Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 10 Тамыз 2023

Табиғатымызды қаншалықты насихаттап жүрміз?

None
None

Өткенде Қонаев қаласында І Халықаралық медиа және туризм форумы болып өтті. Форум ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктерінің, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры мен Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Форумға Қазақстан , Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Түркия, Солтүстік Кипр, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден 200- ден астам журналистер қатысты.

Алқалы жиында бірінші болып сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Біздің бай даламызда асқар тау, асау өзендер де, жыныс орман да, айнадай көлдер де, құмды шөлдер де жетерлік. Осы Алматы облысының өзінде жұртқа таныс Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Түрген сарқырамаларынан өзге Айғай құм, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы, Ақбұлақ, Ойқарағай, Табаған, түркі дәуірінің бірегей ескерткіші Тамғалы тас қатарлы қаншама ғажап жерлер бар. Біз осы сан қырлы табиғатымызды қаншалықты насихаттап жүрміз?», – деген сауал тастады жиналған журналистерге.

«Біз осы сұлу жерімізді көрсетіп, әр жердің өзгеше табиғатын, өз ерекшелігін түсіріп, насихаттаған жөн деп ойлаймыз. Осыған байланысты арнайы деректі фильмдер желісін түсіруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса, экологиялық сауаттылық, демалыс мәдениеті, экожүйемен үйлесім мәселелерін де үнемі назарда ұстаған абзал. Біз қазір сериалдарымызда осы туралы көбірек көрсетіп, мүмкіндігінше еліміздің бай табиғатын ретімен насихаттауға тырысып келеміз. Қысқасы, БАҚ саласы ел туризмінің де бағына айналуға тиіс деп санаймыз», – деп сөзін қорытындылады министр.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған журналистер Алматы облысының табиғатын ерекше ілтипатпен тамашалап, тамсанып қайтты. Бұл болашақта біздің елге туристердің көптеп ағылатынын білдіреді.

Шетелдік журналистер сол мезетте-ақ әлеуметтік желілерде суреттер жүктеп, кеңінен ақпараттар таратып жатты.

Тегтер: