Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:10, 16 Тамыз 2023

Табиғатты ластаған «Теңізшевройл» компаниясына 2,8 млрд теңге айыппұл салынды

None
None

Табиғатты ластаған «Теңізшевройл» компаниясына 2,8 млрд теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теңізшевройл» – Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнын игеру үшін шетелдік инвестормен бірлесе құрылған компания.

Кен орны Жылыой ауданының аумағында орналасқан. Атырау облысы бойынша Экология департаментіне Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан қоршаған ортаға экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды шығару, рұқсат етілген нормативтерден асып кету және жер бүлдіру деректері анықталғаны көрсетіліп, заң бұзушылыққа жол берген компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылған.

«Осыған орай департамент қызметкерлері «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328 және 337-бабының талабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау үшін Жылыой аудандық сотына жолданды. Жылыой аудандық сотында аталған істер біріктіріліп қаралған.

Соттың қаулысымен «Теңізшевройл» компаниясына жалпы сомасы 2,8 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау экологтері табиғатты бүлдірушілерге 7 млрд теңгеден астам айыппұл салған еді.

Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары – бас мемлкеттік экологиялық инспектор Сырым Тілегеновтің мәліметінше, биылғы 6 айда Экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 25 дерегі анықталған.

«Анықталған заңбұзушылықтар қатысты 68 әкімшілік іс қозғалған. Бес 5 әкімшілік іс бойынша тоқтату жөнінде қаулы шығарылды. Сот органдарының қарауына 23 әкімшілік іс жолданды. Осы кезге дейін 9 іс қаралып, 7 млрд 237 млн 547 мың 814 теңге көлемінде айыппұл салынды», -деп мәлім еткен еді Сырым Тілегенов.

Тегтер: