұражайларын аралап, заманауи Батыс Еуропа кескіндемелерінің түпнұсқаларымен алғаш рет танысады. Өнерде жаңа көкжиектер ашқан француз постимпрессионизмі ерекше әсер қалдырды. Суретшінің сол кезеңде салған «Ташкенбаевтың портреті», «Ташкенттіктер», «Қызыл күз», «Алма жинау», «Көшпенділер» және т.б. жұмыстары осы сапардан алған әсердің жемісіндей болды. Белсенді шығармашылық эксперименттерін көрген көптеген адамдарды, тіпті оны «өзбек Гогені» деп те атай бастады.

Орал Таңсықбаевтың жолының келесі кезеңі «Волков бригадасы» деп аталатын суретші Александр Николаевич Волковтың айналасында шоғырланған өнер ұжымымен байланысты болды. «Волков бригадасы» 1930 жылдардың бірінші жартысында белсенді жұмыс жасаған шығармашылық топ болды. Топ мүшелері Өзбекстанның жан-жағын шарлап жүріп топтық көрмелер, сондай-ақ бейнелеу өнерінің басқа да өкілдерімен шығармашылық пікірталастар өткізіп отырған. «Волков бригадасында» А.Н.Волковтан бөлек: Ахмаров Шыңғыс Ғабдурахманұлы, Александр Михайлович Венедиктов, Поковров Алексей Федорович, Хамдами Бахрам (Бахрам) Косимхонович, Қарахан Николай Георгиевич, Петр Павлович Щеголев және Таңсықбаев Орал Таңсықбайұлы болды.

«Волков бригадасындағы» тәжірибеден кейін суретшінің шығармашылығында тональды принцип ұлғайып, шығармаларында ерекше тереңдік пайда болып, мәнері күшейе бастады. 1934 жылы Мәскеу мен Филадельфияда (АҚШ) сәтті өткен Өзбек КСР өнер туындыларының көрмелерінен кейін Орал Таңсықбаевты «Өзбекстан колористерінің басшысы» деп атай бастады. Бұл оның түстерді қолданудағы шеберлігін ғана емес, сонымен қатар өнер әлеміндегі әсері мен маңыздылығын мойындатқанын көрсетті.

1941 жылы Ұлы отан соғысы басталып, Орал Таңсықбаев бір топ суретшілермен бірге майданға аттанады. Бірақ соғыстың қатал сынақтарының қақ ортасында өзінің махаббатын және өмірінің қалған бөлігін бірге өткізетін адамды, Елизавета Яковлевнаны табады. Болашақ жарын суретші өзімен бірге Ташкентке алып келеді. Елизавета оның адал досы, көмекшісі, кеңесшісі, картиналарының алғашқы сыншысы және өміріндегі ең жақын адамға айналады.

Соғыстан кейін Орал Таңсықбаев жұмыс жазуды тоқтатпай, «Сүйікті ән» және «Ыстықкөлдегі шабындық» секілді туындыларды жазды. Уақыт өте келе суретші реализмді таңдап, шынайы жазу тәсіліне көше бастады. Оның 1940 жылдардан басталған пейзаждар эволюциясы оның 1930 жылдардың екінші жартысындағы алғашқы авангардтық жұмыстарынан мүлдем ерекшеленіп, суретшіні жаңа арнаға түсірді. Ал елуінші жылдары Орал Таңсықбаев көрермендерді суреттерінің тереңдігі мен сұлулығына баурау арқылы пейзаждың танымал шебері атанды.

Қазақстанда суретші 1938, 1946 және 1949 жылдары болып, Алматы қаласының маңында тұрған. 1938 жылы жазушы М.Әуезов оны Қазақ опера және балет театрына «Қалқаман-Мамырды» безендіруге арнайы шақырады. Сахна безендіру мен арнайы костюмдердің үлгісін жасау суретші үшін алғашқы тәжірибе болды, дегенмен Таңсықбаевтың жасаған сахна декорациясын көрермен ыстық ықыласпен қарсы алады.

Таудағы таң
Таудағы таң. Кенеп, майлы бояу. 90х161. 1958 ж.

1950 жылдардың басынан бастап Орал Таңсықбаев шығармашылығындағы негізгі жанр пейзаж болды. Ол «Сырдария», «Таудағы күз», «Медеу таулы мұз айдыны», «Таудағы жайылым», «Алматыдағы қыс» және тағы басқа картиналарын шеберлікпен орындап, табиғаттың алуан түрлілігі мен жан-жақтылығын көрсете алды, себебі шығармаларының басым көпшілігін таза ауада, табиғаттың аясында жазған. Суретші өзінің табиғатпен жұмысы туралы: «Этюд ұзақ уақыт бойы таңдалып және бірден жазылмайтын. Пейзаж мотиві нақты қойылған мақсатпен тез жазылады» деп айтады. Шынында да, Орал Таңсықбаевтың барлық пейзаждық панорамалары мұқият таңдалған орындар мен қоршаған табиғатты мұқият зерттеу арқылы жүзеге асырған суреттер екенін байқаймыз. Ол әрдайым ауа райын, жарық пен түстердің қатынасын сезіну және оны суретте бекіту үшін рюкзакпен немесе этюдникпен қаруланып, үнемі елдің шет-шетін кезіп жүретін болған.

Таңсықбаев нағыз табиғат зерттеушісі ретінде ұзақ қашықтықты жүріп өтіп, Памир мұздықтарынан Ферғана жазығына дейін бүкіл Өзбекстанды аралады. Ол Ангрен алқабы, Ходжакент төбесі, ШахиМардан төбесі, Ура Тобе жотасы, Чимган жотасы, Самарқанд қаласы, Сырдария өзені және Шахристан аймағы сияқты таңғажайып жерлерді көріп шықты. Оны зерттеу жолы Қарақұм мен Қызылқұмға, Хумсан, Нан, Богустан және Чирчиктің кең аумақтарына апарды. Алатау тау бөктері, Алмалық шыңы, Ыстық көл секілді Орталық Азияның көркем жерлерін шығармашылығына арқау етті.

1956 жылы Орал Таңсықбаев Орталық Азияны жеделдетілген индустрияландыру жөніндегі Ұлы жоба-Қайрақ-құм ГЭС құрылысын жазуға аттанды. Сырдария өзені жабылғаннан кейін осы алқапта көптеген шақырымға созылған үлкен Қайрақ-құм су қоймасы пайда болған. Айқын геометриялық пішіндері бар заманауи құрылымдарды табиғаттың күрделі контурымен үйлестіру оңай емес екендігіне қарамастан Таңсықбаев «Қайрақ-құм СЭС таңы» атты картинаны жазып шықты. Осы ерекше пейзажды түсіру үшін реалистік көркем жазу қабілеттерін пайдаланды. Картинада судың бетіндегі күн сәулелерін шағылыстырып, суретте шексіздік елесін жасады. Суреттің тағы бір ерекшелігі – картинаның ішкі қозғалысында. Картинадағы қозғалыс сезімін және құрылыс процесінің динамикасын суретші жағалауда жұмыс істеп жатқан экскаватор мен бөгеттің жотасына көтерілген крандар қозғалысы арқылы бере алды. Бұл сурет 1957 жылы Бүкілодақтық өнер көрмесінде «Ең үздік пейзаж» деп жоғары бағаланды. Осы жұмысы үшін Орал Таңсықбаев Қазан төңкерісінің 40 жылдығына арналған Бүкілодақтық көрмеде және Брюссельдегі дүниежүзілік көрмеде күміс медаль алды. Бұл оның таланты мен шеберлігін, сондай-ақ шығармашылығының өнер мен мәдениет үшін маңыздылығын мойындау болды.

