Табытпен қайтқан солдаттар және олардың аналары
Алматыда әскерде жүріп қаза тапқан, «суицид жасаған», комаға түсіп, мүгедек болып қалған сарбаздардың жақындары БАҚ-қа ресми мәлімдеме жасап, пресс-конференция өткізді. Мәселелері мен жанайқайларын айтып, талай табалдырықты тоздырған ата-аналар қоғамның назары мен журналистерден басқа сенеріміз қалмады дейді.
2022 жылы әскерге барғанына екі ай өтер-өтпестен қаза тапқан Алмас Шахимовтың туыстары осы желтоқсанда эксгумация жасатқан. Естеріңізге сала кетейік, 5571 әскери бөлімінде 19 жасар Ұлттық ұлан сарбазы әріптестерін құтқарып жүріп қайтыс болды деген ақпарат тарап, бәріне кінәлі құмды дауыл мен палатка екені айтылды. Алайда сарбаздың туыстары бұған сенбейді.
«Балам әскерге барғанына төрт күн өткенде несие алған. Оны «просрочка» туралы хабарласқан банк қызметкерінен естідім. Артынан несиені сондағы офицерлердің бірі алғанын білдік, өзі де мойындады. Сол секілді ұлымыздың қайта-қайта ақша сұрауы мен бөтен нөмірлерге бірлік салуы көбейген еді. Осыны айтып, әскери бөлімдегі жауаптылардың бірімен сөзге де келісіп қалғанымыз бар. Сол кезде айтқан ауыр сөздері әлі есімде. Бірақ жалғызым әскерден табытпен қайтады деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген...
Екі түннің ортасында телефон шалған біреу «балаң өлді» деп қойып қалды. Меңіреу күйде отырғанда әкесіне хабарласып, естіртіпті. Ары қарай есімді білмеймін. Міне, содан бері екі жыл арпалысып келеміз. Баламның дауыл кезінде жазатайым жағдайда қаза тапқанына мен де, басқалар да сенбейді. Денесін әкелгенде өз көзіммен көрдім, мойнында белдіктің ізі болды. Арғысын жүрегің шыдамайды деп көрсетпей қойған. Арада бірнеше ай өткенде сүйегін жууға кірген ағасы айтты, арқасынан мойнына дейін темекі шоғымен күйдірген, аяғына шеге ме, біз бе, белгісіз бірнәрсені бірнеше рет сұққан. Тұла бойынан таяқ жегені анық көрініп тұр. Сол кезде-ақ біз баламызды азаптап өлтіргенін түсіндік. Бірақ дәлелдей алмай жүрміз. 26 дене жарақаты, оның үшеуі пышақталған. Бас сүйегі, бүйрегі зақымданған. Осының бәрін дауылдан құлаған палатка жасады дегенге қалай сенеміз?» – дейді марқұмның анасы Индира Туғанбаева.
Айтуларынша, алғашқы сараптама қорытындысында аталған 26 дене жарақаты толық көрсетілмеген. Сондықтан эксгумация жасатуға тура келіпті. Бұл жайлы марқұмның әжесі Күлмайда Туғанбаева былай дейді:
«Немеремнің үстінде болған киімі де, бейнебақылау камераларына түскен видеолар да жоқ. Жарақаттары да фотода болғанымен құжатта көрсетілмеген. Өйткені әскери бөлімшенің қызметкерлері экспертиза жасаған Өмірбек Жолымбетовке барып, сарбаздың әжесі мен анасы үш бөлмелі пәтер, қомақты көлемдегі ақша, медаль алуға көнді депті. Өз араларында тағы қандай әңгіме болғанын кім біледі? Әйтеуір сарапшы шынайы фотоларды қазадан 5 ай өткенде берді. Ол сұмдықты көрген соң бас прокуратураға да, Алматы гарнизоны әскери прокуратурасына да арыздандық, бірнеше депутатқа шықтық. Ешбірінен қайыр болмады. Соңында мәжіліс депутаты Ринат Зайытов назар аударып, істі қайта аштырды. Сол кезде эксгумация жасадық. Әрине, әке-шешесі қатты күңіренді, қарсы болды. Десек те шындықты білудің басқа амалы қалмады.
