Табиғатпен тіл табысқан
Біз табиғатты кезгенде бір сәтке мызғымас тыныштық әлеміне еніп кетеміз. Жап-жасыл желектер мен тұп-тұнық саф ауа жанымызға жайлылық сыйлайды. Алайда табиғатты қорғау мен көздің қарашығындай сақтау ісіне жауапты орманшылардың еңбегі ұшан-теңіз. Оларды табиғаттың үнсіз қорғаушысы десек, артық емес.
Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалының Каменка орманшылығының орманшылық басшысы Сайран Тілеубаевтың айтуынша, орманшы – орман қорын қорғап қана қоймайды, оны күтіп-баптаушы маман. «Біздің жұмысымыз – ағаш отырғызумен ғана шектелмейді. Орманның жай-күйін бақылау, заңсыз кесу, өрт қаупінің алдын алу жұмысы да біздің құзыретімізге кіреді», – дейді Сайран Ұланұлы.
– Әке-шешем егін шаруашылығымен айналысқан. Атамыз да атақты агроном болған. Ал өзім бала кезден табиғатқа жақын болып өстім. Орманшы болу үшін патриоттық сезім, табиғатқа, өз жұмысыңа деген сүйіспеншілік керек. Көп адам орманшыны тек атқа мініп алып, серуендеп жүретіндей көреді. Ал біздің бүкіл орманды көркейтуге үлес қосып жатқанымызды, жыл сайын жатпай-тұрмай ағаш түрлерін егетінімізді, табиғатты жанымызды салып қорғайтынымызды кейбіреулер түсіне бермейді, – деген Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалының Каменка орманшылығының орманшылық басшысы Сайран Тілеубаев бұл мамандықтың жауапкершілігі мен қауіптілігі жоғары екенін жоққа шығармайды.
«Бұл мамандықтың өзіне тән тәуекелі жетерлік. Кейде аяқасты өрт тұтануы мүмкін. Таулы-тасты жер болған соң өрт сөндіретін техника жете алмайды. Сондықтан өрт шықса да, басқа да апатты жағдай тіркелсе де алдымен біз жетіп, күректі пайдаланып, өзіміз сөндіруге күш саламыз. Одан бөлек табиғи апаттар, жабайы жануарлармен бетпе-бет келу де күнделікті шаруа. Сол сияқты заңсыз ағаш кесу оқиғаларымен де күресу оңайға соқпайды. Ал жыл сайын үш гектар жерге отырғызған ағаштар жайқалып, орманға айналғанда атқарған жұмысымыздан ләззат алып, көңіліміз марқайып қалады», – дейді Сайран Ұланұлы.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі үлкен мегаполис – Алматы қаласының баурайында орналасқаны белгілі. Сондықтан қазір орманшылар табиғатты қорғау жұмысына ғана емес, тазалықты сақтау мәселесіне де жауапты. Бұл тұрғыда көңілге кірбің ұялататын жайттар аз емес. Алатау бөктеріне демалуға келгендер табиғатты тамашалаудан бөлек, тамақ пісіріп, тұрмыстық қалдықтарды жинамай, ластап кететіні бар. Бұл бізде әлі экологиялық туризмнің толыққанды дамымай отырғанын, қоғамдық серуендеу мәдениетінің қалыптаспағанын аңғартады.
Бұл тұрғыда Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалының Каменка орманшылығының орманшылық басшысы Сайран Тілеубаев: «Бұл уақытша пайдалануға берілген жер емес, ата-бабамыздан мұра ретінде қалған байлық. Сол бар дүниені ұқсатып пайдалансақ жақсы. Бұл мақсатта халыққа әркез түсіндіру жұмысын жүргізіп отыру артықтық етпейді. Әйтпесе, отандық туризмді дамыту, шетелден туристер тарту мәселесі кенжелей беруі мүмкін», – дейді.
Орманшы – табиғатпен тіл табысқан маман. Оның еңбегі елене бермесе де, нәтижесі орасан. Біз тыныс алып отырған таза ауа, сая болатын орман, әсем табиғат – осының бәрінде орманшының қолтаңбасы бар. Сондықтан орманшыны тек маман емес, табиғаттың нағыз жанашыры деп атауға толық негіз бар.
Тоғжан ТӨЛЕГЕН