1956 жылы Орал Таңсықбаев Өзбек КСР Суретшілер одағының төрағасы қызметіне тағайындалды. Әрбір жаңа жетістігімен даңқы мен танымалдылығы өсе бастады. Айналасында түрлі аңыздар таралып, кейбіреулер тіпті «КСРО-ның шенеуніктері сыйлық ретінде тек Тансықбаевтың суреттерін алады» деп айтып жүрді.

1974 жылы көктемнің жаймашуақ күнінде Орал Таңсықбаев бояулары мен саймандарын реттестіріп, Нүкіске қарай кезекті сапарына шығады. Үйдің ауласына шыға салысымен есік алдында жүрген ит жүгіріп шығып, суретшінің аяғына жабысып, қыңсылап, жібергісі келмейді. Бір нәрсені сезгендей болған ит суретшіні күтіп тұрған көшедегі көлікке қарап үруін тоқтатпайды. Иттің бұл әрекетін түсінбеген суретші басын сипап: «Ой, мен мәңгілікке кетпеймін ғой! Бірнеше күннен кейін ораламын» деп, күледі. Бірақ көп ұзамай, 1974 жылдың 8 сәуірінде суретші кенеттен жүрек ұстамасынан келмес сапарға кетті деген суық хабар келеді. Сол күннен бастап суретшінің иті бұрынғыдай келген қонақтардың алдынан жүгіріп шықпайтын болыпты және бірнеше күннен кейін ол да иесінің артынан кеткен екен.

Суретші Өзбекстанның танымал мемлекет қайраткерлері мен өзбек зиялылары жатқан Шағатай зиратында жерленді. Көзі тірісінде артынан ерген шәкірттері болмағанымен, Таңсықбаев өзбек кескіндеме өнерін үлкен белеске көтерді. Бүгінгі таңда оның картиналары Ташкент, Нүкіс, Термез, Наманған секілді тек Өзбекстанның қалаларында ғана емес, сонымен қатар Душанбе, Алматы, Махачкала, Мәскеу, Кишинев, Рига қалаларының мұражайларына да тараған.

Орал Таңсықбаевтың көркемдік әдісі жиені, көрнекті қазақстандық пейзаж суретшісі Нұрбек Таңсықбаевтың шығармашылығында жалғасын тапты. Нұрбектің еңбектерінде табиғи мотивтерді терең түсіну байқалады және кескіндемелік картиналары Орал Таңсықбаевтың пейзаж жасаудағы стилі мен көзқарастарын еске түсіретін нәзік және алуан түрлі нюанстарға толы.

Ұлы шебердің мұрасы бүгін де ұмытылған емес. 1981 жылы Ташкентте, Мирзо-Ұлықбек ауданында Орал Таңсықбаевтың мемориалдық мұражай-үйі ашылды. Оның әйелі Елизавета Яковлевна мұражайдың алғашқы директоры болды. Бұл үйге суретші 1967 жылы Ташкентте болған жер сілкінісінен кейін көшіп барған болатын. Мұражайдағы заттардың бәрі тура сол суретші өмір сүрген кездегі орындарында қозғалмай сақталып тұр. Көрермен назарына суретшінің 150-ге жуық туындысы қойылған, ал мұражайдың жалпы экспозиция қоры суретшінің 400-ден аса туындысын қамтиды.

Мұражайдан бөлек, Қазақстанда 1992 жылы Өзбекәлі Жәнібековтің қолдауымен Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне Орал Таңсықбаевтың есімі берілді, ал 2012 жылы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің жанында суретшіге ескерткіш қойылды. Бұл бастамалардың арқасында Қазақстанда өзінің талантты перзентіне құрмет көрсетті.

«Менің әнім». 1972 жыл.

Тұмса табиғатты жазуға шығып, қоршаған әлемнің құшағына түскен нағыз суретші шығармашылық процеске бой алдырып, өз ойларымен жалғыз қалады. Біртіндеп, ойлар мен сезімдер желісіне ерген суретшінің айналасында толық тыныштық орнайды. Алайда ландшафт пен таза ауа атмосферасын сіңіре отырып, суретші тыныштықтың жалғыздық емес екенін сезінеді, керісінше, үнсіздіктің ішінде музыка, жанның музыкасы ойнай бастайтынын түсіне кетеді.

Мырт тыныштықты кезген Орал Таңсықбаев та өз жанының музыкасын іздеп, оны табиғаттан тапты. Шығармаларында әуезді әуендер естіліп, өзін бақытты сезінді. «Адамдар бақыттан ән шырқайды» деуші ма еді? Ол өзінің кезекті картинасын «Менің әнім» деп атағаны да кездейсоқ болмаса керек...

«Менің әнім» – Орал Таңсықбаевтың өмір, мейірімділік және өзі туралы соңғы одасы. Бұл ұлы суретшінің толысқан кезінде жазған соңғы жұмыстарының бірі. Суретті зерделей отырып, біз Таңсықбаевтың қабылдауындағы табиғат – ішкі тыныштығы мен үйлесімділігінің көрінісін сездіретін айбын және шексіз, жарқын әлем екенін түсінеміз.

Шығарманың басты кейіпкері – романтикалық реңктерге көмкерілген поэтикалық пейзаж. Картина жарыққа толы. Жұмыстың жалпы колориті күнге көмкерілген тау шыңдарындағы көкшіл түстерден бастап, шатқалда көктеген көк шалғынға дейін суық тондарда жазылған. Суық түс жылулық пен көктемгі шөптің балғындығы мен жеңіл сыбдырына толы таудағы таза ауаны бейнелейтін сияқты. Бұл суық тондардың дақтары кенепте маңызды екпін ретінде қызмет етеді, себебі олар алтын түсті гүлдермен контраст жасап, жаздың аптап ыстық сезімін арттырады.

Композиция Тансықбаевтың ауа атмосферасын берудегі өзіндік тәсіліне тән алдыңғы, ортаңғы және артқы пландардан тұрады. Алдыңғы пландағы жарқын сары гүлдердің фондағы таулармен контрасты арқылы суретші көрерменнің көңілін бірден өзіне аударады. Ортаңғы планда орналасқан биіктіктегі адамдардың қонысына суретші күн сәулесі арқылы ерекше акцент береді және елді мекенге апаратын бұралмалы жол көрерменнің көзін өзімен ілестіріп әкетеді. Артқы план алыстағы таулармен аяқталып, жарқын және қанық түстермен емес, бірте-бірте сағымға айналатын реңктермен жазылып, шығармаға тереңдік пен перспектива береді.

Суреттегі таңдалған ракурс та маңызды, себебі ол таулы аймақтың бүкіл панорамасын ашады. Осы композицияның арқасында тамашалаушы биіктікте тұрып, табиғат әлемінің керемет кеңістігін көріп, әлемнің ұлылығын түсінгендей таңғажайып эмоцияны сезіне алады. Жалпы Орал Таңсықбаевтың соңғы пейзаждары кеңістіктің кеңдігімен, шексіздігімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыда ол Ә.Қастеевпен ұқсас келеді. Олардың сүйікті ракурсы – масштабты және кең ауқымды кеңістікті көзге сыйдыруға мүмкіндік беретін, айналаны жоғарыдан әрі алыстан тамашалауы.

«Менің әніме» қарай отырып табиғаттың сұлулығы суретшінің басты құмарлығы болғандығына көзіміз жетеді. Орал Таңсықбаевтың негізгі шеберлігі табиғаттың ішкі әуенін тыңдай алу қабілетінде болса керек. Өмір бойы табиғатты бейнелеп қана қоймай, ол туралы ән салды, табиғат оның мәңгілік әніне айналды...

Санжар Сырғабаев