Сараптама қорытындысы жоғарыда аталған дене жарақаттары туралы мәлімет беріп, баламыздың сағат 18:00-19:00 аралығында қаза тапқаны анықталды. Ал дауыл 21:00-де басталды делінген. Осының бәрін алға тартып, істің ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-тармағымен қаралғанын қалаймыз. Алайда құзырлы органдар тағы бір экспертиза жасаймыз деп, уақыт созуды көздеп отыр. Бәлкім, 3 жыл өтіп кетсе деген ойлары шығар. Бірақ кім не десе де, баламыздың қазасы жазатайым оқиға дегенге мүлде сенбейміз. Ақша да, пәтер де, басқасы да қажет емес. Ондай ұсыныстарынан аулақ. Бізге әділдік керек».
Көкшетаудан арнайы келген Алмастың анасы мен әжесі бума қағаздың ішінен экспертиза кезінде түсірілген фотоларды көрсетіп отырып, палатка құлап, басынан соққы алған адамның денесі осындай бола ма деп налыды, жанарларына жас та алды. «Көпе-көрінеу күйдірді, кімге барып, не айтарымызды білмейміз. Бірақ әділдікке жетпей тоқтамаймыз» дейді олар. ІІМ мәліметінше, қазіргі таңда қатардағы сарбаз А.Шахимовтың қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сот сараптамаларының қорытындылары өзара қайшы келетін тұстар бар болғандықтан қосымша комиссиялық сараптама тағайындалған.
Бұл оқиғаның шуы мен қайғысы басылмай жатып, дәл осы бөлімшеде тағы бір дау туындады. Өткен жылдың мамырында борышын өтеуге кеткен Ұлттық ұланның 5571 бөлімінің қатардағы сарбазы Ербаян Мұхтар дәретханада құлап, комаға түскен. Сарбаз оқиға орын алған желтоқсан айынан бастап Алматы қаласындағы орталық клиникалық ауруханада жатыр. Дәрігерлердің анықтамасына сүйенсек, Ербаянның бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған. Алмасты өлтірген палатка деп хабарлаған 5571 әскери бөлімі, бұл жолы бәрін дәретханадан көріп отыр. Марқұмның жақындары мен қорғаушылары оның өлімі кездейсоқтық емес дейді, әрі тергеу амалдарына көңілі толмайды.
«Балам алғашқыда қолын қозғалтып, сұқ саусағымен нұсқап, алақанын ашып амандасқандай болатын, сөйлеуге тырысып, аузын жыбырлататын, жылайтын, сол секілді реакцияларын байқататын. Сөйте-сөйте оңалып келе жатқандай көрінді, қуандық. Бір күні әскери дәрігерлер маған да, басқасына да ескертпестен, жақындарына бір ауыз айтпастан Ербаянды №12 ауруханадан әскери госпитальға алып кеткен. Артынан барып мені шақырды. Сонда ол әлденелерді естіп, түсініп, қорыққаны ма, әлде сезгені ме, қолымнан қысып, жылап, жібергісі келмеді. Алайда мені дәрігерлер шығарып тастады. Сосын тағы да рұқсат сұрамақ түгілі ескертіп айтпастан, ешқандай анализдер мен басқа да талдамаларды рәсімдеместен операция жасап, миының оң жақ бөлігіне ота жасаған. Одан соң да қолымызға ешбір құжат тие қоймады. Ең сорақысы, екі апта өткенде оны қайтадан №12 ауруханаға апарған. Не үшін алып кетті, не үшін ота жасап, неге қайтадан бұрынғы ауруханаға ауыстырды? Жайдан-жай ма?... Осыны түсіндірулерін талап етеміз. Әскери госпитальдағылар тіпті мәйіт деп жазылған құжат рәсімдеп жіберген кезі де бар. Олар беті бері қарап келе жатқан баламды неге алып кетеді? Мұның артында не жатыр?» – деп, көзіне жас алды Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева.
Ал марқұмның ағасы Наурызбай Мұхтардың сөзінше, осы жайттарды ашық айтып, жан-жаққа шыққалы әлдекімдер іздеріне түсіп, аңдуды шығарған. «Ол көліктердің түр-түсін, нөмірін де жаттап алдық. Ішіндегі әскери киімдегілерді де танып болдық. Күн ұзаққа артымызда, тіпті осы пресс-конференцияға келгенше де аңдуларын қоймады. Біз өзіміз үшін емес, Ербаянның кішкентай екі қарындасының қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз», – дейді ол. Айтуынша, осының бәріне қарамастан тергеу ісі тым баяу, нақтылық жоқ, ең бастысы, Ербаян толық қауіпсіздікте емес. Бұл туралы пресс-конференцияға келген қорғаушы Инга Иманбай да айтты:
«Соңғы екі аптада тергеуді жандандыруға күш салып жатырмыз. Осы мақсатта іске тағы бір адвокат Жалғас Сапарханова қосылды. Қорғаушы іспен таныспақ болып №5571 әскери бөлімшесіне барады. Осылайша, біз үстінен тергеу жүргізуді талап еткен бөлімді сол бөлімнің қызметкерлері, сол бөлімнің бастығының кабинетінде тергеп жатқаны аян болды. Демек, күдіктілер өзін-өзі тергеуде. Біз аталған мәселеге назар аударған соң ғана іс жоғарғы әскери прокуратураға ауыстырылды. Соның өзінде жаңа тергеу тобында ескі топтың мүшелері жүр. Бұл орайда тергеу тобы тек астаналық мамандардан құралғанын қалаймыз. Тағы бір атап айтарлық нәрсе, іс басталғалы оқиға орын алған кезде дәретхана маңында, ішінде болғаны бейнебақылауға түскен жеті адам тергеуге алынбаған. Сондықтан тергеу тобы қылмысты жасыруға тырысты, тергеу әрекеттері дұрыс жүрмеген деп айыптауға негіз бар. Әрі әскери аурухананың үстінен де қылмыстық іс қозғалуын талап етеміз. Неге түсініксіз операция жасалды? Неге сауығып келе жатқан азамат қайта комаға түсті? Тура сол секілді қолда бар деректер мен дәйектерге сүйене отырып азаптау, өлімге жеткізу, ақша бопсалау сынды баптармен де іс қозғалуы үшін тиісті арыздарымызды жоғарғы әскери прокуратураға жібердік. Бұл іс ең кемі төрт қылмыстық баппен қаралуы тиіс. Сорақысы сол, осыншама қитұрқылықтарға қарамастан істі ашуға құлықты ешкім байқалмайды. Сол себептен де қоғамдық пікір мен БАҚ-қа жүгінбеске шара қалмады».
Ербаян Мұхтардың қорғаушысынан соң 2023 жылдың 7 қарашасында №32363 әскери бөлімінде қайтыс болған Арсен Ишановтың анасы Толқын Ғалымова да баласының өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін, оның жиі ақша сұрағыштап кеткенін, психологиялық қысымға ұшыраған болуы ықтимал екенін жеткізді. 2003 жылғы ұлы қыршыннан қиылғанына қайғырған ана оның бөлімшесіндегі басқа жігіттерге хабарласып, олардың ата-анасымен байланысқа шығып, көптеген күдікті фактілерді түртіп алыпты. Соның бәрін ортаға салған ол жауапты қызметкерлердің орнынан кеткенін, кінәлілердің жазаланғанын қалайды. Бірақ бөлім орналасқан Қонаев қаласының прокуратурасына, Алматы қалалық және бас прокуратураға берген арыздары нәтижесіз көрінеді. Қанша уақыттан бері «іс тергеуде» деген жауап алудан шаршаған ана елдегі әскери жүйеде былық көп екенін айтып ашынды. Бірінің мұңын бірі жақсы ұғынып отырған пресс-конференция спикерлері әскерден оралып, анасына гүл берген, әкесін құшқан жас жігіттердің видеосын көргенде «неге» деп жандары қиналатынын айтты. «Енді қанша баламыз өлуі керек, бұл қашан тоқтайды, әділетке жетеміз бе, жоқ па?» – деп, жанайқайларын жеткізді.
Әскердегі трагедия қазақстандықтар үшін құлақ үйреніп, қанға сіңген құбылысқа айналып кеткендей. Тіпті қалыпты нәрселер санатына кіріп, ешкімді түршіктірмейтін жағдайға жеткен. Осыдан да болар, Отан алдындағы борышын өтеуге ынталылар да, баласын әскерге жібергісі келетіндер де аз. Бұл мәселені мемлекет те баяғыда мойындап, «қарсы шараларға» білек сыбана кіріскен. Президент бірнеше рет айтып, қорғаныс министрлігі арнайы бағдарлама да әзірлеген. Алайда әділ тергеу талап еткендердің үні жылдап ескерілмесе, күдіктілер өзін-өзі тергеп қарық қылса, бәрінің арты «суицидпен» жабыла берсе жылтыр сөздің, жақсы бағдарламаның не пайдасы бар?
Баян Мұратбекқызы